Жайлы аймақ деген не?
Бүгінден өзін өзі дамыту ғылымы жан-жақты дамып келеді және ол қазақ оқырмандарына да біршама таныс. Бұл ғылымның біз мектепте, жоғары оқу орындарында оқитын ғылымдардан айырмашылығы сонда – оны нақты өмірде қолданып, нақты нәтижесін көруге болады және ол сіздің өміріңізді өзгертеді. Оның құндылығы да осында.
Жайлы аймақ деген не?
Енді өзін өзі дамыту ғылымы бойынша жайлы аймақ деген не, соған тоқталатын кез келгендей. Бұл мәселенің маңыздылығы мынада: ол барша адамдарға қатысты және оның әсерін біз үнемі сезініп жүреміз. Жайлы аймақ дегеніміз – бұл біздің әбден үйреніп, бауыр басқан күнделікті тірлігіміз. Шындығында ол адамдарға оншалықты жайлы да болмас, бірақ олар соған үйреніп, бауыр басып алғандықтан, өмір ағымын ешқашан өзгерткілері келмейді.
Мәселен, менің бір танысым бар. Ол – журналист. Бірақ мамандығы мұғалім, бұрын мектепте сабақ берген. Содан 90-шы жылдардағы қиын кезеңде біраз уақыт сауда да жасапты. Ақырсында газетке қызметке кірген. Содан осы салаға орнығып қалады. Бойында жазуға деген қабілеті болмағандықтан, ол жақсы қаламгер болып кете алмады. Соған орай, жұмысында жоғары көтерілмеді. Ал қызметі өспесе, жалақысы да жоғары болмайтыны белгілі. Егер мектепке қайта барса, бұдан гөрі, тәуірлеу табыс табар еді. Дегенмен, әбден үйреніп, еті өліп кеткен ол мамандығын ауыстырғысы келмейді.
Тағы бір танысымның әйелі өте беймаза, мінезі жаман болды. Ол үйлеріне күйеуінің туыстары немесе достары келсе-ақ ұрыс шығырып, содан туыстары да, достары да одан безіп кетті. Отырса опық, тұрса сопық дегендей күйеуіне күн көрсетпейтін әлгі шайпау әйелден құтыламын деп арақ ішкен кезедрінде жыр қылатын жігіт, жеме-жемге келгенде соның айтқанын істеп жүре береді. Бұның бар себебі: пәтерлері әйелінің атында, яғни үйдің қожайыны сол. Әйелден айрылыссам үйден айрыламын, сонда қайда барамын дейтін болуы керек, өзі үйреніп алған тозақ тірліктен оның кеткісі жоқ.
Жайлы аймақ дегеніміз осы, яғни қанша жаман, қиын, ауыр болса да адам сол тірлігіне әбден үйреніп алады да, одан кетсе, өмірін басқа арнаған бұрса бұдан да жаман халге ұшырап, барымнан айрылып қаламын деген қорқынышпен, жайсыз тұрмысқа көндігеді. Бұл – адамдардың көбінің басындағы жай.
Жайлы аймақтан шығу не береді?
Үйреніп қалған орта, тірлік адам үшін жайлы аймақ сияқты саналғанмен, шындығында ол әкелетін тауқымет пен қиындықтар аз болмайды. Мәселен, сіздің үйренген жұмысыңыз жақсы сияқты болғанымен, жалақысы аз, басшыларыңыз да тынышсыз болуы мүмкін. Бірақ сіз басқа жаққа барсаңыз бұдан да жаман жағдайға ұшырайтындай немесе тіпті, күн көре алмастай халге жететіндей көріп, жайлы аймақтан шыққыңыз келмейді. Адамдардың көбі осылайша бар өмірлерін өткізеді.
Ал тәуекел етіп, өміріңізді өзгертер болсаңыз, алғашында біраз қиындық көргеніңізбен, кейін келе жайлы, жақсы тұрмысқа жетіп жатасыз. Яғни, адамға жиі-жиі үйренген ортасын тастап, жайлы аймақтан шығып, жаңа өмірді бастау қажет болады. Осылайша адам ұдайы өсіп, алға жылжиды.
Осыған мысал ретінде мен басымнан кешкен мына бір жайды айта кеткім келеді. 1998 жылы Атбасарда аудандық газеттің редакторы болып істеп жүрдім. Содан бір жылдай бұрын аудандық қазақ және орыс тілдеріндегі газеттерді қосқан, бірақ редактор ретінде мен өз өкілдігіміді сақтап қалдым, тек ақша жағынан орыс газетінің редакторына бағынышты болдым, яғни қаржы мәселесін сол шешетін.
1998 жылы күзде бұрынғы редактор кетіп, орнына аудан әкімі бір келіншекті әкеліп қойды. Әлгі қытымырланып, келе сала бар билікті қолына алды. Әкімге арқа сүйеген ол мені ақырындап шеттете түсті. Осылайша жұмысымда жайсыздық сезіле бастады. Бірақ мен оған шыдап жүре бердім. Өйткені, үйім-жайым бар еді.
Күз келіп, қыс түсті. Күн суытып, аяз күшейе бастады. Ал біз тұрған көп қабатты үйге жылу бермеді. Жылу бермек болған түрлі әрекеттер сәтсіз аяқталып, сонымен жылусыз қалдық. Соған шыдамаған көп адамдар үйлерін тастап кете бастады. Мен бесінші қабатта тұратынмын. Астыңғы қабаттағы біраз пәтерлер босап, оның есік-терезелеріне дейін біреулер бұзып әкетті. Осылайша, соғыс жылдарындағы бұзылған үйлер сияқтанып қаңырап қалды. Бірақ мен сонда да кетпедім. Шыдайын, бәрі уақытша болар деген оймен тұра бердім. Бір күні су қатып қалды. Канализация да жұмыс жасамайды. Осыдан кейін шын мәнінде үйде тұруға мүмкін болмай қалды. Тек содан кейін ғана мен кетуге мәжбүр болдым.
Қайда бармақпын, басқа үйден пәтер жалдап тұру қажет пе, болмаса басқа жаққа мүлдем кету қажет пе? Осы мәселе алдымнан шыққанда амалсыздан Астанаға кетуге бел байладым. Жұмыс жоқ. Десе де, тәуекел деп осы шешімге келдім. Рас, алғашында қиын болды, бірақ та келе-кееле мәселе шешіліп, жұмыс та, пәтер де табылды. Қазір ойлап қарасам, егер сол кезде кетпей, Атбасарда қалып қойғанда жайлы аймақтың тұсауына түсіп, бар өмірім тауқыметпен өткендей екен. Ал Астанаға барудан еш ұтылғаным жоқ. Жақсы қызмет таптым, пәтер сатып алдым. Міне, жайлы аймақтан шығып, тәуекел деп жаңа өмірді бастау, адамға түптің түбінде жақсылық әкелетініне осылайша көзім жетті.
Егер сіз қазіргі өміріңізге көңіліңіз толмйтын болса, тәуекел етіп өміріңізді, мамандығыңызды өзгертуіңіз қажет. Әйтпеген күнде соған әбден үйреніп, жоғарыда аталған менің таныстарым сияқты бар өміріңізді тауқыметпен өткеретін боласыз.