Мұстафа Кемал Ататүрік ұстаз тұтқан алаш арысы - Міржақып Дулатұлы
Биыл қазақтың біртуар азаматы, алаш арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 130 жыл. Осыған орай алаш зиялысының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректер ұсындық. Қазақтың ағартушылық, демократтық бағыттағы оқыған азаматтарының бipi - алаш зиялысы, талантты қаламгер, қоғам қайраткері, тарихи тұлға Міржақып Дулатұлы. Аумалы-төкпелі заманда елдің болашағы үшін атқарған күреске толы кызметімен де, шығармашылық мұрасымен де ол халқына аяулы, еліне құрметті. Міржақып қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойды. Өз шығармаларында туған елін оятуға ұмтылды. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болды.
Өзінің шығармашылық жолын ә дегеннен өлеңнен бастаған Міржақып проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы "Бақытсыз Жамал" романын жазды. Бұл қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман болды. Сондай-ақ алаш қайраткері "Оян қазақ" өлеңін жазды. Сол арқылы қазақ халқына үндеу тастап, жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырды. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ.
Mіржақып Дулатов алғашқы Қазақ Конституциясының авторларының бірі. Қазақтың тұңғыш математигі. Ол ең бірінші болып математикадан «Есеп құралы» деген 5 кітап шығарды. Міржақып Дулатұлын ұстаз тұтқан, азаттықты, аңсаған азаматтардың қатарында болған Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік. Ол 1917–1918 жылдары билікке келген кезде досы профессор Тайыр Шағатайға тапсырма беріп «Оян Қазақ!" кітабын түрік тіліне аударып шығарған еді. Осы кітапқа еліктеп «Оян, Түрік!» деген кітаптар да шыққан. Міржақыптың «Оян, Қазақ!" кітабы әлем елдеріне қатты әсер етті. Олардың қатарында Жапония елі де бар. Міржақып өзі де өлеңдерінде жапон ерлігін, ұлтын жырға қосқан. Соған орай кейбір азаматтар Міржақыпты өз іштерінен жапонның рухани ұстазы деп сыйлайды.
Жапондар Міржақып Дулатовқа еліктеп «Оян, Жапон!» деген кітап шығарған. 1997 жылы жапон ғалымы Уямо Томохико өз тілінде Міржақыптың саяси көзқарасынаң диссертация қорғады. Міржақып Дулатов 1918 жылы қазіргі Қытайдың Шәуешек қаласына барып, қару-жарақ алған. Осы сапарында Оспан батырды көрген. Ол кезде ол бозбала шағы екен. Міржақып Оспанға бата беріп, өзінің «Оян, Қазақ!" кітабын сыйға тартқан.
Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи есіміне байланысты тарихи деректерді, Абылай хан туралы тарихи мағлұматтармен қатар, халықтың аңыздарын, ақын, жыршылардың айтқанын да жақсы білетіні сүйсінерлік. Міржақыптың Қожа Ахмет Яссауи мешітінің тозып, бұзылмай, сақталуын, «мәңгіге қалуын» қажет деп санағаны, осы мәселеге арнайы тоқталып өткені-де біліктіліктің, парасаттылықтың белгісі. Алаш қайраткерінің айдауға кетерінде қызы Гүлнәр Міржақыпқызына айтқаны: «Есің кіріп қалды ғой сенің, Гүлнәрім. Мамаңа сүйеніш бол! Сабағыңды жақсы оқы! Біздің істеген ісіміз, ақ болады. Соған сенемін. Мықты болыңдар!». 1988 жылдың 4 қарашасында Республика Жоғарғы соты қылмыс құрамы болмағандықтан Міржақып Дулатовты біржола ақтап, шешім шығарды. Бір қызығы Міржақып Дулатов дәл Гүлнәр қызының туған күнінде, ақталған. Міржақып Дулатұлының қабірін тапқан, міржақыптанушы Марат Әбсеметов. Ол 1990 жылы жанкешті іздену мен саяхат барысында Ресейдің қиырындағы Соловки аралындағы Карелияның Соловецк поселкесінен Міржақып Дулатұлының қабірін тапты. Бірнеше зерттеу-сараптама негізінде мүрдесінің дәлдігі тұжырымдалды.
Әзірлеген Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
© e-history.kz