Ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесінен жасалған тұмардың пайдасы
Бүгінде облысымыздың кей аумақтарында малға қасқыр шапқаны жөнінде әңгімелер шығып жатыр. Осыған орай газетіміздің өткен нөмірінде «Бұл өңірде қанша қасқыр жортып жүр?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Тиісті мекеме қызметкерлерімен хабарласып, бүгінгі күндері облыс аумағында 800-ден аса түз тағыларының бары туралы білгенбіз.
Жалпы, қасқырды қазақ қанша жау көрсе де текті аң деп құрметтейтіні белгілі. Ол жайында ел арасында таралған аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Тіл-көз тимесін, жаман қуат әсер етпесін деп бөрінің тырнағынан немесе азу тісінен тұмар жасап алатындар туралы да естіп жүретінбіз. Ал таяуда қаншық қасқырдың (оны құртқа немесе шулан деп те атайды) жыныс мүшесінен де тұмар жасалатыны жайында естіп тіпті де таңқалдық. Бір азамат әлеуметтік желіде оның 400 мың теңгеге сатылатыны туралы жазды.
Қалай болғанда да бұл тақырып бізді қызықтырмай қалған жоқ. Сондықтан ол жайында деректер іздестіріп көруді шештік.
Бүгінде сауда нүктелерінен пұл болатын нәрсенің бәрін де табуға болатыны белгілі. Осы ойда Шымкенттегі «Жабық базар» мен Қырғы базардан аталған «тауарды» іздестіріп көрдік.
Бір қызығы, бізді таңқалдырған жай көпшілікке бұрыннан-ақ белгілі екен. Жұртшылық оны біледі, дегенмен жаппай сұранысқа ие болмағандықтан оны қайдан, кімнен алуға болатынымен ісі жоқ. Сұрастыра жүріп «Жабық базардағы» бір азаматтан ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесі оның бір танысында барын білдік. Біздің өтінішімізбен ол кісі танысына телефон шалып, бағасын біліп берді. Яғни әлгі затты 5 мың теңгеге алуға болады екен.
Ал Қырғы базарда біз бұл тақырыпта бір әйелмен әңгімелестік. Ол кісіде ондай заттың бес-алтауы бар екен. Кептірілген мүшелерді жарты литрлік банкаға салып қойыпты. «3 мың теңгеден беремін», – дейді. Интернеттен 400 мың теңгеге бағаланып тұрғанын көргенімізді айтқанда: «Өтірік шығар. Алтын жалатылған ба екен, немене?» – деп күліп алды. «Сіздегі мүмкін иттікі шығар, қайдан білесіз? Қасқырды өзіңіз ауламаған боларсыз? Мүмкін сізге қасқырдікі деп иттікін әкеліп берген шығар? Негізі мұндайды кімдер әкеліп сатады?» – деп біз де сұрақты бастырмалаттық.
Ол кісінің айтуынша, мұндай затты көбіне сығандар сатады екен. «Жол ашады», «қауіп-қатерден қорғайды», «сауда жолын ашады» деп өткізетін көрінеді. Ал бұл кісілер олардан «тауарды» үстінен пайда көру үшін сатып алады. Яғни мұндай тауарды сатып алушылар жоқ емес.
Әдетте «жол ашатын» нәрселердің тәуіп, палшылармен байланысы болатыны белгілі. Сатушылардан мандымды ештеңе біле алмағаннан кейін біз қаладағы бір тәуіп апаға телефон шалдық. Ол кісі қасқырдың жыныс мүшесінің мұндай қасиеті туралы естімеген екен. Бірақ тырнағы мен азу тісінің және жүрегінің қасиеті жөнінде айтып берді.
«Менің білетінім, оның тырнағынан тұмар жасап, бесікке іліп қояды. Сонда балаға тіл-көз тимейді, жын-сайтан үйден аулақ болады. Азу тісінен тұмар істетіп, бойында алып жүрген адамның жолы ашылады, ол адам батыр болады. Ал жүрегін қуырып немесе пісіріп жеп, сорпасын ішсе, адам сұсты, айбарлы болады. Сол сияқты оның бауырын, бүйрегін, өкпесін жеген адамдар сондай ағза мүшелеріне қатысты дерттерінен айығатыны жөнінде де естігенмін», – деді ол кісі.
Біз тәуіп ападан қасқырдың жыныс мүшесі жайлы таныс-тамырларынан сұрастырып, естіген-білгенін бізге хабарлауын өтінген едік. Кешегі дүйсенбі күні ол кісі бізге телефон шалды.
«Балам, мынау бір қызық нәрсе екен, – деді ол кісі. – Осы жасыма дейін мұндайды естімеген едім. Ұрғашы қасқырдың жыныс мүшесінің қасиеті өте көп екен. Қалам-қағазың дайын болса, жазып ал.
Қаншық қасқырдың қынабының шипалық қасиеті көп екен. Оны бала көтере алмай жүрген әйелдер мен белі әлсіз еркектер бойында алып жүрсе, бала сүйеді, қуаттанады. Ол ерлер мен әйелдерге тән көптеген дерттерді жояды. Одан жасалған тұмарды тағып жүрген еркек әйелдерге өтімді болады. Тек сырын білетін адамға ғана оқытып алу керек.
Оны отбасын тастап кеткен немесе басқа әйелге барып жүрген еркекті кері қайтару үшін де қолданады. Күйеуін қайтарғысы келетін әйел қаншық қасқырдың жыныс мүшесінен тұмар жасатып, киімінің бір жерінде сақтауы керек.
Қаншық қасқырдың жыныс мүшесінен құмар ойынмен айналысатындар да тұмар жасатып алады екен. Сонда қолдары жақсы жүреді дейді. Жалпы, оны жолы ашық болуы үшін көп қолданады деп естідім».
...Біз хабарласқан тәуіп апа осылай деді. Ол кісіден естіген тағы бір жағдай бізді таңқалдырды.
«Бір аңшы таныстарымнан естідім. Ұрғашы қасқыр өзіне өлім қаупі төнген ақырғы сәтте өзінің жыныс мүшесін жұлмалап, іске алғысыз етіп тастайды, саған да, маған да жоқ болсын деген серті бар екен», – дейді ол кісі.
...Біздің әзірге естіп-білгеніміз осы болды. Жалпы, бұл туралы кәнігі аңшылардың, білетін адамдардың айтары болса, біз оған да газет бетінен орын беруге дайын екенімізді естеріңізге саламыз.
Т. ТҰРАН