Қытайлардың ұзақ өмір сүру құпиясы
Халық саны бойынша Қытай бірінші орынды алатыны бәріне белгілі. Бұл тек туу көрсеткіші жоғары болуынан емес, мұнда адамдардың ұзақ өмір сүруіне де байланысты. Қытай дәстүрлі медицинасының маманы, профессор Ли Цзюньи жастық пен денсаулықты сақтаудың сырын ашады. Қытай халық медицинасына 2000 жылдан астам уақыт болды. Оның басты теориялық негізі – философиялық-діни даосизм ағымы. Шығыс медицинасының батыстағыдан айырмашылығы олар аурудың әу баста неден пайда болғанын анықтап, алдын ала емдейді. Ал адам өзара бір-бірімен тығыз байланыстағы тұтас жүйе деп қарастырылады. Ал қазіргі ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде?
Тамақтану
Ашық аспан елі тұрғындарынығ ас мәзірі соя, ірі бұршақ, көкөніс, балық, саңырауқұлақ және балдырларға бай. Олар өмірді ұзартуға қалай әсер етеді? Мысалы, сояның құрамында қандағы холестерин мен қант мөлшерін көбейтетін, қысымды реттейтін және арықтауға көмектесетін тағамдық заттар бар. Ал көкөністер ағзаны қажетті минералдық заттармен, дәрумендер және антиоксиданттармен құнарландырады.
Балық – жоғары сапалы ақуыз бен майлардың керемет қайнар көзі. Одан бөлек А, В2 дәрумендеріне және темір, мырыш, тағы басқа да микроэлементтерге бай. Саңырауқұлақ пен балдырлар калориясы төмен әрі ағзаға пайдасы мол.
Әйел адамдар жас қалпын сақтап қалуы үшін ас мәзіріне тофу соя сүзбесін, теңіз орамжапырағын және басқа да сілтілі өнімдерді көбірек қосқаны дұрыс. Бұл тағамдар жасушалардың белсенділігін күшейтіп, зат алмасуды арттырып, теріні жылтыр да тегіс етеді. Ал сиыр еті, тауық еті, жүгері, сыра секілді қышқыл өнімдерді қысқартқаны дұрыс.
Ли профессор «үш көп, үш аз» ережесін сақтануды ұсынады: майлы, тұзды, тәтті үшеуін аз, ал жеміс, астық тұқымдастары мен су үшеуін көп тұтыну. Қытайлардың тамақ жеу тәртібі мөлшерлі болуымен ерекшеленеді. Шектен тыс тамақтану жүрекке күш түсіріп, зат алмасу үдерісін бұзып, әртүрлі ауруларға әкеп соқтырады.
Ине-рефлексиялық терапия
Қытай медицинасының теориясына сүйенер болсақ, адамның ішкі құрылысы сырты ортамен тығыз байланысты. Ол деннің саулығына, әлеммен байланыс орнатудың сапасына ықпал етеді. Ауру-сырқаудың бәрі ағзадағы энергия айналымының бұзылуынан. Оны қалпына келтіруде ине-рефлексиялық терапиядан асқан әдіс жоқ. Қытайда инсультті, ерте қартаюдың алдын алуды, иммунитетті көтеруді, мезгілдік ауруларды түгел инемен емдейді.
Физикалық белсенділік
Қытайдың көптеген тұрғыны әр таңды цигун тыныс жаттығуымен бастайды. Ал кешкілік барлығы дерлік көшеге серуенге шығады, бадминтон не үстел теннисін ойнайды. Күн сайын 30 минутты жаттығуға арнау ағзада ян энергиясы жиналып, иммунитетті көтеруге септігін тигізеді, өзі қимылы ширақ, қадамы нық бола түседі. Ұзақ өмір сүретін адамдардың 80 пайызы физикалық еңбекпен не спортпен шұғылданатыны дәлелденген.
Еңбек және демалыс мерзімі
Ежелгі даос ілімі «өлмейтін өмір» іздегенде ұзақ өмір сүру және жұмыс пен демалысты жоспарлау бір-бірімен тығыз байланысты деген. Егер күн тәртібі бұзылса, ішкі құрылыс жұмысы бұзылып, психикалық ауытқулар болады. Қытайларда «Күндіз – ой, түнде – ұйқы» деген мәтел бар. Тыныш та терең ұйқы барлығына ауадай қажет. Дәл осы түнгі мезгілде бүйрек пен бауырға қажетті энергия түзіледі. Ұйқысыздықпен күресу үшін қытай дәрігерлері 30-60 грамм қызыл құрманы (финик) қайнатып ішуді ұсынады.
Өмірлік ұстаным
Заманауи өмір сүру дағдысы стресстік жағдайларсыз мәні жоқтай көрінеді. Бірақ әр жеке адам оптимистің мүмкіндікке, пессимистің тосқауылға жолығатынын жақсы біледі. Сол себепті алғашқы орташа стресс мотивациялық түрткі болуы мүмкін, ал ол екінші шектен тыс стресске айналса, зат алмасу үдерісін өзгертіп, әртүрлі ауруларға шалдықтырады. Сондықтан ауру-сырқаудан аулақ болғыңыз келсе, опитмист болуды үйреніңіз. Ұзақ ғұмыр кешетіндер өмірдің әр сәтінен ләззат алып, әлемге позитивтік көзбен қарауды біледі.