Қосымша табыс табудың жолдары
Қазіргі таңда қосымша табыс көзі­мен айналысқысы келетін жандар же­терлік. Әсіресе, студенттер, үйде баламен отырған аналар үшін мұндай табыс көзі қажет-ақ.
Осыған байланысты алматылық заңгер Гүлмира Қарасай осы саланы арнайы зерделей келе елімізде қосымша табыс көзі ретінде бос уақытта айналысуға болатын қызмет түрлерін «Инстаграмдағы» «gulmіraqarasaі» парақшасында тізбелеп берді. Ол былай дейді:
«Маған: «Мен - студентпін. Осындай қарызым бар. Ата-анам білмейді», - деген сынды хаттар көп келеді. Соған байланысты мен жас қыз-жігіттерге, сондай-ақ үйде баламен отырған әйелдерге арналған қандай ыңғайлы қосымша табыс көздері бар екен деп біздегі жұмыс нарығын зерт­теп көрдім.
Бірінші табыс көзі - курьерлік. Қазір кафе-ресторандардың жұмысы шектеулі болғандықтан көпшілігі асты тапсырыспен алдыртады. Еліміздің ірі қалаларында «Gіovо», «Wolt» секілді тамақ тасумен айналысатын компания­лар бар. Курьерлер бір барып келгеніне кемінде 400 теңге алады екен. Сондықтан мұнда екі сағаттың ішінде шамамен 2 мың теңгеден астам ақша табуға мүмкіндік бар. Курьерлер көбіне велосипедпен жүреді. Велосипедті «OLX» сайтынан ұс­талған түрін сатып алуға немесе ірі қалаларда өзінің арнайы картасы ар­қылы күн сайын жалға алуға болады.
Екіншісі - таксист. Егер көлігіңіз бар болса бұл да табыс­ты жұмыс. Зерттеуімше, Алматы қаласында таксистер күніне 12-15 мың теңге табады екен. Соның ішінде телефонға орнатылған «Индрайвер», «Яндекс»  немесе жәй ғана автостоп арқылы да адам тасуға болады».
Сонымен қатар заңгер әлеуметтік желіні де табыс көзіне айналдыруға болатынын айтады.
«Үшіншісі - SMM саласы. Бұл - әлеуметтік желідегі жұмыс, бірақ мұнда ақша бар. Қазір әлеуметтік желіде бизнестің басым бөлігі жатыр. Оның оқуын «Ютуб»-тан-ақ оқып алуға болады.  Соның ішінде парақша жүргізу, сайт жасау, жарнама мәтінін жазу секілді қызметтер бар. SMM саласының мамандарының  табысы кемі 70-80 мың теңге.
Төртіншісі - «Инстаграм» желісінде өтетін лайк-таймға қатысу. Мұнда сіз адамдардың постына пікір қалдырып, лайк басқаныңыз үшін ақы аласыз. Бірақ бұл жерде алданып қалудан абай болған жөн. Себебі лайк-тайм ұйымдастыратындардың кейбірі ақшасын дер кезінде төлемей қойған  жайттар да кездескен», - дейді ол.
Г.Қарасай табыс табуға түрлі сайт­тардың да септігі тиетінін алға тартады.
«Ақша табудың бесінші амалы - «Найми.кз», «OLX» сайттарына жарнама беру. Мәселен, клининг саласы. Жұмысбасты әйелдердің үй жинауға қолы тимейді, уақыты  болмайды. Алматыда бір бөлмелі пәтерді жинау 15 мың теңге тұрады. Сіз сенбі-жексенбі күндері екі адамның үйін жинасаңыз, 30 мың теңге таба аласыз.
«Найми.кз» сайтында «Духовка тазалау», «Тоңазытқыш жуу» деген қызмет түрлері де бар. Оның бағасы - 5 мың теңге. Осындай сайттарға тіркеліп, жарнамаңызды беру арқылы өзіңізге ыңғайлы уақытта тапсырыс ала аласыз.
Жастарға арналған келесі  жұмыс - даяшылық. Бұл студенттер үшін өте ыңғайлы. Кафелерде мәзір жаттау қиын болса, тойханаларға барып, бір тойда қызмет ету арқылы 5-6 мың теңгені алып кетуге болады».
Сондай-ақ ол көп жерлерде бала қарау, оның сабағын оқыту секілді қызмет түрлерінің де қажет екенін алға тартады.
«Алтыншы - репетитор болу. Жақында ғана көршім қызына ағылшын және орыс тілін үйрету үшін ре­петитор жалдағанын, ол үшін үш сағатқа 15 мың теңге төлейтінін айт­ты. Мұғалім аптасына бір рет ке­леді екен. Әлгі оқытушы өзі мек­тепте мұғалім көрінеді, сөйте тұ­ра ол әлгі көршімнің қызы секілді бір­неше оқушыны оқытуға алыпты.
Одан бөлек, бастауышта оқитын баланың сабағын дайындатуға да болады. Біз секілді жұмысбасты ата-аналарға кешке үйге келгенде баланың сабағын оқыту өте ауыр. Көп ата-ана қиналады. Алысқа бармай-ақ көршілерден бастауға да болады.
Жетіншісі - зауыттарға жүк тасушы немесе «фасовщица» болып орналасу. Соңғысы тауарларды өлшеп салып, қораптарды жинап отырады. Бұл жұмыстарға көбіне сағатына және қолма-қол ақша төлейді.
Соңғысы - бала бағу. Менің танысым осындай кәсіппен айналысады. Ол тойға, қонаққа баратын, түнде жұмыс істейтін аналардың балаларын алып қалады. Бірақ екі баладан артық қабылдамайды. Екі ананың төлеген ақшасы оған  әжептеуір табыс», - дейді заңгер.
&hellipБүгінгі күні екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер аз емес. Бұл кеңестерді сондай жандарға аз да болса көмегі тиіп қалар деген оймен жариялап отырмыз.
М. БИБОЛ.