Телефонның да ақылдысы болады
Смартфонның қарапайым телефоннан айырмашылығы не, артықшылықтары қандай? Динара САМАТҚЫЗЫ, Семей қаласы
Смартфон ағылшын тілінен аударылғанда ақылды телефон деген мағына береді. Яғни кең түрде қызмет көрсететін мобильді телефонның жетілдірілген түрі смартфон қалта компьютерімен тең. Смартфон терминін Ericsson компаниясы 2000 жылы қолданысқа енгізген. Бүгінде ұялы телефонның және қалта компьютерінің қызметін атқаратын құрылғыларға «коммуникатор» деген термин қолданылады. Ал смартфон мен коммуникатордың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Смартфонның қарапайым телефоннан айырмашылығы – оның түрлі бағдарламалар енгізілген операциялық жүйесінде. Смартфонның мультимедиялық (өте сапалы камера, бейнефайлдардың дыбысын тұнық шығару мүмкіндігі зор) және Wi-Fi, GPS функциялары қарапайым ұялы телефоннан әлдеқайда мықтырақ. Смартфон мен коммуникаторлардың операциялық жүйелеріне бағдарламалар арнайы жазылады және шағын процессорлар орнатылады. Қысқасы, смартфон – телефонның да, компьютердің де қызметін де атқаратын әмбебап құрылғы.