"Қазақстан Барысы": Жұманазар бәрін жапыра ма?
Жексенбі күні «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық сыны төртінші рет өтеді. Боз кілемде топ жарған төртінші «Түйе балуанды» көреміз бе, әлде бұған дейін жеңімпаз атанған екі балуанның бірі екі дүркін чемпион атанар ма екен, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Сапта қалған 28 балуанның ішінде екеуінің шоқтығы аса биік сияқты. Олар – соңғы екі жылғы осы жобаның жеңімпаздары Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров. Жеребе екеуін екі жаққа жіктесе, бұл екеуінің финалда белдесулері әбден мүмкін. Бірден айта кетейік, Бейбіттің салмағы – 140 келі, ал Айбек 138 келі тартады.
Әрине, басқа балуандарымыз да баршылық. Кім біледі, бәлкім, олар жан-жақты дайындалып, «Қазақстан барысы» атануға лайық болып жетілген де шығар.
Бұлай дейтін себебіміз, техникалық шеберліктері өте жоғары жігітеріміз баршылық. Бірақ оларға салмақтары бір жарым центнер, бойлары екі метрге жуық алыптармен күресу мүлде оңай емес. Біразы осы жағынан тұтылып жүр.
Бұл ретте, бірінші кезекте, шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновты атар едік (95 келі). Сыр бойының саңлағы Айбек Серікбаевты да атауға болушы еді. Бірақ ол былтырғымен салыстырғанда 10 келі қосыпты (қазір 100 келі).
Керісінше, салмақ жағынан саспайтын, Бейбіт пен Айбек «жаншып-мыжып» тастай алмайтын алыптарымыз да баршылық. Бірақ олар «бір жылдың ішінде техикалық шеберліктерін қаншалықты жетілдіре алды екен» деген сұрақ мазалайды.
Бұл ретте, ең әуелі, оңтүстікқазақстандық Жұманазар Ерсұлтановты атауға тиіспіз. Алайда салмағы 160 келі Жұманазар – үлкен спорттан біраз уақыт қол үзіп кетіп, боз кілемге қайта оралған жігіт. Оған қазақтың ұлан-байтақ, дархан даласында той-томалақ сайын күресіп жүрген жігіттерді қуып жету оңай емес. Әйтсе де, ынта-жігер, қажыр-қайрат, құлшыныс бәрін де жеңе біледі. Жұманазар сияқты жігіттер жанкештілік танытып, өздерін қамшылай білсе, «Тайтұяққа» да қол жеткізуге болады.
Салмағы 147 келі Айдос Қаңлыбаев та – шеберлігі шыңдала түссе, етжеңді жігіт. «Жетісу Барысының» бойы да, салмағына сай – 188 см. Ендігі мәселе – күрес өнерінің қыр-сырын қаншалықты меңгергендігінде ғана.
Жасы келіп қалған, қазақ күресінің теңдессіз ардагері Шалқар Жоламанов салмағы бір центнерден асқанымен, бойы екі метрге жуық алыптар арасында аласалау болып көрінеді (174 см). Бірақ Шалқар оған да қарамай, мол тәжірибесі мен техникалық шеберлігінің арқасында жүлдеге ілігіп жүр. Жалын атқан жастармен қанша жұлысады, оны өзі біледі.
Астана алыбы Арман Әбеуов те... бойда бар (190 см), салмақ та бар (120 келі). Енді техникалық шеберлігінің қаншалықты жетіле түскендігін «Сарыарқа» велотрегіне төселген боз кілемдегі белдесулерден көреміз.
Руслан Әбдіразақов, Сабыржан Әбілдәұлы, Асыл Бәрменов, Дархан Жоламанов, Арслан Әбдамит, Еділ Үсенов, Рүстем Жұмаев сынды білекті балуандарымызға баппен және бақпен қоса, жеребенің де қалай түскендігі маңызды деп ойлаймын. Жеребелері жеңіл түссе, жоғарыдағы үздіктермен жолдары бірден түйісіп қалмаса, ширек финалға шығуға қабілеттері жетеді. Одан арғысы бір жылдың ішінде қаншалықты шыңдала түскендеріне байланысты.
Әлқисса, биылғы ақтық сынға шыққан балуандар арасында Ержан Шынкеев пен Виктор Демяньенконың жоқтығы күйзелтеді. Екеуі де боз кілем көрігін мейілінше қыздыра алатын жігіттер еді. Ержан қазақ күресінен аластатылып, Виктор жарақатынан толық айыға алмай, биыл екеуі де жанкүйерлер көзайымына айнала алмайтын болды.
Әрине, «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық сынына шыққан балуандардың ешқайсысы да «сужүрек» емес. Бәрі де – батыр тұлғалы батыл жігіттер. Десек те, кейбір белдесулерде қайсыбір жігіттерімізді Бейбіт пен Айбектің мысы басып кететіндігін де жоққа шығармау керек те шығар. Сондықтан бізге Ержан Шынкеев сияқты «шойын қара», өр жігіттер керек-ақ. Бүкілхалықтық атанып кеткен ұлттық жобамыз «ерке» балуандар белдесуіне айналмасын дейміз де...
Сонымен, іске сәт! «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық белдесулері тартысты да, қызықты, ең бастысы, әділ және таза өтсін дейміз. Финалда төрешілер емес, балуандар белдесіп, нағыз қас шебер балуан жеңіске жетсін деген тілегіміз бар.
Ең ауыр балуан: Жұманазар Ерсұлтанов (ОҚО) – 160 келі;
Ең жеңіл балуандар: Леонид Станеев (Ақмола обл.) және Рүстем Бурбаев (Ақтөбе обл.) – 82 келі;
Ең ұзын балуан: Рүстем Жұмаев (СҚО) – 198 см;
Ең аласа балуан: Батырхан Жүнісов (Павлодар обл.) – 173 см;
Ең егде балуан: Шалқар Жоламанов (ШҚО) – 35 жас, 2 ай;
Ең жас балуан: Мейрамбек Жаңабай (Маңқыстау обл.) – 18 жас, 8 ай.