Құнанбай жас Абайға ісімен үлгі болған
Қазақстанның халық артисі, танымал актер Досхан Жолжақсынов кейінгі жылдары режиссура саласында да еңбек етіп жүр. 2009 жылы оның Рымбек Әлпиевпен бірігіп түсірген «Біржан сал» фильмі жарыққа шықты. Былтыр ғана дүниеден озған жазушы, зерттеуші Таласбек Әсемқұловтың сценариі бойынша түсірілген ол фильм көрермен тарапынан жақсы бағасын алды. Биыл сол Таласбек марқұмның сценариін арқау еткен тағы бір тарихи тұлға туралы туынды – «Құнанбай» экранға шықты. Біз Д.Жолжақсыновпен сұхбаттасып, оның режиссерлік қадамдары жайында, әсіресе, оның жаңа киносы – «Құнанбай» туралы пікірлескен едік.
Біржанға тиген қамшы – ұлттың ұлы өнеріне тиген қамшы
– Досхан Қалиұлы, сіздің мықты театр және кино актері екеніңізді көрермен жақсы біледі. Дегенмен, кейінгі жылдары кинодағы актерлік еңбегіңізбен қатар режиссерлік қырыңызды да көрсетіп келесіз. Өзіңізді режиссура мектебінің қай сатысында жүрмін деп ойлайсыз?
– Жалпы, режиссердің де, әншінің де, күйшінің де, актердің де илейтін пұшпағы бір – өнер ғой. Ең бастысы, адамның бойындағы сол өнерге деген іңкәрлік дер едім. Менің қозғаушы күшім де сол болар, сірә. Режиссураның қай сатысында, қайсы деңгейінде жүргенін, мына мені былай қойғанда, ұлы мәртебелі майталмандардың өзі де дәл айтып бере алмас. Өнер адамының шын бағасын, егер ыждаһаты мен түйсігі жетіп жатса, көрерменнің өзі берер. Әйтеуір кейінгі жылдардағы атқарған іс-әрекетім әбден есейген шақтағы, ақсақалдыққа жол тартқан кезеңдегі пайым-байламыма сай шығар деп ойлаймын. Менің қазіргі дүниетанымым, ұғым-түсінігім, көзқарасым – әрине, кешегі студент немесе жігіт ағасы жасындағы Досханнан гөрі өзгешелеу. «Біржан сал» киносын түсіруге белсене кіріскенім, одан кейін «Құнанбай» фильмінің дүниеге келуі – санадағы сол өсудің нәтижесі.
«Адам жасына байланысты есейеді екен» деп еді баяғыда бір ағамыз. Расында да, уақыт өткен сайын пайым-парасатың, өнерге, өмірге деген өлшемің өзгереді. Ең негізгісі – өнерге деген ішкі іңкәрліктен айрылмау. Сол іңкәрліктің өзі-ақ жаныңды жай таптырмайды: ізденесің, оқисың, актер болған соң түрлі туындыларды тамашалап, өзіңше ой түйесің. Кейде бір актердің жақсы ойынын көріп, тәнті болған кезіңде «апырмай, мен қалай ойнар екем осыны, мына рөл маған тапсырылғанда мен қайтер едім?» деп, өзіңе өлшеп-пішесің. Міне, осы шығармашылық мазасыздық, өзін-өзі қамшылау, алға ұмтылу – актердің бойынан табылуға тиіс қасиеттер.
– Режиссураның тізгінін қолға алғанда бірден ұлы тұлғалардан бастадыңыз. Киноны түсірген режиссердің басты рөлді өзі ойнауы – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Көңілі екі жаққа алаңдаулы актердің ойынында, ісінде олқылық кетпей ме?
– Біріншіден, осыны мен ойлап та үлгермеппін. Төрт жасымда әкемнен домбыраны тартып алғандай үйрендім. Көзкөргендер: «Әкеңнің даусы керемет еді, ащы еді, сонау қозыкөш жерден естіліп тұратын. Біз ол кісіні дәл алдында отырып тыңдай алмаушы едік», – десетін. Ананың сүті, әкенің қанымен тараған тылсым дүние ғой бұл өнер деген. Баяғыда-ақ ұлылар айтып кеткен екен: «Сахнада актердің шеберлігінен гөрі оның далбаса батылдығы керек», – деп. «Далбаса» дегені – әлі ар жағында не бар екенін білмейді, бірақ, көзді жұмып тұрып кірісіп кететін нартәуекел батылдық. Мені режиссураға алып келген қозғаушы күш те сол – тәуекелшілдік болды-ау деймін.
Ал өз фильмімде өзімнің ойнауыма келсек, мен ондай тәуекелге тек өзім іштей дайын болсам ғана барамын. Алты-жеті жыл сол тақырыппен жұмыс істеп, зерттеп-зерделеп, өз қабілет-қарымыма өлшеп-пішкеннен кейін, үлкен ағалармен, басқа актерлермен, режиссерлермен әбден ойласып-ақылдасқаннан кейін ғана шешімге келемін. «Ойбай-ау, өзің тұрсың ғой, оң жамбасыңа келіп-ақ тұр емес пе?» деп, солар қолдаса ғана, оған қоса өзімнің жан-жақты дайындығым болған кезде ғана кірісемін. Әйтпесе қолымнан не келіп, не келмейтінін өзім де білемін. «Біржан сал» мен «Құнанбайға» баруым – сол мүмкіндігіме сенгеннен кейін болар. Нәтиже қалай болды, діттеген мақсатқа қаншалықты жете алдық, оны ел таразыласын.
– «Біржан сал» фильмінің соңғы жағындағы оңаша киіз үйде айтатын монологыңызда, негізінен, театр сахнасына тән бір ерекшелік бар. Сезімге қатты беріліп, тебіреніп, шалқып-шарықтау кино табиғатына қаншалықты келіңкірейді?
– Сахнада бола ма, кинода бола ма, актердің әр қимылының, тіпті, саусағын шошайтқанының өзі ақталуы керек. Не үшін актер солай істеді? Сол шағын көріністе неге дәл сондай әрекет жасады? Мұның бәрі өзін-өзі ақтап тұруға тиіс. Жалпылама «Біржан осындай болыпты» дей салмай, болмыс, мінез, ішкі толқу оның әр сөзінен, әр қимылынан аңғарылғаны жөн.
Егер өзін-өзі ақтап тұрса, көкейге қонып, кейіпкер табиғатын ашуға көмектесіп жатса, сезім шарпуы, тебірене толғау, шалқи немесе шамырқана сөйлеу – киноға жат деп кім айтты? Мысалы, Біржанды жұрт «жынданды» деп байлап тастар алдында оның зиратқа қашып барып айтатыны – қазақтың шаршағаны ғой! Мұның маңдайына тиген қамшы – қазақ халқына, жалпы сал-серілерге, ұлттың ұлы өнеріне тиген қамшы екен ғой! «Сарай ақыны, сарай күйшісі етігімен төрге оза ма деп қорқам. Саф өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам» дейтіні – оның ішкі қиналысы, күйзелісі ғой! Біз дүлдүл Біржан салды экранға сөйтіп алып шықпасақ, әрекетімізде не құн қалмақ, тәйірі?! Біржан сал мәдениетіміздің кемеңгері болғаннан кейін, біз оны солай сөйлетіп тұрмыз. Марқұм Таласбек Әсемқұловтың қаламынан туған әлгіндей әсерлі сөздерді, сүбелі ойды соның аузына салып отырмыз.
Құнанбай ұлттың арын сақтағысы келді
– «Құнанбайды қазаққа қайтарамыз» деп едіңіз бір сұхбатыңызда. Сол арман шындыққа айналды. Құнанбайдың кемеңгерлігін, ақыл-парасатын көрсеткіңіз келгені алғашқы кадрлардан-ақ байқалып тұрды. Бірақ, киноның көп уақытын Қодар мен Қамқаның арасындағы оқиға алып кеткендей. Олардың арасындағы қарым-қатынасты соншалықты айқындау неліктен қажет болды?
– Көркем туынды болғаннан кейін оның көрерменнің сезімін ширықтырар шынайы әсері болуы керек. Қодар мен Қамқаны билердің алдына жеке-жеке әкеліп тергеу, куәлер тауып, анық-қанығына жету, одан кейін шариғатқа сүйену, билер талқысына салу, ортақ шешімге келу, әлгі екеуін халықтың алдына алып шығып, түйенің қомына байлау, өлім жазасын орындату – осының бәрінің көрермен көңіліне әсері қандай болды? Қылмыс туралы ақпарды алғаш естіген сәтінен бастап, жаза орындалғанға дейінгі аралықта оқиға өрбуі, сәт сайын күшейе түсер драма динамикасы бар ма? Дауласу, ойласу, пікір алмасу барысында бір шешімге келу үшін тек Құнанбайдың, билердің тебіренісі ғана емес, жалпы оқиғада температура көтерілді ме? Ең бастысы осы.
Ал бұл – шын мәнінде болған оқиға. Тек ол жәйт Абай дүниеге келерден 7-8 жыл бұрын болған. Екіншіден, екеуін «өлді» деп түйенің қомынан алған соң, біраз жатқаннан кейін Қодар тіріліп кетіпті. Бірақ, «өлім жазасы» деп шешім шығып қойған, оны бұзуға болмайды. Сөйтіп, Қодарды, аяқ-қолын байлап, құздан тастаған екен. Сол құз әлі күнге дейін «Қодар тасталды» деп аталады.
Мұны Мұхаң – Мұхтар Әуезов те бекер алып отырған жоқ. Өйткені, бұл оқиға үлкен жүкті көтеріп тұр. Екіншіден, «Абай жолында» Қодар Құнанбаймен бетпе-бет келгенде: «Ей, Құнанбай, анау соқыр көзіңнің құнын менен алайын деп пе едің?» – деп айғайлайды. Біз мұны қоспадық, алып тастадық. Себебі, кинода Қодар Құнанбайға олай сөйлейтіндей дәрежеде емес. «Қодар, сен мына халықтың сотынан өтесің» дегенде, Қодар «Құнанбайдың де!» деп қалады. Сонда Құнанбай: «Менің орнымда басқа біреу болса да бәрібір осы соттан өтерің хақ!» – дейді. Бұл нені байқатады? Құнанбайдың мемлекетшілдігін. Бір Тобықтының ішінде болса да, заң низамын орнатқысы келді. Заң низамы деген – тәртіп.
Ол Қодар мен Қамқаны неге жазалады? Өйткені, ол ұлттың арын сақтағысы келді. Мен әу баста солай ойладым, кинода да солай шықса екен дедім. Қодар мен Қамқа оқиғасының маңыздылығы осында. Ұлы Мұхаңнан алғанымыз осы оқиға, ал қалған эпизодтың барлығы – көркем дүниелер. Ең бастысы, осы оқиға арқылы да Құнанбайдың болмысы ашылады. Оның жаза орындалған жерден үн-түнсіз кетуі, Түсіптің келіп әлі топырағы көмілмеген Қодардың жерін сұрайтыны – Құнанбайдың шын мәнінде әділ, кемеңгер адам екенін аңғартар жәйттер.
Баяғыда ақсақалдар айтатын көрінеді: «Құнанбайдың алдында Абайдың аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұратын. Өскенбайдың асында ол тіпті жас бала болатын», – деп. Менің ойымша, Құнанбай сондай болған. Абай Құнанбайдың кіндігінен 40 жасында жаралады. 40 жасында Құнанбай аға сұлтан атанады. Игілікті ісінің бәрін Құнанбай сол 40 жасына дейін атқарып тастаған. Оның жүріп өткен жолы, атқарған ірі істері – Абай үшін үлкен мектеп болған. Тек бір Абай үшін ғана емес, исі қазақ үшін де солай десек, жарасар. Тоқтап тұрған суда тазалық болмайды ғой, тек ағынды суда ғана тазалық бар. Өзін-өзі тазартып отырады. Сондықтан жаңашыл, ізденімпаз, қай жағынан алып қарасаң да талғам-таразысы мықты адамда кемшілік те болуы мүмкін, бірақ, қоғамды алға сүйрейтін кемеңгерлік сонда. Поляк Адольф Янушкевич өз жазбасында: «Жетісуды патшаның дәргейіне кіргіземіз деп Құнанбайды ертіп алып келе жатты. Сонда таңертеңнен кешке дейін Құнанбайға келушілер тарқамады, жас та, кәрі де келіп, өзінің мұң-мұқтажын білдірумен болды. Сонда бір адам бос қайтпады, ең болмағанда Құнанбайдың жақсы сөзімен, жақсы шешімімен шығып жатты. Құнанбай бір сөзін екі қайталамай сөйлейді. Мен мұндай шешенді,мұндай сөз зергерін алғаш рет көруім», – деп таңданады. Міне, бұл – тарих.
– Құнанбай қажының Қарқаралыға медресе, Меккеге үй салдырғанын қазақ жақсы біледі. Десек те, осы игі істер жайлы кино барысында бір ауыз айтылмауының себебі неде?
– Түрмеде отырған кезінде кітап ашуы, өз-өзінен күбірлеп отыруы – оның Аллаға мінәжат етуі емес пе? Содан кейін Абайдың мойнына дұғалығын іліп, «анау жар шетіне құжыра салдым» дейді. Онысы – мешіт. Бұл – алдымен Құнанбайдың бетбұрысы, оның халықтың алдында, өзінің алдында, Алланың алдында тазаруы. Содан кейін ғана «Ә, балам, бұл енді сен шешетін жұмбақ» дейді. Сөйтіп, Абайды құжыраға жіберіп отыр. Құнанбайдың бар ой-арманы, тілегі осында.
«Бұйда шешу» көрінісі не үшін қажет болды?
– Көрермен өмірде болған, естіген-көргенін экраннан сол қалпында көргісі келеді. Бұл фильмде де «Құнанбай сұлтанның қажылық сапары, жол азабын шеккені көрсетілмеді» деген пікірлер айтылып жүр. Кино заңдылығы бойынша кей оқиғалар астармен жеткізілуі керек қой.
– Бұл кей көрерменнің қарабайыр талабы десем, мені кешірерсіздер. Ауызға шайнап бергенді ғана жұтудан адам да өзгермейді, қоғам да дамымайды. Ұлы өнердің алдына қойған мақсатының өзі еш болады. Сондықтан көрерменді тебіренту керек, қозғау керек, «арғы жағын өзің ойлан, мен ойды айттым, оны түсініп, ары қарай өрбіту – өзіңнің үлесің» деп жетелеу керек. Бар болған оқиғаны тізбектеп сурет қылып көрсете берсең, ол өнер болмайды. Ол – қарабайырлық.
– «Құнанбайдың» алғашқы көріністерінде қолы артына қайыра байланған жалаңаш келіншектің түйенің бұйдасын тісімен шешетін сәті бар. Мұның киноға қаншалықты қажеті болды? Мысалы, «Қыз Жібек» фильмінде Жібек сұлу егескен екі батырға араша түсем деп қамзолын киместен іш көйлекпен тұра жүгіргенде жеңгесінің ұяттан жарылардай күйінетіні – сондай әсерлі, сондай ибалы көрініс. Ал мынадай келеңсіздікке қалайша жол бердіңіздер?
– Оны біз де ойладық, бірақ, бұл – Өскенбайдың асында болған дүние. Содан кейін атақты Сайдалының асында да болған. Шығысты аралап сурет салған жиһангездің бірі – Хлудов деген суретшінің картинасында әйел тіпті лыпасыз тұр. Негізінде, солай шыққан. Бұйданы тісімен шешкеннен кейін сол түйені бар жүгімен, сый-сияпатымен жетектеп әкеткен. Біз оны дәстүр демейік, бүгінгі күннің тілімен айтқанда, алқалы топта, жиын-мерекеде болатын бір шоу дейік. Мұны алып тастағанда да, қалдырғанда да ештеңе өзгермейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. 1-2 секундта болып өтетін дүние.
– Киноны тек фестиваль үшін түсіретін режиссерлер бар. Сіз не үшін түсіресіз? Қандай мақсат ұстанасыз?
– «Фестиваль үшін» деген сөзді мен «шет елге өзінің атын шығару үшін» деп түсінемін. Мен үшін маңыздысы – алдымен өзімнің сұранысым, одан кейін артыңда көрерменің тұрады, қаймана қазағың тұрады, «бір жерінен ши шығарып алмайын, ертең ел не дейді, ұлттық киноның заңдылығын сақтауым керек қой» деген ой тұрады. Әрине, бүгінгі заманның да кейіпкерлері керек болар. Бірақ, тарихсыз алға басу мүмкін бе? Хандығымыздың 550 жылдығын неге тойлап жатырмыз? Осының барлығы елдің өткенін бағалап, ертеңін бағдарлау үшін керек. Он сауатты қазақ отырып менің фильміме «ой, бәрекелді!» десе, маған сол да жеткілікті.
Өкінішке қарай, біз көбінесе көрерменмен санаспай жатамыз. Керексіз дүниелерге жарнама жасаймыз. Киностудия да, БАҚ та жарнамалайды. Болмашы дүниелерді көрсетіп жатады. Бұл бекер. Ал «Біржан сал» туралы ойларын алғаш «Егемен Қазақстанға» жазған Әбіш Кекілбай ағамыз еді. Сол фильмнің жарнама жағынан бір ұпайы кем болды. Неліктен екенін айту қиын. Өзім іштей сеземін. Керек дүние екендігі айтылып, жазылып жатты. Ал осыны алқалы топта ортаға салу, талқылау керек қой. Керек. Керісінше, керегі шамалы кинолар көп насихатталды. Өз басым оған қиналмаймын. Бірақ, өскелең ұрпақ үшін қиналасың. Онсыз да олардың талғамын ғаламтормен бұзып жатырмыз. Сосын олардың жаны қатқылданып, қазақы мінез-құлықтан айрылып, ұлттық құндылықтарымызға деген сұраныстың көзден ғайып болып бара жатқанын көресің. Өкініштісі осы.
Сұхбаттасқан – Толқын СҰЛТАНОВА
almaty-akshamy.kz