SDR деген не?
Валюта курстарының қатарында SDR дегеннің бағамы да айтылады. Бұл валюта ма, не нәрсе? Асылбек, Астана
SDR (Special Drawing Rights) – арнаулы борыштық құқық. Бұл валюта емес, халықаралық резервтік актив болып табылады. Оны Халықаралық валюта қоры шығарып, мүше елдер арасында таратады. SDR-ді тек үкіметтер мен саны шектеулі халықаралық ұйымдар ғана ұстай алады. SDR түріндегі қор ХВҚ-ға мүше өзге елдерден валюта немесе өзге актив түрін алу құқығын береді. 1998 жылы Қазақстанның ХВҚ-дағы квотасы 365 миллион SDR-ге дейін ұлғайтылды, яғни Қазақстан осыншалықты қаржыны өзге елдерге несиеге беруге әзір болуы тиіс. Квота мөлшері ұлғайған сайын мемлекеттің ХВҚ жиындарында дауыс беру құқығы да артады. SDR бағамын Ұлттық банк анықтайды, қазіргі курсы – 240 теңгеге тең.