Сәбидің аузына түкіру қайдан шыққан?
Үлкен тойлардың бірінде бір кейуана екі жасар немересін әкеліп егде тартқан азаматқа: «Атасы-ай,мына немеремнің аузына түкірші, бұл да сен сияқты елге танымал шежіреші болар ма екен» деп сәбидің қарсылығына қарамастан, қарияның алдына алып келді.
Шежіреші де баланың екі бетін екі алақанымен қысыңқырап тұрып аузын ашты да, түкіріп-түкіріп жіберді.
Мен әлгі қарттың жанында оның демінен темекінің иісі аңқып тұрғандықтан, зорға шыдап отырғанмын.
Қария қызметін атқарып болды да: «Бұл да ата-бабадан келе жатқан өте жақсы ырым ғой. Солай емес пе?!» деп жан-жағына көңілді кейіппен көз тастады.
Бірден секем алдырмас үшін ол кісіні майдалап сөзге тарттым. Арасында денсаулығы жайлы да қарапайым сұрағымды қойдым. «Ой, несін айтасың, менде жеті-сегіз аурудың түрі бар. Көбінесе дәрі ішемін, дәрім қалтамда жүреді» деп дәрілерін де көрсетті. «Бронхит, артрит, қан қысымы, бүйрек, тағы басқа жерлерім ауыратындықтан дәрігердің бақылауындамын» деп шежіреші қария ағынан жарылды.
Мен ол кісіге жаңа ғана сәбидің аузына түкіріп болып бұл да бір ата-бабадан қалған жақсы ырымдардың бірі ғой, солай емес пе деп көпшілікке сұрақ бердіңіз. Мен мұны құптамаймын. Егер маған бейкүнә сәбидің аузына түкір десе түкірмес едім. Науқастың бірнеше түрі менде де бар. Әрі темекіні өте көп шегеді екенсіз. Сәбидің организміне сіздің түкірігіңіз арқылы ауру жұғуы мүмкін. Түкіргенше, балаға Алладан тілек тілеп, дұға жасап, батаңызды бергеніңіз өте жақсы болар еді. Сіздің орныңызда болсам, тап солай етер едім. Сәбидің түкірген адамға ұқсап жетілуі, жетілмеуі бір ғана Алланың құзырындағы нәрсе.– дедім.
Қазақта белгілі тұлғалық дәрежеге жеткен азаматқа еліне елеулі, халқына танымал азамат болар ма екен деп сәбидің аузына түкірту деген болған.
Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) өзінің аузындағы құрмасын аузына салып бір сәбиге сорғызғаны баяндалған.
Ол–Алланың сүйікті елшісі, әрі Пайғамбар ғой. Ол (с.ғ.с) күнде де, түнде де құлшылығын жасап, намаздарын оқып, дәретін алып жүретін өте таза, үнемі аузында дұғасы, ерекше қасиетке ие адам ғой.
Ал, әлгі шежіреші қариялар мен біз сияқтыларға не жорық? Біз тек қана жер бетіндегі Алланың құлы, әрі Пайғамбардың (с.ғ.с) көп үмметтерінің бірі ғанамыз.
Бейкүнә сәбилердің денсаулығына зиянымызды тигізбей, жайымызға қарап, өз жөнімізбен жүргеніміз дұрыс сияқты.
Мұны медицина қызметкерлері де құптамайды. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатамыз да, біреулерге зиянымызды тигізіп жүргенімізді аңғара бермейтін сияқтымыз.
Ойланғанымыз абзал, ағайын!
Беганыш ЖАҚСЫБАЕВ.
ihsan.kz