«24 сағаттың ішінде Қазақстаннан кетіп боласың!»

«24 сағаттың ішінде Қазақстаннан кетіп боласың!»
«Олай болса, КСРО Конституциясын жою керек!»

Бұл — Қазақстанның бес облысына көз тіккен Хрущевті тоқтатқан сөз.
Жұмабек Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Танакөл ауылында дүниеге келген. 1924-1928 жылдары Мартыновка, Александровка ауылдарында мал бағады. 1928-1934 жылдар аралығында  жергілікті жастардың Шаруашылық мектебінде, одан соң Ақмола құрылыс техникумында оқыды. 1934-1939 жылдары ол Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында  жауапты қызметтер атқарған. 1939 жылдан 1948 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда — облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары, облыстық мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының  орынбасары болды. Ал 1948 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, 1952 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Одан кейін, яғни 1952-1955 жылдары, жоғарыда айтқанымыздай, Ақтөбе облысын басқарды. 1955 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы болып сайланды, ал 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер  Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Бірақ бұл қызметті ол небәрі бір-ақ жыл ғана атқарды. 1961 жылы оны Шымкентке облыстық атқару комитеті төрағасының  орынбасары етіп жіберді және ол 1975 жылы зейнеттік демалысқа шыққанша жоғарыламай немесе орын ауыстырмай осы қызметте болды.
Неліктен?
Ол батыл, өз ісіне барынша берілген, жауапкершілігі жоғары, қабілетті қызметкер ретінде тез өсіп, 40 жасында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы болды. Ал арада бес жыл  өткенде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Бірақ Тәшенев неге бұл қызметінен тез босатылды? Кремльге несімен жақпады?
Бұл Хрущевтің қазақ жерін бөлшектеу мақсатындағы қитұрқы саясатымен байланысты оқиға еді. КСРО басшысы Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын — Ресейге,  Маңғыстау түбегін — Түрікменстанға, оңтүстіктегі мақта егетін аудандарды Өзбекстанға беруді жоспарлады. Осыған байланысты 1960 жылы Н.С.Хрущев  Ақмолада кеңес өткізді. Ол Тың өлкесіне біріктірілген бес облысты Ресей Федерациясына ерікті түрде беру туралы мәселе көтеріп, бұл жөнінде облыс басшыларымен әңгімелескенін айта келіп, республика басшыларының бірі ретінде Тәшеневтің пікірін сұрайды. Тәшенев сол арада: «Мен бұған қарсы болып қана қоймаймын, мұндай мәселенің күн тәртібіне қойылуының өзі дұрыс емес деп есептеймін» — дейді. Хрущев оның сөзіне қатты ашуланады. «Біз тіпті сендерсіз-ақ шешім қабылдай аламыз. Кеңес Одағы — біртұтас ел, аумақтар жөніндегі мәселені КСРО Жоғары Кеңесі шешеді» — дейді. Бұл сөзге Тәшенев: «Егер Жоғары Кеңес әр республиканың аумақтық мәселесіне килігуді бастайтын болса, КСРО Конституциясын жою керек. Конституция бойынша, әр республиканың аумағы — оның өз меншігі болып  табылады, оған қол сұғылмайды. Ал егер бұл заңды белден басар болсаңыздар, біз халықаралық құқық қорғау ұйымдарына жүгіне аламыз ғой, солай емес пе?» — деп қасқая жауап қайырған.
Әрине, Хрущевпен арадағы мұндай текетірестен кейін Тәшеневтің жоғары лауазымды қызметте қалуы мүмкін болмайтыны түсінікті. Бірақ қазақ жерінің — ата-бабадан қалған қасиетті жердің тағдыры талқыға түсіп жатқан сәтте, Жұмабек Тәшенев өз қара басының мүддесін, лауазымын  ойлап отыра алмады. Бұл да халқымыздың бағы болар — егер сол кезде сол орында Жұмабек Тәшенев отырмағанда, кім білсін?..
…Арада бірнеше ай өткенде, 1960 жылдың аяғында, тағы бір дау шықты. Тың өлкесі басшылары алдағы жыл жоспары бойынша көрсеткіштерді әдеттегідей республикалық органдарға емес, Мәскеуге жіберіпті. Осыған байланысты Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев дереу арада Ақмолаға ұшып келеді. Тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Соколовты жауапқа алады: «Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне алдағы жылдың бюджеттік көрсеткіштері неге жіберілмеген?». Соколов алдағы жылдан бастап өлкенің бюджетімен Қазақ КСР-інің емес, РКФСР-дің мемлекеттік жоспарлау комитеті айналысатынын айтады. «Енді біз екі жаққа бірдей бағынудан құтылатын боламыз» — дейді ол кекесінмен. Сол жерде жанжал шығады. «Өлке Ресейге берілмейді!» — дейді Тәшенев. Ал бұған қарсы дау айтпақ болған Соколовқа: «Жиырма төрт сағаттың ішінде Қазақстаннан кетіп боласың!» — дейді. Бұл айғай сол күні-ақ Хрущевке жетеді.
Көп ұзамай Тәшенев төмендетіліп, Шымкентке жіберілген.
Ал келесі жылы Хрущев Маңғыстауға «ауыз салды»… Бағымызға қарай, КСРО Министрлер Кеңесі мен Жоғары Кеңесі Төралқасының нақ осы мәселе қаралған бірлескен отырысында Қазақстанның  мұнай өндірісін дамыта алатынын жанын сала дәлелдеген ҚазКСР геология министрі Шахмардан Есеновті Алексей Косыгин қолдапты.
Бұл тұста Жұмабек Тәшенев Шымкентте еді.  Оның «кісендеулі жолбарыс» деген ат алғаны да — сол кез…
Жұмабек Ахметұлы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан тура бір ай бұрын Шымкентте көз жұмды.
Өз халқы үшін жарты әлемді билеп-төстеген КСРО-ның басшысына қарсы шыққан асыл азамат, қайраткер Жұмабек Тәшенев өзі қызғыштай қорыған қазақ жерінің бір  төмпешігі ғана болып қала берді. Ал оның істері ел аузында бүгінге дейін аңыз сынды айтылып жүр.
Айталық, 1958 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бюросында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерін жабу жөнінде мәселе көтеріліпті. Мақсат — қазақ тіліндегі газеттерді бірте-бірте жауып, қазақша аударма басылымдарға айналдыру.  Осы  мәселе қаралған отырыс үш сағатқа созылады. Сол үш сағаттың ішінде Жұмабек Тәшенев бірнеше рет  сөз сөйлеп, «Социалистік Қазақстан» мен «Қазақ әдебиетін», жалпы, ұлт газеттерін жабудың негізсіз, әділетсіз екенін қисынды түрде дәлелдейді. Ал сол жиында болғандар кейіннен өз естеліктерінде талқыға түскен қазақ газеттерінің тағдыры ең алдымен Жұмабек Тәшеневтің күш салуымен оң шешілді деп есептейтіндіктерін жеткізді.
Сондай-ақ ол — 1937-де жазықсыз атылған арыстарымыздың бірқатарының ақталуына, республиканың жоғары лауазымды басшылары арасында қазақтар қатарының көбеюіне (Кремльдің Қазақстан КП ОК-інің бірінші ғана емес, екінші хатшылығына да өзге ұлт өкілдерін ұсынған кезі болған ғой?!), Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаевтардың екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атануына, басқа да осы сынды үлкен істерге тікелей атсалысқан, жанын сала кіріскен қайраткер.
Жұмабек Тәшеневтің есімі өз халқына шексіз берілгендіктің үлгісі ретінде ұрпақтар жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.

 Ерекболат ҚАБЫЛДИН

aktobegazeti.kz

Түпнұсқадағы тақырып: «Олай болса, КСРО Конституциясын жою керек!»
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста