Үй аларда 6 факторға назар аударыңыз: Маман пікірі қандай?
Қазіргі таңдағы ауқымды мәселенің бірі - баспаналы болу. Тұрғын үй бағасы ірі қалаларда қалтағы салмақ түсірері анық. Бірнеше жыл қор жинап, сәті түскенде үйлі болып жатқан замандасты көргенде қуанасың.
Иә, көзі ашық, білімді жандар көп болғанмен, баспана алар тұста сан соғып қалатындар да жетерлік. Жалпы үй алу кезінде бірнеше факторды есте сақтаған жөн дейді мамандар. Bugin.kz осы мәселені зерттеп көрді.
Баспана алатын кезде 6 кеңесті есте сақтау керек:
1. Пәтер немесе үй алар алдында банк менеджеріне хабарласып, барлық құжаттарыңызды тексертіп алыңыз: табыс, несие тарихы, салық т.б. Ипотекалық несие алар кезде даяр болып барған өзіңізге ыңғайлы;
2. Пәтер немесе үй соғылғанына 50 жылдан аспау керек. Егер үй немесе пәтер бетоннан, монолиттен немесе кірпіштен соғылса, 60 жылдан аспағаны абзал;
3. Кепіл ретіне ақшаны бермес бұрын үй құжаттарын міндетті түрде тексеріңіз. Үй иесі кім екенін, оның төлқұжатын тексеріңіз;
4. Егер кепіл ақшасын берген болсаңыз, барлық сома қай күні қайтарылатынын келісіп алыңыз. Күтпеген жағдайлар болып қалатынын ескеріңіз (ақша кеш түсуі мүмкін), алдын ала шешім алыңыз;
5. Үйде қайта жоспарлау болған/болмағанын үйдің тех.жоспарымен салыстырыңыз;
6. Үй басқа банкте кепілдікте тұрса, бұған мән бергеніңіз жөн. Бұл пәтерді сатып алуға болады, бірақ алу уақыты ұзаққа созылады.
Осы орайда Bugin.kz тілшісі баспана саласының маманы Толқын Самұратқа «Үй алған адамдар алданып қалып жатады. Мұндай жағдай жиі кездесе ме?» деп сауал жолдады.
2000 жылдары болған шығар, бірақ менің тәжірибемде болған емес. Екінші деңгейдегі баспанада нотариус құжаттарды толық тексереді, ал салынып жатқан тұрғын үйлерде компания банкротқа ұшырап, алдын ала төлем жасаған азаматтар сан соғып қалады. Қазір үйдің іргетасы қаланғаннан бастап тұрғындар пәтер алатын болды. Мұндай жағдайда да компанияның тарихымен танысып, мемлекеттен кепілдік бар-жоғын тексерген абзал -, дейді маман.
Cоңғы уақытта мегаполистердер бірқатар тұрғын үйдің құжаты дұрыс болмай, шу шыққан еді. Соған байланысты пәтер сатып алмас бұрын салынып жатқан үйдің заңды екенін +7 (727) 229-81-36 нөмірі арқылы тексеру қажет екенін ескеріңіз.