«Көшпенділер» болмаса...

«Көшпенділер» болмаса...

Ауылдастың тайын оздыруға келгенде қиқуы мен көтермешілігі бойынан асып кететін қазақтың Есенберлин десе сырғақси сөйлейтін бір әдеті бар. Орысша ортада өскен, әдебиеттің арнайы оқуын оқымаған тау-кен инженерінің басқаны қойып «Көшпенділері» арқылы «Абай жолынан» соңғы жаңа бір дәуірдің басына шыға келуін – кездейсоқтық сияқты қабылдауға бейімбіз. Ол туралы сөз болса – жазушылығынан бұрын қайраткерлігі, азаматтық келбеті алға шығып кете береді. Көркемдікті сұлу сөзбен ғана өлшейтін қазағы оның шығармашылық шеберлігін мансұқтауға бейім. Асса «он бес жылда он алты роман жазған» жанқиярлық еңбегін, ешкім батып бара алмаған тақырыпқа түрен салғанын айтып, көмейінен ұзамайтын «ол негізі аса шебер жазушы емес еді» деген күлбілтені қымтауға тырысады да жатады...
Анығында, Есенберлиннің анау айт­қан­дай көркемдік сұрап қол жайған жері­жоқ. «Көркемдіктен де биік тұратын нәр­­­селер болады», – деп еді бір ағам. Егер көр­кемдік бал тамған тілмен ғана бай­ла­ныс­ты болса, Есенберлиннің жаппай оқыл­уын әлгі «нәрселермен» ғана түсін­діру керек шығар...
Ол нағыз романист болатын. Ай­шы­лық алысқа шалдықпай жетер эпикалық кең тыныс, көлемді шығарманың ұшы-қиы­ры жоқ алып аумағын құшағына сый­дыра алар алып құлаш, бір эпизодтың соңы екінші, үшінші, төртінші эпи­зод­тардың негізін салып барып бітетін бір­тұтас динамиканы еркін құратын. Үнемі қоз­ғалыс үстінде болатын, өз орнын, мін­детін бес саусағындай білетін кейіпкерлер еш­қашан да бір-бірінің аяғын басып кет­пейді. Оның кейіпкерлері – біріне-бірі қа­тал тәртіп арқылы «кіндігінен» бай­лан­ған Шыңғыс ханның тас түйін әскерін ес­ке салатын. Басынан бақайшығына де­йін құрыш құрсанған, қараған жанның қа­радай құтын қашыратын биік-биік қа­малға бекінген жауын да саудыраған көк темір мен үйілген топыраққа айналдырып өте шығатын құдіреттің төркіні – бірі шегінсе оның басы кесілетін темірдей тәртіпте жатыр. Осындай мығым әскердің жолында қандай жарақпен жасанған жау да дәрменсіз кепке түскен жоқ па еді...
Есенберлиннің алып құлашы мен кең тынысы сомдаған кейіпкерлер тол­қы­ны саналарда қатып қалған стереотиптерді бұзып-жарып өтіп кетті...
Ол көркемдік туралы түсінікті ғана емес, ұлт, болашақ жайлы қалыптасқан саналарды да жаңа арнаға бұрып жіберді. Баяғы жүгіріс пен үйреншікті шабысқа төселіп алған тәртіпті жүйріктерді алдымен бұл шабандоздың ұраны шошытқан.Мәңгілік коммунизмге қарай «уралай» бет түзеген сапты солдаттар тынышын бұзып, «Абылайлап» ат қойған бұған жан-жақтан дүрсе қоя берген.
Ал, кім үшін, не үшін шеру тартып ба­ра жатқанын ұмыта бастаған, тіпті, жа­лығуға айналған қалың нөпірдің аз ғана аң­тарылыстан кейін арқасы қоза бас­та­ған...
Әдеби орта белгілеп берген межеге сый­майтын жазушылар болады. Ол – ха­лықтың сұранысына ие болғандар. Көзіне шұқып кемшілігін көрсетіп, жоққа шы­ғарып баққандардың айғай-аттаны қа­лың ел көтермелеп әкеткен даңқына көлеңке түсіре алмайды. Көркемдіктен де биік өл­шемнің кілтін табу осы халық жүре­гін­дегі махаббатқа жол табумен байланысты болса керек.
Бір жылдық жоспары – бір роман бол­ған Есенберлиннің «өлермендігі» елу­ге ке­л­генше еленбеген жазушының басына ке­шеуілдеп қонақтаған бақ­тың қарымтасы еді. Бірнеше дас­тандары, өлең кітап­тары мен «Айқас», «Ға­шықтар» сынды романдары да оны ел назарына ілі­гер­дей биік­ке шы­ғара ал­­мады. «Ай­қас» романы Мемле­кет­тік сыйлық алып жатса да, «осы не бүл­діре қояр дейсің», – деген нем­құрайды көз­қарас оны – әдебиетте жүр­мін деп өзі ғана есептейтін, «бос орын­дар­ды толтыра­тын» «екінші сортты» жазушылардың қа­тарына кіргізе бастаған. Соншама уа­қыт бойы өзіне көңіл аудара қоймаған әдеби орта мен жалпақ жұртты жалт қарату­дың жолы – сенсация жасау еді. Есенберлин мұны қалтқысыз түсінді. Жұрт күтпеген тақырып – ешкім бармаған тарап – мансұқталып келген тарих болатын. Ескіден таныс Қонаевтың қолдауы­мен «жалғыз әдеби баспаға» директор болуы да осы мақсатқа жақындата түсті. Тіпті, қалауын сұраған басшыдан «Жазушы» баспасына өзі сұраныпты деген сөз бар. Баспаның екі тізгін, бір шылбырына ие болу жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын. Алғашқы меже – «жығылсаң нардан жы­ғыл» – «Қаһар» романы. Өзі айтқандай, «Ары қарай жеңілдеу...».
Бірақ ол көзсіз ерлікке басып, «қолдан кел­мес іске ұмтылған» жоқ. Ұлт-азаттық кө­теріліс пен революцияның тоғысында тұсауы кесілген, ақыл тоқтатқан шағында ашаршылықты көзімен көрген, репрессия жылдарында студент болған, қыз­метке араласқан, кейін соғысқа қатысқан Есенберлин сапырылысқан кезеңнің бет-бейнесімен жақсы таныс болатын. Кезінде өзі де қуғын көрген, Орталық Комитетте қызмет істеген қырағы Есенберлин қанша жерден жаннан күскен жан болса да болмасқа қара тер бола қоярдай көзсіз емес-ті. Оның мұндай қадамға баруының сыры біз айтып жүргендей көзсіз ерліктен гөрі, жан-жақты ойластырылған, асықпай тоқталған шешім болатын. Әккі түйсік темір құрсаудың Сталинмен бірге кет­кенін байыптап үлгерген. Хрущев тақтан тайған соң, Брежневпен бірге ұзын арқан, кең тұсау кезең орнай бастағанын көрді. Заманын қапысыз тани алды – қимылдар тұс келіп-ақ қалған. Ал, бұл кездегі қазақ оқы­ғандары – Сүлеймен патшаның мүсі­нінен қорқып, қия баспай заман жыл қыз­мет еткен жындарды еске түсіретін. Ста­линнің көзі кетсе де, одан қалған сара жол бұзылмайтын, бұлжымайтын. «Қаһар» шыққанда Мәскеуден бұрын Ал­матының қатты даурығуы содан. Қазақ жазушылары арасындағы айғай-аттан бірін-бірі аңдуға көшкен әдеби ортаның пейілінің көрсеткіші болатын. Негізгі кү­ресте осы пейілді жеңе алса, ар жақ­та­ғы­ларды «алдау» аса қиынға соқпайтыны анық еді.
«Қаһар» – жазушы ойлаған үдеден шық­ты. Жағаларын ұстай шулады, ман­сұқтады – жеңе алған жоқ. «Қаһар» – жазу­шының өзі айтқандай (жазушыға қойы­латын басты талап) «осыны жазбасам, әдебиеттегі арманым орындалмайды деген тақырып» еді. «Қаһардың» жарияға жетуімен қазақ әдебиеті мен тарихындағы заман жылдар бойы мызғымай жатып алған сең бұзылған. «Қаһардың» жарияға жетуімен Есенберлиннің көкірегінде бұлықсып жатқан бұлақтың көзі ашылған. Әдебиетте жаңа дәуір – Есенберлин дәуірі туған. Басқа жазушылардың санасын тарихи тақырыпқа бару туралы ойлар түртпектей бастаған.
Есенберлин үлкен даңққа жеткен еді...
Назар тоқтатып қарамай, селқос аман­дасып өте шығатын ызасы өткен әде­би ортаны бір дүрліктіріп, өзіне қа­ра­тып алған соң-ақ, ол армансыз ой­қас­таймын деп ойлады...
Бірақ оны алда жүйкесін жүндей тү­те­тін ауыр күрестер, қиын тартыстар кү­­тіп тұрған. Сөзін сөйлеген бірен-сара­ны болмаса, жаппай қарсы мақала ұйым­дастырған басылымдар оны ойлантпай қоя алмады. Әрқайсысы үлкен күшпен шыққан «Көшпенділердің» үш кітабынан соң, бұйдасын үзіп, бір жақты кете алмайтынын түсінді. Идеологияның қолайына жағатын күн тәртібіндегі тақырыптарды айналып өте алмайтынына көзі жеткен соң, «өтімді» романдар жазуды да қолға ала бастады. Бір інісіне: «ара-тұра өн­ді­рістік тақырыпқа да жазып тұру керек. Ол сенің негізгі шығармаларыңды өткізіп, негізгі мақсатыңа жетуге жол салады», – деп ақыл айтыпты кейініректе. Оның асы­­ғыстығы мен көп жазуының бір мәні­сі сонда. «Қолбасшының әскері, ғалым­ның лабораториясы, әртистің режиссері бар болса, сенің ешкімің де жоқ. Бар бол­ғаны алдыңдағы ақ қағазың, құны он тиын тұратын қолыңдағы қаламың.
...Се­нің өмірің кейіпкерлеріңнің өміріне, шығармаларыңның рухани байлығына айналады. Осындай жазушының өзі өлген күнінен мәңгі өлмес екінші өмірі басталады. Мұндай тіршілік үшін тірші­лі­гіңді аямауға болады», – дейтін Есен­бер­линнің «он тиындық қаламы» өзіне жол ашу үшін қай қиырға да барудан тартынбайтын. Ертеңіне аса сенімсіз бола тұра жазылған тақырыптар оның негізгі шығармаларына өткел болып қана қойған жоқ, кедергі де болды. Тым үстірт әрі тез жазу оның әдетіне еніп кетті де, жазу­шының қырағылығы мен ұқыптылығына кесірін тигізбей тұра алмады. Жазушы­ның өзі өзгелерінен артығырақ бағалап, жанына жақын тұтатын алты шығармасы: «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Мұхиттан өткен қайық», «Алтын Орда» романдарының қай-қайсы­сында да асығыс ойластырылған, жеріне же­те алмаған сенімсіздеу оқиғалар аз емес. Алғашқы болып жазылған соң бір емес, бірнеше адамның сүзгісінен өтті делінетін сең бұзар «Қаһардың» өзі сонау замандағы бүлікке толы қазақ даласы­нан Есенберлиннің тап-тұйнақтай жазу үсте­ліне жиі орала береді. Дерекке көп мән беретін жазушы тарихтың қойнауында өтіп жатқан оқиғаның ішінде бүгінгі за­манның костюмін киіп ап өзі де жүреді. Ол бар ойын кейіпкерлеріне айтқызуға тырысты. Бірақ «бүгінгі қоғам» деп сөй­лейтін ескі заман адамдары сенімсіз мінез көрсетіп қоя береді. Күні санаулы қалған Кенесарының түсі – тәлкекке түскен баба басының тарихын көрсетеді дегенмен, өте сәтсіз, шалағай ойластырылған. Әсіресе, Кенесарының мына сөздері: «...менің қу басым әлгі жұрт тамашалайтын сарайда тұра берді. Орысша білмеген соң атын да ұмытып қалдым, «өрім тәж» дей ме, «ерім тәж» дей ме әлгі үйді...». Кенесарының тү­сі­нің өзі нақты, дәлме-дәл тарихты ай­та­ды. Өзі жиған мол деректерді шашау шығармай, түгел қолдануға тырысатын. «Алмас қылыштағы» Әбілқайыр ханның «италиялық бір жиһанкез жолаушының жаз­ған кітабына» жүгінуі, Шыңғыс хан әс­керінің құрылымын сөзбе-сөз келті­ретіні де әлгі асығыстықтың салдары. Әйт­песе, Шыңғыс хан әскері жайлы де­ректі Әбілқайыр Марко Полосыз да бі­летін. Бұл кемшіліктердің себебін де айт­тық: Ол асығулы еді. Қолына тиген «би­ліктің» де, басына қонған бақтың да уа­қытша екенін білді – тым болмай бара жатса мансабымен ықтырып, тізеге салып болса да жазғандарын жарыққа шығарып қалуға тырысты. Алды-артын бағамдауға да мұршасы келмей, алға ұмтылды. Нашар денсаулығының емін – жатып ап ем қабылдаудан емес, тынымсыз қозғалыстан (дау-дамай, күрес, тартыс) іздеген Есенберлин кейінгі бір сұхбатында: «1984 жы­лы менің толық шығармалар жинағым шығады. Шамам келсе «Көшпенділерде» кеткен кейбір кемшіліктерді, жылдам айтылған жерлерін қараймын ба деген ойым бар», – дейді. «Жылдам айтылған» – өз кемшілігін, оның неден кеткенін жақ­сы білетінін аңғартады. 1969 жылдан бастап жыл сайын бір роман жазған жазу­шының «осы жарап қалар», – деп байсал тартқан, дегбір тапқан, жүрген жолына бір қарап, жеткені мен жоғалтқанын са­раптамаққа ниеттеніп, демін басып отыр­­ған бір сәтінде бақи ауып жүре бе­ріпті. «Алтын Орданы» шығарудың маша­қаты дәрігердің кеңесіне, ем-домына да қа­рай­латқызбапты. «Жазуға болмайды, өлесің!» – дегендерге бой бермеген бір­бет­кей, «ешкімнен, ештеңеден қорық­пайтын» Есенберлин «жүруге болмайды, өлесің», – дегенді де тыңдамапты. Әу бас­та үйінде отырып: «Бәйбіше, мен тағы бір тәуекелге бел байлап отырмын. Бүгіннен бастап Кенесары туралы роман жаза бастаймын», – деп, тас түйін бекінген сәті­нен бас­тап аттан түспеген жазушы ақырғы де­м­іне дейін сертіне адалдығын жоғал­т­папты.
Жетім қалса да, ешкімге жағасын жырт­қызбаған намысқой Ілиястың басынан өткен бір оқиға... Қала сыртына бау егетін атбасарлықтар күзге қарай арбалап қауын-қарбыз тасиды екен. Алдынан шыққан бала-шағаға бір-бірден тегін-ақ ұстатып кететін көрінеді. Бірде Микагоз деген біреу өзіне қарбыз дәметіп жақын­даған бір баланың басынан қарбызбен ұрып, сұлатып салыпты. Ыза болған балалар кек алмаққа бекінген. Жоспар бойын­ша ертеңіне Микагоздің алдынан тағы шығады, егер бүгінгі ісін тағы қай­таласа, тас жаудырмақ болып келіседі. Бі­рақ қиын бір мәселе бар: Микагоздің алдынан бірінші болып кім шығады? Бұл, сөз жоқ, ауыр соққы жеу. Қатерлі шаруа. Бар бала үнсіз қалған... «Мен шығам!» – де­ген сөзді Ілияс айтыпты сонда... (Ілияс Есенберлиннің туған інісі Раунақтың айт­қан естелігі бойынша).
7-8 жасында-ақ сансыз көп ертегі айтып (ойлап тауып), өзі құралпы балаларды күн ұзаққа жүгіндіріп қоятын Ілияс, «қа­ра күшке айланы қарсы қойып», бойы­ның қысқалығына қарамай, жасы өзімен қатар балалардың бәрін жығып, күрестен бас бәйге алатын Ілияс, соққы жеймін-ау демей қатерге бас тіккен Ілиястың бүкіл өмірі бала кезінен қалыптасқан осы үш қа­сиеттің тоғысында өтті.
...Оның «он тиындық қаламына» «Көш­пенділерді» жазу бұйырыпты. Бұл – жаңа дәуірдің басы екенін айттық. 86-да күтпеген жерден жастар көтерілді, бұл жастар – «Көшпенділерді» жата-жастана, ке­зекке тұрып оқыған буын болатын. Қа­зақ­тың ұл-қыздары намысқа шапса – Есен­берлиннің үлесі жоқ деп кім айта алар.
Оның шығармашылығынан «Көш­пенділерді» алып тастаса, Есенберлинде еш­теңе де қалмайды. «Көшпенділерсіз» біз­дің әдебиеттің бүкіл бір дәуірі басқаша қа­лыптасар еді...
• Темір қызған кезінде...
Ақырын жүріп, анық басатын, артық сөзі, асылық ісі жоқ. Ілекеңді мен ертеден білетін едім. Ол Ұлы Отан соғысынан жараланып қайтқан бойда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қызметке араласты. Тау-кен институтын бітірген инженер болатын. Орталық Комитетте нұсқаушы қызметін атқарды да, мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалғанмын. Маған сыпайылығы ұнайтын. Кішіліктен емес, кісіліктен туған және екінің бірінен табыла бермейтін қасиет еді. Әдетте ақындар асау өзендей буырқанып, тасып сөйлейтін, тіпті арқаланып алса көтеріліп кететінін талай көрдік қой. Оларды табиғи ерекшелікке, кейде ерлікке жорып, көрсек те көр­ме­гендей болатынбыз. Ілекең жұмсақ, өте қарапайым еді.
Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанмен, алыптың ісін тындырған азамат.
Дінмұхамед Қонаев.
• Ағынан жарылу
Ашқанын, болжағанын, күмәнданғанын қағаз бетіне түсіру – менің ең жақсы көретін шаруам. Мен – бұл кезде дүниедегі ең бақытты адаммын. Жалғанның өзге қызықтары, қобалжу, біреумен күресу, таласу – бәрі екінші сатыға көшеді, тіпті естен шығады.
* * *
Егер жазушы ең жақсы шығармалар үшін емес, өзінің атын шығару үшін қиналса, онда оның алаяқ саудагерден еш артықшылығы жоқ.
...Сын үлкен тасқа жармасқанмен күшеймейді. Сынның күші оның жақсылық тілеуінде.
• Темір қызған кезінде...
Оның творчествосы он-он бес жылда айрықша оқушылардың назарына ілінді. Көптеген шығармалары жұртшылықтан жақсы баға алды. Атап айтқанда, І.Есенберлин роман жанрының жетіле түсуіне, дамуына жақсы еңбек сіңіріп келе жатыр. Соңғы оншақты жылдың ішінде жазушының қаламынан алты-жеті романның тууының өзі оның творчестволық белсенділігін байқатса керек. Творчестволық белсенділік деген – ол жазу­шының өмірді терең зерттеуіне, дүниетанымының анықтығына, дарынның молдығына байланысты мәселе. Атап айтқанда, екі тақырып бойынша, екі сала бойынша Ілекең романдар жазып келе жатыр. Қазіргі заман тақырыбын өндіріп жазып жүрген жазушымыздың бірі сол. Сонымен қатар, тарихи тақырыпты меңгеру жөнінде І.Есенберлиннің еңбегі аса елеулі. Осы уақытқа дейінгі біздің қазақ романдары көп дегенде ХІХ ғасырдың ғана оқиғасын қамтып келді. Я болмаса содан бергі уақытты. Ал одан ілгері уақытты, көне дәуір оқиғаларын қамтыған шығармалар бізде санаулы десек те болады. Сол жөнінде бұл өзі жаңалық ашып, көп қызғылықты шығармалар берген жазушымыз.
Рахманқұл Бердібаев. 

writers.kz/journals/

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста