Киелі топырақтан шыққан талант

Киелі топырақтан шыққан талант

Жақында Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп, жалпы саны 14 жүлде алдық. Грек-рим күресі мен әйелдер күресінен саф алтынды қос-қостан алып, еркін күрестен жалқы алтынға қол жеткіздік. Осы алтын талантты жас тарланбозымыз Расул Қалиевтің өңірінде жарқырады, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

Қазақтың еркін күресі жайлы
Бірден айтайық, еркін күрестен қоржынымызға түскен жалқы алтынның жөні бөлек. Себебі кейінгі жылдары еркін күрестен қазақ балуандары ерен жетістікке қол жеткізе алмай жүр. Рас, бұрын Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров, Қабден Байдосов сынды еркін күрес майталмандары қазақтың абыройын асқақтатқан. Бертінде Мәулен Мамыров қазақтың еркін күреске де бейім екендігін паш етіп, 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алып, иісі қазақты қуанышқа бөлеген. Олимпиада жүлдесі демекші, еркін күрестен бізде әлі алтын жоқ. Кавказ бен Алтайдан қалап әкелген легионерлердің өздері күміс пен қола ғана әперді (Геннадий Лалиев, Таймураз Тигиев және Марид Муталимов). Өзімізден Олимпиада ойындарында жүлдеге қол жеткізген үш-ақ жігіт бар. Олар – өзіміз жоғарыда айтқан Мәулен, тағы бір қандасымыз Ақжүрек Таңатаров және қазаққа сіңіп кеткен қарашай ұлы Ислам Байрамуков.
Ал грек-рим күресінде жағдайымыз көш ілгері. Олимпиада ойындарынан күні бүгінге дейін жеті алтын алдық (В.Резанцев – екеу, А.Колесов, А.Быков, Ж.Үшкемпіров, Ш.Серіков, Ю.Мельниченко). Дәулет Тұрлыханов, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов сынды саңлақтарымыз Олимпиада жүдегерлері атанған.
Міне, осылай кейінгі жылдары тосымыз өрге домаламай жүрген күрес түрінен бір топ жас таланттарымыз төбе көрсете бастады. Азиядағы ерен жетістіктерін есепке алмағанның өзінде Дәурен Жұмағазиев пен Дәулет Ниязбеков әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ақжүрек Таңатаров Лондон Олимпиадасында қола жүлде олжалады. Дәулет Шабанбай ең ауыр салмақта атой салып жүр. Осылардың ішінде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Расул Қалиев те бар. Расулдың ерекшелігі, ол – осы жігіттердің бәрінен жас.
Жарманың жалынды жампозы
Расул жас болса да, өзін халықаралық аренада әлеуеті зор балуан ретінде көрсете білді. 2011 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль олжалады. 2013 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатында 5-орынға ие болды. Бірнеше халықаралық турнирлерде екінші орынға ие болып, топ жарды да. 2013 жылғы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанып, биыл Астана төрінде алтынмен апталды.
Қазір FILA-ның (Халықаралық күрес федерациясының) жақында қорытындыланған бүкіләлемдік рейтингіндегі көш бастап тұр. Нақтырақ айтқанда, 57 келі салмақ дәрежесіндегі дүниежүзілік тізімде – бірінші орында.
Расул 1991 жылы 16 маусымда туған. Шыр етіп, дүниенің есігін ашқан жері, кіндік қаны тамып, май табанымен алғаш топырағын басқан жері – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы.
Жарма топырағынан Расулға дейін де небір саңлақтар, жампоз балуандар түлеп ұшқан. Қабден Байдосов еркін күреске жол ашқан киелі топырақта қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов та туып өскен. Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған, Лондон Олимпиадасына негізінен қазақ балуандарын апарған Алтай Танабаев та осы өңірден шыққан.
Бүгін Расул сол ағаларының жолын жалғастырып, боз кілем көрігін қыздырып жүр. Кім біледі, бәлкім, осы ағалары қол жеткізе алмаған шыңдарға шығар...
Жауапкершілік жүгі
Расул күреспен 12 жасынан бастап айналыса бастаған. Әуелі Дәулет Тұрлыханов ағасының жолын қуып, грек-рим күресіне барады. Бірақ еркін күреске аңсары ауады да тұрады. Еркін күресте аяқтан ұстап белдесуге болады. Әдіс-тәсілдері де – әр қилы, сан аулан. Жас Расул осыған қатты қызығады. Ақыры еркін күрестен бір-ақ шығады. Негізі, балуандық өнер қанына бар. Арғы аталары қазақтың ежелгі салт-дәстүрімен күресіп, балуан болған екен.
Алғашқы бапкері – Ержан Құсайнов. Ержан ағасы күрестің қыр сырын үйретіп, белдесу өнеріне баулиды. Талантты бала аудан, облыс, тіпті распубликалық белдесулерде көзге түсе бастайды. Содан 9-сыныпты бітірген соң Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы республикалық спортқа дарынды балалар мектеп-интернатына қабылданады. Бір жылдан кейін республикалық спортқа дарынды «Шаңырақ» интернатынына ауысады.
Еліміздің жасөспірімдер құрамасының сапына ілігіп, ел намысын абыроймен қорғап, жастайынан жауапкершілік жүгін көтеруге бейімделеді.
Жауапкершілік жүгі демекші, 2012 жылы небәрі 53 жасында Расулдың әкесі мезгілсіз қайтыс болған. Бір айға жуық уақыт қана сырқаттанып, кенеттен көз жұмды. Содан бері шағын ғана отбасының барлық жүгі – бұғанасы енді ғана бекіген Расулдың мойнында.
Айхановтың «әдісі»
Расул қарсыласын аяққа өткізіп, күрескенді ұнатады. «Білмеймін, басқаша күрескенде, өзімді бір түрлі сезінемін. Ал қарсыласым аяқтан ұстаса, өзімді судағы балықтай сезінемін» дейді, өзі бұл жайлы.
Қазақтың асқар таудай алып балуаны Әбілсейіт Айханов та өз заманында ортаға шығып, қарсыласына «мә ұстай ғой» дегендей, бір аяғын алға созып, қарап тұратын. Өздеріңіз білесіздер, еркін күресте балуан біткен аяғын алып қашады. Ал Айхановтың алға созған аяғын оңай олжа көрген балуандар оған атылғанда... Әбекең көкжалға көктен түскен қыран құстай қарсыласын төбесінен бүріп, мытып, жаншып, боз кілемге аунататын.
Расул бүгінде егде тартқан Әбекең сияқты аяғын алға созып, қарап тұрмаса да, аяғын қарсыласының ұстағанын теріс көрмейді. Ал ұстаса...
Өнеге
Расул барлық ауыл балалары секілді – ізетті. Ұлттық құрама сапындағы Дәурен Жұмағазиевті бірнеше жыл пір тұтты. «Дәурен ағамдай болсам» дейтін іштей. Қазір екеуі бірге жүреді, бірге жаттығады.
Расул «жастар арасында болсын, әлем чемпионатынан мен де жүлде алдым, қазір Азия чемпионы болдым» деп кеудесін кермейді. Өзін Дәурен ағасымен теңесіп қалдым деп санамайды. Сол баяғысыншы сыйлайды, пір тұтады. Ағалық ақылдарына құлақ түреді.
Бүгінгі жетістігіне тоқмейілсуге болмайтындығын жақсы біледі. Арман – асқақ, меже – 2016 жылғы Олимпиада ойындары.
Басты бәсекелестері
Еркін күресте салмақ дәрежелерінің аусқаны дәл қазір Расулға қолайлы болып тұр. Бұрын 55 келіде белдессе, қазір 57 келіде өнер көрсетеді. Өзінің таза салмағына осы ыңғайлы.
Өз салмағында білекті бәсекелестері жетерлік. 2011 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында өзі есе жіберіп алған Владимир Хинчегашвили әбден ысылып, кемеліне келген. Ол тіпті Лондон Олимпиадасына қатысып, күміс медаль олжалап қайтты. Финалда ресейлік Джамал Отарсултановтан ғана ұтылды. Бірақ дәл қазір FILA-ның бүкіләлемдік рейтингісінің 57 келі салмақ дәрежесіндегі тізімінде Расулдан кейін екінші орында тұр.
Ресейдің екі балуанынан бөлек Азияда 4-5 бәсекелесі бар. Негізі, бұл салмақта Азиядағы бәсекеелстік – шектен тыс шиеленісті.
Солардың арасында Расул Қалиев деген қазақтың қарадомалағы, жанкешті қайсар қыраны, жерлестерінің сенімін арқалаған таланты да бар.
Жолың ашық, бағың бес елі болсын, дегіміз келеді, қазақ халқы болашағына үмітпен қараған жас балуанға.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста