Шыңғыс ханның ең азулы ұрпақтары Қазақ Ордасының негізін қалаған
Елім деп соққан жүрегі
Алдыңғы аға буынның, оның ішінде өзіміздің қалыптасқан бір әдет-машығымыз бар, ол – газет-журналдардан өзімізге ұнаған материалдарды жинастырып, көздің қарашығындай сақтап жүретініміз.
Біраз уақыттар бұрын «Орталық Қазақстан» газетіне қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Түйеші Қамбар» деген әңгімесі жарияланды. Мен бұл қаламгердің бірде бір дүниесін қағыс қалдырмайтын әдетіммен құныға оқып шықтым. Кез-келген шығарманы әуелі әуестікпен оқисың ғой, содан кейін барып, ойланып, астарына үңіле бастайсың.
Бір қарағанда, жалт қаратардай оқиғасы, шытырманы жоқ, қарапайым сезілген әңгіменің жан-дүниеңді дүр сілкіндіргендей оқыс ойларын артынан аңғара бастайды екенсің.
Жазушы мұнда да қашанғы қаламгерлік ұстанымынан айнымаған. Ол қоғамымыздағы кеселді құбылыстарды сынайды, билік иелерінің астамшылығын ашады. Еліне адал, еңбекқор түйеші Қамбардың мезгілсіз ажал табуының себеп-салдарына үңіледі.
«Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» деп кемеңгер Ахмет Байтұрсынов айтқандай, осы түйеші Қамбар секілді елі-жұртын шексіз сүйген, өзіне тілері аз, халқына тілері көп қаншама асыл азаматтар мақсат-мүддесіне жете алмай, өзге пасық пиғылдылардың құрбандығы болып, тірлігі күйкі жәркелеш жандардың мазағына айналып жататынын ойлаудың өзі ауыр.
М.Мағауин – қашаннан рухы азат қаламгер. Оны өзгелерден даралап тұратын да осы қасиеті.
Біз бір кездегі тұлпар тектес, асау арынды алаштың баласымыз, тек аруағыңнан айналайын арынды Абылай хан заманынан кейінгі екі ғасырға жуық отаршылдық шылауындағы құлдық өміріміз есеңгіретіп кеткен халықпыз. Өзіміз мойындағымыз келмей күпілдесек те, әлі күнге дейін, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бірталай жылдар өтсе де сол құлдық санадан арыла алмай келеміз. Ащы шындықты мойындай білу де үлкен парасаттың белгісі болар, мен осыны бүкіл халықтың атынан ашық айтуға күш-құдіреті жетер, және соны өткір дәлелдей алар нағыз бірден-бір шыншыл қаламгер деп Мұхтар Мағауинді атар едім. «Шыңғыс хан және оның заманы» атты көлемді еңбегін мен тек әдебиет айналасы ғана емес, қоғамымызға үлкен бетбұрыс әкелген төңкерісшіл шығарма деп айтар едім. Менің ойымша, Шыңғыс ханға және оның заманы мен ұстанған саясатына, оның тарихтағы алар орнына дәл М.Мағауиндей адал, шыншыл ұстаныммен, терең пайымдылықпен, жан-жақты көзқарастармен келген ешкім жоқ.
Қаламгер мұны өзі нақты сенімді түрде ашып көрсетеді, жалтақтамай, үрікпей, «Мен өз тарихыма өзгелер секілді жабықтан сығаламай, сырттан пішпей, өз шаңырағымда, өз төрімде отырып баға беремін» дейді. Яғни, ол осынау байтақ Далада қаншама ғасырлар билік құрған Шыңғыс қаған, ол құрған Еке ұлыс, және оның ұрпақтары билеген мемлекеттің шаңырағы – қазақтікі деп зор сеніммен айтып, соны дәлелдей білді.
Осы уақытқа дейін отаршылдық саясаттың айтағына еріп Шыңғыс хан мен оның Алтын Орда, Көк Орда, Қазақ Ордасын көгертіп, еңселендірген ұрпақтарын «қанішер», «жауыз», «қарақшы», «баскесер» деп қаралап келгеніміз де жетер.
Әлемдік тарихта, әсіресе, Шыңғыс ханға өлердей өш еуропалық тарих Шыңғыс хан құрған жабайы, тағы мемлекеттің баяғыда ізі өшкен деп жанталасып дәлелдеуге тырысады. Соларға жақпай қаламыз-ау деп біз байғұс өз тарихымыздан өзіміз қашып әлекпіз.
Әрі-беріден соң, М.Мағауин дәлелдегендей, Шыңғыс хан құрған мемлекет сол заманның тілімен айтқанда – Еке Ұлыстың бүгінгі дәуірлеп отырған Қара шаңырағы – бүгінгі Қазақ елі емес пе еді? Мұны мойындауға не кедергі.
Міне, бүгіндері Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап отырмыз, осының арғы кезеңінде де, бергі кезеңінде де Қазақ Ордасының керегесін кеңейткен билеушілер Шыңғыс хан ұрпақтары болатын. Тіпті, Шыңғыс ханның ең азулы ұрпақтары осы Қазақ Ордасының негізін қалапты, болашағы үшін күресіпті. Жошы, Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Хақназар, Шығай, Бұрындық, Тәуекел, Әз Тәуке, Абылай, Кенесары... Осалы бар ма?
Шыңғыс ханның өзге елдерді билеп-төстеген ұрпақтары да бар, бірақ осылардың ешқайсысы да Қазақ Ордасын билеген жоғарыда аталған сайыпқыран билеушілердей мұратына жете алған жоқ, елін гүлдендіріп, асқақтатып, осыншама абырой биігіне көтеріле алған жоқ.
Менің бір ұқпайтын нәрсем, әлі күнге дейін неге Шыңғыс ханның атынан үркетініміз. Әлі күнге дейін оны өзімізден аулақтатып, моңғол дейді, қазаққа қатысы жоқ дейді кейбір білгіштер. Ат төбеліндей азғантай моңғолға керегі де сол, бүкіл әлемге жар салып, Шыңғыс хан моңғолдан шыққан, аз жұрт болсақ та жарты әлемді биледік, дүниені уысымызда ұстадық дейді. Ғалымдары да, қайраткерлері де осы уәжді ұстанған.
Ал М.Мағауин «Шыңғыс хан құрған Еке Ұлыстың 80-90 пайызы осы күнгі қазақ рулары, яғни, Найман, Керей, Арғын, Жалайыр, Үйсін т.б, осы күнгі моңғол ол кезде Еке Ұлыстың 8-10 пайызындай ғана болған» дейді. Ал, сонда ой жүгіртіңізші, Шыңғыс хан өз мемлекетін нығайту үшін кімдерге арқа сүйеген екен?!
Шыңғыс ханның даналығы сонда, ол қазақ руларын ешқашан өзіне жау санамаған, қалайда тіл табысуға, бірігуге ұмтылған. Ол аядай моңғолдың қамымен жүрсе, бастамай жатып ошағында тұншығар еді.
Және Шыңғыс ханның өзгелерден дара туған кемеңгерлігі сол, ол сол кездегі көшпелі рулардың күштілігін жақсы білді, бірақ бастары бірікпесе, бірін-бірі жаулап өзара қырқысып құритынын жақсы түсінді. Осыған әбден көзі жеткенде осылардың басын қосуға күш салды. Намыс көрсек те айтайық, дәл Шыңғыстай көреген саясаткер Керей, Найман, Арғын, Дулаттың ішінен шықпапты. Ал енді осы зілбатпан жүкті Қият Бөржіген руынан шыққан Шыңғыс – Темүжін мойнына алған екен, оған неге бүгін ішіміз тарыла қалады?
Ол да осы Ұлы Даланың перзенті, мақсат-мүддесі ортақ асыл бабамыз.
Біз қазір қаламгер немесе жазушы дей салып жүрміз, ал үлкен қалам иесінің жиырма бес-ақ жасында жай оғындай жарқылдағанын есімізге алайықшы. Жап-жас ғалымға, тіпті, аузынан жалыны шыққан мүйізі қарағайдай академиктеріміздің өзі қарсы тұрған. Жазушы өзінің мемуарлық «Мен» атты толғамды дүниесінде сол өз басынан өткен жағдайды бүге-шігесіне дейін жазды. Қызыға оқып, оның қайсарлығына таң қалып, бас шайқағанбыз. Академик Қ.Жұмалиев «Хандық дәуірде әдебиет болмаған, сенікі бос сандырақ» деген, бұл қасарысып, «ол дәуірде әдебиет болған, мен дәлелдеймін» деген. Бұл кезеңдер ғылымды қарқындап бастаған алмас қылыштай талабы зор ғалымның жігерін құм еткен жылдар болатын. Әйтпесе, ғылымға Шоқан Уәлиханов сияқты күш-жігермен кіріскен жас талап кері шегінер ме еді, ғылымды тастап кетер ме еді?! Жоқ, әрине. Жас ғалым құлдық сана дендеп еніп алған, жібімес тоңдай сіресіп тұрған ғылым үшін бар ғұмырын сарп еткісі келмеді, одан да алдымнан шыға келіп, жолымды кесер, отаршылдық құлдықтың иектеуінде кеткен идеологиямен алысқанша, қазақтың көркем әдебиетіне үлесімді қоса берейін деп бекінді. Құдайға шүкір, М.Мағауиннің адаспағанын көз көрді, құлақ естіді.
Қазақ әдебиеттану ғылымы азар болса, көп доктор, профессорларының бірінен айырылған шығар, оның жарасы жеңіл. Ал ол ғылым соңынан кетсе, барша қазақ, тіпті бүкіл түркі тектес байтақ жұртшылық аса ауқымды, білікті де білімдар қаламгерін жоғалтып алған болар еді. Дүмбілезі көп, дау-тартысқа толы ғылым М.Мағауиннің кең шалқарлы дүниелеріне ашар өрісті бітеп тастар еді. Олай бола қалған жағдайда аузынан жалыны шыққан Ресей патшалығын мойындатып, азулы елдің қақ ортасынан өз иелігін құрып, билік еткен Ораз-Мұхамедтей арыстандай айбатты ұланның бейнесін сомдаған «Аласапыран» дилогиясы дүниеге келер ме еді?
«Кесік бас, қара тұлып», «Жармақ», «Сары қазақ», «Шақан шері», «Шыңғыс хан және оның заманы», «Көкбалақ»... «Құмырсқа қырғыны», «Менің балаларымның туысқан ағасы», «Болезнь Боткина», «Түйеші Қамбар», «Жүйрік» т.б шағын әңгімелерінің өзі айтар ойлары, түпқазық идеясы бір-бір романға татырлықтай тартымды туындылар болатын.
Абай өз заманында қазақ кеселін, кемшілігін қалай алақанға салғандай ашып, бадырайтып көрсетіп берсе, қазіргі замандағы қазақ мінін М.Мағауиннен асырып таныта алған ешкім жоқ. Әркімдердің-ақ шымбайына бататындығы болар, қаламгер шығармаларын сынамақ түгілі, оның атын атауға қорқатындаймыз, пәлесінен аулақ дегендей. Әрине, шындық деген осындай, жаныңды шырқыратып жібереді. Әсіресе, «ұрының арты қуыс» дегендей өзінің ақ, тазалығына ең алдымен өзі күмәнданып жүрген, түбі шикі дүмбілез жандар жазушы сипаттамаларынан өз бейнесін жазбай танып, қылпылдауы әбден мүмкін.
Сүйікті жазушым шығармаларына әркез үн қатып жүремін. Таяуда Көкшетау қаласында шығатын «Жер шоқтығы» журналына М.Мағауин шығармашылығына арналған көлемді мақалам жарияланды. Әсіресе, «Аласапыран» дилогиясы мен атақты Тоқсаба күйшінің тағдырына арналған «Көкбалақ» романына кеңірек тоқталған едім. Заманымыздың ұшқырлығына осындайда сүйсінесің, ойымда ештеңе жоқ еді, облыс көлемінде ғана тарайтын журналдағы мақалам көзге ілігеді-ау деп мүлде ойламаппын, журнал редакторы, белгілі ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбайға сонау Чехия жерінен қоңырау шалыныпты. М.Мағауин мақаланы ғаламтор желісі арқылы оқып, алғысын білдіріпті және журналды салып жіберуін өтініпті. Жазған мақалаң үлкен жазушының назарын аударып жатса қайтіп қуанбассың. М.Мағауин тектес қаламгердің өз шығармашылығы туралы жазған адамға жылы лебіз білдіруінің өзі әркім үшін зор мәртебе деп ұғамын. Жоғарыда айтып қалдық, оның әңгімелері роман көтерер жүкті алып жүрер деңгейде дегендей ойымызды.
Бірер мысал келтіре кетейік, Нарқызыл деген ондаған жылдар бәйгенің алдын бермеген тұлпар тағдыры туралы «Жүйрік» атты әңгімесін алғаш қолыңа алғанда, жылқыны жақсы көрген елдің баласы болғандықтан, тақымыңды қысып әсерлене оқисың, өзге аттарды шаң қаптырып, көз ұшында құлдырап бара жатқан қас жүйрікті елестетіп, делебең қозады. Бірақ, әңгімені тауысып оқып, астарына үңіле келгенде, осындай тұлпарлардың тағдыры тақтайдай біртегіс бола бермейтініне, реті келсе, көркеуде жандардың дара жаратылысты сүріндіріп, аяғын сындырып, әйтпесе, терең орға омақаса құлатқысы келетініне көзің жете бастайды. Міне, Нарқызыл сәйгүлік қосылған кезекті бәйге өту үстінде. Мәре сызығы жақындаған сайын қалың көпшілік даурығысып, қызбалана түсуде. «Тап осы жолы Нарқызылың шаң қауып, айдалада қалады». «Тап бүгін Нарқызылдың саудасы біткелі тұр». «Қара да тұр, Нарқызыл ат алғашқы ондыққа да ілікпейді!»
Осылайша даурығысқан жұрттың аузына құм құйып, Нарқызыл ат тағы да қара үздіріп, оқ бойы оқшау бәйгеден келеді.
Сонда да оның үздіктігін, даралығын мойындай қоймай, шуласқан жұрт «Мүмкін емес!», «Анау тұлпар сүрініп кетті, әйтпесе...», «Ардакүреңнің үстіндегі бала тізгінді қатты ұстап, жібермей қойды, әйтпесе, Нарқызылыңды шаң қаптырып кететін еді» деп бөсіседі.
Бұл да бір қазақтың кежегесі кейін тартқан, кері кеткен мінезі. Көре алмаушылық дейсіз бе, іштарлық дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.
Қаламгердің шығармашылық үлкен бір қыры – өз халқын үнемі биікке көтеріп, асқақтатып отырады, ордалы, өнегелі жұрт атынан сөйлеп, мәртебесін асырып отырады.
Мен М.Мағауиннің «Аласапыран» дилогиясын осындай биік деңгейлі, кең тынысты шығармаларға қосар едім.
Ораз-Мұхамед – азулы патшалық империяның өзін мойындатқан асау арда Дала перзенті. Әуелі тұтқын боп, Ресей топырағын кіріптар күйде басқан Ораз-Мұхамед өзінің ақыл-парасатымен патша төңірегінің ыстық ықыласына бөленеді.
Осы шығарманы тұтастай алып отырғанда, жазушының үлкен бір жетістігі деп, мен оның дипломатиялық ұстанымын атар едім. Ол осы тұстардағы Ресей патшалық империясын Қазақ Ордасымен жау ел етіп көрсетіп, қарама-қарсы қоя сипаттамайды, керісінше, ортақ мәміледегі, өзара келісім-бірлігі бар, қарым-қатынасы жарасқан, ынтымақты ел ретінде танытады. Ораз-Мұхамед, міне, осы екі ел арасындағы ынтымақтың кепілі, дәнекері іспеттес тұлға. Әуелгіде тұтқын болып түскен жас сұлтан кейін зор беделге ие болып, орыс-швед соғысында, т.б шайқастарда көзге түсіп, үлкен дәрежеге ие болғанда, еліне қайтуға мүмкіндігі баршылық еді. Бірақ, ол осында орнығып қалып қоюға біржола бел байлайды. Өйткені, Ораз-Мұхамед өз беделін пайдаланып, Қазақ Ордасының Ресей империясының алдындағы абырой-беделін көтерудің маңыздылығын жақсы түсінеді. Осы себептен де маңайына қайынатасы Қадырғали Жалайыр секілді оқымысты, ғұламаларды жинайды.
Ресей патшалығы – алып империя, бірақ өзге де елдер секілді қарама-қайшылығы көп жұрт. Астамшыл империялық пиғылды елдің, биік білімі мен ғылымын, мәдениетін, жалпы прогресшіл, бағытын ешкім жоққа шығара алмас еді. Сондықтан, мұндай көп қырлы елмен жаулық іздегеннен гөрі, ортақ тіл табудың маңыздылығын ұққан біздің билеушілеріміздің де, ғұламаларымыздың да болғандығын ең алғаш танытқан М.Мағауин еді.
Осы кезеңдерде де, жалпы Қасым, Есім хандар, Тәуекел, Әз Тәуке, Абылай хан дәуіріне дейін Ресеймен тең дәрежедегі дипломатиялық қарым-қатынас ұсталып келгені мәлім. Осы ғасырлар бойына сақталып келген қарым-қатынасқа Кенесары тұсында сына түсті, арасы ашыла берді.
Бірақ, осы астамшылық империялық саясатты біржола ушықтырып жіберген «теңдік», «бостандық» деп аттандаған, бірақ іс жүзінде керісінше әрекет еткен кеңестік жүйе болатын.
М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде дәлелдегеніндей, кеңестік коммунистік үкімет айналдырған жетпіс жылға жуық уақыттың ішінде, көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтарды жасап үлгерді. Айдарынан жел ескен патшалық Ресей заманында болмаған қантөгіс революция халыққа қара бұлт болып төнді, бұрын-соңды болмаған ашаршылық жайлады, жоқ жерден халық жауларын ойлап шығарып, халықтың бетке ұстар азаматтарын қынадай қырған қанқұйлы террор-репрессия ұйымдастырылды.
Осы шындықты жазуға көптеген қаламгерлер беттей алмай жатқанда тағы да М.Мағауин ең алғаш қолына қалам алып «Сары қазақ» романын жариялады. Кеңестік жүйенің озбырлығын соншама ашық және ащы, өткір танытқан осы туынды болатын.
Жоғарыда ретіне қарай «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегін атап қалдық, бұл өзі жол-жөнекей атай кететін емес, тарихымызға үлкен бетбұрыс әкелген, нағыз керек уақытында жарқ еткен жаңалықты дүние болатын.
«Әліппесі несі» деп ә дегенде тосырқай қарағанымыз рас. Бірақ, шынында да
Біздің тарих шынында
қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бір-ақ-тағы, –
деп Қадыр ақын айтқандай, бұрын танылмай келген, таныттырмай келген қазақ тарихын әліппеден бастамасаң, кім не ұғып, жарытар еді?
Қазақстан тарихы, жалпы тарихқа шөліркеген қазақ елі, қазақ жазушыларына шексіз қарыздар деп ойлаймын.
Қазақтың білгір классик жазушылары тарихқа терең болып келеді. Бұл өзі сонау замандардан қалыптасқан дағды секілді. Қазақ топырағынан нәр алған Әбунасыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қ.Иассауи, Һәкім ата атанған Сүлеймен Бақырғани, М.Қашқари, М.Дулати, Қ.Жалайыр сияқты оқымыстыларымыздың барлығы әдебиет пен тарихты қатар ұстаған, әрі ақын, әрі ғалым атанған жандар. Берідегі Шоқан, Абай, Ыбырай да солай, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев... Бұлар Алашты сүйгендіктен, оның тарихын егжей-тегжейлі тануды – мұратым деп ұққан. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің тарихы біліктілігі төмен болған деп кім айта алады?
Ал бізге жақын кеңес дәуірінде екі қазақ жазушысы тарихымызға түбегейлі бетбұрыс, өзгеріс әкелді. Бірі – І.Есенберлин болса, екіншісі, біз сөз етіп отырған – М.Мағауин.
Қаламы жүйрік біздің қаламгерлеріміз тарихшыларымыздың алдын орап кететін әдетінен жаңылған емес.
Осыған қарағанда, қасиетті қалам -иесін адалдыққа, әділеттілікке, шыншылдыққа, ақиқатшылдыққа көбірек бейімдейтін болуы керек.
Ақиқатшыл суреткер М.Мағауинді толығырақ тану әлі алда деп сенемін. Тек бір өкініштісі, нағыз дарындылар, нағыз халықшыл қайраткерлер соң ұғылып жатады. Біз өмірден өткендер туралы ағымыздан жарылуға дайынбыз, ал көзі тірілер туралы айтуға асықпаймыз. Бұл өзі қалыптасқан дағды тәрізді, өлген соң барып, жамыраса, жарыса жазамыз, дара талант еді деп кеңірдек жырта даурығысамыз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, қаламгердің өзі елінен жырақта Чехияда тұрып жатқанының өзі әркімге ой салардай әрекет қой. Бірақ, өзге елде тұрып жатқан қаламгердің халқымен жүрегі бірге соғатынын биік өрелі шығармалары дәлелдеп келеді.
Дәулет ӘМІРҰЛЫ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.