Атты әскер командирі

Атты әскер командирі

Өмір агаданСаналы ғұмырын әскери салаға арнап, шетте өткізген қазақ азаматының беймәлім өмір жолдары мен қазіргі ұрпағы туралы

Полк командиріне дейін көтерілген
Шал ақын ауданының /бұрынғы Сергеев/ тумасы Дүйсенбаев Биқан жайлы етжақын туған-туыстары ғана білетіні болмаса, облыс ауқымында аты-жөні аталып, ұлықтала бермейді. Оның сыры 1910 жылы шалғайдағы елді мекенде туған ауыл баласының саналы ғұмыры шет жерде өтуінде жатқан шығар. Жастайынан ынталы, зерек болып өскен ол жетінші сыныпты бітіргеннен кейін орыс тіліне жетіктігінің арқасында аудан­дық әскери комиссариатқа жұмысқа қабыл­да­нады. Осында еңбек ете жүріп, әбден ысылады. Темірдей тәртіпті сүйетін әскери қыз­меткерлерге қарап ой да, бой да түзейді. Осылайша жергілікті жердегі басқару мек­тебінен өткеннен кейін өз еркімен Отан ал­дын­дағы азаматтық борышын өтеуге сұранады. Бұл кезде сымдай тартылып, оң-солын тану­ға үйренген бозбаланың тілегі бірден қабыл­данып, еліміздің батыс шекарасына қызмет етуге жіберіледі. Осында теориялық білімін тәжі­ри­бемен ұштастырып, әскери, саяси дайын­дығын тереңдете түседі. Өзгелерге үлгі-өнеге танытып, қатарластарының алды бола­ды. Командирлер әркез мақтан етіп, бір­неше рет марапатқа ұсынады. Қысқа мер­зімді әскери міндет аяқталар тұста оның ал­дын­да бір ғана таңдау тұрады. Ол– көңілі құлай берілген әскери маман болу. Ол кез­дері Биқан секілді қазақтың намысшыл, мақ­сат­шыл жігіттері күштік құрылымдарда «арпа ішіндегі бір бидайдай» өте сирек кез­де­се­тін. Он ойланып, мың толғанып нақты шешім­ге келген оның әскери училищеде оқы­сам, білімімді жетілдірсем деген талабы оңынан шешіліп, қанағаттандырылады. Житомир қаласындағы шекарашылардың атты әскер оқу орнына түсіп, 1934 жылы лей­те­нант шенін алып шығады. Оның әскери кадр­ларға тән бірбеткейлік, жинақылық, талап­шыл­дық қасиеттері ескеріліп, Украинада қыз­мет­ке қалдырылады. Отан алдындағы боры­шын абыроймен атқарып, әскери шені жоғары­лайды. Өзіне жүктелген міндеттер мен тапсыр­маларды мүлтіксіз орындап, үлкен беделге бөленеді. Шетте, өзге ұлттар арасында жүрсе де, өзін мойындата біледі.
Зайыбы Ольга Петровнаның жазып қал­дырған естеліктеріне жүгінсек, батыр оғланның жүріп өткен майдан жорық­тары мен ерлік істері көз алды­мызға келгендей болады. Ол 1936 жылы интернационалдық бригаданың құрамында Испанияда, 1939 жылдары Хасан көлі мен Халкинголда жапон самурайларына қарсы шайқастарға қатысып, орден-медаль­дармен марапатталады. Неміс бас­қын­шыларын Украина жерінде қарсы алып, бақайшағына дейін мұздай қаруланған дұшпандармен кескілескен шайқастарды бастан өткереді. Ол кезде капитан шенінде болып, батальонға жетекшілік етеді. Украинның көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иван Стаднюктің «Москва, 41-й» деген романында /88-бет/ штаб бастығы Дүйсенбиев деген қазақ командирінің аты-жөні аталады. Сөзбе-сөз келтірсек, былай суреттеледі: «Откуда-то из глубины леса прибежали полковник Гулыга и подполковник Дүйсенбиев. Оба заспанные, с усталыми до черноты и небритыми лицами. Сбегался к месту проишествия штабной люд». Бұл қазақ азаматы–подполковник әскери шенінде және штаб бастығы. Осы тақырып індете зерттелсе, қазақ офицеріне қатысты тың деректердің табылып қалуы ғажап емес.
Ольга Петровна Ресейге, Украинаға дейін іздеу сала жүріп, Биқанның 1943 жылы 105-ші дивизиядағы 306-шы атты әскер полкінің командирі болғанын, шені подполковник екенін, Польша жерінде хабар-ошарсыз кеткенін анықтайды. Әкесі қолына қару ұстап, жаумен шайқасуға кеткенде 6 жаста қалған қызы Леонида мен жесірі Ольга жаудан аман қалған жалғыз суретті көздің қарашығындай сақтайды. Ол жөнінде сәл кейінірек.
Мәліметтер жинастыру мақсатымен жауынгердің туған інісі Кәрімнің Шал ақын ауданына қарасты Повозочное елді мекенінде тұратын ұлы Марат пен келіні Әйбатқа жолыққанымызда олардың жергілікті билік орындарына деген өкпелерінің қара қазандай екенін аңғардық. Сөйтсе, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аталары жайлы материалдар мен фоторсуреттерді ол оқыған мектеп басшылығына беріпті. Алайда, бірде-біреуі хабарласуға жарамаған. Тіпті, «Боздақтар» кітабына да енбей қалған. Тек артта қалған туыстары мен жергілікті тіл жанашыры Қойшыбай Шәниевтің қайта-қайта қозғау салуымен Марат пен Әйбат тұрып жатқан ауылдағы мектепте арнайы мүйіс ашылған. Іс осымен тәмам. Әйтпесе, аудандық әкімдіктегілер, білім саласындағылар білмейді емес, біледі. Бірақ орда бұзар жасында қыршынынан қиылып, топырақ жат жерден бұйырған есіл ердің атын өскелең ұрпаққа танытуға мойындары жар бермейтін секілді.

Туысқандарын іздеп тапқан қаршадай қыз
Енді Украинаның Житомир облы­сындағы Червонное хуторында тұрып жатқан отбасының арада 20 жыл өткен соң марқұмның туған-туыстарымен қалай табысқанына тоқталайық. Бойжетіп, есейген Леонида ендігі жерде әкесінің бауырларын іздей бастайды. Алайда, барлық әрекеттері сәтсіз аяқталады. Әбден түңіліп, күдер үзген шақта…ойламаған жерден бас айналдырар бақытқа жолығады.
«Лениншіл жас» газетінің белсенді авторы, жас ақын Әнуарбек Дүйсенбиевке 1959 жылы ойламаған жерден бір хат келеді. Ашып көрсе, орысша жазылған хаттың аяғына Дүйсенбаева Леонида Биқанқызы деп қол қойылған. Ол жақта танысы жоқ, ешкімді танымайды. Аң-таң қалпымен оқи бастайды.
«Құрметті Әнуарбек!», деп басталыпты хат. –Мен сіздің фамилияңызды «Пионерская правдадан» оқыған сәтте /бірнеше өлеңі жарияланған – Ө.Е./ біз бір фамилиялас екенбіз ғой деп ойлап қалып едім. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Сонда да хат жазып отырмын. Менің әкем қазақ, шешем украин қызы. Әкем Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапты. Қазір шешем екеуміз Червонное селосында тұрамыз. Қызметім–мұғалімдік. Әкемнің туған-туыс­тарын іздеп, қанша әуре-сарсаңға түссем де, еш нәтиже шықпады. Сізден өтінерім: 1. Менің әкемнің туған-туыстарын табуға сіз көмектесе аласыз ба? 2. Қазақ елі туралы жазып тұрсаңыз. Өзім көрмесем де, Қазақ­станның әрбір жетістігін мақтан етемін».
Әнуарбек одан әкесі жөнінде барынша мол мағлұмат алдыртып, «Жұртшылық назарына!» деген тақырыппен жауынгердің суретімен бірге мақала жариялайды. Көп кешікпей редакцияға Солтүстік Қазақстан облысы «Приишим» кеңшарында мал дәрігері болып істейтін туған інісі Дүйсенбаев Кәрім бірінші болып үн қатады. Леонидамен де хабарласып, жүрекжарды қуанышын бөліседі. Елдің ыстық сәлемін жеткізеді. Осылайша 20 жылға жуық бірін-бірі көрмеген туыс­тар табысып, алдымен Кәрім мен зайыбы Жібек екеуі Украина жеріне сапарлап қайтады. Оларды бүкіл село болып зор қошеметпен қабылдап, құрмет көрсетеді. Ол жақтан редакцияға жолдаған хатында Кәрім Петропавлдан 6 май күні шығып, 11 май күні Червонное селосына жеткенін, жеңгесі Ольга, қарындасы Леонидамен қоса қалың жұртшылық тайлы-тұяғымен қарсы алғанын, Биқан жайлы небір естеліктер сыр болып шертілгенін тебірене жазады.
Кәрімнің шақыруымен Леонида әкесі­нің кіндік қаны тамған атажұртқа 1960 жылы келеді. Анасы науқастанып, бара алмай­ды. Қаршадай қайсар қыз жолға жалғыз шықса да, «сұрай-сұрай Мекеге де бара­ды» дегендей әкесінің атақонысын адас­пай табады. Бірлікте дүрілдеген той өтеді. Өзге ортада өсіп, басқаша тәрбие­лен­се де, ауыл өміріне бірден үйре­нісіп кете­ді. Ауыл «Ләйла» деп атап кетеді. Бұл есім­ді бөтенсімей, жанына жақын тұтады. Сол бір қимас кездерді Қаратал ауылында тұра­тын зейнеткер Ахметова Әсима былай еске алады:
– Мен ол кезде Бірлік ауылында фельд­шер қызметіндемін. Оның қасына орыс тілін жетік білетін жолбастаушы керек болып, ұжымшардың басқармасы Тоған­баев Қасым аға мені қосты. Он күні бойы Ләйла­ның сенімді құрбысына әрі тіл­ма­шына айналдым. Кәрім ағай алыс­тан арнайы іздеп келген қарындасына ұлан-асыр той жасады. Құрметті қонақтар ретінде елдің сыйлы азаматтары, халық ақыны Ахметжан Нұртазин шақырылды. Әупіжан аға да оны хан көтеріп алды.
…Кеше ғана тұлымшағы желбіреген Леониданы бүгінде кәрілік меңдеген, 80-ді еңсерген. Арманы–әкесінің туған жеріне тағы бір тағзым ету. Қанша жиналса да, сәті түспей жүр. «Хат-хабар алысып, амандық білісіп тұрғанымен, шалғайдағы бауырларымен жүздескенге не жетсін!», дейді жарықтық. Әкесіне арнап өлеңдер жинағын шығарып, эпиграфына «Я дочь легендарного казахского офицера» деген сөзді алып, мауқын басқандай болған. «Дүйсенбаева» болып жазылуының өзі асқар таудай әкеге деген зор құрмет екені даусыз. Азаматтық келбеті, ерен ерлік істері жайлы балалары мен немерелерінің жадына құйып, зердесіне тоқудан әсте жалыққан емес. Шөліркеген сағынышын, іштегі шерін тарқату үшін биыл қайтсе де барып қайтуға бел буып отыр. Кіндігінен өрген 4 ұл-қызының қайсысы болсын көмекке әзір. Әсіресе, АҚШ-тың Флорида штатын­да тұратын ұлы Александр ерекше ынты­зар. Мараттың қызы Раисамен скайп ар­қы­лы хабарласқанында анасының туған-туыс­қандарымен көрісіп, аунап-қунап қайту ауы­лы­ның алыс емес екенін жеткізіпті. Игі қадам оңынан оңғарылсын деп тілейік.

Жаудан аман қалған жалғыз сурет
Биқанның жар дегендегі жалғыз суретінің бір көшірмесі Кәрім мен Әйбаттың үйінде бойтұмардай сақтаулы. Араға жарты ғасыр уақыт салып туған жерге жеткен оны әке-шешелері Украина­ға барғанда көбейтіп алыпты. Қазір қақ төрде ілулі тұр. Сар­ғайған сурет сыры төмендегідей.
– Биқан 1930 жылы өз тілегімен әскерге алы­нып, 1934 жылы армия қатарында қалу­ға рапорт берген сәтінде бір-бірімізді жолық­тырдық, – деп еске алып отырады екен марқұм Ольга Петровна. Сол жылы екі жас отау құрып, 1935 жылы Леонида дүниеге келеді. Ол соғысқа кеткенде 6 жаста қалған қызы мен зайыбы Ольга екеуі басқыншылықтың небір зұлым­дықтарын бастан кешіреді. Кеңес жеріне басып кірген гитлершілдер қызыл командирлерге аш қасқырдай шүйлік­кен. Олардың отбасы­ларын ойдан-қырдан тіміскілей іздеп, қолға түсе қалса, айуандықтың сан алуан түрін қолданған. Кеңес армиясының офицері болғандықтан, Биқан­ның отбасы да қауіпті жағдайда жүрген. Ольга немістер келместен бұрын «осы басымызға пәле болады-ау» деген лажсыз­дық сақтықпен барлық құжат­тарды отқа жағып жіберуге мәжбүр болған. Өйтпеген жағдайда жау түрмесіне қамалуы, азапталуы мүм­кін. Үшеуінің түскен жалғыз суреті бар-тұғын. Биқан әскери формада болатын. Анасы оның бас бейнесін қиып алып, ескі күпәйкенің жамауына тігіп сақтаған. Басын қауіп-қатерге тіге отырып осындай әрекетке баруының өзі үлкен ерлікке пара-пар. Жаудан аман қалған осы жансыз бейнесі ғана олжа, тәбәрік сықылды. Неміс басқыншылары жаулап алған жерде өмір сүрудің қандай азаппен өткені Леониданың жадында ұмытылмастай сақталып қалған. Қандай ауыртпалықты бастан кешірсе де, осы күнге жеткеніне шүкіршілік етеді.
Өңірге белгілі халық ақыны Ахметжан Нұр­та­зин­нің Биқан мен Ольганың кіршіксіз махаббатын жырға қосып, «Полковник қызы» поэмасын арнауы – өз алдына бір тарих. Білетіндердің айтуынша, қос тарлан бір мектепте оқыған көрінеді. Және де бір қызы­ғы, Леонида 1960 жылы Петропавл теміржол вокзалына келіп түскенде Ахаң мен аудандық байланыс бөлімшеснің бастығы Әубәкіров Әупіжан оған кездейсоқ кездесе кетеді. Мән-жай­ға әбден қаныққаннан кейін тұп-тура Бірлік­ке алып келеді. Биік шыршалардың көлең­кесінде бойжеткен басынан кешкен жайларды ақынға баяндайды. Оны тамаша екі адамның тағдыры ерекше шабыттандырып, ұзақ дастан жазуға отырады. Поэма біткесін Сәбит Мұқановқа көрсетіп, жаңа тараулар қосады. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жеке жинақ болып басылып, кітапсүйер қауым жылы қабылдайды.
Кернеді кең көшені келген халық,
Жоқтасты ер Биқанды есіне алып.
«Ажары әкесінен айнымайды»,–
Деседі жиылған жұрт көзін салып.
– Әкеміз ән мен күйге шебер екен,
Тал бойы толып тұрған өнер екен.
Қазақтың қадірлі әнін күйсандықпен,
Үйретіп мамашама береді екен, – деген секілді шымыр шумақтар жетерлік.
* * *
Бұл мақаланы жазғандағы мақсаты­мыз, қанды майданның отты жылдарында дұшпандармен болған қырғын шай­қас­тардың бел ортасында жүріп жат жерде сүйегі қалған, туған жерден бір уыс топырақ бұйырмаған Дүйсенбаев Биқан сияқты есіл ерлердің есімдері еленіп, кейінгі ұрпақ жадында жүрсін деген тілек қана. Осы жағын жергілікті билік орындары ескерер деген үміттеміз.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста