Уақыт ауыстыруды қойғанбыз
Әлемнің көптеген елдері қысқы, жазғы уақытқа ауысып жатады. Бұрын Қазақстанда да уақыт алмастырылатын. Қазір олай емес. Жалпы, бұл үрдіс қашан пайда болған?
Алма Бекова, Алматы облысы
Сағат ауыстыру, «Жазғы уақытқа», «Қысқы уақытқа көшу» тұңғыш рет 1916 жылы 21 мамырда Ұлыбританияда енгізілді.
Оның себебі таңертеңгі және кешкі мезгілдерде электр жарығын үнемдеуге және жұмыс уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі деп саналды. Соңғы кезде дәрігерлер уақытты ауыстыру адам денсаулығына зиян екендігін мәлімдеуде. Десек те, сағат тілі Алманияда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Швецияда, Ресейде ауыстырылады. Мысалы, алдағы 25 қазанда жексенбіге қараған түні Ресейдің барлық аумақтарында бір мезгілде «қысқы уақытқа» көшу түнгі сағат үште жүзеге асырылады.Соған байланысты сағат тілі бір сағатқа кейінге шегеріледі. Бұл мәселелерді Ресейдің Федералды техникалық реттеу және метрология агенттігі реттеп отырады.
Ал Жапонияда, Қытайда, Сингапурда, Тәжікстанда, Өзбекстанда, Түрікменстанда, Қырғызстанда, Эстонияда және 2006 жылдан бері Қазақстанда сағат ауыстырылмайды.