Жаңа жылдық дастарханға дәмді шырша қойыңыз!
Пысық қыз-келіншектердің мерекелік дастарханға ерекше дайындалатыны сөзсіз. Тағамдар тек дәмді ғана емес, қараған көзді сүйсіндіріп, тәбетті ашар «әдемі» де болуы керек.
Ендеше, жаңа жылдық дастарханды қалай құлпыртуға болатынын көрелік. Жаңа жылдың негізгі белгісі – шыршаны жеміс-жидек пен азық-түліктен жасауға болатынын ұмытпаңыздар. Қиялдарыңызға ерік беріп, түрлі салаттар мен тіскебасарды, тәтті тоқаштарды да шыршаға айналдырыңыздар. Шыршаларыңыз мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, жеуге жарамды, тіл үйірер дәмді болсын.
Дәмді шырша жасаушыларға кеңес:
1. Кез келген салатты ыдысқа шырша пішінінде (конус) орналастыруға болады. Ал шырша ойыншықтары ретінде ірімшік, шұжық, зәйтүн, анар, черри қызанағын қолданыңыздар. Шыршаңызға жасыл түс беру үшін аскөк сияқты көк шөптерді пайдалансаңыз болады.
2. Жеміс-жидектермен көздің жауын алар қызыл-жасыл шырша әдемі жасаңыз. Ол үшін шыршаның негізі ретінде сәбіз, қияр сынды ұзындау көкөністерді қолданыңыз. Ал шыршаның аяқ жағы көлемді болуы үшін, әрі сәбізді нық орнықтыру үшін алма-алмұртты қажетіңізге жаратсаңыз болады. Тісшұқығыштың көмегімен жеміс-жидекті әдемілеп шыршаға орналастырыңыз.
3. Дастарханды әсемдеу үшін ірімшік, шұжықтардан, сондай-ақ жеміс пен көкөністен кішкентай шыршалар кесіп дайындауға болады.
4. Шыршаның пішінінде тәтті тоқаштар пісіріңіздер. Ал шырша ойыншықтары ретінде торттың бетін әсемдеуіштерді (ұстақ тәттілер, түрлі-түсті крем, какао, шоколад, кокосовые стружки және тб) қолданыңыздар.
5. Ірімшікті үшбұрыштап кесіп, бір-бірінің үстіне орналастыра отырып, шырша жасаңыз. Осы әдіспен шұжық пен қызанақ, қияр және басқалардан да әдемі шырша жасауға болады. Ортасына негіз ретінде қатты, әрі нық тұратын сәбізді жіңішкелеп кесіп немесе жіңішке таяқша пайдаланыңыз.
6. Тәттілерден де шырша жасап қоюға болады. Ол үшін орама қағаздары жылтырап тұратындарын таңдағаныңыз жөн.
anabol.kz