Шыңғыс қаған мен Абылай ханның тулары неге ақ болған?
«Абылайдың ақ туы - Абылай ханның жауынгерлік туы. Кезінде бүкіл қазақ халқының атынан айтылатын жауынгерлік ұран ретінде қолданылған. 20 ғасырдың басында қазақ интеллигенциясы, Алашорда жетекшілері халықты бірлікке шақырып, Абылайдың ақ туы астына жиналайық деген үндеу тасталған. Шын мәнінде Абылайдың ақ туы – тарихи ат, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста көтерілген ту. Заттық тарихи мүлік - қыл шашақты, көлемі 2 шаршы метрлік ақ жібек матадан жасалған». (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Барлық жазба деректер Абылай ханның туының түсі ақ болғанын, хан байрағы ұзындығы үш құлаш найзаға байланғанын, тудың ұзыны – 150, ені – 70 сантиметрдей ақ матадан жасалғанын айтады.
Қазақта тудың түсі ақ болуы ежелден бар. Ақ ту – адалдықтың, әділеттің, бейбітшіліктің, ізгіліктің, адамгершіліктің символы, яғни адами жақсы қасиеттердің ең биік шыңының көрсеткіші. Мұны бүкіл әлем мойындаған. Күні бүгінде соғыс жағдайында, яғни соғысты тоқтатып, бітімгершілікке шақыру үшін де қолданылады. Жалпыға ортақ, бүкіл әлемдік қағида бойынша «Ақ ту» көтерген адамға да, әскерге де қару қолданылмаған. Ол адамзат баласы үшін кешірілмейтін, ауыр қылмыстар қатарына жатқызылған.
Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы Әбілғазы баһадүр ханның Түрік шежіресіндегі «Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында Қыпшақтар үш жүз жыл патшалық етті» (19 бет) делінетін Қыпшақтардың да туы ақ болған.
Түсініктеме: Қазақ пен қыпшақ синоним. Ақиқатында, қыпшақ қазақтың баласы.
Тарихи құжаттарда Қара Керей Қабанбай батырдың да, Оспан батырдың да байрақтарының түсі ақ болғаны айтылған.
Тарихшы Құрбанғали Халидтің «Бес тарих» атты еңбегінде қазақтың Оннан ханының туы ақ түсті болғаны жазылған.
Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың «Абылайдың ақ туы» атты тарихи романы бар. Алматы -2016 жыл. Бұл кітапта қазақ тарихындағы ең бір қасіретті, қайғылы кезең, халық жадында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен сақталған XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы оқиғалары баяндалады.
«Абылайдың ақ туын Бәйімбет батыр ұстады. Аман қалғанымыз үш күннен кейін осы тауда табысайық деп уәделесті. Соғысқа Абылайдың өзі де қатысты. ...Үш күн, үш түн тоқтаусыз соғыс болды. Екі жақтан да халық қырғынға ұшырады. Үш күннен кейін ел есін жиғандай болды. Абылай аңдаса ақ туы жығылмапты. Тау басында желбіреп тұр екен. Хан тудың жығылмағанын жақсылыққа жорыды» («Ақиқат жолында» Хакім Омарұлы).
Қазақ туын кім-көрінгенге ұстатпаған. Қазақтың туын құлатпайтынына елі сенген, жүрек жұтқан батырлары ұстаған. Оларды халық «Тубегі» деп атаған.
«1832 жылғы Қарнауда хиуа жендеттерімен болған қырғында Тубегінің ат үстінде толықсып тұрғанын көріп қолбасшы Сүйінғара атамыз шауып келіп: «Шыдайсың ба?» – дейді ғой, сонда Тубегі – Ескелді Дауыл батыр: «Жан шыдаса – біз шыдармыз!» депті.
Неше жерден оқ тиген батырдың аузынан кесек-кесек қан атып тұр екен дейді. Соғыс аяқталғанда келсе, ат үстінде туды жықпаған қалпы есіл ер әлдеқашан дәріл-бақиға өтіп кетіпті!..
1856 жылы Қараған-Босағадағы ұрыста Тубегі – Асар сұпы атамызға батырлардың бірі асығыста: «Ата, туды жықпайсыз ғой!?» – деп қалады. Сонда Асар сұпы: «Туды Құдай жықпаса, біз жықпаспыз, Инш-Алла!» – деген».
Ел арасында таралған аңыздарға қарағанда кейбір жеке рулардың атауы да туға байланысты қойылып, бір сөзбен айтқанда қазақ елінің рәміздік басты белгісі тудың образы халықтың жүрегіне өшпестей боп ерте заманнан ұялағаны аңғарылады. Мысалы, мына бір шежірелік аңызда бұл жағдай тартымды өрнектелген:
«Ұлы жүз Ойсылдың Төбеке деген баласынан Өтеп батыр, онан Сырымбет, Тұрымбет, Жәлмамбет деген балалары болады. Тұрымбет Жәнібек хан әскерінің ең алғашқы туын ұстап, қол бастаған батыр. Оны замандастары «Тубегі» деп атап кеткен» (Светқали Нұржан, ақын).
«Түменбасы, ту ұстаушы болып соғысқа қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп, ел қорғапты. Ата-баба жерін жаудан азат ету жолындағы соңғы ұрыста 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған екен.
Қапысыз ажал келсе кім өлмеген
Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.
Қос жебе өндіршектен қадалса да,
Қазымбет тудың сабын жібермеген
... Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып.
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып.
Аты да астындағы қозғалмайды,
Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.
Қаруы жерде жатыр саудыраған,
Екі көз жұмылмапты жаудыраған.
Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,
Дегендей «не қыласың енді маған?!». (Ақын Н.Айтұлының «Тубегі дәстүрі және «Ту» поэмасынан үзінді. https://www.qamshy.kz/article/twbegi-dasturi-zhane-tw-poemasi.html).
Қазақтың белгілі батыры Бөгенбай ақ ту ұстаған: «Ақ туды Бөгенбай әкеп берді, Қараңдар қасиетті Бөген ерді» («Бөгенбай батыр» жырынан).
«Қожаберген батырдың туы – қазақ мемлекеттігінің белгісі.
Бұл туды 1943 жылы Моңғолия қазақтарынан жасақталған партизандар гоминданмен шайқасқанда қолбасшы Қаби, Ноғайлардың бұйрығымен Қытайдың Алтай аймағына қасиеттеп апарған, туды майдан даласында Тұлба сұмындық Сембі салтанатпен көтеріп алып жүрген екен.
Бұл туралы шежіреші Оңғар Маусымұлы былай деп жазады: "Бұл ақ мәрліге орап сақтаған ақ ту екен. Туды орауынан жазып ашып көрдім. Әбден тозығы жетіп, бұлы сүзіліп, өңі сарғайып кетіпті. Биіктігі – 150, ені – 70 см, ақ матадан істелген байрақ. Сырыққа байлар жағы көмкерілген, үш жерден байлайтын бауы бар. Кезінде садақ оғы ма, найза ұшы ма тиіп, жыртылған жерлері ақ жіппен тігіп, жамалған. Тумен бірге ұзындығы – 30 см мөлшерінде тудың басына байлайтын бір уыс жылқының қара қылы, бір-екі қайыс бау шықты. Сандыққа екінші рет қолымды жүгіртіп, найзаның ұшы, бір кісілік ақыреттік ақ мата, ер адамның көйлегін алып шықтым. Сандықтың бет жағында, киіздің арасында Құран кітабы бар екен. Найзаның ұшының ұзындығы – 30 см, жалпағы – 6-7, екі жағы жүзделген, сырықтың басына сапталатын ұңғысы, шегелеп бекітетін екі жерден тесігі бар. Көйлек ақ бұлдан тігілген, тік жағалы, жеңінің ұшы, омырауы сырылған. Жағасы мен жеңінің ұшында түймесі бар, бұлының ішкі жағында тақта жазу мен қызыл өңді өрнегі бар".
Жалпы, Абылай ханның Ер Жәнібекке берген ақ туын Қытай үкіметі алып кетіпті. Қазір қайда екені белгісіз. Ал біз Қожаберген батырдың ақ туын ғана білеміз. («Дала дипломатиясы. Бағзы қазақ елшілік ісінің ерекшеліктері» https://informburo.kz/kaz/dala-diplomatiyasy-bazy-aza-elshlk-sn-erekshelkter.html).
Жоңғарға қарсы күресте Абылай бастаған Қазақ батырларынан қалған жалғыз символ Қожаберген батыр Жәнібекұлының өзі ұстаған қасиетті ақ туы бүгінгі күні оның ұрпақтарының шаңырағында сақтаулы. Тудың сақталу мерзіміне шамамен 260 жыл болды.Ту жайлы аңыз әңгімелер, хикметтер ел арасында бүгінге дейін аңыз болып жайылған. Ал ұрпағы Күлкетай шешеннен мынадай бір шумақ жыр қалыпты:
- Семірмес нақ алтынның жез буына,
Матырған сексен дұға ақ туына.
Көрмесек те пайғамбар нұрын төккен,
Батырым Қожаберген ақ туына.
Абылай хан заманында сарбаздарды жеңістен жеңіске бастап желбіреген киелі ақ ту бүгінгі күні Баян-Өлгий аймағы Бұғыты сұмынында ұрпағы Мұқтажыұлы Жұмаштың үйінде сақтаулы тұр. («Қожаберген батырдың ақ туы» http://aqsaqaldar.kz/news/44/single/442).
Атамыз қазақтың өз тарихын бір ауыз сөзбен жазатын қағидасына сәйкес, Тудың дүниеге келу тарихына үңілсек, Ту – «Т» және «У» деген екі дыбыс-таңбадан тұрады.
«Т» - сөздің қай жерінде қолданылса да, толып, толысқан Ата ұрпақтары, яғни «ұлт», ал «У» – кез-келген қимыл әрекеттің соңы, яғни шырқап шығар шыңы. Мысалы, «У» ішсең өлесің, бару, келу, кету, шығу, тосу, кесу, жету, болу, қосу, алу, бөлу, көбейту, өлу т.т.
Демек, Тудың дүниеге келуі кезеңі Адам атадан басталады. Соған сәйкес, ту көтерген батыр бабалар бейнесі өте ескі замандардағы жартасқа сызылған суреттерде айқын бейнеленген. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге дейін жеткен Мөде, Бумын және Елтеріс, Шыңғыс қаған, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсысының да өз байрағы болғаны мәлім. Тулардың әр түсті болғаны да мәлім. Бірақ, ел ішінде ең көп ауызға алынатыны әлем билеушісі қазақтың ұлы қағаны Шыңғысхан мен «Абылайдың ақ туы».
Ақ тудың халық арасында ауыздан түспей айтылатын негізгі атауы «Әділеттің ақ туы». Ақ ту көтерілген жерде әділетсіздік деген ұғым мүлдем болмаған.
Ал, Ақ тудың қазақ тарихындағы орнына келсек, ұлттың тұғыры тіл, діңгегі дін, ары ту. Ту - діңгекке байланып, діңгек тұғырға орнатылады. Тұғыры мен діңгегі әлсіз тудың құлайтыны сияқты, тілі мен діні әлсіз елдің де өмір жасы ұзаққа бармайды.
Алтын Орда, Ақ Орда кезінде туымыздың түсі ақ болыпты. Туда Шыңғыс қаған әулетінің «тіл таңбасы» бейнеленген. Aнжелино Дулцерт деген итальян картографы 1339 жылы құрастырған картасында осы туды көрсеткен екен. 1375 жылы Абраам Крескес құрастырған каталандық атласта да осы ақ жалау жүр.
Шыңғыс ханның туы-тоғыз шашақты үшкіл ақ мата. Ол тудың сабына үш жерден байланатын болған. Ал тудың дәл ортасында бауырына аулап алған жемтігін қысып, қанатын жайып, ұшып келе жатқан көк қаршығаның суреті салынған.
Тудың сабының ұшында үшбұрышты арнайы темір қондырғы болған. Ал туды жерге тұрғызып қою үшін, жеті тармақты жылжымалы тіреуіштер пайдаланылған.
Түсініктеме: Ақ түс – ақиқатты, адалдықты және осы ұғымдарды дүниеге әкелген аталарымыз бен ағаларымызды білдіреді. Адам атамыздың сөз түбірі Ад (Ат), Ада (Ата), ал ағаның сөз түбірі Ағ (Ақ) болатыны осыдан. Еске ұстайық! Атам қазақ та сөз түбірі (өз түбі, сөздің атасы) ешқашан жаңылысқан емес.
Арғы бастауын Ағадан алатын Ақ деген сөз барлық жақсылықтың, барлық жақсы дүниенің шырқау шыңына жеткенін білдіреді. Мысалы, Ақсақал, Ақбұлақ, Ақтау, Ананың ақ сүті, ақ жүрек, ақ неке, ақ ниет, ақ тілек, ақ бата, ақ адал мал, ақ орамал, ақ жаулық, ақша (адал еңбектің құны), ақша қар, ақша бұлт, ақбас, ақбозат, ақгүл, ақжелек, ақжелең, ақиық, аққайың, аққу, ақтық, ақ сұңқар, ақжол т.т. болып жалғасып кете береді.
Тоғыз шашақ, мұңалдың алдындағы тоғыз буын аталары мен ағалары.
Олар, бірінші буын Адайдың екі баласы, яғни ағалы-інілі Құдайке мен Келімберді. Немерелері: екінші буын Тәзіке, үшінші буын Қосай, төртінші буын Құнанорыс (Рысқұл), бесінші буын Ақпан (қазақтың білімге қойылатын бес, яғни «өте жақсы» деген бағасы осы Ақпан аталарымызға қойылған), алтыншы Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ), жетінші Жеменей (Бұзау), сегізінші Семит (арап пен еврейлер осы семиттерден тарайды), тоғызыншы Тобыш, оныншы буын Мұңал. Мұңалды қазіргі тарихшылардың Монғол деп жазып жүрген себебі, Монғолдың сөз түбірі «он» болады. Өздеріңіз көріп отырғандай он саны оныншы буын Мұңалдың сандық атауы.
Тудың сабының ұшындағы үшбұрыш – қазақтың үш жүзі. Маңғыстауда «Үштаған» атты жер атауы мен елді мекен күні бүгінде де бар.
Үш бұрыш – Үш Жүз (Үш аналы қазақ) және әлемге Нұқ пайғамбарды берген Қосай руын білдіреді. Үш саны Қосайлардың сандық атауы. Үш бұрышты тудың сырыққа үш жерден байланатын себебі осы. Нұқ пайғамбардың үш ұлының (Қам, Сам және Жаппас (Иафес)) елі.
«Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын солтүстік жаққа жіберді. ...Иафес атасының әмірімен Жуды (қазіргі атауы Қазығұрт (Қазық жұрт)) тауынан кетіп Еділ мен Жайық суының арасына қоныс тепті. Иафестің Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз ұлы болды. Иафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар», - деп өсиет қылды, оған Иафес ұғланы деген лақап ат қойды. (Әбілғазы «Түрік шежіресі» 12-13 беттер).
Жеті тармақты тіреуішке келсек, бұл қазақтың туыстығы бөлінбейтін, қыз алыспайтын жеті аталық жақын туыстығын білдіреді. Қазақ ұлтының адами қасиетінің негізінде осы жүйе тұр. Бұл жүйенің
«Мұхаммед пайғамбарымыздың елiнде жоқ қасиет қазақта бар. Ол жақта емшек ембедi деп ағасының ұлы iнiсiнiң қызына үйлене береді. Қазақ екi жастың жеті атаға жетпей тұрмыс құруына қатаң тиым салған. Тиым салуға және оны мүлтіксіз орындауға ақыл-парасат пен тынымсыз еңбек керек» (Бауыржан Момыұлы).
Ақ – жоғарыда айтқанымдай, барлық жақсылықтың ең биік шыңы. Енді мына жағдайға назар аударайық: Ақ – біздің ел есіміміздің екінші буынында тұр, яғни бұл дүниедегі Ақ, яғни барлық жақсылықтың Атасы, бүгінгіше айтқанда «авторы» Қазақ дегенді білдіріп тұр. Жақсы мен жақсылық деген ұғымдардың сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) «Ақ» болатыны да осыдан. Ежелгі Сақ халқы атауының да, түбірі Ақ болатыны осыдан. Сақтар қазақтың тікелей ұрпағы. Жоғарыда айтқанымдай, ақтың Қаздан кейінгі екінші буында тұратыны да осыдан.
Көк – көке (әке) деген мағына береді. Осыған сәйкес көк аспан, көкбөрі, көксерек, көк теңіз, көксу, көк шөп т.т. дүниеге келді.
Қаршыға – сөз түбірі «қар», бұл ақ, аға және ақиқаттың балама атауы. Ақша қарды Қар дейтініміз осыдан. Ал, Қардың түбірі «Ар», бұл Шыңғысханның арғы аталары Жарының сөз түбірі.
Адам баласы ең бірінші кезекте нені қорғауға тиіс. Әрине, АРЫМЫЗДЫ деп, жауап береміз. Адамның қорғауға тиіс ары не? Ол: ар-иманы (сенімі), Атамекен туған жері, Отаны және Отбасы. Қазіргі жағдайда бұлардың қатарына Ата салтымыз бен дәстүрімізді, тіліміз бен дәстүрлі дінімізді қосуымыз керек. Адамда осылар болса және оны қорғай алатын сенімі болса, ол адамның Арының бар болғаны. Осылардың бәрі, немесе жартылай жоқ болса, ол адамның Ары жоқ, Арсыз болғаны. Ежелгі қазақтар бірімен-бірі кездесіп амандасқан да "АРМА", яғни қорғайтын "АРЫҢ БАР МА?" деп амандасып, оған "БАРБОЛ", яғни "АРЫҢ БАР БОЛСЫН!" деп жауап берген. Күні бүгінде де ары жоқ адамды «ұятсыз, арсыз» деп, сөгетіндері осыдан. Ары жоқ адамда ұят болмайды. Демек, Ар қорғау барша қазақ баласының абыройлы міндеті.
Ата сыйласаң, аға сыйласаң осылай сыйла. Ту жасасаң осылай жаса. Бір тудың өзі-ақ бүкіл Ата тарихты сайратып тұрған жоқ па? Нағыз даналық деп осыны айт. Сол үшінде оларды Қас би деп атаған. Каспий теңізі атауының негізгі мағынасы осы.
Қазақстан территориясын 639 жыл Шыңғысханның өзі және оның үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері Жошыдан тараған ұрпақтары билеген. Ақорданың, Алтынорданың және қазақ хандары мен сұлтандарының да туының түстері ақ түсті болған. Ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі - Абылайдың ақ туы. Ол бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы бар. Қазақтың ұлы туының түсі – Шығыс ғұн (375-454жж), Ақ ғұн (420-562жж), Шыңғыс ханның Алтын орда (1236-1502жж) мемлекеттері рәміздерімен реңдес. Ол б.з.д. ХІІ ғасырда дүниеге келген әлемдегі тұңғыш әскери байрақтардың түсімен де туыстас.
«Шыңғыс хан ақ түсті айғырдың жал-құйрығынан жасалған байрақты бейбіт кезде көтерсе, қара түстісін жауға шапқанда ұстатқан. Ақ түсті байрақ сақталмады, ал, қара түсті Шыңғыс туын оның мұрагерлерінің бірі Занабазар XVI ғасырға дейін арнайы ғибадатханада сақтаған көрінеді. Алайда, XX ғасырдың 30-жылдарының соңында басталған сталиндік зұлмат хан туын ғиба-датханасымен қоса өртеп жіберген» (Американдық ғалым Жак Уэтерфордтің «Қазіргі әлемнің негізін салушы ұлы император Шыңғыс хан» атты кітабынан).
Шыңғыс ханның туы ақ түсті болғандығы «Мұңалдың құпия шежіресі» атты еңбекте: «Киіз туырлықты ұлысты түзулетіп біріктіріп, барыс жылы (1206 жылы) Онон өзені басында жиналып тоғыз тұғырлы ақ туын орнатып, Шыңғыс қағанға «хан» атағын сонда береді» деп жазылған.
«Темужин Кеміргіден көшіп, Сеңгір өзенінің бойындағы қара жүрек тауының етегіндегі көк көлге келіп қонды. Жаңа қоныста Алтын Құшар, Шешен бектер ақыл қосып, Темужинге бүй дейді: «Сені хан көтерейік! Хан көтеріп:
Олжалы соғысқа
Аттанып бірге.
...Қағысқан кезінде –
Қалқаның болмасақ,
Елден безді деп,
Қарабасты алғайсың!
Қырқысқан жеріңде,
Қорғаның болмасақ,
Қалың ұлыстан безді деп,
Қара басты шапқайсың!» -
деп ант беріп, көк аспанға тағзым етіп, қара жерге бас иіп, тоғыз тұғырлы ақ туды тұғырына қондырды. Шыңғыс хан осылайша барыс жылы – өзінің қырық бес жасында, Онон дариясының бойында ұлы қағанат тағына отырып, тоғыз тұғырлы ақ туын тұғырына қондырды» («Алтан Тобыш» Алматы-2009. 47-48 беттер).
Ақ түс — қара мен сұр түс біріккен ахромативті түс. Спектр және электромагниттік сәуленің біркелкі күшінің толқын ішінде таралуынан пайда болған көзге көрінетін түс болып табылады.
Ақ түс бүкіл түстердің бастамасы болып табылады. Себебі күннен бізге келген сәулелер негізінен ақ түсті. Бірақ атом молекулаларының қозғалуының әсерінен олар бізге жеті түс ретінде келеді. Онымен қоса ақ түс ең жарық түс болып табылады. Оның реңкі — 0.
Психология саласындағы қабылдануы: Ақ түстің қабылдануы өте ерекше. Аталарымыз Ақ түсті руханилықтың түсі деп қабылдаған. Онымен қоса адамдар ақ түсті материалдық емес әлемнің түсі ретінде қабылдайды. Ақ түс Періштенің киімінің түсі болып табылады.
Ақ түс мейірімділіктің де белгісі болып саналады. Мысалы, ақ ту — достастықтың белгісі, ақ сиқыр — жақсы сиқыр.
Ақ түс — тазалықтың белгісі. Мысалы, қыз-келіншектер ұзату кезінде ақ түсті көйлекті киеді. Бұл болашақта сол қыздың болашағы жарқын болсын дегенді білдіреді.
Ақ түс – Алланың ақ жолына және жарына адал болуға ниет еткендіктің белгісі. Қыз бала тұрмысқа шығып, «беташар» рәсімін жасағаннан кейін басына ақ орамал тартады.
Ақ түс — тәуелсіздіктің белгісі болып саналады. Мысалы, әскерде адам өз қызметінен босатылғанда оған ақ билет беріледі. Бұл жігіттің тәуелсіз екенін білдіреді.
Ақ түс – адам ниетінің тазалығын білдіреді, ежелде қазақ халқы хан сайлағанда, ақ киізге салып көтеретін дәстүр болған.
Ақ түс – бейбітшіліктің символы. Күні бүгінде де соғыс жағдайында, яғни соғысты тоқтатып, бітімгершілікке шақыру үшін де қолданылады. Жалпыға ортақ, бүкіл әлемдік қағида бойынша «Ақ ту» көтерген адамға да, әскерге де қарсы қару қолданылмаған. Қолданған жағдайда, ол адамзат баласы үшін ешқашан кешірілмейтін, ауыр қылмыстар қатарына жатқызылған.
Белгілі ғалым С.Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты кітабында Маңғыстауда ақ түске байланысты 168 топономикалық атаулар берілген. Кітапқа түспегені қанша ма, десеңізші!
Ақ түс – ең таза түс және ол қазақтың арына балама ретінде қолданылады. Ақ түс таза ұстамасаң тез кір шалады және көзге бірден түседі. Қазақтың ары да солай, таза ұстау оңайға соқпайды. Сондықтан ұлы Аталарымыз көптеген мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер қалдырған:
-Аққа Құдай жақ.
-Ақ болсаң қараға жуыма: аққа қара тез жұғады.
-Ағын су жолын, ақ адам оңын табады.
-Ақ қар көп болса, ақ нан көп.
-Аққа зауал жоқ.
-Аққа қара жұқпайды.
-Шыңдық жауған қардай, сүттен ақ, судан таза.
-Ақ пен қараны шындық айырар.
-Аққу шалшықтан шықса да аппақ,
-Алланың жолы ақ жол т.т. болып кете береді.
Қазақта Ақ түсте, Ақ туда аса қасиетті саналады. Бұл екі тұбір сөзден еш жағымсыз сөз жасалмайды. «Ту» деген түбірден жасалатын сөздер: Ту, Ту байлады, Ту көтерді, ту сырты, туған, туды, туы, туыс, туысқан, туыстас, туысқаншыл, туыссыз (туыс ұстары жоқ, жалғыз), туылған, туа алу, туа алмау, туажат, туу, бала туудан қалу, туды, тура жол, тура жолға түсті (адам болды), тума, тумысынан, тумалас, тулау (бас асаулық қылу), тулағыш, тулақ, турағыш, турала, туралау, туралы, туралық, турам, турама, туырлық (туырлықты қазақ) т.т. болып кете береді.
Ежелгі Қазақ Алып биінде (Әліппе) де, одан кейінгі біздерде де, санның орнына 1-А, 2-Ә, 3-Б, 4-Г, 5-Ғ, 6-Д, 7-Е, 8-Ж, 9-З, 10-И, 11-Й, 12-К, 13-Қ, 14-Л, 15-М, 16-Н, 17-Ң, 18-О, 19-Ө, 20-П, 21-Р, 22-С, 23-Т, 24-Ү, 25-Ұ, 26-У, 27-Һ, 28-Ш, 29-Ы, 30-І деген дыбыстық таңбаларын қолданамыз. Адамзаттың жетпіс мың жыл ғұмырындағы ең алғашқы әлемдік ұлы держава Қазақ қағандығының қолданған дыбыстық 30 таңбаcы осы. Бұл 30 таңба әлем тарихындағы адамдардың, елдердің, мемлекеттердің, қағанаттардың дүниеге келу рет санымен толықтай сәйкес жасалған. Біз әліпби әлемінде өмір сүріп келеміз. Әліпби – халықаралық жағдайда түрлі мемлекеттердің, ұлттардың мәдени қарым-қатынасын жүзеге асыратын және олардың шыққан тегінің қайсысының жасы үлкен, қайсысының жасы кіші екендігін анықтайтын құрал. Міне осы қағидаға сәйкес,
Әділеттің ақ туын көтеріп, Алланың ақ жолы, тура жолға түсіп: Түрік, Түркі, Тұран (Туран) атанғанын және сонымен қатар, қазақ пен түріктің «өте жақсы», яғни бес деген бағаға сәйкес, екеуінің де бес таңбадан тұратынын көреміз.
Қазақ пен Түріктің қайсысы атасы, қайсысы баласы дегенге келсек:
Қазақтың сандық жүйе бойынша 13-1-9-1-13 болып, қазақ ұлтының Адам 1-6-1-15 Атадан бұрын қалыптасқанын көреміз.
Ал түрікке келсек:
Түрік 23-24-21-20-12
Тұран 23-25-21-1-16, Туран 23-26-21-1-16
Түркі 23-24-21-12-30. Сандық жүйенің осылай қазақтан көп кейін орналасуы, Түркі жұрттарының бәрі Қазақтан тараған көп балаларының бірі екендіктерін көрсетеді.
«Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!» Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, «Өз қосыным» деп атаған. Оған қоса, «түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар.
...Түрік; Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. Бұл Тәңірдің Нұқтың ұлы Түрік бабаларына берілген есімі. Оның әулеті де, «түрік» деп аталады»… (ХІ ғасырдағы әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігі» атты еңбегінен).
Қосарымыз: Ежелгі деректердің барлығы дерлік Түрікті Нұқ пайғамбардың немересі деп атайды. Бірақ, ел арасында немере, шөберелерді де Атасының баласы деп атай беретінін ескерсек, бұл жерде ешқандай жаңсақтықтың жоқ екендігін айқын аңғарамыз.
«Түріктер өздері тиіспесе, жайына қалдырыңдар» (Мұхамбет пайғамбар. Тараку ат-турк ма тараку-кум).
«833 жылы Араб халифатының билеушісі өз елінің даналарын Бағдатқа жинап «Мен неше жыл патшалық құрамын?» деп сұрайды. Жауаптар әртүрлі болады. Тек қана іштеріндегі бір дана қария жай ғана «Түріктер қанша қалдырғысы келсе, сонша ғана» деген екен. (Аль-Мутасим (833-842)) Араб халифаты әскерлерінің 80 пайызы түріктер болған.
Біз жоғарыда көрсетілген деректерден, Абылай ханның өзі Шыңғыс қағанның тікелей ұрпағы, ал құрған хандығы әлем билеушісі Шыңғыс қағанның қарашаңырағын ұстап қалғандығын көреміз.
«Абылай Көкшетауда көшелі хан,
Кәні, кім ондай болды ұрпағынан?
Ақ туын Абылайдың кім көтерді,
Алашта, дүниеден көшкелі хан?» («Күйші» Ілияс Жансүгіров).
Егер сол кезеңде Хан Абылай әділеттің ақ туын көтеріп, Қазақ хандығын қорғап қалмағанда бүгінгі Қазақ елі (Қазақстан) болар ма еді!
Ал, біз қазір әділеттің ақ туы «Ақ байрақты» ту етіп көтеруге ылайықпыз ба? Ол бөлек әңгіме...
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау