«Сары басылым» деген тіркес қайдан шықты?
«Сары басылым» деген тіркес жиі қолданылады. Оның жалпы мағынасын жұрттың бәрі түсінеді. Бірақ бұл ұғым қайдан пайда болған?
Жанар САЙЛЫБАЙҚЫЗЫ, Қызылорда
Бұл тіркестің қолданысқа еніп, ел аузында жүргеніне бір ғасырдан астам уақыт өтті. Аталған ұғым бізге АҚШ-тан келді. 1896 жылы «Нью-Йорк уорлд» басылымы Ричард Фелтон Ауткоттың қылқаламынан шыққан ерекше бір суретті жариялады. Онда бір кедей балақай түсі сап-сары қап киіп жүреді. Бұл газет бетіндегі ақ-қара жазудан жалыққан жұртты елең еткізерлік бір бастама болу үшін суретші Ауткоттың ойлап тапқан амалы болатын. Бұл бастама көп ұзамай-ақ өз нәтижесін беріп, газеттің тиражы 1 миллионға дейін көтеріліп кетеді. Мұны көрген «Нью-Йорк джорнел» газетінің жетекшісі әлгі суретшіге жақсылап қаламақы төлеп, сол сары балақайдың бейнесін өз басылымына көшіріп алады. Нәтижесінде қос басылым арасында бәсеке орнайды. Екеуі сары балақайдың бейнесі үшін жиі соттасып, өз оқырмандарын шаршатып та жібереді. Мұны сырттан бақылап жүрген «Нью-Йорк пресс» газетінің тілшісі Эрвин Уордмэн соттасушы газеттерге «сары басылымдар» деп ат қояды.