Төрт түлік атауларын білеміз бе?
Мектепте оқитын балама төрт түлік малдың жасы мен жыныс ерекшелігіне қарай берілетін атауларды жазып келуге тапсырма берген екен. Оқулықтар мен кітаптардан ол жайында толық ақпарат таба алмадық. Көмектессеңіздер екен.
Баймұрат ЖАНПЕЙІСОВ, Алматы қаласы
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың орны ерекше болғандықтан, олардың әрқайсысының түр-түсіне, мінезіне, жасына, жынысына, тегі мен табиғи ерекшеліктеріне қарап өзіндік атау берген. Соның ішінде жасы мен жынысына қарай аталуын төменде беріп отырмыз. Ойсыл қара жасына қарай былай бөлінеді: буыршын – құнанша (екі жастан асқан түйе) – нарбота (аруанадан туған төл) – бота (інгеннен жаңа туған төл) – тайлақ (бір жастағы түйе). Жылқы малы жайында айтар болсақ, бұл түліктің ұрғашысы – құлын, 6 айында – жабағы, тай – байтал – дөнежін бие – бесті бие – қартамыс бие (11-14 жас аралығындағы) – кәрі бие (15-17 жас) – лақса бие (18-20 жас) – жасаған бие (20-40 жас) болып бөлінеді. Айғыр атаулары: құлын – жабағы – тай –құнан – дөнен – бесті. Сиыр малы болса, бұзау – ақ тамақ (бір жастан үш жасқа жетпеген ұрғашысы) – қашар (бір жастағы ұрғашысы) – тайынша (тана) – торпақ – баспақ (алты ай), аталығы: құжбан бұқа – азбан бұқа. Шопан ата түлігі былай аталады: күйек қозы (қошқардың беліндегі күйегі алынғаннан кейін шағылысуынан пайда болған төл) – сарыаяқ марқа – (тамыз, қыркүйек айларында туған) – лақ қозы – бағлан қозы (ерте туып, жақсы семірген қозы). Қойдың ұрғашысы саулық, буаз қой, саулық қой, қозылы тұсақ, қозылы тоқты, тоқтылы қой, шар саулық, кенже тоқты, алты тісті саулық, сары қарын, шар қой, төл қой, тоқтаған қой деп бөлінеді.