Қазақ неге қырылды?..

Қазақ неге қырылды?..

Өткен жүз жылдық, яғни ХХ ғасыр күллі адамзат баласының тарихында ерекше орын алатын ғасыр болып сақталып қалады. Осы ғасырдың жағымды-жағымсыз жақтары орасан зор болды. Әуелі адамзат қол жетпейтін қиялдай болып көрінген ұшуды үйренді, мүмкін емес деп саналған ғарышқа ұшты. Ертегілер әлемінде кездесетін қиял туындылары шынайы өмірлік дүниелерге айналды, ғылыми-техникалық революция жасалып, бұрын ақылға сиымсыз деп келген түрлі дүниелер жасалып, күнделікті тұрмысқа енгізіліп, адам баласының игілігіне жұмыс жасап бүкіл өмірін жеңілдетіп берді. Бірақ…
Бірақ ХХ ғасырдың қасіретті жағы да басым еді. Арасына ұзақ уақыт салмай өткен бірінші және екінші дүние жүзілік соғыс салдарынан қаншама миллион адамдар зардап шекті. Әрі бұл соғыстар бұрын соңды болып көрмеген қатігездікпен жүргізілді. Бірінші дүние жүзілік соғыста химиялық қару қолданылып адамдарды асқан қатігездікпен, азапты өлімге душар етсе, екінші жаһан соғысы аса бір зәрулік болмасада өзгелерге өз күшін көрсету үшін атом бомбасын қолдану арқылы барлық қатігездіктің асқан шегіне алып келді. ХХ ғасырдың екінші жартысында әлем екі лагерге бөлініп, жаппай қарулана бастаған тұста да жасықсыз көп адам жапа шекті, сол зұлмат кезде ашылған Семей полигонының зардабы әлі күнге басылған жоқ.
Иә, бұл жалпы адамзаттың кешкен қасіреті. Ал тек Қазақ халқының басынан өткерген зобалаңын ешбір дұшпаныңа да тілеместей еді.
1730 жылы Кіші жүздің ханы Әбілхайыр сұлтанның ресей патшасына елші жіберіп, Орыс патшаларының бодандығын қабылдаудан басталған қасіреттің қара бұлты ХХ ғасырда қоюланып қалыңдай түсті. Қазақ аты айтып тұрғандай (“Қазақ” сөзі Сібір халықтарының атауында еркін азат деген мағына береді) ежелден еркіндікке құмар, намысқой халық. Ал отаршыл ел бодан халқының бұндай өрлігін көтере алсын ба, қазақты ұлт етіп жойып жіберудің қамын жасап жанталаса бастады. Ол үшін патшалық ресей саясаткерлері латынның “divide et impera” сөзінен шыққан “бөліп алда билей бер” саясатын ұстанып сол кездегі қазақ қоғамының асқынып тұрған дерті рушылдық пен жүзге бөлінушілікті қоздыра отырып ұлттың бірігуіне кедергі келтірді. Өзара мәмілеге келе алмай қырық пышақ болған руларды жеке-жеке езгіге салып, әлсіз рулардың жерін әлді рудың қолымен тартып алып, ішкі жақтан көшіп келіп жатқан преселендерге бөліп беріп, халықты аздыруға барын салып-ақ бақты. Дана халқымыздың “Бөлінгенді бөрі жейді” деген аталы сөзі осындай араздықтар себепті айтылса керек.
ХХ ғасырда күллі әлемді кезіп кеткен комунизм елесі патшалық Ресейде шынайылыққа айналды. Себебі отаршыл мемлекет болғанымен сан ғасырдан бері бұл елдің де іргесіне құрт түсіп шіріп тұрған еді. Ресейде ақпанда патшаны төңкеріп тастаған буржуазияны, қазанда аударып тастап билікке Болшевиктер келді. Келгенде езілген халықтаға “Сорлы кедей күнің туды азат болдың!” дей келді. Өзгелер тәрізді қарапайым шаруа қазақтарда оларға имандай сеніп қалды…
Осы азамат соғысы жылдарында да ұлт қамын жеген зиялылар қауымы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып біріге алмай қалды.
Сол кезеңдегі оқыған көзі қарақты қазақ зиялыларын үш топқа бөліп қарастыруға болады:
Алғашқы топ Әлихан, Ахмет, Мағжандар бастаған ұлт қамын жеген Алаш зиялылары. Олардың ұстанған идеясы Тәуке хан заманынан бері басы бірікпей өзара қырқысып жүрген қазақ рулары мен жүздерінің басын біріктіріп, Жапон мемілекетінің идеясына негізделген ұлттық демократиялық заманауи мемлекет құру болған.
Ал әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары Сакен, Ілияс, Бейімбеттер компартияның айтқан уәделеріне сеніп қалып, коммунистік ресей құрамында қала беруіміз керек десті.
М. Шоқай бастаған азшылық «Күллі қазақ бірігіндер!» деген Алаш идеясынан асып түсіп “Түбі бір Түрік бірігейік!”, деп ұрандатты.
Күллі қазақтың бетке ұстарлары болған аттың төбеліндей ғана зиялы қауым өкілдерінің ел басына күн туған сын сағатта, Қалмақ қаптаған кездегі ақсүйектер тәрізді бір мәмілеге келе алмай қалың қазақ кезекті рет қызыл империяның отарлық езгісінде кете барды.
“Езілген ұлттарға азаттық береміз, тіпті оларға жеке мемлекет болып бөлініп одақтан шығуға да рұқсат етеміз” деген Ленин сөзіне барлығы сеніп қалған еді. Бірақ бұл тек алдаусырату ғана болды. Жергілікті халықтардың көмегімен өз биліктерін нығайтып алған Мәскеудегі коммунистік билік әуелгі дербестік береміз деген идеясынан бас тартып, Сталиндік автономизация идеясына дейін төмендеп, бұратана халықтарды бір жола тұқырта отырып Ресей құрамынан кетпестей етіп байлап қойды.
Жүзі қара Лениннің тұсында да қуғындау зорлық-зомбылықтар болғанымен аз да болса демократияның, азаттықтың лебі есіп тұрған еді…
Қапыта атқан эссер Капланның оғынан оңала алмай көз жұмған Лениннің орнына, мүйзі қарағайдай өркөкірек әріптестері Троцкилер тарапынан шала сауатты деп саналып көзге ілінбей келген комиссар Сталин сайланған еді.
Сталин ХХ ғасырдың жұмбақ әрі ең қатігез адамы. Сталинді ешкім түсінген емес. Ол алып империяны басқарып отырса да басқалар сияқты байлық жинамады. Үнемі бір киіммен жүретін еді. Және ол мықты саясаткер де бола білді. Өзінің қол астына қараған көп ұлтты ұлан ғайыр територияны қалай етсе тұтастығын сақтап басқарып отыра алады? Бұл сұрақтың жауабын Сталин таба білді.
Оның тапқан жауабын қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, Қазақ ақты ерекше қастерлейтін халық. Сол ақтың, яғни сүттің бетіне қалқып шыққан қаймағын қалқып алсаң сүтте қасиет қалмайды, тек көк сүт болып маңызынан айырылады. Сол сияқты халықты бастауға абырой беделі мен күші жететін бас көтерерлерінің көзін құртып жіберсең, қарапайым қара халық айтқаныңнан шықпай қой сияқты айдағаныңа көніп, қайда қусаң сонда жүре береді.
Сталиндік жүйенің 30 жылдық тарихындағы КСРО-дағы адам шығыны, Романовтар әулетінің 300 жылдық тарихындағы адам құрбандығынан бірнеше есе көп. Әлем тарихында ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 миллион адам қырылып жойылыпты. Солардың 110 миллионы, немесе шамамен үштен екісі, коммунистік бағдардағы елдердің үлесіне тиеді. КСРО-да 1917-1987 жылдары 62 миллион адам жойылған. Сондай-ақ адамдарды жойқын қырғаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі туралы айтатын болсақ, бұл тізімнің ең басында ниеті қара Сталин тұр. Оның мойнына 42,6 миллион адамның қаны жүктеледі.
1934 жылдың 1 желтоқсанында Саясибюро мүшесі және ВКП(б) ОК хатшысы, Ленинградттық обкомның бас хатшысы С.М.Кировтың өлтірілунен басталған бұл қасіретті жылдар барлық кеңес халықтарына оңай болмады. Ал қазақ халқы үшін ерекше ауыр болды десек те болады.
Қазақ мемлекетінің басшыларын, ұлт қамын жеген интелегенция өкілдерін жазалау жедел және жантүршігерлік күйде жүргізілді. Репрессияның нағыз шарықтау кезеңінде яғни 1937-1938 жылдары, қазақ елінде тіпті НКВД-ны басқарған Залин мен Реденстер де репрессиядан қашып құтылмады. Сол жылдары бір ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың саны 25 мың адамнан асып жығылады. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен бастап Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның төрттен бірі «НКВД үштіктері» үкімімен, сот үкімімен атылып кеткен.
Сталиндік қуғындау қазақ халқын ерекше ойсыратып кетті. Демограф М.Тәтімовтің айтуынша, 1937-1938 жылдары «халық жауы» болып атылған қазақтар пайыз жағынан грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болған. Елінің еркіндігін аңсап, арманда кеткен алаш арыстары, ғалымдар, ақын-жазушылар, мешіт қызметкерлері болды.
Қазақ халқын қайтсек езілген ұлттар қатарынан шығарып өзге ұлттармен терезесі тең халық етеміз деп жанталасқан Алаш қайраткерлерінің 99% репрессия жылдары атылып, лагерьлерде қорлықпен азапталды.
Социализм кезеңінде жапа шеккен қарапайым қара халықты есепке алмаған күннің өзінде ат төбеліндей ғана азшылықтағы интелегенция өкілдерінің жаппай қудаланып кетуі ұлт келешегіне ауыр зардаптар алып келді. Бір ғана А. Байтұрсыновтың өлімі “Қазақ тілі” ғылымына ауыр соққы болып тиді. Сан ғасырлар бойы қазақ жерінде қолданылып келген Араб графикасын қазақ тіліне сәйкестеп жаңа қазақы алфавит жасаған және ең алғашқы суретті әліппе жазған еңбегінің өзі ол кісінің аталған ғылым саласының дамуына қосқан зор үлесі еді.
Және осы репрессия кезінде қудаланғандардың барлығы дерлік ақын-жазушылар болды. Ал олардың барлығының бір мезетте жоқ боп кетуі әдебиет саласын ойсыратып, сапалы шығармалар санын азайтып, орнына кеңес үкіметін орынды-орынсыз мадақтап, қазақы салт-дәстүрлер мен маңдай алды тұлғалардан жағымсыз кейіпкер жасап оларды халыққа жаман қырынан көрсетуші туындылар, жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кетті.
Бұл аталағандардың барлығы тек ХХ ғасырдың Сталин билік құрып тұрған алғашқы жартысындағы орын алған жағдайлар. Бірақ соның өзінде 1917-1919 жылдардағы азамат соғысы, 1920-1921 жылдардағы аштық, 1932-1933 жылдардағы ұлы жұт, 1937-1938-дің қаралы кезеңі мен 1941-1945 жылдардағы отан соғысы салдарынан Қазақ ұлты жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалдық.
Жүзі қараңғы Лениннің “Ресей халықтардың ұлы түрмесі” деген сөзі енді Қазақстанға қатысты айтыла бастады. Жергілікті халықтары азайып босап қалған Қазақ жерінде ендігі ГУЛАГ-тің лагерлері қаптай бастады олардың кейбірін атап өтсек:
1. Ақтөбе лагерь пункті. Ондағылар құрылыс жұмысымен айналысқан, химия зауытын салған.
2. АЛЖИР – Ақмоладағы «Отанын сатқан» зиялылардың жұбайларының, яки әйелдер лагері. Астана қаласына жақын жерге орналасқан.
3. ЖезқазғанЛАГ. Марганец және жез кенін өндірген, құрылыс жұмысын жүргізген. Тау-кен комбинатын салған.
4. КАРЛАГ лагерь басқармасы Долинка елді мекенінде орналасқан. Көмір, түсті металл қазып, ауыл шаруашылығымен айналысқан. 1932 жылы ашылған.
5. СтепЛАГ арнаулы лагері. Тау-кен комбинатында жұмыс істеген. Басқармасы Жезқазған қаласында орналасқан.
Және осы зұламат жылдарында Қазақияға сырттан сенімсіз ұлттарда көптеп көшіріліп әкелінді. Ал ХХ ғасырдың ІІ жартысында “тың және тыңайған жерлерді игеру”, “Қазақстан магниткасын салу” және тағыда басқа көптеген сылтаулармен жат ұлт өкілдері ішкі жақтан әкеліп қоныстандырылып Қазақстан көп ұлтты Республикаға айналып шыға келді. Бұл қорлықтардың барлығы аз болғандай, Семей өлкесін тартып алып Атом ядролық полигон аймағы етіп экологиямызды улады, болашағы жоқ деген желеумен көптеген ауылдарты таратып қазақша оқытатын орта мектептерді жаппай жауып, ұлтты орыстандыру саясаты жоғары қарқынмен өрістей бастады.
Аталған ахуалдың тек өткен жүз жылдықта болған қасіреттердің көрнекілері ғана, ал Қазақты жойып жіберу туралы құйтырқы саясаттар, жорықтар бұрынғы ғасырларда да болған еді, және Кеңестік кезеңде қазақты орыстандыру һәм дінінен бездіру саясаттың сан-алуан жоспарлары Мәскеу тарапынан үнемі қабылданып жедел түрде орындалып отырды.
ХХ ғасырдың басында А. Байтұрсыновтың “Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі үлкен мәселеге айналды” деген сөзі ХХ ғасырдың соңына әбден пісіп жетілген еді.
Енді ойланатын уақыт жетті… . Күні кеше Еуразияның төскейінде ат ойнатқан ер түріктің ұрпағы ешкімге дес бермеген қуатты Шыңғыс империясының мұрагері жауынгер қазақ қалайша заман ағымына шыдай алмай бодандық қамытын киіп, қаншама ғасыр өзгенің табанында езгіге түсіп, құрып кетудің аз-ақ алдында қалды?
Тарих қайталанып отырады, ендеше алдағы күні өткен қаралы күндерді қайталамас үшін, тарихтан алатын сабағымыз қандай?
Осы сұрақтардың жауабы біреу ғана болса керек, ол дана халқымыздың “Бірлік барда тірлік бар” деген нақыл сөзінде. Кезінде «кереметпіз» деп кеуде соққан ерлеріміз қыйын қыстау күндерде бас біріктіре алмай, әуелі жоңғардың талапайына түсіп Ақтабан шұбырып, Алқа көлде сұлады. Сол кезде сәл ес жиып қара қазақ біріге бастап еді, Шыңғыс тұқымдары ағайын арасындағы өкпе-назға бола, бір-бірінен сырт айналып тарыдай шашылып, шығыстан аранын ашып тұрған Аждаһа мен оңтүстіктен қоқандаған бауырлас Қоқан мен Хиуадан қашып, теріскейдегі ақ аюдың құшағына кіруге мәжбүр болды. Бірақ… Иә, көршіміз бізді құшағына алып тас кенеше қанымызды сорып келді.
ХХ ғасырдың басында дербестік алуға үлкен мүмкіншілік болған еді, тағы да сол бас араздық пен бірліктің жоқтығынан аттың төбеліндей аз ғана зиялыларымыз елді әр тарапқа тартып, соңы қызылдардың қырғынына салып берді.
Бірлік барда бірімізді біріміз түсінеміз. Бірімізге біріміздің жанымыз ашиды. Бірліктен кетсек қадіріміз қашады. Ырысымыз тарылады. Тарих дәлелдеп тұрған жоқ па, ағайын?!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМҚАН

namys.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста