Тартылған бастың тісін қағуда не сыр бар?
Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос өмір сүріпті. Бірде Сараман досына ренжіп қалады. Бірақ онысын тамырына айтпайды.
Бір күні Қараман атқосшысын ертіп, оған қонаққа келеді. Сараман досын құшақ жая қарсы алады. Іштегі назын бетіне шығармайды. Досы да құшағын тосады. Сараман досына арнап үлкен қошқарын сойып, батасын алады. Ет пісірім уақыт болды дегенде алдына бас тартады. Қараса, қойдың тістері қағылмаған екен. Досы оны байқамайды. Етін жеп, қымыз ішіп, арқа-жарқа болып, үйіне қайтады. Жолай атқосшысы:
– Мырза, досыңыз бас тартқанда қойдың тісін қақпай әкелді. Сізге бір реніші бар екен, – дейді. Бай шошып кетіп:
– Қалайша? Реніші болса, бас тартып сыйламас еді, – деп жауап береді. Атқосшы:
– Марқұм әкем айтушы еді. Қазақ біреуге ренжісе, бетінен алмаған. Өзгенің көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын деп сақтық еткен. Назын тұспалмен, ыммен білдіреді. Мұсылмандықта біреудің көңілін қалдырған, мың Қағбаны бұзғанмен бірдей екен. Сондықтан, дәуде болса, досыңыз сізге реншін білдірді. Қонақ есті болса, бұл сырды өзі-ақ түсінер деген, – дейді.
Бай аттың басын кері бұрып, ат-шапанын атап, досынан кешірім сұраған екен. Осыдан бастап қой басын пісіргенде оның тісін қағып әкелу адал достық пен таза көңілдің белгісі боп саналыпты.
Бастың тісін қақпай әкелу өкпе, назды білдіретіні туралы Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында мынадай үзінді келтіреді.
«Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастархан басына отырдық. Байқаймын атаның (Бауыржан Момышұлы) қабағы салыңқы. Бір кезде:
– Дастарханың толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал, мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық: құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі:
– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам: «Ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау», - деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек…»