Азаттықты аңсаған Азамат компартияға қарсы «листовкалар» таратқан

Азаттықты аңсаған Азамат компартияға қарсы «листовкалар» таратқан

Таяуда ғана еліміз өз Тәуелсіздігін  атап өтті. Дегенмен біз Тәуелсіздік атты ұлы мұратқа жету жолында қаншама жан азап шекті, қаншама адамның өмірі үзілді &ndash осыны көп ойлай бермейміз. Ал олардың есімдерін жадымызда жаңғыртып отыру біздің адамгершілік борышымыз болуы тиіс.

Коммунистердің өз партиясынан бас тартатынын болжаған

Таяуда әлеуметтік желіден журналист Қанат Тілеуханның «Жындыханада сөнген ғұмыр» атты деректі фильмін көрдік. Онда әйгілі театр және кино актері, сахнада қазақтың бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүздеген адамдарының образын сомдаған ғажайып талант иесі Қасым Жәкібаевтың ұлы Азамат Жәкібаев туралы баяндалады. Азамат Жәкібаев өте жас кезінде өмірден өткен. Кеңестік қоғамға қарсы сын айтқаны, «листовкалар» таратқаны үшін КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің адамдары соңына түсіп, ақырында оның өмірінің жастай қиылуына себепкер болған.

Қазақ кеңестік қоғамында өзіндік ізін қалдырған Азамат Жәкібаев жайында бертінде кітап жазылған, ғұмыры жастай үзілген азамат туралы газеттерде мақалалар жарияланған. А.Жәкібаев туралы түсірілген фильмді көріп, деректерді оқыған жан оның сол кездегі қоғамдық қалыпқа симаған өзгеше құбылыс болғанына көз жеткізеді.

Жұрт сол кездердегі патриоттық әндерде айтылатын «бүгіннен де ертең нұрлы» болатын болашаққа сеніп тіршілік кешіп жүргенде мектеп жасындағы бала Азамат саясат жолын, күрес жолын таңдапты. Ол Коммунистік партияның әне-міне коммунизм орнатамыз деген ұрандарына сенбеген. Дамыған капиталистік елдерді барып көрмесе де онда адамға өзін-өзі жан-жақты жетілдіруге, өзінің тұрмыстық жағдайын барынша жақсартуға мүмкіндік берілетінін іштей сезініпті. Сол кездегі партия, кеңес басшылығындағылардың, түрлі амалмен жайлы тұрмысқа қол жеткізіп ал­ғандардың қарапайым жұмысшы мен шаруадан әлдеқайда жақсы өмір сүріп жатқанын, оларға бұл үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалғанын ашық айтып жүрген. Ол социалистік құрылыстың түптің-түбінде құлайтынын болжаған. «Сол кезде партия билеттерінен жұрт өз еркімен бас тартатын болады», &ndash деп айтыпты.

«Жойылсын Кеңес өкіметі!» деп үнпарақ таратқан

Азамат мектепке 6 жасында барған екен. Ол алғыр, білімқұмар болып өскен. Бірақ 8-сыныптан кейін оны «үлгерімі төмен» деген желеумен мектептен шығарып жіберіпті. 15 жастағы, бұғанасы қатпаған баланы жұмысқа да алмайды. Қоғамға, жүйеге сыни көзқараспен қарайтын, өмірдегі қайшылықтарды ересектерше сезіне білген жанды осындай әділетсіздіктер де ширата түскен сияқты. Ол іштен тынбаған, көзі жетіп тұрған жайларды ашық айтқан, қоғамдық құрылыспен күреске саналы түрде барған. Бұл жолда жалғызбын демепті, жұрттың көзін ашу үшін жеке жүріп-ақ қолынан келгенінше күресіп баққан.

Азамат Жәкібаев өзінің сенімін сөзбен ғана емес, іс жүзінде де көрсете білген. «Жойылсын Кеңес өкіметі!», «Азаттық, теңдік жасасын!» деген ұрандар жазып, «листовкалар» таратқан. Ол мұндай үнпарақтарды негізінен көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берісіндегі почта жәшіктеріне салып кетіп жүріпті.

А.Жәкібаев көтерген ұрандардың сол кездегі басшылыққа, мемлекет қауіпсіздігіне жауап беретіндерге өтен жайсыз тигені анық. «Социализм жойылсын! Ерікті капитализм жасасын!» деген ұран сырын көп адам түсіне қоймаған да шығар, ал «Коммунистердің ешбір сөзіне сенбеңіз, олар мәңгіге жойылсын!» деген ұраны жасанған жауға жалғыз шапқанмен бірдей ерлік қой.  «Мен өз жолымды таңдап алдым, сіздерге де жол болсын! Коммунис­тердің ешбір сөзіне сенбеңіз! Олар &ndash оңбағандар және екіжүзділер! Мағыналы, ерікті қоғам &ndash капитализм үшін күресіңіздер! Коммунизм орнатамыз деген КСРО-да маскүнем­дік, азғындық көбейді. Коммунистер жойылсын!» &ndash деп жазыпты ол өзінің кезекті бір үнпарағында.

Жұрт «ертеңгі нұрлы болашақты» күтіп, бұйығы күн кешіп жүргенде жап-жас бозбаланың бұлай деп айтуы, қоғамға, жүйеге бұлай деп баға беруі, қаймықпай қарсы шығуы сол кез түгілі қазірдің өзінде кімді де болса таңқалдырады емес пе? Қоғамдағы қайшылықтарды, әділетсіз­діктерді, тоқырауды, жоққа сеніп, босқа үміт күтуді ол кезде қағазға түсіріп, ашық айтқан адамдар некен-саяқ болған ғой. Халықтың басым бөлігі ондайды айтқан адамдардың сөзін түсіне алмағаны да &ndash өмір шындығы. Ал қазақтың қаршадай баласы осының бәрін түсінген, сезінген, «жұртқа бәрібір» деп үмітсіздікпен қолды бір сілтемей, өзгелердің көзін ашуға ұмтылған. Бұған қалай таңқалмассың?!

Оның өмірі жұмбақ жағдайда қиылған

Міне, осындай ұстанымдағы бозбаланың соңына КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің адамдары түсіп, ақырында оны қылмыстық жазаға тартқан. Бұл &ndash 1978 жылдың қаңтар айы, яғни бүкіл КСРО халқының «коммунизмге жетуге енді бір-екі қадам қалды» деп қиялдап жүрген кезі.

Сондықтан А.Жәкібаевтың не үшін қамауға алынғанын көп адам түсіне де бермеген. Ал қазақтың бозбаласы түгілі, коммунистерге қарсы шыққан талай тәжірибелі саясат­керлердің түбіне жеткен, басшыларының көзіне түсіп қалу үшін ештеңеден тайынбайтын, адам аяуды білмейтіндер осы жылдың көктемінде Азаматты бас бостандығынан айыру жазасына кеседі. Оны Талғар қаласындағы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдетуге жабады. Азамат осында жатып, белгісіз жағдайда қайтыс болған. Ата-анасына оны өзіне қол салған деп айтыпты. Ал шындығында оның өмірден өтуіне қандай да бір арнайы дәрі себепкер болған сияқты.

Бұл жөнінде аталған фильмде Азаматтың анасы Нұртай Жәкібаева айтады. «Екі жетіден кейін қылқынып өлді деп айтты. «Сүйегін беріңдер, енді одан сендерге қауіп жоқ қой», &ndash дедім. Берді. Үйге әкелгенде оны әкесі танымай қалды. Ұлым Арал, інім Қуаныш, Байкен, мен таныдық. Кешке жеңгем жаназасын шығарамыз деп молда шақырып келді. Молда табытты ашып, мәйітін шешіндіріп, жуындырып шыққанда: «Бала иманды екен. Мен қылқынып өлгендерді білемін, ол қылқынбаған, дәрі беріп немесе өздері басқадай бір жолмен өлтірген болуы мүмкін», &ndash деп айтты. Ол қазір «1-Кеңсайда» жатыр», &ndash дейді Нұртай апа.

Азамат өлең де жазатын бол­ған. Ол көрген-білген, сезгендерін, өзін толғандырған ойларды өлеңмен өріп, жасырын сақтап жүрген сияқты. Өкініштісі, оның өлеңдері жоғалып кеткен. «Азаматты үйде ешкім жоқта, мен жұмысқа кеткенде үйден келіп ұстап әкеткен. Төсегінің астында қалың дәптері болған екен, үйді тінткендер соны да алып кетіпті. Мұны маған көршім айтты, сол дәптер болмағанда қамамайды екен деп айтты», &ndash дейді Азаматтың анасы.

Ол кісі баласының артынан Талғардағы психиатриялық-неврологиялық диспансерге барғанда бірде Азаматтың өзіне:

«Сағындым тауымды да, тасымды да,

Сағындым досымды да, қасымды да.

Тереземнің алдына торғай қонса,

Ұмытам дәрі беріп ауыртқан басымды да», &ndash деп өлең оқып бергенін айтады. Яғни аты жаман «жындыхананың» темір торлы тере­зесіне бір  торғай күнде келіп қо­нады екен де, еркіндікті аңсап, құса болып отырған бозбала оған нан қиқымдарын береді екен. Азамат­тың өзіне бас ауыртатын дәрі бере­тінін жеткізген осы өлеңінен-ақ көп жайды аңғаруға болатын сияқты.

Әкесі оның өлгеніне өмір бойы сенбей өткен

Сол кездегі қоғамның тағы бір қатыгездігі &ndash ұлын жерлеген күннің ертеңіне жұмысқа кешігіп барған актер Қасым Жәкібаевқа басшылары ауыр сөз айтыпты. Бұл сөз жанына қатты тисе керек, ол да аузына келгенін айтып салыпты, сол үшін оны жұмыстан шығарып жіберген. Жай шығармаған «КЗоТ»-тың (Еңбек туралы заңдар Кодексі) «жұмысқа алуға болмайды» деген бабымен босатқан.

Дегенмен Қ.Жәкібаев отбасын асыраудың амалын тапқан, ол құрылыста жұмыс істепті. Әріптестері де талантты актердің өнер көгінен біржола жоғалып кетуіне жол бермей, оған қамқорлық көрсеткен, киноға оралуына жағдай жасаған екен. Талантты актер Қасым Жәкібаев бертінде, 2011 жылы 81 жасында өмірден өткен. Оны жұртшылық әсіресе Аяған Шәжімбаевтың «Жансебіл» фильмінен жақсы таниды. Бұл фильмде ол соғыста екі аяғынан айырылып, жат жерде қалып кеткен қазақ солдатының ролін сомдайды. Мүгедектер арбасына таңылған азаматты жанашыр орыс әйелі өзінің өтініші бойынша үнемі темір жол вокзалына апарумен болады. Сонда олар қосарлана да­уыстап: «Абыралыға баратындар бар ма екен?» &ndash деп Қазақстанға баратын адам іздеп жүреді.

Өзі де ер мінезді, қиындық пен қайғыны қыңқ етпей көтеретін дарынды актердің сол шақта сүйікті кенжесінен айырылып, ішқұса болып жүрген кезі екен. Соғыстың сұмдығын, адамның жан күйзелісін ашып көрсеткен сол фильмді көзге жас алмай көру мүмкін емес. Актер Қ.Жәкібаев бұдан басқа да көптеген фильмдерде ойнаған, мінез-құлқы әрқалай кейіпкерлердің болмысын аса шынайылықпен ашып көрсете білген. Оның кейінгі кездері «Перекресток» деп аталатын сериал­ға түскенін де жұрт біледі.

Актер Қасым Жәкібаев ұлы Азаматтың өлгеніне өмір бойы сенбей өтіпті. Ал ол кісінің батыр ұлы Азамат Жәкібаев еліміз егемендік алғаннан кейін, 1993 жылы ақтал­ған. Жоғарғы Сот оның ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тапқан.

Есімі елмен бірге жасай бермек

«Коммунизмге жақындап қалдық» деген жалаң ұран жұрттың санасын тұмандап, кеңестік идеологияның дәурені жүріп тұрған шақтағы қаршадай бозбаланың ертеңгі күнді көре, сезіне білуі &ndash таңқаларлық құбылыс. «Партия билетін өздері тастайтын күндер келеді» деп айтқаны арада оншақты жыл өткенде-ақ өмір шындығына айналды. «Коммуниспін» деп жүрген мыңдаған адамдардың заман ағымына бейімделе қалып, өздері жан-тәнімен қызмет еткен партиясынан қалай жерініп шыққанын жұрт біледі.

Сонда заманның орнында тұрмайтынын, енді көп өтпей өзгеретінін қазақтың қаршадай баласына не білдірді, не сездірді деген сұраққа қазірдің өзінде де жауап табу қиын. Себебі сол кездің жастары кішкентай ғана «октябрят» кезінен санасына сіңірілген құндылықтарға сенді, «коммунизм құрылысшысы» болуға ұмтылды, тіпті сол жолда қажет болса жан беруге де даяр еді.

А.Жәкібаевтың осындай орта, осындай тәрбиеден қиыс шығып, ересек, тәжірибелі адамдардың өзі тәуекел ете бермейтін күрес жолын таңдауын ғажайып құбылыс демеске лаж жоқ.

Анасы Нұртайдың айтуынша, Азамат кішкене кезінен кітапқұмар болыпты. Бірақ ол кітапты талғамай оқи бермеген, негізінен тарихи, ұлттық рухты жанитын кітаптарға аса құмар болған. Ондай дүниелерді Алматының көне заттар сатылатын базарындағы кітап сататын жерден іздеп жүріп тауып алады екен. Азамат О.Сүлейменовтің үлкендердің де түсініп, тісі бата бермейтін, сол кездері оқуға тыйым салынған «АЗиЯ» кітабын «Ақсай» базарынан алып оқыпты. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін, Әнуар Әлімжановтың және басқа да жазушылардың тарихи кітаптарын сүйіп оқитын болған. Мүмкін оның бойына ұлтын, Отанын сүйетін рухты осы кітаптар ұялатқан болар. Осы орайда жақсы кітаптың шын мәнінде тәрбие құралы бола алатынын да мойындайсың.

Дегенмен туабітті мінез болмаса құр еліктегеннен де ештеңе шыға қоймасы белгілі. Ал Азамат кішкентайынан өте өжет болыпты, арманшыл бала көп нәрсеге қызығып өсіпті, мектептегі спорттық үйірмелерге қатысыпты. Тыным таппай, көп уақытын табиғат аясында өткізеді екен. Сол кездегі Алматыда көпшілік болған, қазақты өз ана тілінде сөйлетпеген «аға ұлт» өкілдерінің астам қылықтары да оның намысын жани түскен сияқты. Мысалы, бірде ол «На улице Абая сидят три бабая» деп Абай, Құрманғазы, Жамбыл ескерткіштерін мысқылдап тақпақтаған орыс баласының үнін өшіріпті, бірақ өзгелері оған жабылып кеткен. Кішкентай Азамат топырлағандарға шамасы келмесе де олармен жалғыз өзі қайтпай төбелесіпті. Ол осындай жүректі ұл болған екен.

А.Жәкібаев өзін жұрт аты аталғаннан-ақ үркіп, зәресі қалмайтын «үш әріп» жауапқа алғанда да айтқанынан қайтпапты. Социалистік қоғамның кемшіліктерін ашық айтқан. Ал сот мұндай адамнан құтылудың оңай жолын қиналмай-ақ тапқан. Азамат Жәкібаевқа жүргізілген сот судьясы Алексеев деген оны психикалық-неврологиялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдетуге үкім шығарады. А.Жәкібаевқа «социалистік қоғамды қаралап, жала жапты, жалған ақпараттар таратты» деген айып тағылған.

Ал өмір оның ешкімге де жала жаппағанын, тек шындықты айтқанын, адамдарға жайлы, әділетті қоғам орнауын аңсап, сол жолда күрескенін дәлелдеді. Тек оның уақытынан ерте туып, ел тәуелсіздігін көре алмай кеткені өкінішті. Арамызда аман жүргенде Азамат Жәкібаев қазір 60 жасты алқымдаған, соңынан адам еретін ел ағасы болар еді.

Ғұмыры жастай қиылған азамат аңсаған мұраттар ескіріп қалған жоқ, олар адамзатты алға жетелеп келеді. Азамат Жәкібаевтың өмірі кейінгілерге үлгі-өнеге болып, есімі халықпен бірге жасай бермек.

Р. ҚЫДЫР.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста