Шалбарды ойлап тапқан кім?
Әлемдегі ең көне шалбардың Қытай аумағындағы Шығыс Түркістан жерінен табылғаны белгілі. Неміс археологиялық институтының хабарлауынша, бұл шалбар 3000 жылдан астам уақыт бұрын тігілген. Ол аймақты кезінде түркі-ұйғыр тайпалары мекендегенін ескерсек, шалбар көшпенділердікі болған деген дерек бар.
Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың ортасына дейін әйелдер де, ерлер де ұзын, кең етекті көйлектер киген. Дегенмен, бұл киім атқа мінуге өте қолайсыз еді. Сөйтіп, өмірі ат үстінде өтетін еуразиялық көшпенділер шалбарды ойлап тапқан. Олар екі аяқты қаптап тұратын киім тігіп шығады.
Барынша ыңғайлы киім
Осыған дейін ең көне шалбар деп Непалдан табылған, 2400 жыл бұрын тігілген шалбар көрсетіліп келген еді. Радиокөмірқышқыл сараптамасы қытайлық шалбардың тігілгеніне 3 мың жылдан астам уақыт өткенін анықтап берді. Неміс археологиялық институтының қызметкері Майки Вагнердің айтуынша, бұл шалбарды киген адам жүрген кезде аяқтарының ішкі жағы, ауы және ішінің төменгі жағы ұзақ уақыт бойы қысылмай еркін тұрады. Өйткені, бұның барлығы киімді пішкен кезде-ақ, алдын-ала ойластырылған. Ол жүн матаның үш бөлігінен құрастырылып тігілген. Балақтар ышқырға жалғанған. Ауы бөлек тігіліп жапсырылған. Бұл адамның өз аяқтарын барынша еркін қозғалтуы үшін қажет әрі дененің осы бөлігін суықтан қорғап тұрады. Шалбар киген адам атқа отырғанда өзін жайлы сезінуі үшін әдейі ыңғайлы етіп тігілген. Осыған орай, атқа мінудің осыдан үш мың жыл бұрын осы Шығыс Түркістан жеріндегі көшпенділер арасында кеңінен тарағанын бағамдауға болады.
Шалбар жақсы сақталған, өңін жоғалтпаған. Әдемі өрнектер салынған. Жақсылап зер салсаңыз, түркі әлемінде кең тараған ою-өрнек түрін көресіз. Ондай өрнектерді қазақтың да көптеген дәстүрлі тұрмыстық бұйымдарынан кездестіруге болады. Енді шалбарлардың жалпы тарихына тоқталып өтейік.
Шалбар түрінің жаңаруы
ХІХ ғасырдың аяғына қарай теріден иленіп жасалған шалбарларды матадан тігілген шалбарлар көптеп алмастырды. Жүн шалбарларды көбінде қойшылар көп пайдаланған.
Шалбардың Еуропаға жетуі
Еуропаға шалбарды скифтер жеткізген. Кейіннен оны галлдар мен германдықтар қолдана бастады. Рим империясында шалбар варварлардың киімі саналған. Оны киген адамға тіпті айыппұл салып отырған. Ал, орта ғасырда Еуропа түгелдей шалбар киетін болды.
Дегенмен, Еуропада шалбар тек қана ерлердің киімі саналса, Орта Азия мен Сібірде оны әйелдер де кеңінен пайдаланған.
Қазақ шалбарлары
Шалбардың екі түрі болған — ішкі және сыртқы. Сыртқы шалбарды сары, не қызыл түсті жұмсақ теріден тіккен. Оның балағын етікке салатын болған.
Ішкі шалбар дамбал деп аталған. Оны таза мақта матадан, ал әйелдерге арналған дамбалды барқыт немесе жібек матадан тіккен. Ерлер дамбалының ұзындығы – өкшеге дейін, ал әйелдер дамбалы тобыққа дейін жауып тұрған.
bnews.kz