Қосымша жүктеме үшін ақы қалай есептеледі?
Мен мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін және оған қосымша тоғыз сағат жүктемем бар. Менің еңбек жалақым қалай есептелінуі тиіс?
Боранбай Сүлейменов, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы мамандардың мәліметіне сүйенсек, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 Қаулысымен реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс стажына, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулыға 1-қосымшамен бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес барлық мамандықтағы мұғалімдерге (біліктілігі жоғары деңгейдегі маман) еңбекақы төлеу G-9 санаты бойынша, біліктілігі орта деңгейдегі мамандарға - G-11 санаты бойынша жүргізіледі.
Бүгінгі күнге БЛЖ мөлшері 17697 теңгені құрайды.
ЛЖ есептеуде колданылатын коэффициенттер Қаулыға 2-қосымшамен бекітілген.
ҚР білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 29 қаңтардағы № 40 бұйрығына сәйкес педагогикалық қызметкерлердің айлық жалақысы тарифтік ставканы (лауазымдық жалақыны) олардың апталық нақты жүктемесіне көбейту және шыққан нәтижені белгіленген нормативтік апталық оқу жүктемесіне бөлу жолымен белгіленеді.