Құралай Күдеринова, филология ғылымдарының докторы, профессор: Елеусіз мазар — елдігімізге сын

Құралай Күдеринова, филология ғылымдарының докторы, профессор: Елеусіз мазар — елдігімізге сын

 Биыл қазақ ғылымының атасы, тұңғыш ағартушыларының бірі, атақты Шоқан Уәлихановтың туғанына – 180 жыл. Алайда қазақ ғалымдары ұлыларымыздың ұлықталу деңгейіне көңілі толмайды. Жақында Сүлейман Демирел университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасы мен Қолданбалы лингвистика зертханасының ұйымдастыруымен Академиялық клуб мүшелері «Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел!» атты апталық өткізді. Апталық жұмысын Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында жатқан ғалым қабірінің басына зиярат етумен аяқтапты.

Қазақтың біртуар ғалымы, ғұмыры жасындай жарқылдап өткен Шоқан бабамыздың басының қараусыз қалғаны ғалымдарымыздың көңілін күпті еткен екен. Назарларыңызға Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Құралай Күдериновамен әңгімемізді ұсынамыз. 

– Биыл ұлы бабамыз Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл. Алайда оны ұлықтау үшін мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай шаралар жасалмады. Тек Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте 19-21 сәуір аралығында халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бұл шара жыл сайын өтіп тұратын «Шоқан оқулары» аясында, сәл кеңейтілген форматта өткізілген. Оған Хакасия, Польшадан, өзімізден біраз ғалымдар келіп, шара өз дәрежесінде жақсы өтті. Бірақ осыдан өзге шара болмаған сияқты. Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бар. Ғалымның атын арқалаған сол институтта бірде-бір шара өтпеді. Бұның себебін қазіргі қаржы дағдарысына тірейді.

– Ал Сіздердің «Шоқан апталығын» өткізудегі мақсатыңыз не?

– Биылғы оқу жылының басында «Қолданбалы лингвистика» зертханасы аясында Шоқан Уәлихановтың туғанына – 180 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл және қазақ прозасының негізін салған — «Шұғаның белгісі» жарық көргеніне – 100 жыл толуына орай арнайы шаралар өткізуді жоспарладық. Бұл апталық сол зертхана аясында қолға алынды. Негізгі мақсатымыз апталықты әйтеуір кезекті бір шара ретінде емес, студенттер өздері ізденіп, ғалымның кім екенін танысын, ол үшін құрығанда бір мақаласын оқысын, суреттеріне назар аударсын, қандай отбасында тәрбиеленгенін, достары кім болғанын, қандай ұстаздан білім алғанын тереңнен түсінуге өздерін әрекеттенсін деген ой болатын. Мектепте Шоқан тұлғасы 1 сағатқа ғана сыйғызылады. Онда біз «Шоқан ұлы ғалым, этнограф, ағартушы, саяхатшы, географ, орыстың біліміне есік ашқан» деген сыдырма сөзбен шектелеміз. Университетте оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәнінде де Шоқанға арналған тарау мардымсыз. Ол кісінің негізгі ғылыми бағыты – география болса, география пәнінде де ол туралы мәлімет жоқтың қасы. Студенттерді Шоқанның дақпырты «шаршатты» шындығында. Өйткені көздері жетпеген соң білімдері саяз. Сол себепті де біз апталықты Шоқантанудан интенсивті курс түрінде өткіздік. Шоқанның біз біле бермейтін сөздерін, нақыл сөздерін университет теледидарынан жүргізіп отырдық. Салған суреттерін университет қабырғаларына іліп қойдық. Студенттер алдымен бір жарым ай «шоқантанумен» айналысты. Шама шарқынша Шоқан дүниесіне жақындай түсті дегенде апталықты бастадық. Ашылу салтанатында сөз алған академик А.Жұмаділдаев, профессорлар Д.Ысқақұлы, И.Әйтімбет сөздері шоқантанушыларға ерекше ой тастады. Шоқан жайлы деректі фильмді үлкен-кішіміз бірге отырып көру де айрықша әсер етеді екен. Әр күн студенттер үшін жаңалыққа толы болды. Шоқан мақалаларын оқыту үшін, викториналық сұрақтар, тест алынып, келесі күні жеңімпаздар марапатталып жатты. Апталықтың соңғы күндерінде «Шоқан феномені қазіргі жастарды неге қызықтырмайды?» деген тақырыпта еркін пікірталас алаңына шақырдық. Және Шоқанның айналасындағы көп сұрақтарға жауап алу үшін шоқантанушы ғалым, Санк-Петербург, Мәскеу әскери мұрағатынан жинаған мәліметтері көп профессор ағамыз Қайсар Құсайынұлымен кездесу өткіздік. Студенттерді Шоқан феномені қызықтыра бастағаны соншалық, олар кезедесу-дәрісті сондай бір ыждаһаттылықпен тыңдады, шынайы қызығушылықпен зейін салды. Сұрақтары да толастамады.

Сенбі күні Шоқан сүйегі жатқан жерге тәу ету мақсатында, Алтынемелге, Тезек төренің ауылына жолға шықтық. Біз, сөйтіп, «Шоқан апталығын» осымен аяқтай қояйық дегенбіз, бірақ бір нәрсе көңілімізде алабұртады.
– Ол не, сонда?

– Апталықты түйіндеу мақсатында, Шоқанның мұражайына және оның қабіріне барғаннан кейінгі әсеріміз біздің тыныш ұйықтауымызға мүмкіндік бермей отыр.
– Неге?

–Шоқан мұражайы Алматы-Сарыөзек жолында, Сарөзектен 23 шақырым жерде екен. Бұрынғы атауы Көшентоған болған екен, қазір Шоқан ауылы деп аталады. Бұрынғы Тезек төренің ауылы. Алтынемел ұлттық қорығының аумағында орналасқан, табиғаты ерен, қоңыр күздің өзінде көркемдігін бермей тұрған жер. Шоқан музейінің өзі сондай керім, сыртқы архитектурасының өзі ашылған кітап іспеттес, музейдің іші де аса бір жүйелі логикаға құрылған, киіз үй, басқұр, экпонаттарының орналасуы да көрнекті. Ішінде Шоқанның жүріп өткен жолын бейнелейтін қойдың 6 тонна жүнінен тоқылған карта ерекше көз тартады. Ол 36 шаршы метр қабырғаны алып, кіреберісте ілініп тұр. Экспонаттарының ішінде Өзі қолданған төрт қана заты бар. Олар – белдік, тостаған, кесе және қасығы. Қалғандары – көшірме.
Бізді қынжылтқаны — музей директоры Сәуле Әбішева ханымға бір ай бұрын хабарласып, баратынымыз жайлы ескерткенмен, ол кісілер алыстан ат арытып іздеп келген студенттердің апталықта алған білімдеріне қосатындай тұшымды білім бермеді.
– Гид болмады ма?

– Болды. Бірақ біз ойлағандай деңгейде емес. Біріншіден, ол кісінің қарсы алу мәдениеті (киім киісі, сөйлеуі т.б.) көңілімізден шықпады: сенбіліктен келгендігін айтты. Музей директоры болмады. Телефонмен сөйлесіп, жол көрсеткені болмаса. Гид бізге таныс деректерді жаттап алған қалпы сыдыртып айтып шықты. Жаңа дерек қоспады. Мысалы, Шоқанның өзі қолданды деген парша белбеудің тарихын тәптіштеп неге айтып бермеске? Оның музейге қалай тап болғаны, ғалым мұраларын кім сақтап жеткізгені қандай есте қаларлық білім берер еді. Көшентоған ауылында өткен Шоқан өмірінің соңына қатысты деректер туралы жұмған ауыз ашылмады. Экспонаттар бізге «сөйлемеді», әйнектің ар жағына телміріп қарап-қарап өттік. Бізге Шоқан әлі алыс қалды. Біздің түу бастағы мақсатымыз Шоқанның өмірі мен ғылыми мұрасына жақындау еді. Бірақ Шоқан сол экспонат қалпында деуге болады. Оның жанын түсіну, отыздағы лапылдап тұрған жас ғалымның асқақ арманын ұғыну, жүрегіне жол салу – арманымыз сол арман күйі қайтты. Музейден шыққаннан кейін өзен үстіне салынған көпір арқылы Шоқан Уәлихановқа орнатылған алып ескерткішке тап боласыз. Мүсін жота үстінде төменге қарап ойланып тұр. Ғаламат! Тамаша салынған. Шынымен алып тұлға ғой дейсің. Мұражай да, мүсін де Шоқанның 150 жылдығына арналып жаңартылып, жасалған екен.

Бұдан кейін біз ауылдан екі шақырым жерде жатқан Шоқан Уәлихановтың бейітіне жол тарттық. Бейітке барар жолды гид-апайымыз сілтегенмен, бізбен бірге барғысы келмегенін біртүрлі көрдік. Шоқанның қабіріне барар жол да, Шоқан ауылының кіреберісі де осы мұражай сияқты жөндеуден өткенде ғой десті балалар. Бір қара жол, қара ағашты қуалай тартқан бір қара жол Шоқан бейітіне апарады. Өзге жұртта қыршынынан қиылған ғалымның сүйегі туған жерінен жырақта жатқаны өз алдына, кеңес дәуірі кезіндегі белгісіз солдатқа қойылатын ескерткіштерден еш айырмасы болмай, сұрықсыз тұр. Айналасы аттап кіре салатын темір шетпен қоршалған, есігі ашық (қапсырылған). «Шоқан Уәлиханов 1835 – 1865» деген жазу бар. Әшейін бір қадалған қызыл тас. 1958 жылдан бері тұр екен. Қапсырылған есікті итере салып, ішке кірдік. Ал уда-шу басталды! Құран бағыштап, дұға ету үшін — Шоқан қабірі қайсы дейміз бір-бірімізге қарап! Бұрышта үстіне шөп өскен үйінді қабір жатыр (Шоқан сүйегі сол үйіндіде деу мүмкін емес). Ал ортада жермен жексен етіп құйылған тасқа шаншылып жаңағы «белгісіз солдат» ескерткіші. Болды, басқа ештеме жоқ. Студенттер Шоқан сүйегі үйіндіде дейді! Ол жерде Шоқан жерленген деуге ауыздары бармай тұрса да. Өйткені 30 шаршы метрдей жерде басқа кісі сүйегі жатыр деген белгі көрінбейді. Біраз абдырап алғаннан кейін үйілген топыраққа бағыштап, Құран оқыдық. Көңіліміз орнықпай, музей директорына телефон соғып сұрағанымызда Шоқанның сүйегі әлгі жермен жексен құйылған тастың астында екенін бірақ білдік! Сөйтіп, біз Тезектөренің інісі Көшентоғанның басына, арқамызды Шоқан қабіріне беріп құран бағыштаппыз. Кіреберіс алдымызда мәрмәр тасқа қашалып арабша және кирилше жазылған сөзді оқысақ та осылай жасаппыз. Бұл тасты ХІХ ғасырдағы Түркістанның генерал-губернаторы К.П. Кауфманның бұйрығымен сәулетші П.Зенков 1881 жылы қойдырғанын бізге музей қызметкері айтқан еді. Мәрмәр тақта Екатеринбургтен Омбы- Семей жолы арқылы келген. Тақтадағы жазуда: «Бұл жерде 1865 жылы дүниеден өткен штабс-ротминстр Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың сүйегі жатыр. Бұл ескерткішті Уәлихановтың ғылымдағы еңбегі ескеріліп, Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның тілегі бойынша генерал-лейтенант Колпаковский 1881 жылы орнатты»,− делінген. 1865 жылы Шоқан қайтыс болғаннан бұл жерге күмбез орнатылыпты. Құм мен балшықтан соғылған күмбез жаңбыр мен желден мүжіліп, құлап қалған. Бірақ құлағанға дейін Потанин Шоқан досының басына арнайы іздеп келгенде осы күмбездің суретін салыпты. Әдемі күмбез. Сурет музейде тұр. Шоқанның о бастағы бейіті төрт құлағы шығарылған, төбесінде күмбезі бар, шығыстық өрнекпен көркем көтеріліпті. Осы мазарды қалпына келтіргенде ғой…
Құлазыған көңілімізді мазардан шыға берістегі ақ дуал одан ары түсірді. Дуалдың арты — қоқыс.
Қайран Шоқан «Қазақ молалары мен жалпы көне ескерткіштері жөнінде» деген де мақала жазып үлгеріпті. Сонда: «Көбінесе мола деп қарапайым, сүреңсіз төбешікті, ұсақ тас үйіндісін немесе балшықтан соғылған тұрпайы ескерткішті атайды… Маңызы төмендеу молалар тұтас күйінде конус, төрт бұрышты пирамида түрінде соғылады да, кейде үстіне шошайған қосымша бұтақ қойылады немесе пирамида сатылана салынады..» (Уәлиханов Ш. Алтыншаһарға сапар Алматы: Атамұра, 2006. 23-24бб.) депті. Құдды өзінің моласын сипаттап тұр. Бірақ ғалым ондай моланы емес, «қазақ моласы мен оның төңірегінен қазақтың бар мәнер талғамы, архитектурадағы өнері, оюы мен бейнелеу салты байқалғанын» (осы еңбектің 23 б.), «жан-жағы 30 сажынға, биіктігі 6-7 аршынға, қабырғасының қалыңдығы 8 вершокқа теңелетін» бейіттер «қазаққа көбірек ұнайтынын, өйткені ол үшін зәулімдік – заттың сәулетті болуының бірінші шарты» (осы еңбектің 24б.) екеніне тамсанған. Мұны оқып, мұсылмандық көп зираттардың біреуін Шоқанға неге бұйыртпадық деген ой ішімізді тырнайды.
Сүймен Демирел университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасы 2013 жылдан «Ұлылар еліне саяхат» жобасын іске асырып келеді: 2013 жылы Абайдың туған жері – Жидебайға, 2014 жылы Мұқағали Мақатаевтың ауылына, Жамбылдың музей-үйіне студенттерді танымдық саяхатқа апардық. Сонда Абай ауылында Абай мен Шәкәрім қабірінің басындағы ақ шаңқан мәрмәр тастан қаланған мазарына барып, Ұлы тұлғалар мәңгі жасайды деген осы екен ғой деп риза болып қайтқанбыз.
− Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай мемлекет тарапынан ауқымды шаралар болмады деп отырсыз ғой. Ал ақпарат құралдарында насихатталу деңгейіне көңілдеріңіз тола ма?

Шынымды айтсам, «Қазақ әдебиеті» газетінің арнаулы санынан өзге тұшымды ештеңе байқамадым. Осы апталыққа дайындалар кезде мен жаңа ақпарат бар ма деп іздедім, таппадым. Қуантқаны – жақсы дайындалған деректі фильмдер бар екен. «Тайны великих людей» деген сериямен түсірілген фильмді қазақшаға да аударып қойыпты. Ал ақпарат құралдарында басқа ештеңе жолықпады. Осы бізде өтетін шаралар, істердің барлығы науқандық сипат алатындығы өкінішті. Бізде пафос көп, «керемет ғалым, ұлы, атақты» деген сөздерді көп айтамыз, бірақ неге керемет, неге атақты екендігіне мұраларына үңіліп көз жеткізбейміз. Мектеп бағдарламасында, «Қазақстан тарихы» пәнінде сағаттар, Шоқантануға арнайы пәндер енгізген жөн болар еді.

− Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста