Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжановтың зерттеу жинағы табылды
Ол алаш агрономиясының бастауы болған ғалым, қайраткер, қазақтың біртуар азаматы, деп хабарлайды Хабар 24.
Малдың күйін ұққан қазақ, жердің де қадірін білді. Өткен ғасырдың басында алаштың оқыған-тоқығандары тәуелсіз ел құрамыз деп бас біріктіргінде де осы жер мәселесі бірінші тұрды, Олар жер менікі деп қана қойған жоқ, оның елмен бірге көгергенін қалады. Әрқайсы осындай мақсат қойып ізденді, оқыды, зерттеді. Сол уақыттан қалған бір белгі – алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжановтың зерттеу жинағы табылды.
ХІХ ғасырдың соңы, біз алаш қайраткерлері атаған үркердей топтың қалыптасу кезеңі болса, ХХ ғасырдың басы нағыз кемеліне келген шағы еді. Осы мезгілде қазақтың біртуарлары алгебра, геометрия, физика, астрономия, психология, география, биология, тіл ғылымдарына негіз қалады. Ғылымның жазбаша нұсқасын қалыптастырды. Соның бір тармағы ауыл шаруашылығы саласы.
Бұл саланы Әлихан Бөкейхан бастаған алаш ардақтылары жіті зерттеп, өзге елдердің озық технологиясын барша қазаққа жеткізу, үйрету үшін тер төкті. Солардың бірі –Ғазымбек Бірімжанов еді. Ол 1923-27 жылдар аралығында Берлин ауыл шаруашылығы, қазіргі Humboldt университетінде оқып, агроном мамандығын алып шықты.
Данияр Ихсан, ғазымбектанушы:
– Агроном ғалым дәрежесін алып шыққан маман Мұстафа Шоқай редакторлық еткен «Жас Түркістан» журналы бойынша айтсақ, Түркістан сахарасы үшін қымбатты бір маман саналатын тұлға 1928 жылдың соңында қуғын-сүргінге ұшырайды, 1928 жылдың соңында қуғынға ұшырап, ату жазасына кесіліп, кейіннен Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есполұлы сынды қайраткерлермен бірге Карелия еліне Соловецк лагеріне айдауға ұшырайды.
Ғазымбек Бірімжановтың есім-сойы жарты ғасыр бойы аталмады.Оның еңбектері де жоғалды.
Дегенмен ғайыптан тайып архивтерден бірлі-жарым дүниелер табылып жатыр. Соның бірі Ғазымбек Бірімжановтың сол Карелияда айдауда жүріп жазған зерттеу кітабы. 55 беттен тұратын еңбектің бірніші бөлімін Иван Попов, екінші бөлімін Ғазымбек Бірімжанов жазған. «Труды сельско-хозяйственный опытной станции» деп аталған кітап 1935 жылы 1000 данамен, НКВД-ның есебінен басылып шыққан. Ғазымбек жазған екінші бөлім 24тараудан тұрады.
Данияр Ихсан, ғазымбектанушы:
– Бұл Ғазымбек жазған бөлім тұқымды сынақтан өткізу 24 тараудан тұрады. Ішінде арпа, мыңжылдық қырыққабат, қырықжылдық қырыққабат. Одан кейін кез келген көкөністің түрлеріне сол кездегі КЕМСК тірек пункті бойынша есептеп жазған. Бұл КЕМСК тірек пункті 1929-30 жылдары құрылған. Мұның үш жылдағысы баяндалған еңбек. Бұл еңбекті қарап отырсаңыз, кез келген арпа, сұлы ашып қарасаңыз қай жылы қандай болды? Қалай өседі? Соның бәрі жазылған. Мұның іші бірыңғай есеп-қисап цифрлар өте көп. Бұл енді алаш агрономы болған кісінің мықтылығын, өйткені мұның анау-мынау Германияның Берлиннен оқып, агроном ғалым дәрежесін иеленіп келген ғалым. Сол себепті бұны да Совет үкіметі бірден ату жазасына кеспей, оның үкімін шегіндіріп, Карелияға жіберіп, сосын зерттеткен. Осыны аңғарсақ болады.
Алаш ардақтысының таяуда жеке фотосы да табылды. Сурет 1917 жылы түсірілген. Дәл осы жылы жас Ғазымбек Мәскеудегі ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түскен. Бұл сол уақыттта құжат тапсырғанда ұсынған суреті.
Бірақ Ғазымбек мұнда жағдайы келмей, оқи алмаған. Ташкенттегі Орта Азия университетін де толық аяқтай алмаған.
Ал табылған сурет – Ғазымбек Бірімжановтың бүгінгі күні жеке түскен жалғыз фотосы. Бұған дейін тек өзге адамдармен, Алаш қайраткерлерімен бірге түскен суреттері бар еді.
Суретті алаш қайраткерінің Мәскеуде тұратын немере қарындасы, Ғазымбектің інісі Нұрханның ұрпағы – Лейла Айтқожина Мәскеудің орталық архивінен тапқан.
Лейла Айтқожина, Ғ.Бірімжановтың інісі нұрханның ұрпағы:
– 2020 жылдың соңында Мәскеудегі әдебиет архивінде Ғазымбек Бірімжановтың мақалаларын таптым. Жазбалары 1921 жылы Пролеткульт журналында жарияланды. Қазір олар микрофильм нұсқасында қолжетімді. Ғазымбек Бірімжановтың Беломарканалға, Кемск тәжірибелі станцияға қалай барғаны жайында және бірнеше алғыс хатын таптым. Өмірбаянында Тимирязев, қазіргі Петровский академиясында білім алғаны баяндалған. Бірақ деректер табу оңайға соққан жоқ. Академияның директорына өтінім жіберіп, музейін біраз ақтаруға тура келді. Бірақ барлық деректер соғыс басталғанда өртеніп кетіпті. Содан Мәскеу мемлекеттік архивніне іздеу салып, Бірімжановтың 1917 жылы академияға түскен кездегі фотосуретін тауып алдым.
ХХ ғасырдың басы – қазақтың тәуелсіз мемлекет құру жолындағы Ренессанс дәуірі іспетті еді. Осы жолда талай алаш арыстары шейіт кетті. Олардың туған туысы да, әйел, бала-шағасы да қуғын көрді. Тұқымымен жойылды. Бір кіндіктен тараған сегіздің біреуі – Ғазымбектен де ұрпақ қалмады . Оған жат жерден топырақ бұйырыпты. Алаштың ардақтысы 1938 жылы 42 жасында атылып, Мәскеудегі Комунарка зиратына жерленген.