Қасым хан тұсындағы қазақ хандығы.
Қасым ханның “Қасқа жолы ” заңдары
Қасым ханның сыртқы саясаты. Шыңғыс-хан ұрпақтары үстемдік еткен Алтын Орда, Ақ Орда, Шағатай хандықтарының ыдырауына байланысты Шығыс Дешті –Қыпшақ даласы мен Орта Азия өңірінде жарыққа шыққан ұтқымалы ұсақ хандықтардың және осы хандықтардың тәж-тағына таласқан хандар мен султандар басқарған түрліше феодалдық топтардың тынымысыз қырқыстарынан, соғыстарынан қалжыраған халық бұқарасы бұл тартыстарды тиятын, аласапыранды аяқтататын біртұтас мемлекетті арман етті. Бұл өз алдына бейбіт өмір өткізуді аңсаған қазақ халқының көкейтесті мүдесі еді.
Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстар мен аласапыранқылықты аяқтатты, үнемі ер өліп, өріс бұзылып отыратын тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт береке орнады. Мұның өзі көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы дәстүрге бай мал жайылыстарынан мерзім бойынша тиімді пайдалануын, кезінде өріс-қоныс, жайлау-қыстауларына көшіп-қонуын, бейбіт өмір өткізіп, өндіріспен шұғылдануын қамтамасыз етті. Сөйтіп, әлеуметтік өндіргіш күштерді өсірді.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды. Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарихи-Рашиди», «Шайбани», т.б. деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, Қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген» . XVІ ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде хандықтың шекарасы Оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. Қасым ханның батыстағы территориялық иеліктері де ұлға түсті. Ноғай Ордасы бұл кезде ауыр дағдарысты басынан өткізіп жатқан еді. Ру басшылары, мырзалар, билер билік үшін өзара қарқысумен болды. Әбден қалжыраған Ноғай Ордасы рулары мен тайпаларының бір бөлігі қазақ хандары мен султандарының билігіне бағынып, елінен қазақ хандағына көшіп кетті. Осы кезде Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1 миллион адамға жеткен.
Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым- қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандары әр дәуірде елдің ішкі-сыртқы жағдайында туылған өзгерістерге үйлесіп, икемді сыртқы саясат қолданылып отырды.
Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі ұлы Князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Москва мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Европаға мәлім болды.
Қасым ханның ішкі саясаты: Қасым хан сыртқы саясат пен бірге ішкі саясатты да дұрыс жолға коя білді. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Қасым хан мемлекеттің саяси құрылымын нығайту жолында біраз шараларды жүзеге асырды.
Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Маслихат-султандар мен ру басшыларының съезі болды. Маслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды - соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселерді қарады. Маслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқысы болды. Маслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды. Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге заң қабылдау, жарлық беріп отыруға құқысы болды.
Ханның жанында неғұрлым беделді билер мен қауым ассоциация өкілдерінен тұратын Кеңесші ұйым- Билер Кеңесі болды. Ханның іс-қағаздарын жүргізіп отыратын, хатшылары мен кеңсесі болды. Бір ескеретін жәй, мемлекеттің орталық аппаратының тұрақты бір жерде жұмыс істейтін орны болған жоқ, сондықтан ханмен бірге көшіп-қонып жүрді.
Құқық (право). Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы- «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы- жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері мынау:
1.Мүлік заңы (мал –мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері).
2.Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар).
3.Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
4.Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері).
5.Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.
Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, атақ – даңқын асыра түсті. Әйгілі (орта ғасырлық) тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати («Тарихи – Рашиди») атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Бұрындықты тіпті ешкім де елең қылған жоқ» - дейді.
Сонымен, Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси экономикалық жағынан күшейіп нығайды . Оның тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Европаға, Руське мәлім болды. Русьпен дипломатиялық байланыс жасалды, ол байланыс осы күндері жалғасып отыр.
3. Қазақ хандығының қайта дәуірлеуі . Хақназар хан (1538-1580 жж).
Қасым ханнан кейінгі қазақ хандығының саяси жағдайы.
Қасым хан тұсында қазақ хандығының нығайғанына қарамастан , ол әлі орталықтанған мемлекет бола қоймады, мұның өзі Қасым хан өлгеннен кейін бірден байқалды.
Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң, оның мұрагерлері арасында өкімет билігіне таласқан ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстар туды. Сыртқы саяси жағдай қолайсыз болып тұрған кезде өзара қырқысудың зиянды зардаптары хандықтың жай – күйіне қатты батты. Қазақ билеушілеріне қарсы монғол және өзбек хандарының одағы қалыптасты.
Өзара қырқысу кезінде Қасым ханның мұрагері Мамаш көп ұзамай қаза тапты. Бұдан соң Қасымның немере інісі Тахир хан болды (1523-1533 жж.).
Тахир хан әскери – саяси істеріне олақ, дипломатиялық дарыны жоқ, қол астындағыларға қатал,қытымыр адам болды.Ол ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстарды тия алмады, бұған қарамастан төңіректегі елдердің бәрімен жауласты. Қазақ хандығымен үнемі дүшпандасып жатқан Шайбани әулетімен ғана емес, қазақ хандығының сенімді одақтасы болып келкен Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен де, Моғолстан хандарымен де жауласты.
Ішкі саясатта халыққа рақымсыз қаталдық істеу, сыртқы саясатта дос пен қасты айырмай төңіректің төрт бұрышымен түгел жау болу оны жеңіліске ұшыратты.
Тахир хан қазақ хандығының барлық жеріне түгел билік жүргізе алмады. Оның тұсында феодалдық қанаудың күшеюінен, оның үстіне Тахирдің қол астындағыларына қаталдығына наразы болған халықтар үнемі одан айырылып көшіп кетіп отырды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша: алғашқы Тахир хан қол астына Қарахан 1 миллион адамнан кейін 400 мыңдай адам қалған, бастапқыдағы он лек әскерден кейін 2 лек әскер қалған екен .
1533 жылы Тахир хан қайтыс болғаннан соң, қазақ хандығына Бұйдаш (1533-1534 жж.) хан болды. Ішкі енжарлық қырқыстар мен феодалдық соғыстар Бұйдаш хан тұсында да туып отырды. Сөйтіп, қазақ хандығы әбден әлсіреп, бірнеше иеліктерге бөлініп кетеді. Мәселен, Қазақстанның батыс аудандарында Ахмед хан, Жетісуда Тоғам хан болғаны белгілі. Міне, бұл Қасым хан қайтыс болған соң туылған ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстар салдарынан қазақ хандығының 3 бөлікке бөлініп кеткендігінің белгісі.
Сөйтіп, Қасым хан қайтыс болған соң қазақ хандығына туылған саяси дағдырыс 15 жылға созылды. Ішкі енжарлық қырқыстар мен феодалдық соғыстардың ауыртпалығы және күн санап күшейген феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын қатты күйзелтті. Сонымен қатар қазақ хандығын да әбден әлсіретті.
Хақназар (Ақназар) хан. Қасым ханнан кейінгі бүліктердің салдарынан әлсіреген хандықты нығайтып,біріктіруге Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580 жж.) әрекет жасады. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару,әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсетті.
Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тахир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен қазақ хандығын қайта біріктірді.
Ноғай ордасындағы феодалдық топтардың күресін пайдалана отырып, Хақназар ноғай мырзаларының көбін өз жағына шығарып алып, Жайық өзенінің сол жағындағы территорияны қосып алды. 1557 жылы ноғай мырзасы Исмаил орыс патшасы IV Иванға менің немерелерім, туыстарым Жайықтың арғы бетінде қалып, қазақ ханына қосылып кетті деп хабарлады* (Вельяминов –Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах, ч.2, с.333). Жайық өзеніне жапсарлас жатқан дала үшін күрес XVI ғасырдың 60-шы жылдарында да жалғаса берді. 1568 жылы орыс патшасы Ноғай ордасына жіберген Семен Мальцев “Ақназар патша мен Шығай ханзадының және Жалым ханзаданың қазақ ордалары және олармен бірге 20 ханзада Ноғайға келіп , ұрыс болды ”, - деп хабарлады. Бұл жеңістің нәтижесінде Ноғай жерлерінің бір бөлігі Хақназардың билігіне көшіп, қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы “Хақназарды қазақтар мен ноғайлардың ханы” деп атаған.
XVI ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай ордасы ішкі феодалдық қайшылықтар мен қырқыстардың және халық бұқарасының феодалдық үстемдікпен қанауға қарсы күрестерінің нәтижесінде бордай тозып, 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай ордасына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұл Қазақ хандығының қазақ тайпаларының және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолында Хақназар ханның жасаған жеңісті қадамдарының бірі еді.
Ноғай ордасының ыдырауы, оған қарасты қазақ тайпалары мен олардың мекендеген жерлерінің Қазақ хандығына қосылуы хандықтың Батыс – солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ хандығына жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде Қазақ хандығына дұшпандық позиция ұстады. Оның үстіне моғол билеушілері мен Қазақ хандығы арасында да қақтығыстар болып отырды. Осындай күрделі жағдайлармен есептескен Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Сырдария бойындағы Қазақ хандығының үнемі жауласып келген МауараннахрдағыШайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Орта Азиядағы ең ірі қалаларының бірі Ташкентті басып алуға бағытталған әскери қимылдарын тоқтатты. Сөйтіп, Шайбани Әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла екінші мен Қазақ ханы Хақназар қастаспай дос болып, өзаракөмектесу жөнінде «анттастық шарт» жасады, Хақназар ханның бұл дипломатиялық шарасы маңызды болды.
Сонымен, Хақназар хан тұсында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың орта Азия халқымен сауда – саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сонымен қатар Қазақ хандығы нығайып, қайта дәуірлей түсті.