Данияда Dragon әскери атағын иеленген қазақ қызы

Данияда Dragon әскери атағын иеленген қазақ қызы

Он тоғыз жастағы Ләйла Аюби – Дания қазақтарының арасында бірін­ші болып әскери борышын өтеп келген қыз. Ерлермен иық тіре­сіп, ауыр жаттығулар жасап, арнайы сынақтардан өткен Ләйла екі­нің біріне бұйырмайтын Dragon әскери атағын иеленген. Қазір жоғары оқу орнына түсуге дайындалып, сондай-ақ дом­быра­да шебер ойнауды үйреніп жүрген Ләйлаға хабарласып, әңгімеге тарт­қан едік.

 

 

– Әдетте әскери қызмет тек ер-азаматтарға тән деп ойлайтындар көп. Алайда бұл ойды теріске шығарып, әскерге барып, азаматтық борышыңды өтеп келгендердің бірі – өзіңсің. Әскерге баруға қызығуыңа не түрткі болды?

 

– Қазақстанға қарағанда Данияда қыздардың әскерге баруы қалыпты жағдай. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Бала кезімнен қыздардың әскерге барғанын көріп-естіп өскен соң, бұл маған таңсық болмады. Негізі кішкене күнімнен әскери әлемге қатты қызығатынмын. Мектеп бітірген соң бір жыл кеңседе жұмыс істедім. Сол кезде әскерге барған достарымның жаттығу жасап жүргенде түсірілген суреттері мен әскери форма киіп түскен суреттерін көріп, одан сайын қызыға бастадым. Сондай-ақ, әскерилер туралы киноны көп көремін, сол кезде «Мен де осылай әскер қатарында жүрсем ғой!» деп іштей ойлайтынмын. Оның үстіне әскер адамды тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді, физикалық тұрғыдан шыңдайды. Сөйтіп, қалай да болса әскерге шақыру алудың жолын ойладым. Оған қоса, мектепте бірге оқыған достарым да әскерге барғысы келіп жүрген, сөйтіп, барлығымыз бірге барамыз деп шешім қабылдап, дайындықты бастап кеттік. Бір айта кетерлік жайт, Данияда әскери борышты өтеу мерзімі – төрт ай. Бірақ әлемді жайлаған пандемияға бола біз үш ай ғана қызмет еттік. Бастапқыда әскерге баруыма анам қарсы болды. Бірақ барлығы жақсы болатынына сендіріп, көңіл қалауым екенін түсіндіріп, рұқсатын алдым. Сосын дәрігерлік тексеріспен қатар, психологиялық тестілеуден өттім. Сөйтіп, сыннан сүрінбей өтіп, Холстебор қаласындағы «Ютландия дракон» полкіне қабылдандым. Қателеспесем, әскерге шақыру алу үшін бір жыл уақыт кетті. Данияда әскерге көп адам баратындықтан бұл процесс осылай ұзаққа созылады.

 

 

– Сені көпшілік «Әскерде ерлермен қатар қызмет етіп, Данияда тұратын қазақтардың арасынан тұңғыш рет әскери атақ алған қыз» дейді. Ерлермен қатар иық тірестіру оңай емес екені белгілі, бірақ расымен бір отрядта ұл балалармен қатар қызмет еттің бе?

 

– Иә, бір отрядта отыз сарбаз болса, соның 10-ы қыз балалар болды. Оны айтасыз, казармада ұлдармен бірге тұрдық. Мысалы, біз бір бөлмеде үш қыз, бес ер бала бірге тұрдық. Көп жағдайда ер балалармен бірге жаттығамыз, бірақ қыздарға арналған бөлек жаттығулар да болды. Ер балалар қайта бізге көп көмектесті. Қиын тапсырмаларды орындау кезінде қыздар да бір-бірімізге көмектесіп жүрдік. Дегенмен ауыр жаттығуларға шыдамаған үш қыз әскери дайындықтан өте алмады. Әскери салада көп жыл бойы жұмыс істеген әйел қызметкерлер «Сендер ерлерге қарағанда көп жұмыс істеулерің керек. Өз ортаңда мықты болып көрінгің келсе, көп жүгір, көп жаттық!» деп бізді жігерлендіріп, «қайрап» отыратын. Сөйтіп, атыс полигоны болсын, ұрыс аймағы болсын, ерлермен тең дәpежеде қызмет атқару үшін барымды салдым. Бізді жігіт, қыз деп бөлмей, «Дракон туры» деп аталатын әскери-тактикалық ауыр жаттығуларға, сондай-ақ, бетпе-бет шайқасатын жаттығуларға да қатыстырды. Осының барлығынан мүдірмей өтіп, «Дракон» (Dragon) әскери атағын алдым. Ол сержанттан майорға дейінгілердің бәріне беріледі. Негізі, Данияда әскер қатарында болу үлкен абырой саналады, себебі бұл кейін қызметте жоғарылауға пайдасын тигізеді.

 

 

– Алдағы жоспарың қандай? Болашақ мамандығыңның әскери саламен байланысты болғанын қалайсың ба?

 

– Қазір биотехнология инженері мамандығы бойынша оқуға құжаттарымды әзірлеп жатырмын. Әскери қызметпен қатар, осы салаға да қызығушылығым мол болғандықтан, өзіме осы кәсіп расымен ұнай ма, жоқ па, соны түсінгім келеді. Ал бірақ әскери қызметті жалғастыра беретін боламын. Данияда әскери қызметке шақыратын еріктілер ұйымы бар. Сол ұйым арқылы бос уақытыңда әскери қызмет атқарып, полиция қызметкерлеріне көмектесу мүмкіндігі бар. Оқудан бос уақытта сол ұйым арқылы жұмыс істеуді көздеп отырмын. Жоғарыда айтып кеткенімдей, мұнда әскери қызметке орналасамын деген адамға барлық жағдай жасалған.

 

– Ата-анаңның Данияға көшіп келу тарихы туралы айта отырсаң…

 

– Білуімше, ата-бабамыз – Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының тумалары. Кейіннен ол кісілер қуғынға ұшырап, Өзбекстанға, сосын Ауғанстанға көшкен. Кейіннен ағаларым Иранға қоныс аударып, сосын Данияға көшкен. Мен Данияда дүниеге келгенмін. Осында біздің әулеттен тараған туысқандар көп. Анам Гүлше мен сіңлім Сара үшеуіміз ел астанасы Копенгагеннен кейінгі екінші ірі қала саналатын Орхус қаласында тұрамыз. Сара қаржыгер мамандығы бойынша жергілікті университетте білім алып жатыр. Ал анам зертханада ғылыми зерттеушілікпен айналысады.

 

 

– Қазақстанға келіп көргенсің бе?

 

– Иә, Қазақстанға үш рет бардым. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болдым. Сондай-ақ Түркістан облысында орналасқан Сарыағаш ауданына бардым. Маған Нұр-Сұлтан қаласының заманауи үлгіде салынған әсем ғимараттары ұнады. Одан бөлек, Алматының таңғажайып табиғаты да таңдай қақтырады. Сосын Сарыағаш ауылында тұратын апайымның мал ұстап, дәнді дақылдар мен көкөніс өсіріп отырғанын көріп, қатты таңғалдым. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген мен сол сапардан ерекше әсер алып қайттым. Жалпы, елге үш рет барғанымда да көп нәрсе білдім, әсіресе қазақ мәдениеті туралы көп нәрсені түсіндім. Негізі, қазақ мәдениетіне бұрыннан қызығатынмын. Домбырада ән айтуды үйреніп жүргеніме біраз уақыт болды, қазір бірнеше әнді орындай аламын. Алдағы уақытта домбырада шебер ойнағым келеді.

 

 Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста