Тұмау мен ЖРВИ маусымы жақындап келеді. Коронавирустан оларды қалай ажыратамыз?
Қазір тұмаудан КВИ-ді қалай ажыратуға болады деген сауал халықты мазалайды. Аzattyq-ruhy.kz мәселеге тереңірек үңіліп көрген еді.
Тұмау мен коронавирустың алғашқы сатыларында олардың еш айырмашылығы жоқ екенін ескеру керек. Бірақ қазақстандық дәрігерлер бұл екі вирусты бір-бірінен ажырата алады. Күз-қыс айларының келуімен бірге көптеген созылмалы аурулар өршуі мүмкін. Соның ішінде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау ауруына жаздан кейінгі әлсіздік әсер етіп, аурудың өршу қаупі басым.
Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер-сарапшысы Тамара Ұтағанова иммунитеті әлсіз әрі жаз кезінде инфекциялық ауруларды басынан өткергендерге қауіпті кезең келе жатқанын ескертеді. КВИ-дің келесі толқынына олар дайын болуы керек. COVID-19 дертінен сақтанудың бір жолы – күзгі-қысқы маусымға тұмаудан вакцина алу маңызды.
«ЖРВИ мен тұмау мауысында коронавирустың екінші толқыны келген кезде, қандай шаралар қолданылуы туралы тиісті алгоритм түзілген. ЖРВИ мен тұмаудан сақтанудың бір әдісі – жыл сайынғы вакцинация. Вакцина салдыру осы аурулар маусымы кезінде және оған дейін жүргізіледі. Ол қыркүйек айында басталады.
Маусымды ауруларға шалдығу тәуекеліне 60 жастан асқан азаматтар, жиі ауратын балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауру бар адамдар жақын. Тұмауға қарсы ем шаралары жыл сайын осы уақытқа (қыркүйек айы - авт.) жоспарланатын. Биыл коронавирустық пандемияны ескере отырып, бұл шаралар өзектілігін арттыра түсті. Тұмаумен ауырмауға жағдай жасау КВИ-дің тарауына, өршуіне тоқсауыл болады. Әдетте, тұмаумен ауру кезеңі 1 қазан мен 31 наурыз аралығын қамтиды»,- дейді инфекционист дәрігер.
Қазір тұмаудан КВИ-ді қалай ажыратуға болады деген сауал халықты мазалайды. Тамара Ұтағанованың айтуынша, коронавирус мейілінше зерттелген, дәрігерлер үшін таныс инфекциялық ауру деуге болады. Ал тұмау мен ЖРВИ-дің клиникалық белгілері басқа және ол біздің мамандар үшін бейтаныс емес. Сондықтан КВИ-ден әдеттегі тұмауды ажырату қиындық туғызбайды.
«Тұмау кезінде демікпе болмайды. Дене қызуы көтерілгенімен, мұрын да бітелмейді. Ал коронавирус дертін жұқтырған науқастардың буын-буыны сырқырап, дәм сезбейді және иіс сезу қабілетінен айырылады. Кейбіреуінің өкпесі қабынады. Осыны ескеру керек. Ең бастысы, дене қызуына назар аудару қажет.
Егер температураңыз 3 күн қатарынан 38 градустан түспесе, онда ол КВИ сияқты қауіпті вирустың бастапқы белгілері. Тұмау кезінде адам бірнеше күннен кейін өзін жақсы сезіне бастайды, ал коронавируста, керісінше, күн өткен сайын жағдай нашарлай береді. КВИ жұқса, демікпе байқалады. Дегенмен, тұмау мен коронавирустың алғашқы сатыларында олардың еш айырмашылығы жоқ екені ескеру керек»,- дейді қаланың бас инфекционисі.
Айта кету керек, жақында қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Ресейден тұмауға қарсы екпе сатып алынғанын айтқан болатын. Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, Алматы жұртшылығы үшін екпенің 130 мың мөлшері дайын.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы