Қыста мұржаны қанша рет тазалау керек?
Қыс жақындаған сайын жер үйде тұратындар, пеш жағатындар, электржылытқыштарды пайдаланушылар, газ баллонын қолданатындар түрлі жағдайдағы өрт қаупімен бетпе-бет келетін кездер басталады. Осыған орай азаматтарды қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізу, жеке тұрғын үй секторындағы өрттің алдын-алу мақсатында 2017 жылдың 26 қазанында ТЖД қызметкерлері Қостанай ауданының Садовый, Садчиковка, Осиновка, Абай ауылдарында рейд өткізді.
ТЖД қызметкерлерінің айтуы бойынша, рейдтың негізгі мақсаты – азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және оларға методикалық көмек көрсету.
Рейд барысында пештер мен электр өткізгіштердің техникалық жағдайына, сонымен қатар, өрт шығуға себеп болатын - адамдардың өз қолымен жасаған жылыту құрылғыларына баса назар аударылды.
"Мысалы жеке үйлерде тұратын тұрғындар үшін мұржаны үш айда 1 рет тазалап отыру қажет. Сонымен қатар мұржадан шығатын түтіннің түсі өзгеріп, қара түтін шығып немесе мұржа бойындағы күйенің жануы байқалған кезде, пештің от жаққан кезде отты тартуының өзгеруін байқасаңыз бірден мұржаны тазалаңыз" - дейді мамандар.
Сонымен қатар кейбір үйлерде электр құрылғыларды дұрыс пайдаланбайды. Ал пештің маңайында киім іліп, отын кептіретіндер де кездеседі. Бұның барлығы өрт шығуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ мамандардың айтуына қарағанда пәтерде темекі шегу де негізгі өрт себептерінің бірі.
Профилактикалық рейд барысында 174 аула қамтылды. 595 адам өрт қауіпсіздігі шараларымен танысып, тұрғындар арасында 547 көрнекі материалдар үлестірілді.