«Смағұл саясаты жүзеге асқанда, 3,5 миллион қазақ аштан қырылмас еді»

«Смағұл саясаты жүзеге асқанда, 3,5 миллион қазақ аштан қырылмас еді»

Биыл қазақ халқының біртуар ұлы Смағұл Сәдуақасұлының дүниеге келгеніне 115 жыл. Айтулы жыл, ескерусіз қалмауы тиіс. Атаулы датаға орай, Алаштың арда ұлының сүйегінің күлін Мәскеуден әкеліп, елге жерлеу жұмысының басы-қасында жүрген алаштанушы, ғалым Дихан Қамзабекұлымен сұхбаттастық.

- Дихан Қамзабекұлы, бүгінгі сұхбатымыз Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен қызметі маңында өрбімек. 2011 жылы аталған тұлғаның сүйегінің күлін Мәскеуден елге жеткізу шарасының басы-қасында жүрдіңіз. Жалпы Смағұлдың қазақ пен Алашқа сіңірген еңбегін қалай бағалар едіңіз?

- Әдетте Смағұл Сәдуақасұлының жеке басы мен қайраткерлігі жайында сөз болғанда, көбіне өткен ғасырдың 20-жылдарындағы оқиғалар және кеңестік биіктегі қайраткерлігі, «садуақасовщина» ғана айтылады. Ф.И.Голощекинмен тайталасына баса мән беріледі. Оның үлкен саясатқа қалай келгені, өскен ортасы мен отбасы, елшілдігінің сыры, ұлтты қадірлеуі көп және кең қозғала бермейді. Оның да бірнеше себебі бар... Соған қарамастан көптеген кітап жазып, біршама зерттеу жүргізіп, ойымызды, тұжырымымызды оқырманға ұсынып жүрген жайымыз бар. Қайраткердің үш томдық шығармалар жинағын құрастырып шығардық. Смағұлды неге Алаш тұлғасы деп айтамыз?

Біріншіден, Алаш үкіметі бір күнде құрылған жоқ. Оның негізі болды. 1905-1907 жылдардағығы «Оян, қазақ!» рухымен жүрген саяси күрестің нәтижесінде патша өкіметінің билігіндегі қазақ даласында және қазақ саны көп қалаларда Алаш идеясы кең тарай бастады. Бұл идеяның басында жүрген белсенді азаматтардың қасына жалынды жастар жинала бастады. Бүгінгі тілмен айтсақ, «Алаштың жастар қанаты» қалыптасты. Омбыда осы бағытта «Бірлік» ұйымы құрылады. Осы қалада училищеде, гимназияда, школда (мектеп емес, себебі мұндай атаумен ол кезде мұсылмандық оқу ошағын айтқан) білім алып жүрген қазақ балаларының басын осы ұйым біріктіреді. Қызық ретінде айта кететін жайт, біздің ағайын көбінесе Уфа, Орынбордағы жәдитшілдік медреселерде оқыды. Бұл бүгінгі ұғыммен қарағанда «Қазақстанда оқу, дәстүрге сай оқу» сияқты. Ал, қалаларда ауылшаруашылық, кәсіптік, медициналық кәсіпке байланысты училищелерде оқу бүгінгі «Болашақпен» сыртта оқу секілді. Өйткені білімге сұраныс, таным мен тәуекелшілдік қатар жүрді. Қазіргі Қазақстандағы оқу орындарын кім жаман дей алады? Ол де өз ішінен жаңарып жатыр. Сол сияқты, мысалы, жәдитшіл медреседе оқығандар көп ізденді, ұлтқа көп жақсылық әкелді. «Медресе Ғалияда» (Уфа) оқып жүрген қазақ шәкірттері әдеби бірлестік құрып, «Садақ» деген журнал шығарып, өзара топтасқан. Омбыда училищеде оқып жүрген жастар бірінші шығармашылық журналын «Балапан» деп атаған. Сол кездегі баспасөз жастарды біріктіретін құрал болса, әлгі басылымдар, ұйым-бірлестіктер екі бағыттағы жастардың басын түгел қосқан. Кейін бертін келе, дәлірек төңкерісті 1917 жылдан 1918 жылға қараған кезде, «Бірлік» ұйымы Қазақ еліндегі бар жастар ұйымын жинақтап, «Жас азамат» деп өз атауын өзгертеді. Қазақ даласындағы жиырмадан астам ұйым өз еркімен, ұлт қажетін түсініп, жаңа ұйымның құрамына енеді. Осы «Жас азамат» ұйымын құрып, оның басы-қасында жүрген, алашшыл жастардың көшбасшысы – Смағұл Сәдуақасұлы еді.

Өзі молданың баласы, жасында мұсылманша оқығаны болмаса, кейін ылғи жаңа заманның оқу жүйесінде білімін көтерген.

1918 жылы бүгінгі Омбы жері мен қаласы, Қазақсатнның тұтас солтүстігі кіретін Ақмола облысында Алаш Орда ұйымын құруға атсалысады. Бұл жерде ақын Мағжан Жұмабаевпен тізе қосып қайраткерлік танытқаны белгілі. 1917-1918 жылдарға қарасақ, текетірес пен тайталасқа толы уақыт болған. Кеңес үкіметінің билікке жеткені белгілі болды. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан жастарды жинап, «биліктің бағыты анық болды, сендер енді жаңа үкімет жағына шығып, халыққа қызмет етіңдер» дейді. Бұл туралы Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» романында жазылған. Әлихан Бөкейхан сөздерінен үзінді келтірілген.

Бір топ қазақ жастарымен

Смағұл үлкен саясатқа Омбыда қадам басты. Бірнеше газеттерге басшылық етіп, жастар саясатына белсене араласты. Сөйтіп, ол 1920 жылы Қазақстанға келеді. Ол кездегі астанамыз – Орынбор. Ә дегеннен еліміздегі жастар ұйымына жетекшілік етеді. Бұл кезде заманға сай жастар ұйымы құрылып жатқан. Қазақстан комсомолының алғашқы көшбасшысы - Смағұл Сәдуақасұлы. Біз көп жағдайда, тарихымыздан сызып тастай алмайтын «комсомол» десек, Түркістан автономиялық республикасының комсомол ұйымына жетекшілік еткен Ғани Мұратбаевты айтамыз. Қазақстандағы комсомолға басшылық еткен бірінші қазақ - Смағұл, біз осыны шатастырмауымыз керек. Ол 1921-1922 жылдары бірнеше жауапты қызметті атқарады. Арасында ел жастарын біріктіретін «Жастарға – жаңа жол» атты кітап та жазды. Кейін Госпланға басшылық қызметке ауысады. Бүгінгі күнмен қарасақ, Экономика министрлігі ғой. Бөлім басқарады, бүкіл құрылымның орынбасары болады. 1924 жылы Госпланның бастығы болып тағайындалады. 1925-1927 жылдары Халық ағарту комиссары қызметін атқарады. Әдетте кеңестік комиссар жесе, есімізге үсті-басына былғары кепка мен плащ киген, қолында – наган ұстаған шолақ белсенді елестейді. Қазақстан автономиялық республикасының (Түркістанның да) комиссарлары – кілең адами келбетті Сейітқали Меңдешұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Тұрар Рысқұлұлы, Смағұл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Жағыпар Сұлтанбекұлы т.б. Титандар мен тұлғалар. Осының бірі Смағұлдың батырлығын, біліктілігін, шешендігін мойындады. 1925 жылы Кремль Қазақстанға қолы қалт етпей патшаның нәрестелеріне дейін атқан Ф.Голощекинді жіберді. Смағұлдың осы большавиктік комиссар терісін жамылған қанішермен текетіресі бірінші күннен-ақ басталды. Әрине, бәрін зерттеген қужақ (оны халық осылай деп атаған) қазақ ерлерін құртқысы келді. Бірақ сауатты Смағұл да оңай берілетін адам емес. Бірақ екі жылдан соң, 1927 жылы ақыры алып тынды. С.Садуақасұлының үлкен саясаттағы қайраткерлігі жеті-ақ жылға созылды. Сол аз уақыттың ішінде ол көптеген тірлік тындырады. Бастысы, Алаш пен кеңес билігін қазақ ұлтының мүддесіне сай мәмілелестіріп, өз кезеңіне сай халықшыл, әлеуметшіл талай жобаларды жүзеге асырды. Бұл -  ауыр жылдардағы күрмеуі өте қиын шаруа еді. Смағұл керемет тактика ұстана отырып, жол таба біледі. Большевиктер көсемі Лениннің сөздерінен сілтеме келтіре отырып, ұлтқа пайдалы істер тындырады. Тағы бір айта кететін факт: 1923 жылы біраз адам сырт айналған Әлихан Бөкейханның қызына үйленді. Смағұлдың жары Елизавета Әлиханқызы Бөкейханова - Мәскеудің медицина институтын бітіріп, кейін докторлық қорғаған, ғылыми еңбегімен Ресейге танылған тұлға. Ол да талай азапты бастан кешті. 1971 жылы Мәскеуде қайтыс болды...

- «Елшілдігің сыры, ұлтты қадірлеуі көп және кең қозғала бермейді. Оның да бірнеше себебі бар» деп қалдыңыз. Ол не себеп?

- Жалпы бұл мәселені Алаш құндылығы тұрғысынан айтқым келеді. Мағжан «саясат – ағаш ат» деген. Бүгін саясатта жүрген көп кісі одан шыққан күні «батыр» бола қалады. Сол батырлығын бұрын неге көрсетпеген. Әрине, мәселе басбұзарлықта емес. Саясат – ел басқару шеберлігі. Саған мүмкіндік берді, елге қызмет ет. Осы күні де, ол кезде де көп жас «саясат – танымалдылық, материалдық жағдай жасау» деп түсінген. Алаш құндылығы саясатқа ел тағдыры үшін кіршіксіз ниетпен, шын қайраткерлікпен баруды, жұмыс істеуді көрсетеді. Жалған айту мен өтірік сөйлеу дағдыға айналған бүгінгі заман қайраткері, әрине, Алаштан және Смағұлдан қорқады. Өйткені, ондай емес. Мұны «психологиялық патология» деуге болады. Ау, егер сенің еліңнің дамуына, ұлтыңның парасатына өлшеусіз үлес қосқан толқын, тұлғалар болса, оны әз тұтып, төбеңе көтермейсің бе? Мен одан да сорақысын айтайын, Қазақстан жерінің тұтастығына қызмет етіп, осы жолда мерт болған Алаш арыстарын жергілікті шенеуніктердің көбісі білмейді. Мен айтар едім: Қызмет академиясында, «А», «Б» және тағы басқа алфавит  басындағы әріптермен таңбаланатын корпустарға маман таңдайтын сәтте Алаш тарихынан және Алаш тұлғалары еңбегінен емтихан алу керек. Сонда көбінің көзі ашылады. Ашылмаса, сәл бір саңылау пайда болады. Сіз оны айтасыз, Қазақстанда Абайдың бір өлеңін түсініп оқымағандар нан тауып, үлкен орындықтарда қонжиып отыр...

Ұлт театрын ашқан сәті

- Смағұлдан ұрпақ қалған ба?

- Сүйген жары Елизавета екеуінің бір ұлы болған. Аты – Ескендір. Ол 16 жасында фашизмге қарсы соғысқа өз еркімен сұранып барып, сонда қаза тапқан. Білетіндер Мәскеуде Ә.Бөкейхан тұрған пәтер басында С.Садуақасұлына берілген деседі. Білуімше, ол – қуықтай ғана үй, «полуторка». Әрқайсы бір елді басқаратын тұлғалар амалсыз сондай тар үйде тұрған. Ескендір ата тәрбиесін молынан көрген. Қайтесіз, қыршын кетіпті. Әкесі мен атасын Кремль жалмаса, өзі де сол жердің және әлемнің жадағай саясатына өртеніп кетті. Туыстарын кеңестік фашизм өлтірді, өзін немістік фашизм құртты.

Әйелі Елизаветамен

- Неге сол кезде Ескендір есімі кең танымал болды?

- Рас, сол кездегі қазақ зиялыларының көпшілігі ұлына Ескендір есімін көп қойған. Тұрар Рысқұлұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, тағы да басқа зиялылар перзенттеріне осы атты таңдаған. Смағұл да соны қош көрген. Қарап отырсақ, заман ағымы тез айналып жатыр. Александр Македонскийдің даңқы мен жастай болса да даналығы қазақ даласына кең танымал болды. Менің шамалауым осы. Зұлқарнайын Ескендірді «Ескендір» еткен – ұстазы Аристотель. Қаһарманның арманы да, аңсары да зор болатын. Алаш зиялылары осы атты таңдағанда, арғы жағынан азаттықты аңсауы, бергі жағынан Еуропа ықпалдастығына өз үнімізбен баруды ойлағаны (енді Александр деп тұрған жоқ қой) аңғарылады.

- Сонда қазақ зиялылары тығыз байланыстағы Ресей мәдениетінен асып, Еуропаға ұмтылған ба?

- ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ даласы Ресейді Еуропа деп таныған. Мысалы, Қошке Кемеңгерұлының «Казахский язык для европейцев» («Жабыропалықтар үшін қазақ тілі») деп аталған оқу құралы Қазақстандағы орыс қызметкерлеріне арналған. Ол кездегі Ресей зиялыларының басым бөлігі еуропаша білім алғаны, еуропалық тілдерді еркін меңгергені, сол мәдениеттің негізінде Ресей мәдениетін жаңғыртқаны рас қой. Осы аяда бүгінгі олардың ресми билігі бұл әлемдік өңірден безіп жатқаны, оларды әсіре жамандауы қызық көрінеді.

Смағұл Сәдуақасұлы өмірлік тәжірбиесінде әлемдік құндылықтарды қазақтың тұрмысына лайықты жарату бағытын ұстанды. Мысалы, оның қызметінің бір бағыты - журналистика. Осы салаға қатысты ол арнайы білім алмаған. Халықпен жұмыс істеу үшін міндетті түрде баспасөзге жазу қажет. Сондықтан Смағұл қазақ және орыс тілдерінде еркін жазған.

Ол 1918-1920 жылдары Омбыда кооперациямен айналысатын «Центросибирь» атты ұйымда нұсқаушы болып жұмыс істеді. Ол осы мекемінің «Трудовая Сибирь» деп аталынған салалық журналына үзбей өзекті материалдар жазып тұрған. «Нужды аула» деген көлемді мақаласында қазақ халқының білім және денсаулық саласын талқылай келе, жаңа өмірге қалай енуіге болатыны жөнінде ой толғайды. «Неге сан миллион қазақ жаңа өмірге ене алмай отыр? Не істеу керек?» деп, өткен тарихымызға біршама шолу жасайды. Сөйтіп, қазақтың малы, оның сүті, жүні, терісі қалай ұл экономикасын көтере алатыны жөнінде пікір айтады. Арада жүз жыл өтті. Былтыр ауылға барсам, өзен жағасында қойдың жүні шашылып жатыр. «Обал емес пе?» десем, жерлестерім: «Ешкім алмайды, қазір бұл мусор болып қалды ғой» дейді. Қанша ғасыр өтсе де, қазақтың жер жағдайына байланысты оның экономикасы – малы яғни аграрлық тірлігі. Смағұлдың 18 жасында жазғанын бүгінгі бірнеше 18 жыл шаруашылық басқарғандар оқыды ма екен? Оқып, ой түйе алды ма?.. Шәгім бар...

Осы журналда оның тағы да «Киргизская литература» атты очеркі шыққан. Ол кезде қазақ «киргиз» деп атанған ғой. Осы очеркінде қазақ әдебиетінің сол кездегі жай-күйі мен бағытын терең талдаған жас жігіттің біліктілігіне таң қаласың. Смағұл бағдарлаған әдеби үдерісті бүгінгі әдебиетші профессорлар біле бермейтіні шындық. Сонда ол Абайдан бастап, Жүсіпбек, Мағжандардың шығармашылығына өз бағасын береді. Алаш газет-журналдарының бағытына, мазмұнына шолу жасайды. Осыны жазған адам жап-жас жігіт, тіпті бозбала дегенге адам сенбейді. Міне, Смағұлды ізденісі, талабы, көп оқығаны осындай тұжырым жасатады. Ол айтқан пікірлерді араға тоқсан жыл салып, біз амалсыз қайталап айтып жүрміз. Өз заманынан ерте туған арда азамат қой. 1918 жылы Мағжан екеуі бірге түскен суреті бар. Бір-бірін танып, өте жақын араласқан. Оны уақытында жарияладық. «Жас азамат» ұйымының қасынан осы аттас газет шығарған. Осы газетке көптеген өзекті мақала жазған.

Мағжанмен түскен суреті

Смағұл қызмет бабымен Орынборға ауысқаннан кейін, беделі бұрынғыдан да көтеріле түседі. 1920-1921 жылдардағы үлкен саясат -республикалар арасындағы шекараны анықтау еді. «Лениннің қазақ шекарасын анықтауы» деген ұғымы бар. Жаңа өкіметтің көсемі болса, әрине, мемлекеттік маңызды істерді сол тұлға бекітеді. Бірақ соған дейінгі және одан кейінгі көзге көрінбейтін жұмыстар бар ғой. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің шекара мәселесін бойынша Алаш тапсырмасымен Ленинмен жүргізген келіссөздері, жаңа Қазақстанның осы қағидатты жалғастырған С.Меңдешұлы бастаған комиссиясы – біздің ерен мақтанышымыз. Құжаттың бәрі қаттаулы, мұрағатта тұр. Біз оны алып, оқып таныстық. Сол кезде Омбы мен солтүстіктің өңірдің елеулі бөлігі және Семей өңірі Ақмола облысының құрамына енген.

1921 жылдың басында осы өңір Қазақ республикасы құрамына өтуі тиіс болған. Бірақ Сибревком жағы оны созып, РСФСР аймағына енгізудің жолдарын қарастырған. Дәл айтсақ, Сібір аймағына қосып, тартып алуға мүдделі еді. Жасырын әрі білінбейтін майдан жүріп отырған. Смағұл осы шекара мәселесін жетік білген және осыған байланысты Қазақстан жағынан жаапты болып бекітілген. Жас күнінде кооперациямен айналысып, өңірді кең аралағаны тағы бар. Егер Смағұл және оның пікірлестері Қазақ үкіметін басқарған Сейітқали Меңдешұлының қасында жүріп, шекараны шешуге үлес қоспағанда, бүгінде біз отырған солтүстік аймақ әлдеқашан Сібірге қосылып кетер еді. Біз қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалған тұлғаларды айтқанда, бірінші Ж.Тәшеновті еске алып жатамыз. Рас, ол кісі де күресті, текетіресіп территориямызды сақтап қалды. Бірақ ол - 1950-1960 жылдардың оқиғасы. Смағұлдардың ерлігі – оның алдына, 1920 жылдары болды. Оны да ұмытпауымыз қажет. Миллион-миллион гектар қазақ жерінің жат қолында қалмауы - осы С.Садуақасұлындай біртуар тұлғалардың тікелей еңбегінің арқасы.

Мұхтар Әуезов пен Смағұл

- «Қызыл қырғынды» қолдан ұйымдастырған Голощекинмен тайталасқан тұлғаларымыз аз болған жоқ. Р.Тоқтаровтың «Бітеу жара» кітабында «Ж.Аймауытовты ол өз кабинетінде атып өлтірген» деген дерек келтіреді. Смағұл Сәдуақасұлының Голощекин билігі кезіндегі саяси белсенділігі туралы айта кетсеңіз.

- Ф.И. Голощекиннің не жоспармен келгенін және қате саясатын алғаш түсінгендердің бірі әрі бірегейі Смағұл еді. Бұрын да, қазір де үлкен саясатта пікірлестер болған. Смағұл Сәдуақасұлы түрлі жағдайда өзімен қызметтес немесе арналас Сейітқали Меңдешұлымен, Жалау Мыңбайұлымен, Сұлтанбек Қожанұлымен тығыз байланыста болды. Өзге де пікірлестері бар еді. Қазақ қайраткерлерінің бірлігін, табиғи топтасуын байқаған Ф.И. Голощекин бұл үдеріске бірден ашық шабуылға шығады. Қазақтардың ауызбірлігін көре алмайды. Саяси қағидат немесе принцип неде көрінді? Республика шаруашылық бағытын дамытуда, бұрынғы оқығандарды қызметке тартуда, газет-журналдар мен білім саласында (яғни идеологияда) көрінді. С.Садуақасұлы Қазақстан идеологиясына жауапты болған жылдары өте ірі елдік жұмыстар атқарғанын байқаймыз. Алаш зиялыларын қызметке алу, газет-журналдарда ұлт тарихы мен тағдырын жазу, ұлт театрын ұйымдастыру, Абай мен Сұлтанмахмұт еңбектерін жинау, тұңғыш университет ашу, таңдаулы ақын-жазушылар мұрасын орыс тіліне аудару т.б. жұмыстар Смағұлдан өзге тұлға болса жүрексіз, босбелбеу жасалар еді деп ойлаймыз. Оның елеулі ұстанымы – Қазақстанды тек шикізат беретін республика түрінде емес, өндірісті республика ретінде дамыту еді. Ал, ауылшаруашылығына байланысты пікірі де кооперациямен байланысты болды. Глощекин қазақ зиялыларын бір-біріне қарсы айдап салып, республиканы дамытатын ұлттық көзқарасты жоюды армандады. Смағұлдардың сол кездегі саяси белсендігі тиісті дәрежеде бағаланғанда, үш жарым миллион адам аштан өлмес еді. Қазір санымыз 40-50 миллионға жетіп қалар едік-ау. Халық пен зиялыларды жоспарлы түрде құртқан Кремль саясатын геноцид деп қалай атамассың?.. Түлкібұлаң түрлі тактикаға барған Ф.И. Голощекин Смағұлды бір сәті түскенде қызметтен алып тастады. Бұл жақтағы қызметтен кеткен соң, ол Ташкентке барып, 1926 жылы өзі ашқан тұңғыш Қазақ пединститут басқарды. 1928 жылы Мәскеуге кетіп, теміржол құрылысы институтына оқуға түсті. Ол кез - төңкеріс заманы, жоғары шенді басшылар жоғары білім ала алмаған, көбісі орта арнаулы білім немесе  курс қана оқыған. Осыны толықтыру үшін 20-жылдардың аяғында институттарда басшыларды оқыту шарасы басталады. Смағұл бұл оқуын 1932 жылы бітіріп, Москва-Донбасс жолына инженер болып орналасады. Бұл жолдың құрылысында айдауда жүрген Алаш зиялылары көп болды.

- Алаш зиялыларының жол құрылысында жүргенін біліп әдейі барған ба?     

- Ол бұл жағын да ойласа керек. Бірі-біріне хат жазысқаны, оны НКВД қолға түсіріп отырғаны рас. Бұл тұстарды көбірек нақты зерттеу қажет болып тұр. Сап-сау жүрген Смағұл 1933 жылдың аяғында уланып, Кремл ауруханасына түседі. Сол жерде қайтыс болады. Осы кезде НКВД-ОГПУ-дың арнайы бір бөлімі одақтас республикалардағы ұлтты соңынан ертіп кете алады-ау деген қайраткерлердің көзін түрлі жолмен жойып отырған. Уландыру, түрлі өндірістік, тұрмыстық «бақытсыз оқиғалар» операциясын ұйымдастырған. Алғашқы қызыл террор осылай басталған. 1929-1930 жылдары Ташкент, Алматы, Орынборда жүрген Алаш зиялылары түгел қамалады. Сол уақытта Ф.Голощекин Мәскеуге хат жазып, «Смағұлды Алматыға алдырып, қамау керек» деген талап қояды. Сонда ақылды Смағұл «қарт большевик Голощекин партияның жарғысын білмейді екен-ау, біздің мәселемізді бастауыш партия ұйымы шешеді» дейді. Заңға жетік қайраткер Қазақстандағы бастауыш ұйымнан шығып, Мәскеуге барып тіркелген. 1930-1932 жылдары 40-тан аса Алаш зиялысы Алматыдағы түрмеде отырады. Оның ішінде кім жоқ? М.Әуезов, Ә.Ермеков - бәрі-бәрі бар. Басында Жүсіпбек Аймауытұлы да болған. Ол Мәскеудің Бутырка түрмесіне айдалып, 1931 жылы сонда атылған. Рамазан ағамыздікі жазушылық һәм шығармашылық тәсіл ғой. Романда тарих дәл айтылуы шарт емес. Мұхтар мен Әлімхан, тағы да бір кісі бар, «жаздым-жаңылдым» деп Алматы абақтысынан аман шығып, қалғандары түгел Сібір мен ішкі Ресейге айдалып кете барған. Зерттеу жұмысы барысында НКВД тергеу  хаттамаларымен танысып шықтым: барлығында Смағұлдың есімі аталады. Барлығына «Смағұлмен қандай байланысың бар?» деген сауал қойылған. Оның есімі істің бел ортасында жүргенімен, өзі жаңа айтып өткенімдей, Мәскеуде оқуда болды. Мұндай адамға голощекиндер тұзақ құрары сөзсіз ғой.

- Көпшілігі не деп жауап берген?

- Барлығы «иә байланысымыз болды» деп, шын жауабын берген. Себебі, олар репрессияға ұшыраймыз, атылып кетеміз деп ойлаған жоқ. Бірақ олар ұлттық мәселеге келгенде біраз нәрсені іштерінде бүгіп қалған. Ресми жауап беріп құтылған.

Смағұл қайтыс болған соң, оның өлімін ағайындарына дейін «жұмыс барысында болған бақытсыз жағдай» деп қабылдайды. Қайын атасы Ә.Бөкейхан сотталмаған, бірақ үйқамақта отырған. Денесін шығарып салуға Әлихан, Тұрар Рысқұлұлы, Нығмет Нұрмақұлы қатысқан. Олар бір-бірін өзара қатты сыйлаған. Кеңес үкіметі «оның мәйіті өте қауіпті, у тарауы мүмкін» деген сылтаумен «кремация жасау керек» деген шешім шығарған. Жары мен туысы бұған көнген. Бұл шешімнің өзі әріден ойланған әдіс секілді. Егер сүйегі қалса, ДНК құрамынан қарап, біраз нәрсені білер едік... Денесін кремацияға жіберерде Сәбит Мұқанов қатысады. Қалай болғанын бәрін сипаттап жазады. Кейін сүйек күлін Е,Бөкейхановаға әкеліп береді, ол арнайы тас-табыт жасатып, крематорияның қабырғасына қояды. Күлді елге жеткізіп, дәстүрге сай жерлеу мәселесін 1991 жылы көтеріп, оған тек 2011 жылы ғана қол жеткіздік.

Смағұл денесінің күлі елге келген сәт

- Осы мәселені ел өте жақсы қабылдады ғой. Оны қалай шештіңіздер? С.Садуақасұлының Астанадағы зираты қай жерде екенін оқырманға айта кетсеңіз.

- Қайраткер сүйегінің елге жеткізіліп, елорда топырағына қойылғанына шетелдегі қандастарымыз да қуаныпты. Оны өткен жылдары Қытайға іссапармен барғанымызда білдік. Бұл жұмысты еларалық деңгейде шешкен – экс-сенатор, заңгер, отаншыл азамат Сабыр Қасымов. Мен ол кісінің жанында болып, кеңесіп тұрдым.  Мәскеуден әкелу делегациясын басқарып бардым. Келісімді Мәскеу мэриясы берген. Бұл азаматтардың өзара достық қарым-қатынасы арқасында жүзеге асты. Күлін басында «қара молаға» уақытша қойып, кейін Кенесары сарбаздары жерленген көне қорымға жерледік. Мұның қоғам болып атқардық. Смағұл мен Хан Кене әскерінің бейіті Астананың қақ ортасында, оң жағалауда тұр. Бүгінде оның рухы да тәуелсіздікке қызмет етіп жатыр деп есептейміз. Смағұл өте жарқын өмір сүрді. Жарқ етіп көрініп, құйрықты жұлдыздай ағып өте шықты. Шоқан сияқты аз ғана ғұмыр кешті, бірақ бір адамның ұзақ ғұмырында істейтін жұмысынан сан мәрте артық халыққа пайдасын тигізер миссиясын атқарып кетті.   

Смағұл денесінің күлі салынған белгі

- Смағұлды зерттей жүріп белгісіз еңбектеріне, көпке белгісіз деректерге қол жеткізе алдыңыз ба?

- Ол жас күнінен қалам ұстап, екі тілде жазған. Бірнеше романы мен повестері, сансыз мақалалары бар. Әсіресе, көркем әдебиет сыны мен ұлт театрына қатысты біраз тақырыпты қаузаған. 1922 жылы «Сәрсенбек» деген роман бастап, 1927 жылы аяқтаған. Бұл роман әйелінің қолында қалып, шығарылуы уақытқа сай келмей қалған. Шығарма мәнісі былай: 1916 жылғы көтерілісті Алаш зиялылары қолдамаған. Қарусыз халық басынан бақайшағына дейін қаруланған патша әскеріне қарсы соғысып түк таппайды, құр босқа қырыламыз деп, ақиқатын айтқан. Олардың түпкі ойы қаруды меңгермеген қазақ жігіттері соғыс көріп ысылса, тәуелсіздік алғанда тірегіміз болуға жарайды дегенге сайған. Шындық қалай болды? Халық көтеріліп, қарусыз ел қырғынға ұшырайды. Араға алты жыл салып, Смағұл осы оқиға туралы басқаша ойланып, роман жазып шығады. Романда Кенесары есімі жиі айтылады, еліміздің болашақ астанасын қазақ өзі таңдап, өзі соғуы керек деген ой жазылған. Смағұл елорда Сарыарқа даласында орнайды дейді. Романның жартысы оқылып, қалғанының жазуы өшіп кеткен.

Смағұл қолтаңбасы

Қайраткердің «Күміс қоңырау» деп аталатын керемет повесі бар. Аты әдемі болғанымен, бұл жерде ол басқа мағынада қолданады. ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының арасында түрлі трагедия туындап отырған. Оқыған көзі ашық жігіттер қазақ қызын оқымаған деп, өзге ұлттың қызына көз салған. Бір повесть арқылы жазушы бүкіл ұлт зиялысының трагедиясын ашқан. Қыздың - жігітке, жігіттің - қызға жазған хаттары арқылы ғана керемет ұлт тағдырын көрсете алған. Смағұл айналасында болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамаған. «Салмақбай» повесінде ауылға кооперация қалай енгізіп, елдің аузын қалай аққа жеткізуге болатыны тәптіштеліп жазылған. Қазақ капиталы болған төрт түлік малды жарату жолдарын, экономикалық даму мәселесін көркем тілмен, қара сөзбен түсіндіріп береді. Смағұлдың мынандай ойы бар: «қазақ қандай үйде тұрса, миына сондай ой келеді. Зәулім үйде тұрса,  зәулім ой келеді, жатаған үйде тұрса, жатаған ой келеді». Ол қашанда ұлтын алға шығаруды, заңғарға көтеруді ойлайды. Сондықтан қандасын ештеңеден қорықпай алға ұмтылуға шақырады. Смағұл шығармалары - тұнып тұрған идея. Көркем әдебиеттен бөлек, театр қалай болуы керек, ұлт әртісі сахнада қалай ойнап, өзін ұстауы керек, қазақ тұрмысы әлемдік форматта қалай көрінуі тиіс -  осының бәрі қамтылған көмекші құрал сынды кітап та жазып шыққан. Алла Алаш зиялыларына, соның ішінде Смағұлға енді 20-30 жылдай ғұмыр беріп, қайраткерлігіне, бастамаларына жағдай туғызғанда, Қазақ елінің әлемдік бәсекеде алар орны әлдеқашан, әлдеқайда биік болар еді. Дәл қазір біздің міндет – осындай тұлғалар мен жеңістердің болғанын жастарға, өскелең ұрпаққа жеткізу. «Мәңгілік ел» мұратының мәні де осында деп білеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Olzhas Berkinbayev

gonzo.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста