Ұлттық киімдердің қай түріне жатады?
Ел аузынан ерте кездегі ұлттық киімдерге қатысты «жыға», «жырға» деген сөздерді естідім. Бірақ олардың қандай киімдер екенін біле алмадым.
Сәуле БАЙКЕНОВА, Арқалық қаласы
Жыға, жырға дегендер сәукеле, зере сияқты бас киімдер. Сонымен бірге бас киімнің әшекейлері де осылай аталған. Жыға – ерте кездегі дулығаның артынан (мойынды қылыш кеспеу үшін) қаптап қоятын зат, бас киімнің артқы жиегі, батырлардың төбесі үшкір, әшекейлі дулығасының етегі. Жыға сөзі о баста түркілерге парсы тілінен енген. Мағынасы «бас киімге қадайтын құс қауырсыны немесе әшекей» дегенді білдіреді. Түркі тілдерінде жығаның үш түрлі мағынасы бар: құс қауырсыны; алтынды, асыл тасты бас киім әшекейі; бас киімнің өзі. Қазақ халқының тұрмысында осының үшеуі де болған. Ал жырға– асыл тас, моншақтар қадап, көп салпыншақтар тағылып жасалған әйелдердің бас киімі, сәукеленің бір түрі және әйелдердің бас киімінің әшекейі. Яғни сәукеленің, бергектің, кейде сырғаның төгілме моншақтары, сәнді салпыншақ, шұбыртпасы. Зере өзі ұзын, іші қуыс, сәукелемен бірге киетін бас киім. Ертеде бір қабат киім сыртынан киетін сауыт та зере деп аталған.