ИРАН-ҒАЙЫП, ақын: Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік!

ИРАН-ҒАЙЫП, ақын: Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік!

Желтоқсанның 17-жұлдызында, Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан қасиетті күнде «Алмас қылыш» көркем фильмінің де тұсаукесері өтті. Республика сарайына жиылған қауым көптен күткен қазақ хандығы туралы фильмді көруге асыққан. Залға жиылған қауымда шек жоқ. Бәрінің көңілі күпті. Неге күпті болмасын, бұл ел-жұрт аңсаған, асыға күткен Тәуелсіздіктің арқасында дүниеге келген фильм болатын. Ел тәуелсіздігіне дейін Керей мен Жәнібек туралы кино түсірілмек түгілі есімдерін атауға қорқатын заман еді. Тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырып жатса, ол да тәуелсіздіктің жемісі.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кеш шымылдығын ашты. Фильмнің режиссері – Рүстем Әбдіраш. Сценарийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш, Тимур Жақсылықов.
Хош, сонымен «Алмас қылыш» көрсетілді. Көңілде көп ой қалды. Айтары жоқ, фильмнің ұнаған тұсы көп. Кемшіліктері де жоқ емес. Алайда, бұл қазақ хандығы туралы түсірілген алғашқы фильм ғой. Бұған фильмді көрген кіл игі жақсының ойы қандай? Сөйтіп, әрі-сәрі күй кешіп тұрғанымызда, белгілі ақын Иранбек Оразбаевты көзіміз шалып қалды. Таяғына сүйеніп, залдан үлкен оймен шығып келеді екен. Қазақ хандығы туралы фильмнің шыққанымен құттықтап, ақынға көкейдегі сауалымызды қойдық.

Халық – Құдайдың бір аты

–Көріп, біліп-таныған, «Қазақ хандығы» жайлы не айтасыз?
–«Қазақ хандығы» жайлы не айтайын, қарғам? Кешегі тірлігіміздің бәрі, сосын осы империяның қол астында сүрген өміріміз көз алдымыздан күні бүгінгідей өткен сияқты. Оның себебі, көп. «Моңғолдар» деп біз әдетте осы күнгі моңғол халық республикасын мекендеген халықтарды айтамыз. Бірақ моңғол халықтары құрамына олардан да басқа ойраттар, яғни қазіргі алтайлықтар, буряттар, тағы басқа ұлттар кіреді. Оның үстіне бұрынғы Кеңестер республикасында, Қытай Халық Республикасында өздерін моңғол тектес халықтар қатарына жатқызатын ұлыстар көптеп кездеседі. Жалпы моңғолдың этникалық бірлестігі Атыраудан бастап, Амурға дейінгі ұлан-байтақ өлкенің ежелгі, яғни жергілікті тұрғындары негізінде қалыптасқан. Осы жерлерді мекендеген сақтар, ғұндар мен хұндардың ұрпақтары бірін-бірі ығыстырып, ішінара ассимиляциялап, 10-ғасырда бұл жерлердің едеуір бөлігі моңғол тектес хирандардың үстемдігінде болды. Талай ауыс-түйістер болды. Ақыр аяғында, 13-ғасырдың басында бірнеше тайпалар мен хандықтар бірікті немесе біріктірілді. Сөйтіп Шыңғысханның ұлы моңғол империясының құрамына кірді. Бұл тарихтың әр кезеңінде келген құбылыс. Бұл жайлы кезінде Абай дана да айтып кеткен. Осыған қарап отырып, тарихқа тереңдеп ене білсеңіз, Шыңғысханның ұлы моңғол империясының құдды кешегі Кеңестер үкіметінің қызыл империясына өте ұқсас екендігін ұғынасыз. Жалпы, империялардың табиғаты, дүниеге келуі-кетуі, бәрі адамзат баласының тууы мен өлуі сияқты табиғи заңды, хақтық құбылыс деп есептеуге болатын сияқты. Кез келген империяның ақыр соңы – ыдырау. Бұған өзіміздің де көзіміз жетті. Өйткені, империя боданындағы әрбір халықты Құдай жаратқан. Табиғатты, тау мен тасты Құдай қалай жаратса, халықты да Құдай жаратқан пендесі. Біздің ұғымымызда, халық – Құдайдың бір аты. Ол халықты ешқандай империя өлтіре алмайды. Ол халықты Құдайдың өзі ғана өлтіреді. Халықтың өзі азғындап, алтын қалыбын сақтай алмағаны үшін осындай әрекетке барады. Ал империяның құлауының бір жақсылығы, біз халық ретінде оның тырнағынан босадық. Өзімізше, өмір сүріп жатқанымыз, тәй-тәй қадам басып, тәубеге келіп жатқанымыз – осы қызыл империяның ыдырауынан деп есептейміз. Бұған дәлел өзіміз көрген қазақ хандығы туралы «Алмас қылыш» фильмі. Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды. Өте дән ризамын. Осы киноны қоюды жоспарлаған билікте отырған адамдарға, оны жеке іске асырған министрлер тарапына да, «Қазақфильм» киностудиясына да, осы фильмді дайындаған бүкіл ұжымға шын жүрегімнен үлкен алғыс білдіремін. «Не көрдіңіз, қандай ойға келдіңіз?» деген сауалыңа, «Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік!» дегім келеді. Өтіріктің топырағына шындықтың бәйтерегін орнатып, оның жемісін күтуге болмайды. Ол жалған болар еді. Ал мынау біздің бірінші шынарымыз, бірінші бәйтерегіміз. Соның жемісін жегендей боп отырмын. Бұл – бір.

Шүкір! Тәубе!

–Бұл фильмнен халқыңыздың табиғи әз кейпін көріп, тани алдыңыз ба?
–Көрдім, көрдім. Таныдым, қарғам! Өйткені, бұған көмектескен күні кешегіміз. 1986 жылғы өз алаңымыздағы жанталасымыз. Халықтың рухани тұншығуы. Бұл кейіпті біз ғана кешкен жоқпыз. Бүкіл қызыл империя құрамындағы елдің бәрі бұл кейіпті бастан өткерді. Орыстың өзі де сол империяның құрбаны болды. Осының бәрін көзіміз көрді. Осы фильмнен кейін «Алмас қылыштың» авторы Ілияс Есенберлинді ұлы жазушы деген ойға келдім. Фильмнің сценарийін жазған Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш, Тимур Жақсылықов Ілекеңнің «Алмас қылыш» романын негізге алған екен. Және өте дұрыс таңдау жасаған. Өйткені осы тұста Керей мен Жәнібек ғана империядан бөлінген жоқ. Бір жағынан Жалаңтөс бастаған атауы қазақ қандастарымыз, бір жағынан қарақалпақтар, бір жағынан өзбек тайпалары бас-басына қарай шетке ығыса бастады. Оған Шыңғысханның ұрпағы Шайбанидың әмірі жүрмей қалды. Сондықтан осы тұста қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің кейпін көрдім. Шын тумысында, талант-тағлымында үлкен тұлғалық бейнесін көрдім. Олардың халқы үшін, оның бостандығы үшін жанкешті тірлігін көрдім. Осы орайға келгенде, әр нәрсе негізіне тартады ғой. Баяғыдан бері қазақ киносына көңіліміз толмай жүрсе, сенбей жүрсек, оның себебі, олардың көбі өтіріктің топырағында туындағаны. Жалғандық басым. Біз көсіліп айта алмадық. Негізгі бет-пердемізді аша алмадық. Сондықтан осыған дейін қойылып келе жатқан тарих фильмдердің дұрыс шықпағанының бір себебі, осында жатса керек. Бірінші рет, біздің (біз дегеніміз – өткен ғасырдың 30-40 жылы дүниеге келген ұрпақ, яғни өз қатарластарым) өмірімізге үңіліп қарап, «Е-е, біз осындай адам болған екенбіз» деп, бет-пердемізді сыпырғандай болып отырмын. Өзімнің бейнеме кино арқылы қарасам, өте аянышты. Өте бейшара қалыпта. Бірақ бақыттың нышаны білінетін сияқты. Ол нышан бізге, яғни біздің ұрпаққа не үшін керек? Тыныш өлуге, артқа алаңдамай кетуге септігін тигізетін сияқты. Тәуелсіздіктің өз мән-мағынасына келе жатқандаймыз. Осы киноны көріп, шүкір дедім. Шүкір! Тәубә!

Талант тегіне тартады екен...

–«Алмас қылыш» фильміндегі режиссер шешімі, актер ойыны, сценарийлік байлам... Көңіліңізден шықты ма?
–Кино менен театрды алып қарасақ, екеуінде айырмашылық бар. Театрдың өзінің көтеретін жүгі, атқаратын міндеті бар. Кино да сол сияқты. Мәселен, қазақ хандары туралы тарихи дүниені театрдың сахнасына шығарсақ, ол басқаша әсер қалдырар еді. Мұның аумағы театр сахнасына сыймаған болар еді. Киноның артықшылығы, біздің ұлан-ғайыр даламызға сыймай жатқан сияқты. «Алмас қылышты» оқысаңыз, жұп-жұқа кітап болып ғана шықты. Осы оқыған кезде, біздің тарихымыздың салмағы қылыштың жүзіндей ғана екен ғой деп менсінбеген сыңай танытқандар да болды. Сөйтсек, осы кітапта барлығы бар екен. Бүкіл кескін-кейпіміз, болмыс-бітіміміздің бәрі осы киноның бойында тұр екен. Бұған себеп болған нәрсе, автордың сол кездегі жазып кеткені ішкі рухани жанталасы және таланты. Туынды негізіне тартпай тұрмайды. «Алмас қылыш» талантты жазылмаған болса, бұндай дүние тумас еді. Өнерлі адамдарды қарасаңыз әрі композитор, әрі орындаушы, әрі күйші. Біз бір бақтың, бір баудың ішінде өскен жеміс ағаштары сияқтымыз. Әрқайсымыздың түйнегіміз, жемісіміз әртүрлі. Негізінен сырттан қараған адамға құлпыра бастағандаймыз. Мұны айтып отырғаным, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышын» сценарий жазған адамдардың түсіне білгендігі. Түйсінгені. Бұл режиссердің парасат-пайымына дөп келіп тұр. Әрі фильмді қоюға тиіс режиссердің қолына түскендігі. Және режиссер бүкіл Қазақстан аумағынан іздеп, өзімізде бар дүниені, өзіміздің алтын-күмістерімізді, қола мен жезімізді, өзіміздің «пайдалы қазбаларымызды» пайдалана білген. Бұл киноның ұлттық нышанда, халықтық қалыпта болуының себебі осында деп ойлаймын. Мәселен, осы кинодағы жүргізуші ретінде алынған Асан қайғы. Ол жүргізушінің рөліндегі адам емес. Бүкіл халықтың рухани ұйымдастырушысы, ұйытқысы болып тұр. Ақ маяның үстіндегі Асан қайғының (Иісбек Әбілмәжінов) кейпі күндіз-түні менің миымда, санамда. Оның әуелгі тарығуы, Шайбани империясынан бөлініп шығар кездегі күмәні, күдігі, түйенің үстінде тарыдай болып отыруы, өз жеріне келіп, халықтық қалпын тапқан кездегі нардың үстіндегі нардай боп отыруы, қас-қабағының жазылуы, болмыс-бітімінің өзгеруі, рухани гүлденуі – маған ерекше әсер қалдырды. Киноны кімге бастатуды, кімге бағыштауды білген. Бұл – режиссердің еңбегі. «Алмас қылышқа» сай. Өнерлеу, сырлау, әдіптеу – әсірелеу деген сөз. Сол Асан қайғының бейнесінен Ілияс ағаны көргендей болдым. Оны көруге де еріктімін. Өйткені, «Алмас қылышты» жазып, оны дүниеге әкелуге негізгі себепкер Ілияс Есенберлин ғой. Соның негізінде сценарий жазылып, соны режиссер қойып, оны актерлер ойнап шығып отыр. Сондықтан, Асан қайғының орнынан Ілияс Есенберлинді көруге рухани құқым бар. Екіншіден, не көрдім? Кешегі жанталасқан халқымды көрдім. Ішіп-жеміміз кем болған жоқ, әрине. Өйткені империяның коммунистік идеяларының негізгі қағидалары құраннан алынған деп айтып жүрміз ғой. Ол шын мәнінде солай болуы керек. Өйткені бір тармағында айтады: «адам адамға дос, бауыр». Оның несі жаман? Адамзат баласы қандай империяға кірсін, қандай қоғамда өмір сүрсін, өзінің қалпын өзгерте алмайды. Сол себептен де, тәрбиенің жақсысын алып қалу керек те, жаманынан жирену қажет. Біз қазір тәуелсіз ел болып, кешегі кеңес империясының жақсы әдеттерін бойға сіңіріп қалуды қолдайтыным рас. Сол халықты көрдім. Ашын-тоғын көрдім. Қарсылығын көрдім. Жалпы, халықтық ұғымға, бостандыққа шығу, азаттыққа деген ұлы аңсарды көрдім. Еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін. Бұл – менің көргенім. Осы халықтың сол талпынысын қолдадым. Сол сияқты ыдырау кезінде болатын процесстерді көрдім. Соған сендім. Жәнібек пен Керейдің рөлін ойнаған екі жігіт те жас актер екен. Бірі – Қайрат Кемалов, екіншісі – Еркебұлан Дайыров. Екеуінің де ойыны ұнады. Екеуінің түсіністігі, осы бейнетті бірге кешуі, тәуекелге бірге баруы, іштерінде халықтан басқа алаңның жоқтығы, әсіресе, ақ киізге орап, хан көтеретін тұстағы екеуінің толғанысы... Бұлар өздерін ойлап отырған жоқ. Олар халықты ойлады. Екеуінің бір адам екенін түсінгені. Және екеуіне ұлы Тараз жерінде ескерткішін неге қойғанын түсінгісі келмеген адамдар болса, мына фильмнен кейін түсінетін болады. Одан кейінгі көргенім, сол биліктің айналасында жүрген болашақ хандыққа енетін адамдардың образы. Олар бір нәрсеге ұмтылып, сүйікті болайын деп ойлап жүрген жоқ. Халықтың рухын қолдап жүр. Режиссердің керемет таланты, сценарийдегі дүниені елдің алдына жайып салудағы шеберлігі таң қалдырды. Халық боламын деп жанталасқан адамдардан кешегі Желтоқсандағы қыздардың қайратын көрдім. Фильмдегі «амазонкалардың» бейнесі. Балаларын артына асып алып, жауға қарсы қайратынан Ұмай ананың, адамзатты жарататын, өмірге әкелетін аналардың тұлғасын көрдім. Жанкештілігін тануға болады. Соны сезіндім. Осы фильмнен режиссер көрдім. «Тұлпар негізіне тартады». Негізіне тартқан тұлға көрдім. Ол менің марқұм досым Жарасқан Әбдіраштың тұңғышы Рүстем еді. Киноны көріп болған соң, Нәзікке бардым. Оны баласы білмейді. Екеуміз қосылып жыладық. Жарасқан тірі болғанда, осындай толғаныста болар ма едік, болмас па едік?!. Осы Тәуелсіздік жолында жоғалтқанымыздың көп екені есіме түсті. Көп рухани қазынамыздан айрылғанымыз есіме түсті. Оған себепкер көп нәрсе болды. Жарасқан айтпақшы, «біз соғыстан кейінгі ұрпақтармыз». Сол соғыстың зардабы, жастайымыздан кешкен бейнеттің әсері ме, суыққа тоңғанымыз ба, ыстыққа күйгеніміз бе, біздің ұрпақтан бірең-сараны ғана қалды. Соны есімізге алдық. Сосын тағы да шүкір дедім. Тәубеге келдім.

 

Досханның ойыны Голливудтың актерінен кем түскен жоқ

–Асан қайғы – жетекші образ. Жәнібек пен Керей – белгілі. Шайбанидың ханы образындағы Досхан бейнесіне не айтасыз? Әккі, алаяқ, қу. Бірақ тым жеңілтек боп кеткен жоқ па?
–Асан қайғыдан кейінгі маған ұнаған бейне – Досханның рөлі. Киген киімінде өзбек шатыс па, ұйғырға ұқсап кетті ме, киіміне кейбір адам наразы болуы мүмкін. Бірақ империяның тағындағы Шайбан шах бейнесін Досхан керемет ойнады. «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмінен алған тәжірибесін бұл рөлінде жетілдіріп, нығайтуы, реніш-қуанышындағы әккі, алаяқтық, данышпандық – маған өзгеше кереметтерді есіме салатын сияқты. Әкем марқұм: «Пәленбай жыл колхоз бастық болдым. Бастық болған адам рахаттанбайды. Өлең жазған кезде қалай қиналасың, біз де сондай кейіптеміз. Биліктің бес тізгіні болады. Сол бес тізгіннің біреуін өзіне тартса да болады. Қазіргілер бесеуін де өзіне тартады. Сонда қалай ел боламыз, қалай жұрт боламыз?» деп отыратын. Досханның ойынынан сол әкем айтқан биліктегі адамды көрдім. Масқара! Абай: «Халықты басқару үшін билік те, байлық та, күш те – бір адамның қолында болуы керек» дейді. Ренжіген кездерім болды Абайға. «Неге бір адам?» деп. Абайдың сөзі – рас сөз. Дүниежүзі Голливудтың әртістерімен мақтанады. Досханның ойыны Голливудтың актерінің ойынынан кем түскен жоқ.
«Осы фильм не болады?» деп қысылтаяң тұс тақаған кезде, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көмек бергенін, Министр халыққа жеткізіп айтты. Өз ризашылығын білдірді. Халық үшін Министр мен әкімнің бірлесіп, жұмыс істегеніне риза болдық.
Фильмде аса айрықша сезіммен айтатын тұстар өте көп. Мәселен, адамзат санасындағы «көшпенділер» бейнесінің кинофильмдік таңғажайып графикасы. Сосын Керей мен Жәнібектен соңғы болашақ қазақ хандарының «Бұрындық, Қасым және т.б.) келешек кескін-кейіптері. Сосын, көшпелі халықтың көші-қон графикасын ерекше сезіммен айтуға болады. Ең қастерлісі – «Қазақ жаны».
–Сонымен, не түйдіңіз?
–Айналайын, түйіндей алмай отырмын. Түйіндей алмайтыным, мен кино сыншы емеспін. Киногер емеспін. Менікі титтей ғана жылт еткен жақсылыққа жас балаша қуану. Ертеңіме деген сенімімнің нығаюы. Келешекте бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Хақ Алла Тағала соған ұйғарып тұрған сияқты. Осы олпы-солпы келбетімізбен, етек-жеңі жиылмаған қалпымызбен Мәңгілік елге айналып бара жатқан секілдіміз...

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста