Жігіттер қандай қыздардан қашып құтылғысы келеді?
Әрине, талғамға талас жоқ! Біреуге ұнағаны біреуге ұнамайды, біреудің жек көргенін біреу ұнатады. Жалпы алып қарағанда жігіттерден көбі қандай типті қыздардан қашатыны жайлы сыр ақтарып көрелікші.
Құрбыларына құпиясының құлпын ашып қоятын қыздар. Жігіттер сенім айтқан сыры мен құпиясын қызының құрбылары да білетінінен хабардар болса ашуы келеді. Өйткені жеке қарым-қатынастағы жайттардың жария болғанын қаламайды. Екеуара әңгімелерді кездесуден соң өз құрбыларына жеткізіп, тіпті асыра айтатын қыздардан жігіттер қауыма басын аулақ салады.
Себепсіз көз жасын көлдетіп, аяныш туғызғысы келетін қыздар. Жігіттер қауымына нәзік жандылардың көз жасын көлдетуі қатты батады. Жігіттердің аяныш сезімін көз жаспен оятуға болады деп ойлайтын қыздар осы турасында қатты қателеседі. Олар қашан көрсең жанарынан жас арылмай жылай беретін «жүрегі жұмсақ» қыздардан гөрі өзіне де, өзгеге де көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын ашық-жарқын жүретін қыздарды таңдайды.
Өз бойын күте алмайтын қыздар. Табиғаттың сыйлаған тәні мен жанын таза күте алмайтын, үстінен жағымсыз иіс шығып, күтімсіз кір киіммен жүретін тазалыққа жаны қас қыздардан жігіттер ат-тонын ала қашады. Лас адам ешкімге ұнамайды. Әсіресе, әйелдер қауымының өзіне-өзі қарамай, қалай болса солай жүруін «Табиғилығын сақтағаны» деп айтуға ауыз бармайды.
Боқауызға шебер қыздар. Қыз баласының шиедей еріндерінен анайы сөздердің шығуын жұпар иісті гүлдердің күлтелерін құрт-құмырсқа басып кетуімен салыстыруға болады. Иә, ондай гүлдер көрген көзге – әдемі-ақ... Бірақ оларды қолыңа ұстай да, иіскей де алмайсың.
Арын саудалайтын қыздар. Әйел адамның ары – оның айнасы, оның абыройы мен өмірі. Оны сақтай алмай, ары мен қоса жаны мен тәнін ластаған бойжеткендерден дені дұрыс жігіт қашатыны анық. Мұндай қыздарға жігіттердің көзқарасы мүлде бөлек. Көлденең көздінің бәріне көзін қысып, қасынан өткеннің бәріне қылымситын қыздан қандай дені дұрыс келіншек, қандай жөні түзу ана шығады екен?...
Жігітін өкшесіне байлап алғысы келетін қыздар. Ер адам қашан да еркіндікке құмар. Оларды әйел емес, тек санасы мен сабыры ғана басқара алады. Әйелдің өкшесіне тұсауланып өмір сүруді көп жігіт қалай бермейді. Еркекке салынған тұсау оның еркіндігі мен намысына, абыройы мен өміріне салынған тұсау болып саналады. Сондықтан жігіттер қауымы өзін билеп алғысы келетін қыздардан мейлінше қашуға тырысады.
Өтірікке әуес қыздар. Он әңгімесінің тоғызын өтірікпен өретін қыздар да жігіттерге жақпайтыны белгілі. Жігіттер мұндай қыздарға сенуге қорқады. Сондықтан ондайлардан қашып құтылғысы келеді.
Дереккөз: Reactor