Әлихан Бөкейхан. Мен Кадет партиясынан неге шықтым?

Әлихан Бөкейхан. Мен Кадет партиясынан неге шықтым?

Баспасөз туралы. Ашық хат

 

Мiне, «Қазақ» газеті жетi сайын екi рет шықты. Газета тiлегi орнына баруына екi түрлi шарт керек. Мұның бiрi - қазына, бiрi мақала жазатын қалам. Газетаны оқушы көп болса, қазына болғаны. Бұл Әлiппе сияқты, балаға таныс сөз, мұны қысқартайық. Мұның тетiгi газетаның өз мойнында: мақаласы көр-жер болса, бұл газетаны жұрт алмайды. Маңызды, ғұмыр тiлегiне тұратын, кестелi сөздi газета болмаса, бұл газетаны ақша шығарып алмаңдар, жоқты оқып, арамтер болмаңдар, бұл түрлi газет болса, адам мұны алмаса, өз обалы өзiне.

 

Европа газеталарының тарихына көз салсақ, көрiнедi: жұрт надан, газета оқушы жоқ болса, бұған Шекспир, Толстой да түк амал қыла алмайды. Бiрақ, газета шығарудың шарты – оқушының барлығы. Осы күнi бiздiң қазақта оқушы бар десек, газетаның бай-кедейлiгi, қазынасы бар-жоғы өз мойнына ауады. Бiз газетаға кiрiскенде осыны мойынға ала кiрiстiк. Жалынғанда, қазақ аяп алған газета ғұмыры жазғытүрым алашамен жауып қорғаған қар ғұмыры. Бұл қар өзiнен өзi астынан ерiп, құрымай қоя ма? Газетаның бiр түрлi қазына жолы осымен тұра тұрсын, ендi қаламға келелiк.

 

Қазына - газетаның сырты, жабуы; қалам, мақала – жаны. Адам шеберлiгi араласып iс қылмаса, таудай алтын – бiр өлi қазына. Миллион иесi надан, қаламға шорқақ болса, мұның өлi миллионынан газета жүрмейдi. Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, бiлгiш, жүйрiк керек. Бұл ғұмыр тойына шақырылған көп, өз өнерiне тиiстi орын алған жоқ. Газетаға басшы болу кiм болса, соның қолынан келмейдi. Газета iсi үй ағаш болса, басқармасы мұның тезi болады. Басқармаға басылам деп, тiленiп келген мақала тез басына әкелiп тастаған ағаш. Ағаш бұтақсыз сомдай, бесбелдем болса, тезшi рахаттанып басады, бұтақты, қисық ағашты тезге салса, шытырлай жарылып ұзыннан сынатын; тезшi сол иiнiнен асырып лақтыратын.

 

Орынсыз, кестесiз жазылған мақала басқармаға керегi жоқ. Тезшi iсi жақсы болсын десе, сұлу ағаш әкел, басқарма iсi көркейсiн десең, көп қылып, басқармаға жақсы жазған мақала жiбер. Бiз басқармамыз айтулы жақсы деп мақтанбалық, сөйтсе де, сабасына қарай пiспегi, мiнсiз жалғыз құдай, секпiлсiз жалғыз күн. Басқарма жайын оқушылар сынар. Үйшi қанша шебер болса да, үй ағаш тез қасында болмаса, iсi ойынан шықпас. Басқарма өз әлiнше қанша жақсы қызмет қылса да, мақала келуi сараң болса, басқарманың дiңкесi құрыр.

 

Газет жазушыға құмар. Тiлшi, хабаршы – газета отыны. Мақала жазу кез-келгеннiң қолынан келмейдi, бұған үйренген, көнбiс шеберлiк керек. Мұны газета оқушыларының бәрiнен тiлемейдi. Мақаланы қалам өзi тiлегенде жазса, сөз кестелi болмақ. Бұл - басқарма һәм басқармаға жапсарлас газета кiсiлерiнiң мiндетi. «Керуенге ермек едiң, көшiп бақ» деген. Газета шығаратын болған соң, мақаланы жазып бақ.

 

Басқарма, мақала жазуы осымен жата түрсын. Газетаға хабаршы, тiлшi қайдан болмақ?

 

Газетаны шығарған Европа, газетаны гүлдендiрген Европа. Европада кестелi сөз арасында газета күшi - ұлығ патшалықтың бiрi деп сөйлейдi. Бұл сипат газетаға қалай бiткен? Европада газета – ғұмыр айнасы. Ғұмыр не болса, бәрi газетада көрiнiп түрады. Газетаны оқып, жұрт өзiн-өзi көредi, өзiн-өзi бiледi.

 

Бiлiм артығы орын тапқан әдiс-тәсiл, бұлар ғұмыр жүзiнде талас-тартыс сипаты. Газетаға Европа ғұмыр болғанды жазады, не болғанда әр адам, әр саясат партиясы газетадан көрiнiп, қарсы жақтың амалына қарай әдiс қылады. Бiз Европаның газетасын алып, бұған қазақ ғұмырынан не түк жазбадық, не Қарымбайдай, тiлге, хабарға сараң болдық. Мұнымыз балықты жағаға шығарып, ендi жұз деген емес пе? Қырда ел iшiнде жүрген хат бiлетiн қазақ бiздiң газетаға тiлшi – хабаршы болмаса, кiм болады? «Қазақ» газетасы қазақ ғұмырына айна болмаса, қазақ өзiн-өзi қалайша таниды? Ғұмыр жүзiнде газетаны қалайша пайдаланады?

 

«Қуандым түнде жүріп, күн шығар деп, болса да бұлт бүркеу, жел қуар деп», - Нармамбет айтқаны қайда? «Қазаққа» тiлшi-хабаршы болатын азаматтар бармысың, жоқпысың? Газетаның қашса құтылмайтын бiр iсi – саясат жолы. Мұнымыз үкiмет пен жұрт арасы. Жұрт үкiметпен қасыныспай, арбаспай ғұмыр сүрмес. Бiзде жұрт жоқ па, үкiмет жоқ па? Қырда болған саясат iсiне бiздiң «Қазақ» тiптi сараң. Бiзде хабаршы жоқ! Бұл қалай, бiздiң қырда хат бiлетiн кiсi жоқ па?

 

Тоғыз облыс, бiр губерния қазақ жайлау қылған жерде неше облостной мекеме, неше мировой судья, неше крестьянский, уездни начальник мекемелерi бар, осының әр қайсысында тым болмаса бiр қазақ переводчик бар, окружной сот переводчиктерi ғұмыр бойы қазақты аралайды. Газетаға – ғұмыр айнасына, әсiресе керек сот отчеты. Сотта ғұмыр iсi бояусыз көрiнедi. Толстойдың сот отчетын зерттеп алып, роман жазатыны осы... Қырда қанша учитель, мұғалiм, болыс тiлмашы бар. Тағы қырда адам, мал дәрiгерi, фельдшер бар. Хат бiлетiн қазақ қанша! Осылар хабаршы – тiлшi болса, мен мұны жазамын ба?

 

Сипалап айналама қол сермедiм,

Жастардан ерiншектi мен көрмедiм!

«Қазаққа» бар бiлгенiн жазып тұрса,

Ерiншек бiздiң жастар мен дер ме едiм?

 

Қыр баласы.

«Қазақ» газеті, 1915 ж., № 94.

 

Мен Кадет партиясынан неге шықтым?

 

Кадет партиясы: «Жер адамға меншiктi болып берiлсе де жөн» дейдi. Бiздiң қазақ жердi меншiктi қылып алса, башқұртша көршi мұжыққа сатып, бiраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келедi.

 

Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Бiз Алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тiкпек болдық.

 

Француз, орыс һәм өзге жүрттың тарихынан көрiнедi: молла үкiметтен ақша алса, сатылып кетедi. Рухани iс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар хүкiметке жетекшiлiк болып, ерiп кетедi. Бiздiң қазақ-қырғыздың iсiн көркейтетiн болсақ, хүкiмет iсiнен бөлiп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейдi. Кадет партия менiң бұл пiкiрiме өзгеше қарайды.

 

Осы үш жол айрылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен июльдегi жалпы қазақ съезiнде айтқан едiм.

 

Ғалихан.
«Қазақ», 1917 ж., 23 декабрь, №256
Баспаға дайындаған Зарқын Тайшыбай
Аbai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста