Қосымша жұмыс үшін ақы қалай төленеді?
Медициналық мекеменің бөлім меңгерушісі қосымша 0,5 бірлікпен дәрігер терапевт қызметін атқарған жағдайда қосымша жұмыс үшін ақы төленуі тиіс пе?
Меңдігүл МАҚҰЛБЕКОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 1-б. 1-т. 58) тармақшасына сәйкес, қоса атқарылатын жұмыс – қызметкердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы.
Кодекстің 196-бабына сәйкес, қызметкер өзi еңбек қатынастарында тұрған бiр жұмыс берушiмен (негiзгi жұмыс орыны бойынша), сондай-ақ бiрнеше жұмыс берушiмен де қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасуға құқылы.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмысты қоса атқару жөнiнде сiлтеме болуы мiндеттi.
Қоса атқаратын жұмыс кезiндегi жұмыс уақытының ұзақтығы Кодекстің 198-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы бапқа сәйкес, негiзгi жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделiктi жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстiң 82-бабында белгiленген күнделiктi жұмыс уақытының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиiс.
Сонымен қатар, Кодексте үстеме жұмыс – қызметкер жұмыс берушінің бастамасы бойынша орындайтын, жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс жұмысты атайды.
Демек, үстеме жұмыстар мен қоса атқаратын жұмыс – екі бөлек түсінік.
Осы орайда, қоса атқарылатын жұмыс бойынша жұмыс уақыты үстеме жұмыстарға жатпайды.
Кодекстің 23-б. 2-т. 19)-т. сәйкес, жұмыс уақытының, оның ішінде әрбір қызметкер орындайтын үстеме жұмыстардың, зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың нақты есебін жүргізуге міндетті.