Жақсы домбыра қанша тұрады?
Жақын, сыйлы бір ағамыз бар еді. Сол кісінің туған күніне қазақтың домбырасын сыйға тартсам деп едім. Жақсы домбыраны қалай таңдауға болады және оның құны қанша?
Шыңғыс ХАСЕНОВ, Семей қаласы
Домбыра кәсіби деңгейдегі орындаушыларға және жай әуесқойларға арналған болып бөлінеді. Олардың бағасында да айырмашылық бар. Қарапайым домбыраны кез келген ағаш ұстасы жасай береді. Базарларда сатылатын арзан бағадағылар 1500-ден басталып 3000 теңгеге дейін тұрады. Ал кәсіби домбырашы, әншілердің домбырасы базарда сатылмайды. Оны тек мықты домбыра шеберлері ғана жасайды. Республикамызға аты мәлім Айтмұхамбет Тежекенов, Жолаушы Тұрдықұлов, Нарбек Оқанов, Жақсылық Оспанов, Сұлтан Мұсаев есімді шеберлер бар. Оларға арнайы тапсырыс беріп, домбыра алуға болады. Бағасы – 500 бен 2000 АҚШ доллары аралығында. Егер сыйға қалыбымен тартар болсаңыз, оның бағасы бұған кірмейді. Безендірілуі мен материалына қарай олар – 10 000 теңгеден 1000 АҚШ долларына дейін. Мықты әрі дыбысы жақсы домбыра алар алдында музыкалық білімі бар күйші не әншіге тартқызып, таңдатып алғаныңыз жөн.