Ән қадірі әуе толқынында ма, тойда ма?
1996-1997 жылдары Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы Тұрсынжан Шапайдың «Аққу арман» әні халық арасына жаңа-жаңа тарала бастаған. Құлашы кең, ә дегеннен-ақ дархан даланың кеңпейіл кескінін көз алдыңызға әкелетін әуен адам жанын тылсым бір тебіреніске бөлеп, жүрек түкпіріндегі жұмбақ сағынышты көл бетінде жүзген аққудай тұп-тұнық күйі тербейтін.
Бесік жырынан бастап, халықтың қанына сіңген салт-дәстүр жырлары мен бертіндегі сал-серілер сарынының желісін үзбей осы күнге жеткізгендіктен де бұл ән әр қазаққа жақын болғаны анық. Студент қатарына қосылып, сол жылдары Алматыда жүрген мен, ауылдағы әпкемнің туған күнін Қазақ радиосының «Сазды сәлем» бағдарламасы арқылы осы «Аққу арман» әнімен құттықтап ем. Шалғайдағы бауырға аяғым жетіп, сыйлық толы қоржынымды апара алмасам да, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайтын әуе толқынынан есімін ататып, айтулы әншінің орындауында шоқтығы биік әнді жолдағаныма, сөйтіп бірге туған бауырымның жан-дүниесін әйбәт әсерге бөлегенім үшін ырза күйге түсіп мәз болғам. Содан бері жақындарымның арасында «Сазды сәлем» дегенде «Аққу арман» сияқты таңдаулы әндер әуелейтін толқын деген пікір қалыптасты. Сол жылдары туыстарын құттықтаушы тыңдарман осы бағдарламаның жүргізушілеріне Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар жігіттер» немесе Жәкен Омаровтың «Біздің елдің жігіттері», яки Ш.Қалдаяқовтың «Анаға хат», Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Құралай» әндерін қойып беруін жиі өтінетін. Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Бейбіт Сейдуалиева, Қарақат Әбілдина сынды қазақ эстрадасының дәстүрлі көшін жалғаған әншілер де осы бағдарлама арқылы кең танылған. Роза Бағланова, Жамал Омарова, одан кейінгі Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды әншілердің жолын жалғаған бұл буын 1990 жылдардан кейін қазақтың өзіне тән ән айту үрдісін бұзбай көшті жалғап келе жатқан. Ал қазір халық әндері мен халық композиторларының әндерімен сусындап өскен, қазақы қоңыр үннен алыстамаған әнші тым азайып кетті. 2000 жылдары елдің жүрегінен орын алған Саят Медеуовтің орындауындағы «Өзіңді аңсап» әнін бүгінгі жас буын тыңдамайды. Оларға:
«Жаным-ау менің жағаға таққан тұмарсың,
Жалғанда жалғыз, жабығып жүрген шығарсың.
Ұнарсың талай бір көрген жанға ұнарсың,
Өмірде бірақ өзіме ғана сыңарсың», –
деген жүйесі бар биязы үннен гөрі:
«Бір сұлуды ұнатып, дедім оған «теңім бол»,
«Жігітім-ау», деді ол «ары ойна...».
Иланатын мен емес, өзге маған тең емес
Қол үзбеймін сенен еш, қалайда», – деп айтатын Ернар Айдардың өктем үні өтімді. Бұл әншіні тыңдайтын буынға әнші болудан оңай мамандық жоқ секілді көрінеді. Ел ішіндегі тойдың көптігі, бақылаусыз, бағдарсыз концерттердің жиі өтетіндігі жеңіл әнді желпіндіріп қойған жайы бар. Ал ән айтудың қазақы үлгісіне сызат түсіріп, кез келген әнді шетелдің ыңыранған иіріміне салып айтуға деген үйірлікті «Super star» секілді түрлі жобалар қалыптастырды. «Қазақстан» арнасынан көрсетілетін «Қазақстан дауысы» да осы жобалардың ізіне түсті. Оны байқауға келетін үміткерлердің ағылшын тіліндегі әндерді айтуға деген құлшынысынан байқау қиын емес. «Бұған қарап жылдан-жылға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрлі эстраданың әдемі өрімі өрнегін бұзып, басқа арнаға түсіп кеткендей әсерде қаласыз. Қазір әр әнші өзі орындайтын әннің өрімін өзі білген өрнекпен өретін болды. Ән айтуға талпынған жас буын орындаушылық қабілеті арқылы композитордың әнін халыққа танытудан бұрын хит болатын жеңіл ән арқылы өзін танытуды, сөйтіп тойдан табыс табуды мақсат ететін сыңайлы. Тобырлық сұраныс әннің қадірін қашырып, әншімін дегендердің санын көбейтті. Эстрада саласындағы аға буын әншілер өздерінің өнерге келу жолын Қазақ радиосымен тығыз байланыстырады. Олардың жылы естеліктері бала кезімде радиодан ән тыңдап, әнші болуды армандадым, деп басталып, «Радиоға барып ән жаздырдым» немесе «радиода бірнеше жыл музыкалық редактор» болдым, деп жалғасады. Ол замандағы әндерді сүзгіден өткізетін көркемдік кеңестің қатаң талабы әншілердің жауапкершілігін жоғарылатып, тыңдарманның әнге деген құрметін қалыптастырып, кейінгі буынға үлгі болған екен. Бүгінгі әншілердің көбі бұл үлгіні ұстануға ықыласты емес. Олардың көше әнін сахнаға, той әнін эфирге сүйрейтіні де осының салдары болар... Жуықта ғана «Сазды сәлем» бағдарламасынан елу жасқа келген ел ағасын құттықтаған сәлем жолданды. Қайырмасы:
«Жиырма бесін іздеген,
Елудеміз біз деген.
Таң атқанша ән салып,
Би билейік сізбенен.
Мен де келдім елуге,
Сен де келдің елуге.
Жүзі балбұл жайнаған,
Құрдастарым елуде!» , – деп қайталанатын әннің осы толқыннан берілуі көркемдік сүзгінің тозғанын көрсетті. Тобырлық талғам әншілерге ғана емес, эфирге де билік жүргізе бастапты. Елуге келген ағаның осы әнді тыңдап өскен немересі 10-15 жылдан соң қандай ән тыңдар екен деген ой қылаң береді.
Назым ДҮТБАЕВА.