Жігіттер неге үйленгісі келмейді?
Қазақта қыздың оң босада «отырғаны», жасы келсе де тұрмысқа шықпағаны үлкен мәселе. «Қызын қырық үйден» тыйып тәрбиелейтін бұл қазақ ұл баланың да тәрбиесіне, шаңырақ көтеріп, отбасын құруына аса мән берген. Алайда қазіргі таңда «отырып қалған» қыздар қоғамның үлкен мәселесіне айналғанымен, үйленбей «жүріп» алатын жігіттер туралы көп айтыла бермейді. Себебі «жігіт қай жаста үйленсе де қалағанын алады» деген пікір қалыптасқан. «Он үште отау иесі» дейді дана қазақ халқы. Сонымен «отырған» қыздар ғана емес, «жүріп» қалған жігттер де бүгінгі қоғамның негізгі мәселесі екені даусыз. -Біздің Төлеген сегіз айлығында еңбектемей жүріп кеткен. Содан әлі жүр. Жасы болса 35-ке келді. Қыз да, келіншек те ұнамайды оған. Осы баламды үйлендіріп кетсем деп армандаймын, - дейді Клара апай. Айтуынша, барлық ұлы ұяға, қызы қияға қонғанымен, осы тұңғышы үйленбей жүргені көңіліне қаяу салады екен. -Ағамды үйлендіргіміз-ақ келеді, бірақ оның асығар түгі жоқ. Жас болса 30-дан асты, - деген Мөлдір де жігіттердің үйленбей жүріп алатынын айтып, «отырған» қыздардың осыдан көбейетінін қосты.
Ал жігіттер жағы бұл мәселеде түрлі себептер айтып, шындықпен бетпе-бет келуге тырысты.
Медеу, (Алматы): -Үйленбеген жігіттер туралы не айтуға болады. Көптің атынан сөйлей алмаймын. Өзім де 30-дан астым. Шаңырақ көтермедім. Қазіргі қыздар тұрақты жұмысың, табысың, көлігің, баспанаң болмаса оңайлықпен тұрмысқа шықпайтыны рас қой. Сол арулардың жағдайын жасайық деп, жұмысымды жайғастырып, көлік алдым. Енді үй салып жатырмын. Үйім бітіп, ата-анама үй де, келін де сыйлағым келеді. Осы уақытқа дейін сол үшін жүрмін.
Бексұлтан, (Астана): -Иә, қазір тұрмысқа шыпай қалған қыздан үйленбей жүрген жігіт көп екенін білем. Мен де үйленуге «әттең, тонның келтесі-ай» деп жүрмін. Астанада табысың пәтерің ақың мен тамағыңнан артылмайды. Екеу болған соң, одан әрі де көбейетінің бар. Оларды қалай асырайсың? Мұны жауапкершіліктен қашу деп ойламаңыз. Дегенмен, үй болу оңай емес.
Жандос, (Ақтау): -Не үшін үйленбей жүрсің деген сұрақ маған да бірінші рет қойылып отырған жоқ. Ең оғай жауап «қыз жоқ» дей салу. Бірақ қыз көп. Біз, жігіттер, сол көп қызға көзіміз арбалып, сезімге алданып, тұрақтана алмай жүреміз. Сөйтіп жүргенде жасымыз да біразға жетеді. Сосын отырамыз «енді маған кім тиеді кемпірден басқа» деп әндетіп. Түсінем, үйлену керек. Бірақ оған да үлкен дайындық керек. Оған қоғамды да, ата-ананы да, қыздарды да кіналауға болмайды.
Байқасақ, бойдақ жүрген серілердің себептері әртүрлі. Бірі материалдық жағдайды, бірі сезімді, бірі қыздарды алға тартады. Ал осы кезекте психологтар жігіттердің үйленбей жүруінің себебін өздеріне деген сенімдіздіктен екенін айтады. -Жігіттердің көпке дейін үйленбй жүруінің бірден бір себебі – сенімсіздік. Олар өздеріне де, қыздарға да сенбейді. Қыздарға сенбейтіні: олар материалдық жағдайды талап етеді деп, қыздарға ұсыныс жасаудан қашады. Өздеріне сенбейтіні: күнделікті табысы немесе айлық жалақысы отбасын асырауға жетпейді деп қорқады. Айналып келгенде екеуі де – сенімсіздік. Ал бұл сенімсіздіктен арылу қиын. Одан да осы сенімсіздікке ұшырамай тұрғанда, жастықтың буымен, махаббаттың мастығымен ертерек үйленіп алған жөн, - дейді психолог Майра Алпысбаева.
Ал дәрігер Ғабит Нұрханұлы ерлерде гормональды дисбаланс болмайтынын айта келе, дегенмен 30 жасқа дейін үйленбеген жігіттердің денсаулығында кінәрат бар деп есептейтінін айтады. -Еркектерде гормональды дисбаланс болмайды. Қай жаста үйленсе де ұрпақ қалдыру жағынан кінәрат болмайды. Тек жұқпалы аурулар жұқтырмаса, өзінің бір кемшілігі бар болып туылмаса, әрине. Дегенмен 30-жасқа дейін үйленбеген жігіттің денсаулығында кінәрат бар деген сөз. Ал 35 жастан асқан соң жыныстық белсенділік төмендейді. Ол бала туу көрсеткішіне әсер етеді, - дейді Ғ.Нұрханұлы.
Индира Қуат
Qamshy.kz