Алып империялардың абыройсыз соғысы бүкіл адамзатқа зардабын тигізді

Алып империялардың абыройсыз соғысы бүкіл адамзатқа зардабын тигізді

ХХ ғасырдың басында экономикасы дамыған капиталистік елдердегі монополия, қаржы капиталының үстемдігі әлемдік рынокты қайта бөліске салуға алып келді. Оларды табиғи шикізаты көп елдер қатты қызықтырып, сол үшін бір-бірімен таласқа түсті. Өзара келіспеушіліктер орын алды. Олардың арасынан ең дамыған алпауыт елдер Америка, Германия, Англия өзгелерден оқшауланып алға шыққан. Сондай-ақ Франция, Ресей, Жапония екінші топтағы дамыған елдер қатарына жатқызылды. Ал үшінші топқа Еуропадағы Австрия-Венгрия жатқызылған еді. 

Бұлар әлемнің әр түкпіріндегі артта қалып қойған, жер байлығы жете игерілмей жатқан елдерді отарлауға кірісті. Әсіресе, Англия мен Германияның басқа елдерді отарлаудағы бәсекелестіктері уақыт өткен сайын ширығып, өзара қайшылықтары үдей түскен. Сол кезде Англия отар елдері ең көп мемлекет еді. Осы екі алпауыттың қарама-қарсылығы капиталистік елдер арасында екі үлкен соғыс одағы – Үштік пен Антанта одақтарының құрылуына алып келді. Үштікке Германия, Австрия-Венгрия және Италия кірсе, Антантаны Англия, Франция және Ресей құрады.
Бұл мемлекеттердің мүдделері қандай? Олар нені көкседі? Германия империалистері шығыстан араб елдеріне өз үстемдігін орнатуды көздеді. Сондай-ақ Африка құрлығындағы Конгода Бельгияның өндірістік дамуы қарқын алып келе жатқан кәсіпорындарын, Францияның темір рудасына аса бай Лонгви мен Брис бассейіндерін аннекциялау, Англияның теңіздегі басымдылығын әлсіретіп, дүниежүзілік рыноктағы ықпалын төмендетуді көздеді. Германия солай әлемдік рынокта өз үстемдігіне қол жеткізу үшін барын салды.
Австрия-Венгрия да қарап қалған жоқ. Сербияны аннекциялап, Балқан түбегінде өздерінің үстемдігін орната отырып, Ресейден Польшаны, Подолия, Волынды тартып алуды мақсат етті. Австрия-Венгрияның бұл жоспарлы мақсатын Германия қолдаған. Өйткені оның Австриямен капитал жөнінде байланысы күшті болатын. Сол арқылы Балқан елдеріне өз капиталын еркін шығаруға мүмкіндік алу керек болды.
Бұл кезде патшалық Ресейде темір өңдеу өндірісі қарқынды дамып келе жатқан. Әйтсе де, қару-жарақ жағынан алпуыт елдерге қарағанда біршама әлсіздеу. Солай бола тұра әлемдік рынок бөлісінен құр қалмауға тырысып, өздеріне Галицияны қосып алып, Константинополь мен сол өңірдегі бұғазды қаратып, теңізге шығуды көздеді. Бұл ойларын жүзеге асыру үшін алдарында көлденең тұрған Германияны алпауыт Англияның қолдауымен әлсірету керек екенін жақсы білді.
Англия Германияны өзіне ең қатерлі жау санады. Экономикасы өте күшті дамыған Германия оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Оның әлеуетін әлсірету үшін экономикалық күшін кемітіп, әскери және сауда флотын жою қажет. Сондай-ақ Месопотамия мен Арабия жарты аралдарын, мұнай көздерін қосып алу үшін барын салу керек болды.
Франция да бұл додалы таласта өз үлестерін алып қалу жағын қарастырды. Ең алдымен Германияның әскери күшін талқандауды қолға алды. Олар 1871 жылы Германия тартып алған Эльзас пен Лотарингияны қайтарып, Рейн өзенінің сол жақ жағалауы мен Саар облысын қосып алуды жоспарлаған. Осы жоспарларын жүзеге асырса, арғысы Сирия мен Палестинаны тартып алу аса қиындық туғыза қоймас.
Соғыстың басталуына не себеп болды? 1914 жылы 15(28) маусымда сербтің «Қара қол» ұлттық-террористік ұйымының мүшесі, студент Гаврило Принцип Австрия-Венгрияның тақ мұрагері, эрцгерцог Франца Фердинанды және оның әйелін атып өлтірген. Бұл оқиға Босниядағы Сараево қаласында болған еді. Эрцгерцог Австрия әскерінің кезекті рет соғыс тәсілдеріне машықтануларын көруге келген. Босния бұл кезде әлі де Австрия-Венгрияның құрамында болатын. Серб ұлтшылдары Боснияның бірқатар аудандарын, соның ішінде Сараево қаласын да өздерінікі деп санады. Осылай ұлтшылдар эрцгерцогті өлтіру арқылы өздерінің талаптарын білдірген. Бұл жайсыз оқиға Австрия-Венгрия мен Германияның Сербияны талқандап, Балқан түбегін толықтай өзіне қаратып алуға жағдай туғызды. Алайда олар Сербияның қолдап-қорғаушысы Ресейдің бұл мәселеге қалай қарайтынын алдын ала біліп алулары керек болды. «Ресей Сербияны қорғауға күш сала ма, жоқ па?». Алайда, бұл кезде Ресейде армияны қайта құру жүріп жатқан және оны 1917 жылы толық аяқтауды межелеп отырған. Соған байланысты Берлин мен Вена «Ресей бұған араласа қоймас» деген ұшқары тұжырым жасады. Сонда да олар Сербияға қарсы ұрысты бастаудың жоспарын бір ай бойына қарастырып, тежеліп қалды.
Сол жылдың 24 шілдесінде Австрия-Венгрия Сербияның өздеріне қарсы барлық арандату әрекеттерін және үгіт-насихатты толық тоқтату жөнінде бірқатар талаптар қойған. Талаптарды орындауға екі тәулік уақыт берді. Ресей одақтасы сербтерге талаптарды орындауға кеңес береді. Сербтер де он талаптың тоғызын орындауға келісті. Тек соңғы талапты эрцгерцогтың өлімін тексеріп, тергеуге Австрия өкілдерін жіберу талабын орындаудан бас тартты. Австрия үшін бұл талаптың орындалмауы соғыстың ашылуына қоңырау еді.
Австрия-Венгрия 28 шілдеде Сербияға қарсы соғыс жариялап, Белградты бомбалады. Ресей патшасы Николай II Сыртқы істер министрі С.Сазоновтың ықпалымен 30 шілдеде жаппай әскерге шақыру жарлығын шығарды. Бұған жауап ретінде Германия да жаппай әскерге шақыруды бастап, Ресейден 12 сағат ішінде әскери дайындықтан бас тартуды талап етті. Патша өкіметінен бұл талапты орындамайтыны жөнінде жауап алысымен ғана Германия 1 тамызда оған қарсы соғыс жариялады. Соның қарсаңында Германия көршісі Францияға бұл мәселеде бейтарап бағыт ұстануын ескерткен болатын. Бірақ Франция Ресеймен келісіміне байланысты Германияның ескертпесіне құлақ аспай, жаппай әскерге шақыруды қолға алды. Германия 3 тамызда Франция мен Бельгияға қарсы соғыс жариялады. Осыған дейін нақты бір шешімге келе алмай жүрген Англия да келесі күні Германияға қарсы соғыс жариялады. Осылай Сараеводағы қастандық онсыз да басталғалы тұрған әлемдік соғысқа ілік болды. Германия, Австрия-Венгрия, Түркия және Болгария блогына қарсы 34 мемлекет қатысып, әлемдік соғыс басталды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресейдің боданындағы қазақ елінің құлдырауына алып келді. Қазақтарға кең көлемде салық салынды. Олар соғысқа ұсақ мал, аттар, түйелер және киіз үйлерін үздіксіз жөнелтумен болды. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы материалдарда патша үкіметінің киіз үй жасайтын шеберлерді де майданға жіберу жөнінде арнайы жарлықтар шығарғаны туралы құжаттық деректер сақталған. Онда әр елу киіз үйге бір құрастырушы-шебер болу керектігі және оларды сол киіз үйлерімен бірге Кавказға дейін жүк таситын көліктермен жеткізу жөнінде бұйрық берілген.
Соғыс басталған жылы бір ғана Жетісу өлкесінен 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері майданға жіберілген. Ал сол кездегі патша ақшасының құны өте жоғары болғанын ескерсек, қазақтың күнкөрісіне жарап отырған қаншама малдан айырылғанын бағамдай беріңіз. Жалпы, 1916 жылға дейін Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе салық түрінде алынды. Жылқы, түйе өсімі мүлдем қысқарды. Мәселен, Ішкі ордада 1915 жылы жылқы саны 310,8 мың болса, 1916 жылы 160,2 мыңға түсті. Сол секілді түйе саны да 25 пайызға кеміді. Нақ осындай жағдай Маңғыстау уезінде, Сырдария және Жетісу өлкелерінде де көрініс тапты. Мұның бірден бір себебі мал өсірумен айналысатын қазақтардан жайылымдық жерлерін тартып алу бұрынғыдан да өрши түсуінде еді. Соғысқа дейін Ресейден келген 2 млн. 400 мың адам қазақтың шұрайлы жеріне қоныстандырылған еді. Ресейдің реформаторы Столыпин: «Санкт-Петербургские ведомости» газетіне «Егер мемлекет мүддесі киргиздарды (қазақтарды) құрбан етуді талап етсе, әрине, бұған қарсы шығудың қажеті жоқ», – деп жазған. Соғыс жылдарында патша үкіметі қазақтардан жерді тартып алуды барынша күшейтті. Бір ғана Жетісу өлкесінде 1914 жылға қарай 2 703 226 десятина шұрайлы жерді еріксіз алды. Ал 1917 жылға қарай Семей, Орал, Торғай, Ақмола облыстарынан және Бөкей ордасынан 40 638 миллион десятина жерді заңсыз иемденді. Сондай-ақ, жалпы көлемі 764,5 мың десятина жайылымдық жер тартып алынды. Оның 190 мың десятинасы ірі қара жайылатын жер болатын. Жерден айрылған қазақтар бұрынғысынан да бетер күйзелді.
Осындай ауыр жағдайдың болатынын алдын ала білген Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы-ақ: «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды», – деп ашына айтқан еді. Ал соғыс басталғалы бері қазақ халқының жайы өте мүшкіл тартып, өмір сүруі бұрынғыдан да қиындай түсті. Бәрінен тұлдыр болып қалған қазақтардың біразы орыс кулактары мен байларға батырақ болып, қалғандары өнеркәсіп орындарына, кеніштерге күн көрістік жұмыс іздеп кеткен. Олардың саны уақыт өткен сайын көбейе түсті. 1917 жылы Семей облысында өзінің ата мекен қоныстарын тастап кеткен 17 мың қазақ батырағы тіркелді.
Ауыл шаруашылығының егіншілік саласы да күйзеліске ұшырады. Жалпы қазақ жерінде күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5, жазғы бидай 8,4, тары 22,1, картоп 46,3 пайызға кеміді. Бұған негізгі себеп, жұмыс күшінің жетіспеушілігінен болды. Басқа өлкелерде де осындай жағдай орын алды.
Мал санының күрт кеміп кетуі қазақ халқының тұрмысын да мүлдем төмендетіп жіберді. Байлармен қоса орта шаруалар да, жалғыз-жарым жылқысы мен төрт-бес ұсақ малы бар кедей-кепшіктер де қолдарындағы малдарынан айырылды. Халықтың күнкөрісі күннен-күнге төмендей берді.
1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасы қазақтардан, Орта Азия және Сібірдің бұратана тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы еңбекке жарамды ер азаматтарды майданның тыл жұмыстарына алу туралы жарлық шығарды. Патша үкіметі майданның қара жұмысында жүрген орыс солдаттары мен жұмысшыларын көнбіс әрі арзан жұмыс күші ретінде реквизицияланған бұратаналармен ауыстырып, оларды тылдағы қорғаныс құрылыстары жұмыстарына алуды жөн көрді. Сол жылы 23 тамызда генерал-губернатор А.Куропаткиннің құпия бұйрығымен лауазымды адамдарды, атап айтқанда, болыстарды, станица және ауыл басқарушыларын, имамдарды, молдаларды, мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, оқу орындарындағы оқытушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, дворян мен құрметті азамат құқықтарын пайдаланатындарды әскерге алудан босатқан. Олардың біразы жарлықты қолдап, жергілікті әкімшіліктерге көмектескендері үшін балаларын да тылдағы қара жұмысқа алудың есебінен шығарып тастады. Бар салмақ қарапайым кедей қазақтарға ғана түсті.
Патша жарлығы бойынша Түркістан мен дала өлкесінен тылға ұзын саны 500 мыңнан астам адам алу керек. Екі жылдан бергі соғыс салдарынан үстемеленген салықтан сіңірі шыққан кедейлерге бұл жарлық жығылғанға жұдырық болды. Салықты әзер өтеп жүрген олар енді майданның қара жұмысына адам беруге келгенде төзімдері таусылып, көтеріліске шығып, қарсылықтарын білдіруден басқа жолы жоқтай көрінді. Сол жылы шілденің бас кезінде қазақ елінің барлық жерінде басталған тосын наразылықтар бара-бара ұлт-азаттық көтерілістерге ұласты. Ашу мен ызаға булыққан көтерілісшілер алдымен тізімді парақорлықпен бұрмалап жасаған болыстарға, ауыл старшындарына және патша әкімшілігінің төменгі билікте жүргендеріне соққы берді. Байлардың ауылына шабуыл жасап, борышқорлық және салық тілхаттарын жойып, жерді сату басқармаларын талқандады.
Ел ішіндегі көзі ашық қазақтардың біразы бұл мәселені бейбіт түрде шешкісі келіп, император Николай Александровичке тыл жұмыстарына байланысты арнайы хат жазған. Сондай хаттардың біразын Орталық мемлекеттік мұражайдан көруге болады. «Біз майданның тылындағы қара жұмысқа шақыруды әу баста бізге берілген жеңілдіктерді алып тастаумен бірдей деп білеміз. Басқа халықтармен бірге әскери міндетті өтеу Германияның 64 пұттық жойқын снаряд жарылыстарынан сақтануға ешкім де кепілдік бермейтіні анық. Алайда, біз мал баққанға үйренген халықпыз. Біз өзімізді қара жұмысқа салып көрген емеспіз. Сондықтан ондай ауыр дене жұмыстары қолымыздан келмейді. Біз тек мал бағуды және оларды күтуді ғана білеміз. Сондықтан тыл жұмыстары біз үшін аса қорқынышты әрі өте ауыр. Бізді осы тыл жұмыстарынан босатсаңыз болды, соғысқа барлық жиған-тергенімізді салық түрінде өтер едік. Біз бұрын да Ресейге арзан мал мен шикізаттар беріп келдік. Бірақ соңғы 25 жылда біздің мал шаруашылығымыз, мүліктік игіліктеріміз екі есеге кеміп кетті. Өйткені бұрынғы мал жайылымдары, қыстауға арналған жерлеріміз, шабындығымызды тартып алып, Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударғандарға ең шұрайлы, құнарлы жерімізді мемлекеттік мүлік ретінде қарап, соларға алып берді. Киргиздар малына азық жетпей жатса да, шыдамдылық пен төзімділік танытуда. Міне, екі жылдан бергі соғыс әр түрлі салық көлемін көбейтіп, табиғи және ақшалай салық төлеу міндеттері біздің халыққа аса көп көлемде шығындар алып келді.Тіптен көптеген орта шаруаның өзі тұралап қалды...».
Стихиялы қарсылық қозғалыстары бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласқан. Оның негізгі ошақтары Жетісу мен Торғай облыстарында өріс алып, барша қазақ жеріне тез тарады. Жетісу көтерілісіне Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Аққоз Қосанұлы, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар басшылық етсе, Торғайдағыларға Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар жетекшілік етті. Бұл көтерілістің негізгі мақсаты – ұлт-азаттығы еді. Көтеріліске негізінен тек ауыл кедейлері ғана қатысып қойған жоқ, сондай-ақ олардың арасында оқыған білімді интеллигенттер, демократияшыл зиялылар мен жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер, тіптен кейбір байлар да болды.
Мұхамеджан Тынышбаевтың мәліметіне қарағанда, патшаның 25 маусымдағы жарлығы Жетісу губерниясына 8 шілдеде ғана белгілі болған. Облыстың жекелеген уездерінде жұмысшыларды қара жұмысқа шақыру туралы жедел хаттар 2 және 3 шілдеде келіп түскен. Содан кейін-ақ шыдамы таусылған халық толқулары Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін бірден қамтып, оларға Б.Әшекеев, Т.Бокин және А.Қосанұлы басшылық етуді қолға алады. Халық наразылығының үдеп, көтеріліс деңгейіне жетуі патша үкіметін қатты алаңдатып, оларды әскер күшімен басу жағын қарастырды.
Орталық мемлекеттік мұрағатта Березовский деген әскери шенді біреудің Омскі әскери атаманына жіберген жеделхаты сақталған. «Кеше губернатор казактардың жол бастауымен далаға шықты. Губернаторды әрқалай құралдармен қаруланған қырғыз (қазақтарды солай атаған) ақсақалдары тоқтатып, жастардың өздерін тыңдамайтындарын, майданның қара жұмыстарына барғысы келмейтінін жеткізген. Губернатор Омскіге кеткен. Далада қырғыз толқулары күн сайын өршіп барады. Олар жұмыстарын тастап, малдарын даланың иен түкпіріне айдап кетуде. Найза, шалғы, айбалталармен қаруланған. Ақмолаға жақын дала қазір босап қалған. Жәрмеңке жабылған. Майданға берілетін аттарды қабылдау мүлдем тиылды деуге болады. Пристав Батниковтың жанына 21 аттылы казак пен 16 солдат қосып, өлтірілген пристав Иванюшкиннің мәйітін табуға жібергеннен ештеңе шыққан жоқ. Олар тапсырманы орындай алмай, босқа оралды. Бұл топтың бастығы Ақмоладан оңтүстік батысқа қарай 130 шақырым жерде көшіп-қонып жүрген қырғыздар шоғырын көргендерін, олар найза мен шалғымен қаруланғандарын айтты. Сондай-ақ, олар шоғырдың алдында саны 200-ден асатын аттылы үш топтың жүргенін, әр топтың өз жалаулары мен өз басшылары барын байқаған. Уезд бастығына киргиздардан зардап шеккен шаруалардан (орыс шаруаларын айтып отыр) шағымдар түсіп жатыр екен. Соққыға жығылғандар мен зорланған жайлар бар. Киргиздар даладағы ұстаханаларында темірді қыздырып, найза ұштарын, айбалта қаруларын жасап, шалғыны да қаруға айналдырып жатқандары туралы мәліметтер түсуде. Бірнеше болыстықтардың киргиздары даланың әр жерінде топтала жиналған. Әсіресе Қорғалжын көлінің маңындағы жиын саны 12 мыңдай болады. Олар өз ортасынан Қуанышев деген біреуді хан сайлап алыпты деген хабар да бізге жетті. Жазалаушы отряд жіберіп, оларды дер кезінде талқандау керек. Алғашқы отрядтың адам саны екі жүз казак жасағынан кем болмауы және екі пулемет пен бір рота солдат болғаны жөн болар еді».
Сол жылы 17 шілдеде Түркістан өлкесі мен Жетісу губерниясында патша үкіметі соғыс жағдайын жариялап, әскери күштерін жіберді. Үкімет әскер санын көбейту үшін Ресейден Жетісуға қоныс аударушылардан да жасақтар құрып, әскери гарнизондарын барынша нығайтты. Осындай қарулы солдаттар Жетісу уезіндегі көтерілісшілерді басуға барын салды. Олар Жетісу көтерілісшілерімен Жаркент уезінде, Асы жайлауында, Қарқараның таулы өңірінде, Самсы, Қастек, Нарынқол, Шарын, Жалағаш, Қорам елді мекендерінде, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында қақтығысып, екі жақтан да біраз шығынға ұшыраған.
Қазақ көтерілісшілері бірінші дүниежүзілік соғысқа кірісіп кеткен патша үкіметінің мазасын алды. 1916 жылы 20 шілдеде Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы болып тағайындалған А.Куропаткин: «Қандай амалды болса да қолданудан тайынбай, көтерілісшілерді басып, жаншып тастау керек. Лаң салушыларға қарсы күресу үшін халықтың байырғы рулық немесе тайпалық араздығын қоздырып пайдалану да қажет», – деп нұсқау берген. Сондай-ақ, өз кезегінде Жетісудың генерал-губернаторы М.Фольбаум жергілікті казактардан жазалау отрядын ұйымдастыру үшін станицаларға винтовкалар мен патрондар жіберді. Орыс кулактарын да қаруландырды. Жазалау отрядтарының жанынан уездік қалалардан әскери дала соттарын құрды.
Верный уезінде Б.Әшекеев 1916 жылы 13 тамызда бытыраңқы сипат алған Жетісу көтерілісшілерінің басын біріктіру үшін Үшқоңырдағы Ошақты деп аталынған кең сайға әр түрлі болыстар өкілдерінің құрылтайын шақырады. Құрылтайға қатысушылар патшаның тыл жұмыстарына адам алу жарлығына қарсылықтарын көрсету үшін Әшекеевтің қарулы қақтығысқа баратын бастамасын бір кісідей қолдады. Сол Ошақты сайына көтерілісшілердің жаңа топтары жиналып, алда болатын қарулы ұрысқа дайындалған. Алайда олар сан жағынан көп болғанымен, әскери қару жағынан әлсіз еді. Шиті мылтық, найза, айбалта патша әскерінің оқты төпеп тұрған пулемет пен алысқа атылатын мылтығына қалай төтеп берсін?! Жетісудағы көтерілісті басу үшін патша үкіметі 8750 найзалы мылтығы бар 95 ротаны, 3900 қылышты 24 жүздікті жіберіп, 16 зеңбірек пен 47 пулеметпен қоса жабдықтады. Қарулы күші басым патша әскері Әшекеевтің ұлт-азаттық жолындағы көтерілісшілерін басып-жаншып, көбін қолға түсірген. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Верный әскери соты болып, көтеріліс басшысы Б.Әшекеевті ату жазасына үкім шығарды. Соттың үкімін нақ сол күні облыстың әскери губернаторы Фольбаум бекітіп, үкім 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдайда орындалды.
Қазақ жеріндегі қақтығыс кезінде өлгендерді есептемегенде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін Түркістан өлкесінде 347 адам ең жоғарғы үкім – өлім жазасына, 168 адам итжеккендегі каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмелерде ұзақ мерзімге жабылған. Патша өкіметінің қуғындауына ұшыраған 300 мың қазақ Қытайға қашып, жан сақтауға мәжбүр болған.
Жоғарыда айтқанымыздай, көтерілісшілердің үлкен толқуы Торғай өңірінде етек алды. Алғашқы толқулар Қаратоғай, Сарытоғай, Қайдауыл, Аққұм, Қарақопа болыстарында басталып, кейін Сарықопа, Наурызым, Тосын, Майқару, екінші Наурызым болыстарында жалғасын тапты. Жалпы көтерілісшілер саны 50 мыңға жеткен.
Қыпшақ руының көтерілісшілері Әбдіғаппар Жанбосыновты өздерінің ханы етіп сайлады. Ал арғын көтерілісшілері Шолақ Оспановты хан етіп көтерді. Сол жылдың 21 қарашасында 6 болыс қыпшақ, 6 болыс арғын, 1 болыс найман жалпы саны 13 болыс өкілдері құрылтай жасап, атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосыновты Торғай уезі көтерілісшілерінің ханы етіп сайлады. Сондай-ақ құрылтай өкілдерінің келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі болған Иман батырдың немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып сайланған. Торғай уезінің тумасы Әліби Жангелдин Ресейден келіп, көтерілісшілерге қосылды. Жанбосынов пен Иманов көтерілісшілерді ондықтарға, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әр-қайсысына басшылар тағайындап, әскери тәртіп орнатқан. Сардарбек жанынан әскери кеңес құрылып, мәселелерді шұғыл шешіп отырды.
Сол жылдың 22 қазан күні Амангелді Иманов бастаған 15 мың адамдық қол Торғай қаласын қоршауға алды. Қоршау бірнеше күнге созылған. Патша үкіметі жіберген генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы Торғай қаласына үш бағыттан келді. Иманов 16 қарашада 12 сарбазымен қаланың Түнқойма пашта стансасына шабуыл жасады. Патша әскерлері қорғанып бақты. Иманов сарбаздар күшін сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге шегініп, Бетпаққара ауданында қайта шоғырланды. Сол жерден қарашаның екінші жартысынан бастап, 1917 жылдың ақпан айының бел ортасына дейін Лаврентьевтің жазалаушыларымен қиян-кескі шайқастар жүргізді. Олар Татырда, Күйікте, Доғал-Үрпекте және Ақшығанақта болған ұрыстарда патша әскеріне бірде тойтарыс беріп, бірде шегініп отырды. Патша әскер басшылары Торғай көтерілісшілеріне қарсы 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқа да күштерін қарсы қойды. Екі жақты шайқас сол жылдың ақпан айының екінші жартысына дейін созылды. 1917 жылдың соңында Амангелді Имановтың жасағы Торғайды басып алды. Бұл кезде Санкт-Петербургте ақпан төңкерісі болған еді.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ елінің барлық жерін шарпыды. Семей мен Ақмола уездерінде көтерілісшілерге қарсы патша үкіметі 12 атты әскер жүздігін, 11 күшейтілген жаяу әскер ротасын жұмылдырып, басып жаншыды.
Айта кететін тағы бір жайт, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы халықтық сипат алған көтеріліске қазақ қауымында баршаға бірдей көзқарас болған жоқ. Көтерілісті жақтамаған байлар да бой көрсетіп қалды. Олар патша жарлығын толығымен қолдап, әрі оны орындауда белсенділік танытты. Халықтың мүддесінен гөрі малын артық көрген. Мемлекеттік мұрағатта Шығыс Талған болысынан Құрманғали Әміровтің Верныйдың генерал-губернаторына жазған хаты да сақталған. «Мен осы жылдың мамыр айынан бастап Асы жайлауына малымды өргіздім. Жайлауда менімен қатар Қызылбөрік болысының малдары да болды. Киргиздар бунт жасап, малымызды тартып алмақшы болғанда, оларды басу үшін жазалаушы отряд келді. Отряд лаңкесшілерден біраз малды тартып алды. Біразын содырлар қуып әкетті. Солардың ішінде менің де жасы әр құралыптағы 26 бас мүйізді ірі қарам кетті. Олардың бәрінде өз таңбам бар. Сол малдың бәрі қазір Жоғары Түрген болысының жерінде. Сізге бас ие отырып, менің сол сотқарлар қуып кеткен 26 бас ірі қарамды қайтартып беруіңізді өтінемін».
Халық арасынан шығып, радикалды бағыт ұстанған Т.Бокин, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелдин, Ә.Майкөтов, С.Сейфуллин, С.Меңдешев, Ж.Ниязбеков, Ә.Жүнісов және Б.Алманов секілді революцияшыл-демократияшыл зиялылар жұртты қарулы көтеріліске шақырып қана қоймай, барлығының басы-қастарында өздері жүрді. Ал Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов секілді либерал-демократиялық зиялылар патша әскерінің қарулы күшіне халықтың қарусыз қарсы тұрып, босқа қырылып кетпеуін ойлап, көтеріліске шықпай жарлықты орындауға газет арқылы үгіт жұмыстарын жүргізді. «Алаш» қайраткерлері аласапыран уақытта халықты қалайда аман сақтап қалу жағын қарастырумен болды. Олар сырттан Ресейге төнген қатердің бодан болып отырған қазақтарға да қатысы бар деп білді. Бұдан сырт қалуға болмайтынын, қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруден босқа шығынға ұшырап қалатынын айтып, бірінші дүниежүзілік соғыста Ресей жеңіске жетіп жатса, ұлттық автономия құруға мүмкіндік туар деген үмітте болды. Бір жағынан қазақтарды өзгелермен тең көрмей, тек қара жұмысқа алуын ұлтты қорлау деп білді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді. Қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз», – деп жазды.
«Алаштың» үш арысы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы 1916 жылы қазан айындағы газетке жарияланған үндеуінде екі балама жолды алға тартқан. Оның біріншісі – қазақ жігіттері тыл жұмыстарына барса, қазаға, бейнетке аз ұшырайды. Екіншісі – тыл жұмыстарынан бас тартып, қарсылық көрсетсе, елге зор бүліншілік келеді деп көрсетті. Қарусыз халық қақтығыс кезінде үкіметтің жазалау шараларының құрбаны болып кететінін ашып айтты. Олар патша өкілдеріне қазақтарды қара жұмысқа бейімделгенше тыл жұмыстарына алуды кейінге шегеруді ұсынды. Либералдық-демократиялық ойшылдардың ондағы мақсаты қазақ халқына тиімді ымыраластыққа барып, елдің амандығы мен тұтастығын сақтап қалу еді.
Шындығында көтеріліс барысында мыңдаған адамдардың оққа ұшып, қалғандары итжеккенге айдалуы олардың көрегендігін білдірді. Көтеріліс басылған соң қазақтар тыл жұмыстарына жіберіліп жатты. «Қазақ» газетінің редакциясы тыл жұмыстарында жүрген қазақтардың мұқтаждықтарына болысу үшін барлық зиялыларды олар жұмыс істеп жатқан майданға өз еріктерімен барып, бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар бұл шақыруды қолдап, Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімін құрды. Бұл ұйым майдан тылында жұмыс істеп жатқан қазақтардың мүддесін қорғауға кірісті. Сол зиялылар тобының басы-қасында Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов жүрді. Олар тыл жұмыстарына шақырылған қазақтардың шоғырланған жерлерінің бәрінде болып, құқықтарын қорғап, майдан өңірінде қолайлы жағдайда тұрып жұмыс істеуі үшін қажетті әрі оңтайлы іс-қимылдарға барып, қолдан келген көмектерін көрсетті. «Алаш» қайраткерлерінің бұл ісі Кеңес заманында ұлттық мүддеге сатқындық жасады деп айыпталды. Уақыт бұл сыңаржақ тұжырым екенін көрсетіп берді. Қайта «Алаш» көсемдері көтерілісшілерді босқа қарғыннан сақтап, майдан тылында көп жайға қанығып, көздері ашылып келулеріне себепші болды. Бодан қазақ соғыс жылдарында отаршылдардың шектен шыққан езгісіне қарсы бірігіп, мінез танытты. Ұлт азаттығы үшін күресіп, қан төкті.
Соғыста Германия жеңіліс тауып, 1918 жылы 11 қарашада келісімге қол қойылды.
Бірінші дүниежүзілік соғыста адамдарды жаппай қырып, жоятын химиялық және бактериялық қарулар алғаш рет қолданылды. Соғысқа қатысқандар саны 70 млн. адамға жетті. Соның 10 миллионы майдан даласында мәңгілікке көз жұмды. 20 миллионы жұмысқа жарамсыз, жаралы болып оралды. Мыңдаған қалалар мен деревнялар жермен-жексен болды. Соғыстың жалпы шығыны 170 млрд. алтын ақшаны құрады. Мұны долларға шаққанда 600 млрд.-тан астам.
1916 жылғы халық көтерілісінің әлеуметтік негізі мынада еді. Бұл көтеріліс жалпы ұлттық бірігу мен ұлттық тәуелсіздік идеясын өмірге алып келді. Қазақ шаруалары мен енді ғана қалыптаса бастаған жұмысшы табын, ұлттық буржуазия мен даланың ақсүйектерін және ұлт зиялыларын орыс және шетел капиталына қарсы біріктірді.

turkystan.kz

(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста