Түйсігіңізге сенесіз бе?
Түйсік, яғни интуиция өте нәзік сезім. Біз оны әдетте «мүмкін», «солай сияқты», «сондай ғой деймін» деген сөздермен айтып жеткіземіз. Ол айқын шешімдерді алабөтен қырынан көрсетеді. Болған жағдайға өзгеше мазмұн мен мән береді. Оған сенуге үркеді адамдар, сенбеуге тағы болмайды. Кей адамдардың сезгіштігі тіпті ерекше болады. Әр адам өзінің түйсігін жетілдіре алады. Ол үшін біраз жаттығу жасап, дағдылануға да болады. Ішкі «менін» естігісі келген адам оны мейлінше жетілдіре алады.
1. «Аңыз ертегі» жаттығуы
Түйсікті дамытудың бір кілті шығармашылық жұмыс. Және ол алдын ала жасалып, жазылып қоймай, дәл қазір осы сәтте туса, әр жағдайға байланысты суырып салма әрекетті жетілдіру міндет. Сонда ғана сіз өзіңіздің бойыңыздағы түйсігіңізді сезіне алатын боласыз. Жылдар өткен сайын көреген бола бересіз. Соның арқасында өзіңізде дана, парасатты болып қалыптасқаныңызды сезінесіз. Өзіңіздің қолыңызды тыймаңыз, өзіңізге осы сәтте бір нәрсе жасауға икемдеп, рұқсат бере біліңіз. Туынды тудыра білу түйсік үшін өте маңызды.
Ол үшін сізге оңаша орын керек. Бос уақыт болуы шарт.
Қолданылуы: Бұл жаттығуды орындаудың бірнеше тәсілі болуы мүмкін. Өзіңізге не ұнайды? Соны анықтап алыңыз. Бәлкім, оңашада билеген ұнайтын шығар? Көзіңізді жұмып, жақсы көретін сазға жеңіл қимылдар жасаңыз. Сосын жылдамдықты үдетіп, шапшаң қимылдаңыз. Немесе сурет салу ұнай ма? Саусақпен сурет салған жақсы. Немесе тек бір ғана құламұш алыңыз. Инструменттің көптігі сезім көзін тұмшалайды. Сезініп жұмыс істеген дұрыс. Назар тек шығармашылықта болуы керек. Топырақтан бірдеме илеуге болады. Көзіңді жұмып қойып, не шығатынын білместен кірісіп кетіңіз. Немесе ән салыңыз, жаныңыз қалаған әнді ғана, дауысыңыз жететіндей етіп айтыңыз. Соңғысы, бұл жазу болуы мүмкін. Көңіліңізде жүрген кілтипанды жазыңыз. Содан шығарма құрастырыңыз. Ол осы сәтте, осы жерде туу керек. Кез келген шығармашылық жұмыс сізді спонтанды ойлауға жетелейді. Белгілі бір деңгейде ол сіздің түйсігіңізді бір нәрсе тудыруға бағыттайды. Осылай жұмысқа кіріскен кезде көз алдыңызға не жасайтыныңыз, ол қандай болып шығатыны келе бастайды. Ойыңыз бен образдар жымдасып, мақсат еткен дүниеңізге ұқсай бастайды. Шеше алмаған шаруаңыз, бойыңызды мазалаған күйзеліс бірте-бірте өзі шешімін табады.
2. «Дененің сыбыры» жаттығуы
Ішкі дауысыңды есту үшін денеңді тыңдай біл. Жаңа адамды кезіктіргенде ол туралы ештеңе білмейсіз. Сонда оны қалай қабылдайсыз, соған мән беріңіз. Адам денесі бөтен адамға белгілі бір деңгейде әсерленеді. Бір көргеннен жақсы қабылдап, бүкпесіз сөйлесіп кетуіңіз мүмкін. Керісінше, ол адамның жанында отырғыңыз келмеуі де мүмкін. Денеңізді тыңдаңыз. Көзіне көзіңіз түскенде де көп нәрсені аңғара аласыз. Сөйлескен кезде қиындықтар туу мүмкін. Немесе керісінше, бәрі оңай болуы да ықтимал. Адам ағзасының осындай кездері белгілі бір әсері болады. Бұл әсер адамның ішкі түйсігінен хабар береді. Бірақ олар сосын тез ұмытылып кетеді. Оны кәдеге жаратпаған соң аса маңызды болмай қалады. Біз түйсіктен гөрі санаға, миымызға көбірек сенгенді жөн көріп кетеміз. Ал, ағзаның қимылы, әсері, қабылдауы бізді ешқашан алдамайды.
Сізге 10–15 минут тыныштық керек, ыңғайлы киім, жерге отыра қалатындай кең болғаны ләзім.
Қолданылуы: ыңғайлы отырып алыңыз, тыныс алуыңызды қадағалаңыз. Кіре берісте ауа жылы, шығарда салқындайтынын сезіңіз. Төрт дегенде дем алып, оны өте баяу жасаңыз. Дайын болғаныңызда ішіңізден қазір не мазалап жүргені, не толғандыратыны туралы ойлаңыз. Денеңіздің әсерін байқап отырыңыз. Қай жерде қысым пайда болды?Қай жерде діріл жүрді? Денеңіздің қай мүшесі сіздің назарыңызды аударды? Қай кезде тынышталып, мазасыздықтан арылдыңыз? Осы белгінің бәрі маңызды. Болып жатқан жағдайға деген ішкі түйсіктің әсері күшті болады. Тек оны тыңдай білу керек. Сеніңіз денеңізге, ол сізді алдамайды.
3. «Мәнді бояу» жаттығуы
Кейде маңызды шешім қабылдау керек болған кезде, ішкі түйсікке сенім артамыз. Түрлі кеңестер мен пікірлер айтылған жерде адам бәрібір өзінің ішкі түйсігін тыңдайды. Өзіңізге не дұрыс екенін айырып алу үшін ақыр соңында өз шешіміңізге тоқтайсыз. Сонда ішкі «меніңіз» сізге керегін іріктеп шығарады. «Мәнді бояу» тек сол шешімнің эмоционалды фонын анықтап береді. Шешім жүрегіңізге жылы ма, суық па, жағымды ма, жағымсыз ба, соны түсінесіз. Соңғы нүкте қоярда ішкі түйсікке жүгінесіз.
Ол үшін сізге диктофон қажет болады. Бірнеше қағаз, ашық түсті маркер, бір жарым сағат уақыт бөліңіз.
Қолданылуы: Диктофонды қосып, қандай мәселеге байланысты мұндай шешім қабылдайтыныңызды дауыстап айтыңыз. Өз таңдауыңызды айтыңыз. Неге сол шешімге тірелгеніңізді, осы шешімді неліктен таңдағаныңызды сипаттаңыз. Мұның барлығын қарсыңызды сізге жақсылық тілейтін қамқоршы адам отырғандай етіп суреттеңіз.
Жазбаны тыңдап шығыңыз. Дауысқа мән бермеңіз. Ол жазылғанда ылғи құбылып, өзгеріп тұрады. Жазылған мәселе сізге қалай әсер етті? Соны жазып алыңыз.
Егер соңғы шешім сіз үшін аса маңызды болса, оны қағазға түсіріп алыңыз. Көз алдыңыздағы мәтінге мұқият қараңыз. Сізге әсер етіп, толқытқан әр сөздің астын ашық түсті маркермен сызып қойыңыз. «Ұнады», «ыңғайсыз», «өткір» деген сияқты сөздер болуы мүмкін. Сіздің ішкі қабылдауыңызда сезім мен эмоцияға қатысы барларын сызыңыз. Олардың барлығын бөлек қағазда теріп жазыңыз. Осы сөздер сіздің шешіміңізге қаншалықты басымдық беріп тұр, соны бағалаңыз. Егер тапқан сөздеріңіз жағымсыз болса, онда ол ішкі меніңіздің әлі де қарсы екендігін білдіреді. Яғни, жоспарыңыыз қиындықтармен жүзеге асатынын айтып тұр. Көп уақыт бойы өзіңізді өзіңіз алдап, бәрі дұрыс, басқаша болуы мүмкін де емес деуіңіз мүмкін.
Немесе керісінше, егер негізгі шешім жақсы сөздермен сипатталса, сіз үшін маңызды сөздерден тұрса, онда шешіміңіз оң болғаны. Сіз дұрыс бағыттасыз, бұған мейлінше сенімді болуыңызға болады.
Эмоционалды бояуды қанық ету үшін күнделікті өмірде қабылдаған шешіміңіз туралы біреуге айтыңыз. Сол кезде әңгіме ауанына қарай шешіміңізге қаншалықты көңіліңіз толатынын байқауыңыз мүмкін. Кей нәрсені айтқанда неге салқын қабақ танытасыз, кей нәрсені сөз еткенде неге жүрегіңіз қуанышқа бөленетінін байқайсыз. Олардың арасындағы айырмашылық көзге көріне бермейтін кішігірім нюанстардан ғана байқалады. Қабылданар шешім қаншалықты маңызды болса, ішкі түйсік оны соғұрлым ұзақ ойлануға шақырады. Түйсікті сезе біліңіз.
Түйсік әр адамда болады. Ол біздің санамызбен қатар параллельді түрде жасайды. Біз оны эмоция, түс көру арқылы, денеміздің әсері арқылы түйсінеміз. Бірақ оны өзге тілмен айтып үйреніп алғанбыз. Кездесуге барғымыз келмесе, ерініп тұрмыз дейміз. Біреумен араласуымыз қиындаса, тығырыққа тірелдік дей саламыз. Жаныңызға жай келмеген шешімді қабылдау кезінде шешімтал емеспін деп айтамыз. Шешім күрделенген сайын, түйсіктің сыбыры да бәсеңдей береді. Түйсіктің дыбысын баса бермеңіз.
Shynar Ábildá