Семірудің ең басты себебі
Мамандар семірудің ең басты себебіне аз қимылдауды жатқызып отыр, яғни, дене белсенділігінің төмендігі артық салмақ жинауға түрткі болмақ.
Бұл жайында islam.kz порталы ресейлік дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ольга Деревянконың "Говорит Москва" радиоторабына берген сұхбатына сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Саламатты өмір салтын ұстану тек бірыңғай жат әдеттерден тыйылудан немесе арылудан тұрмайды, сонымен қатар, дене белсенділігін де қамтиды.
Кейінгі кезде семіздікті гормонды дисбалансқа сілтеп, көп ауызға алатын болып жүр, тегінде жалқаулықты ақтап алу үшін айтылатын мұндай сылтау негізгі проблемадан құтқарып қала алмайды, ақты – ақ, қараны – қара деп әрнәрсені өз атымен атағанда ғана қиындықты еңсеруге болады.
Білікті, тәжірибелі маманның айтуынша, гормондық ауытқу да артық салмақтың жиналуына әсерін тигізеді, алайда, анау айтқандай, бұл олқылықтың семіруге апаратын негізгі себеп емес: ары кеткенде 5% жағдайда ғана гормондық ауытқу себеп болып жатады.
Қалған жағдайда адамның ас-ауқатты тұтыну мөлшері мен дене қимылының арасындағы тепе-теңдікті сақтамаудан артық салмақ жинайды.
Оның үстіне, адамзаттың бүгінгі өмір сүру салты да, байқасаңыздар, әсіресе, барлық жағдай жасалған қалалық жерлерде күні бойы кеңседе отыру, жоғары қабатқа көтерілгенде баспалдықты емес, лифтіні пайдалану, т.б. осының бәрі семіздік індетіне бастайтын елеусіз факторлар санатынан.
Байқасаңыздар, артық салмақтан зардап шегетіндер қарасы ауылдық жерлерден гөрі қалада көп. Осының өзі аз қимылдаудың семіздікке бастайтынын көрсетіп береді.