Шегірткемен күрес қалай жүргізіліп жатыр?
Батыс аймақта шегіртке қаптап, егістік алқаптарға аптаппен бірге айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Бұл зиянкестерге қарсы қандай шаралар қолданылып отыр? Шегірткенің Ресейдің аумағынан келіп жатқаны рас па?
Назым ЖҰМАҒАЛИЕВА, Ақтөбе облысы
ҚР Ауыл шаруашылығы мамандарының хабарлауынша, еліміздің фитосанитар мамандары биыл жаз шегіртке тұқымдас зиянкестердің таралу аумағы республика бойынша 1,9 млн гектарды құрайды деп болжанған. Оның ішінде, 1,6 млн га азиялық шегірткенің таралу аумағы. Бүгінде шамаланған аумаққа түгел химиялық өңдеу жасалды. Шегіртке тұқымдастардың бір тобының Ресей аумағынан ұшып келгені рас. Жаздың басында ауа райы жағдайларына байланысты Қазақстанның батысына РФ-ның шекаралас аймақтарынан италиялық шегірткелер ауып келді. Сол себепті улау шаралары жоспарланғаннан 258 мың га-ға көп жүргізілді. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында азиялық шегірткелер жойылды. Мамандар зиянкестердің біздің ел аумағынан Ресейге ұшып кетуі мүмкін емес деп отыр.