Сізді жұмыстан шығарып жіберді: Қазақстандықтар жұмыс берушіден қанша өтемақы ала алады
Жұмыс беруші ескертусіз жұмыстан босатса, табыссыз қалған әрбір азамат өтемақы талап етуге құқылы. Ал бұл өтемақының мөлшері қанша? Жұмыс беруші жұмыскерді жұмыстан шығаратыны туралы қанша уақыт бұрын ескертуі керек? Осы және өзге сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі заңгерден сұрап білді.
Заңгер Руслан Батурбаевтың айтуынша, ҚР Еңбек кодексінде бұл мәселелер толығымен қарастырылған. Заң бұзушылық тіркелсе, жұмыс беруші де, жұмыскер де сотқа жүгінуге мүмкіндігі бар. Маман еңбек шартын қандай жағдайда бұзуға болатыны туралы тереңірек айтып берді.
"Еңбек шартын тоқтатудың бірқатар негіздері бар. Заң жүзінде екі тараптың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігі қарастырылады. Оған қоса, еңбек шарты мерзімі аяқталғанда немесе жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға болады. Егер жұмыскер басқа жұмыс берушіге ауысатын болса, жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға да рұқсат етіледі. Жаңа лауазымға тағайындалу кезінде де еңбек шарты бұзылады", - деп түсіндірді заңгер.
Жұмыс беруші қандай жағдайда еңбек шартын бұза алады?
- Қаржылық жағдайға байланысты штат саны қысқаратын болса, онда жұмыс беруші біржақты шешіммен қызметкерді жұмыстан босатуға құқылы. Алайда 3 жасқа толмаған балалары бар, 18 жасқа толмаған мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен жасасқан еңбек шартын жұмыс беруші өз бастамасымен бұзуға құқысы жоқ.
- Кәсіпорын өз жұмысын тоқтататын болса, онда жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады. Қызметкер мұндай жағдайда компанияда жұмысын жалғастыруды немесе өтемақы төлеуді талап ете алмайды.
- Қызметкер Еңбек кодексін бұзатын болса, басшылық оны бірден жұмыстан шығаруға құқылы. Егер қызметкер себепсіз жұмысқа келмесе, үш күннен аса жұмысқа кешіксе, мекеменің мүлкіне залал келтіріп, компанияның құпиясын жария етсе, бұл қызметкердің еңбек шартын бұзуы болып саналады.
Елімізде тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу жиі кездеседі. Дегенмен мұндай жағдайларда қызметкерлер өз құқығын қорғай алмай жатады. Қателіктерге бой алдырмау үшін заңгер тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін айтты.
"Еңбек шартын бұзуға ниет білдірген тарап екінші тарапқа алдын ала хабарлама жібереді. Хабарлама алғаннан кейін, үш күн ішінде еңбек шартын бұзу туралы жазбаша жауап жіберілуі керек. Еңбек шартының бұзылу күні тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылады", - дейді заңгер.
Ал егер еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылатын болса, жұмыс беруші жұмыскерге бір ай бұрын арнайы хабарлама жіберуі қажет. Егер мұндай хабарлама жіберілмесе, сіз құзіретті органдарға жүгіне аласыз.
Жұмыс беруші Еңбек Кодекстің 52-бабы 1-тармағы бойынша, еңбек шартын бұзу кезінде еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын жазбаша хабардар етуге міндетті. Яғни, сізге жұмыстан шығатыныңыз туралы 30 күн бұрын айтылуы керек.
Жұмыс беруші еңбек шартын не себепті бұзғаны туралы ақпараттандыруы тиіс.
Қандай жағдайда жұмыс беруші еңбек шартын бұза алмайды?
"Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де қызметкерлердің келісімінсіз жұмыс берушінінің еңбек шартын бұзуына жол берілмейді", - дейді заңгер.
"Қызметкер басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған, жұмыс орнына жіберілмеген, еңбек шартының талаптары біржақты өзгертілген, қызметкер жұмыстан шеттетілген жағдайларда, еңбек шарты негізсіз бұзылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкердің алмай қалған жалақысы мен оған тиесілі өзге де төлемдерді өтеуге міндетті", - дейді заңгер.
Жұмыс беруші еңбек шартын бұзған жағдайда заңды түрде бірқатар өтемақы төлеуі керек:
1. Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытына жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде өтемақы төленеді.
2. Ал жұмыс берушінің кінәсінен болғанда – жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде белгіленеді.
3. Маусымдық жұмыстарға тартылған қызметкер жұмыстан шығарылған кезде, ұйымның таратылуына немесе қызметкерлер санының және штат санының азаюына байланысты өтемақы 2 апта ішінде орташа жалақы мөлшерінде төленеді.
4. Орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер көлемі азайған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бойынша жұмыстан айрылғаны үшін 2 айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді.
"Көп жағдайда жұмыс беруші өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуды талап етеді. Егер жұмыс берушінің талабы негізсіз болса, сіз өз құқығыңызды қорғай аласыз. Құзіретті органдарға жүгіну арқылы сіз өз құқығыңызды қалпына келтіріп, мәжбүрлі түрде жұмыссыз қалған уақытыңыз үшін өтемақы алуға мүмкіндігіңіз бар", - деді маман.
Ал егер заңсыз қызметтен босатылып, жұмыс беруші сізге өтемақы төлеуден бас тартса, сіз сотқа жүгіне аласыз. Нәтижесінде сіздің заңсыз қызметтен шеттетілгеніңіз расталса, алты айға дейін бос жүргеніңіз үшін өтемақы ала аласыз.
- Егер соттың шешімімен заңсыз жұмыстан босатылған қызметкер бұрынғы жұмысына қайта алынса, жұмыстан шеттетілген барлық уақыты үшін орташа жалақысы төленеді (алты айға дейінгі мерзім).
- Басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленеді.
Естеріңізде болсын, еңбек шарты тоқтатылған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге қажетті төлемақыларды үш жұмыс күнінінің ішінде төлеуі керек.