Ұлттық тәрбиенің қадір-қасиеті
Ұлт болашағы ұрпақ, ұрпақ болашағы ұлттық тәрбиеге тәуелді. «Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ» - деген түркі ойшылдарының ұғымын ескерсек, өнегесіз өскен ұрпақ ұлт болып қалыптасуға, тұлғалануға дәрменсіз келеді. Себебі ұрпақтың кісілігі ұлттық санадан туады, ұлттық сана қашанда жастың бойында ұлттық тәрбиемен қалыптасып отырған.
Қазақ ұлтының өмір сүру жолында елдің түсінігіне айналған ұғым өнеге. Өнегені ата бабаларымыз ұлттың өмірін жалғайтын дүние деп түсінген. Аға ұрпақ буынның тектілігінен туған қасиеттер, қазақ зиялыларының тарихы, қазақтың тәрбиесі, балаға үйреткен өсиеті уақыт өте келе ұлттың дүниесіне айналып отырады. Бұның мәні өмір болмысын ақыл биігінен зерделеп, өмір сүруде ұлт болашағына сауаттылықпен қараған ата бабаларымыздың рухани деңгейімен өлшенеді.
Ата баба өнегесі деп қазақ қоғамының қалыптасу тарихынан бастап, халықтың ұлт болып қалыптасудағы қасиеттері мен өмір сүру тәсілінен туындаған рухани құндылықтарды айтамыз. Ұлттық өнеге ұлт болмысының ерекшелігін, табиғатын, дүниетанымын, дәстүрі мен мәдениетіндегі даналықты көрсетіп отырады. «Қазақ өнегесі» ұғымының мәніне назар аударған адамға алдыменен қазақ ұлтының отбасылық мәдениеті мен дәстүрі, қарияларымыздың ұрпақтың тілеуін тілеген мінезі, қазақ баласының батыр, ержүрек болып есейетіндігі, елдігі, бір сөзбен айтқанда елдің ел болудағы жетістіктері, кейінгіге үлгі болатын жөн сілтейтін іс әрекеті (тарихтан) көрінеді.
Қазақ өнегесінің бастауы қазақтың көне тарихында. Сақтардың, Түркілердің өмір салты, қоғамы, жауынгерлігі, жылқы малын қадірлейтін мінезі қазақ өмірінде жалғасты. Қазақ жерінен табылып отырған көне дәуірдегі (қазақ ұлтының ата тарихынан ақпарат беретін) жәдігерлер бұдан 3000 мың жыл бұрын (тіпті одан да әрі) бүгінгі қазақ даласында өмір сүрген тайпалардың жылқыны көлік ретінде пайдаланып, бие сүтінен қымыз ашытып, жылқының етін жегендігін дәлелдейді. Сонау сақтардан арғы уақыттан бастау алған қазақтың ұлттық азық түлік өнімдері, оны жасаудың технологиясы (мал союда оны жілікке бөлу, сүт өнімдері және т.б.) әлі күнге дейін ұлт өмірінде жалғасуда. Ұлттың көнеден бастау алатын бұндай азық түлік өнімдерін өндіру, пайдалану технологиясымен қатар ұрпақтың ел қорғаудағы жаумен күресу техникасы тағы бар.
Бала тәрбиесіне ерекше мән берген қазақ ұлты тәрбиедегі білімді баланың санасына жеткізетін өнер түрлерін шығарған. Бесік жыры, әңгіме, ертегі, қиял ғажайып ертегілерді балаға әңгімелеп беру қазақтың бала тәрбиесіндегі ерекше орын алатын ұстанымы. Ертегі әңгімелерді балаға қазақтың үлкен адамдары әңгімелейді. Бала балаға ертегі үйретпеген, ананың балаға айтқан бесік жыры баланың жан дүниесіне тілдің, мейірімнің рухын ұялататын дүние. Ата-ананың мейіріміне бөленіп, оларға жақын өскен бала отанына, дәстүріне жақын өседі.
Адамзат тарихында тұңғыш рет медицина ғылымының негізін салған Ибн-Сина балаға алғашқы тәрбие, ем ананың үнімен беріледі деген. Шыныменде тарихымызға үңілсек қанша қиыншылығы мол уақытты басынан өткізген қазақтың әр бір адамының өмірге сауатты қарап, қоғамның ауыртпалығына төзімділік танытқандығын жасыру мүмкін емес. Бұның себебі баланың жан дүниесіне терең деңгейде көңіл бөлген қазақ тәрбиесінде жатыр. Жоғарыда айтқанымыздай жырдағы өнегені жастайынан тыңдап өскен бала өмірге құштар келеді, ол үшін өмірдің бұрышындағы әр бір қиындық ақылмен шешілетін, ерік жігермен жеңілетін, төзіммен өтілетін нәрсе. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, «Адамның өзін тануы, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе жастардың басында: олар тәжірибесіз, олар көңілі, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары тараулы. Жастар тоқсан жолдың торабында: қай жолға түсерін білмей, дағдарады. Егер жазатайым болып, теріс жолға түсіп кетсе, өмірі өкініші кетпейді» [1. 2 б.] Адам өзін сынау үшін оған өмірден сабақ үйрететін тәжірибе, білім қажет. Ал қазақтың балаға үйреткен тарихи дүниелерінде, ертегілерінде, аңыз әңгімелерінде өмірдің тәжірибесі мен білімі мол.
Қазақтың ұлттық тәрбиесінде көңіл бөлінген нәрселердің бірі ұрпақты тазалыққа, ұқыптылыққа, еңбекке баулу. Бесік қазақ ұлтының ұрпақты тәрбиелеудегі негізі құралы. Бесікте жатқан баланың тыныш ұйықтайтындығын, бесікте тербелген баланың ми қан тамырларының дұрыс әрі тез жетілетіндігін қазақ ерте түсінген. Бесіктен бастап, ел өміріне бала өмірімен жалғасатын қазақ тәрбиесінде қазақтың идеясы жатыр. Ол ел болу идеясы. Ел болу үшін ел ісіне қызмет ететін адам ер болуы қажет. Ер мінезділік адамды мақсатына жеткізеді, ер мінезді әр бір адамның ісі ұлт мүддесіне бағытталса елдің рухы өседі. Сондықтанда қазақ балаға ер мінезділікті өмір арқылы үйреткен. Қазақ балалары 5-7 жасқа келгенде тайға мініп, атқа шабуды қатарластарынан үйренген. Тайға мініп жарысу, атпен аң аулау, ат үстінде жүріп ұлттық ойынның түрлерін меңгеру баланы ептілікке, қарулы болуға, жинақылыққа бағыттайды. Себебі аттың үстінде отырған адам жинақы, икемді болады. Ол кездегі қазақтың мінген аты әрине қазіргідей емес, асау жылқы, қазақ асау мінетін болған. Қазақ баласы жылқыдан асауды таңдап үйрететін болған.
Жастайынан ел өмірімен баланы таныс қылу, ел тұрмысын, ел тұрмысындағы елдің болмысын, дәстүрін баланың санасына жеткізу ата- ананың тектілігі, бұл дәстүр ұрпақты тектілікке бағыттайды. Себебі тектілік қазақы тәрбиенің негізгі күші. Ұлтының төл құндылықтарын жастайынан санасына сіңіріп өскен бала ұлттық санамен есейеді. Ұлттық санамен есейген қазақ тұлғаларының өмірінен ұғынатынымыз ұлттық тәрбиемен рухы жетілген жастар болашағына елінің мүддесі тұрғысынан қарап, ұлтының тағдырына ара түсетін, игілігіне қызмет ететін тұлға деңгейіне жетеді.
Алаш зиялылары айтқандай, әр адам ұлттың мүшесі. Сондықтанда ол адам өз заманында алдыменен мемлекетіне қызмет етуі тиіс. Қоғам өміріндегі әр бір адамның іс-әрекеті дұрыстығымен елге пайда әкелмек. Өзінің «Жан жүйесі» еңбегінде Жүсіпбек Аймауытов осы мәселені талдаған: «Әр адам әлеуметке мүше болғандықтан әлеумет ісіне көмектес болуға міндетті. Көмектес болу үшін өнер таңдау қажет.
Әрбір өнер белгілі мінез қасиетін тілейді. Ондай қасиет болмаса қызмет жемісті болмайды. Белгілі бір өнерге арналып, бейім бола туған адамда ондай қасиет анық байқалады...» [1. 2 б.]. Қиыншылығы мол заманда өмір сүрген қазақ баласы үшін өмір жолындағы өнер түрлері бойдағы қасиетпен, қабілетпен елге қызмет ету. Батырлар, ақындар мен жыраулар, шешендер, күйшілер осы жолмен өмір сүрген қазақ жастары. Жүсіпбек Аймауытов қазақ тарихындағы ұлт тағылымын зерделей отырып оның бойындағы идеяны, өзі өмір сүрген қоғамдағы қазақ жастарына, бүгінгі біздерге ұсынады. Әр заманда өнер түрі өзгеруі мүмкін, қанша өзгергенімен сол өнерді, білім үлгілерін, ғылымды меңгеруге қажет адам бойындағы қасиет біреу, мінез өзгермейді. Тарихтағы ұлт пен ұлт тұлғаларының мінезі жоғалмайды керісінше уақыт өтсе де, заман өзгеріп, заң мен өнер түрленсе де оның құндылығы мен қажеттілігі арта түспек.
Қазақ өмірінде қасиеті мол дүние шаңырақ. Қазақтың шаңырағы тарихта өз қасиетін көрсетті, шаңырақтың аясынан шығып қоғам өміріне күш беретін әдеп үлгілері ел рухының тазалығы. Шаңырақ зәулім үйдің шатыры емес, ол қазақтың киіз үйін бекітіп тұрған нәрсе. Шаңырақ болмаса үй құралмайды, үйдің барлық бөлігі шегесіз, сылаусыз, тіреусіз шаңыраққа бекиді. Қазақ киіз үйдің құрылымы мен отбасылық өмірдің құрылымын қатар суреттеген. Қазақта шаңырақтың биік әрі берік болу ұғымы бар. Бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге ауысып отыратын отбасылық тәрбие, дәстүр, мәдениеттің символы осы шаңырақ. Сондықтанда қазақ шаңырақты құрметтеп, таза ұстап оны жалғастыру дәстүрін ұрпағына жүктеп отырған.
Киіз үй, үйдің шаңырағы қазақ ұлтының мемлекетшілдік санасының, елдік рухының, тәуелсіздік идеясының символы.
Көшпелі ел тұрмысының рухы қазақтың қасиетті дүниелерінде. Олар шаңырақ, бесік, домбыра, ат үстіндегі ер, қамшы, найза. Бұларды ұрпақ қанша ғылымы мен техникасы дамыған уақытта өмір сүрсе де ұмытпауы қажет. Ата бабаларымыз ұлттың негізгі мұрасы жерді (ұланғайыр даланы) ат үстінде жүріп қорғаса, қазақ ерлерінің ат үстінде көз ілмеген күндері аз болмағандығы ұрпақа белгілі.
Қазақ ұғымында баланың жан дүниесі мен дене бітімінің дұрыс өсуіне жағдай жасау ата-ананың міндеті. Қазіргі уақытта қоғам өмірінде ата-ананың тәрбиесімен қоса балаға үлгі өнеге үйрететін ұстаз болып отыр. Ұстаздың міндеті баланың қоғамдық көзқарасының, азаматтық талғамының қалыптасуына, ізденуіне бағыт беру. Ахмет Байтұрсынов, «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында былай деген: «...бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білере керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі балаларға үйрететінін алдымен өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенінше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек...
...болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» [2. 252 б.]. Оқу баланы өмірге икемдейтін нәрсе, сондықтанда оқытушы балаға білім беру алдында қоғамға жауапты адам. Оқу сапасы оқытушының біліктілігі мен оқу жүйесінің баланың жағдайына қайшы келмеуінде. Оқытушы ұстаз ел мен баланың жағдайын қатар зерделеп, қатар біліп отыратын адам болуы қажет деген алаш зиялыларының сөзі бүгінгі уақытта да өзекті.
Қазақ баласының жігерлі, өмірге сауатты қарауының негізгі себебі тарихта халық ұстаздары билер, жыраулар болды. Ұлттың даналық мектебінің ұстаз тұлғалары жастарды қоғамдық өмірге тәрбиелеп отырған. Алаш зиялысы Х. Досмұхамедұлы былай деп жазады. «халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы... Осы әдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші, арасында болған түрлі әлеумет қимылдары анық сезіледі. Заманымыздағы түрлі қимылдардың жаман-жақсы мінездердің құр өз-өзінен пайда болмай, өткен заманмен тамырласып жатқаны байқалады»[3. 107 б.]. Әдебиеттің халық арасында өмір сүруі үшін мәдениет болуы қажет. Мәдениеттің түпкі мағынасы жан мен ар тазалығы және содан туындайтын рух мінсіздігі. Қазақ ұлтының бала тәрбиесі жанды жетілдіру ісі деп айтсақ, одан жоғарыда айтып өткеніміздей ел, тарих, жер, рухани өмір, болашақ туралы берген білімінің, үлгі еткен өсиетінің философиясын көреміз. Бесіктен бастап, қоғам өміріне араласқанға дейін балаға үйретілген дүниелер мен қазақ даналарының рухани мектебінде халыққа үйретілетін даналық тәжірибелері бір біріне қайшы келмеген. Отбасында үйретілген тәрбие, өнер, білім баланың ұлт зиялы ретінде қалыптасып, білім алуына ықпал еткен. Бір сөзбен айтқанда қазақ ұлты бала тәрбиесінде оның бойында қабілет, зеректік, зейін, есте сақтау, түсіну, қабылдау, пайымдау, баяндау, ойлау сынды қасиеттердің қалыптасуына ерекше мән берген. Осы қасиеттерді өмір табалдырығын аттаудағы баланың негізгі құндылығы, тәрбиенің қазығы деп түсінген. Халел Досмұхамедұлы айтқандай, «Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуына, сірә, халық әдебиеті мен халық әуендерінің кең тынылып, дамуы және қазақтардың өмірдің кез келген жағдайында өлең шығарып, ән айтуы бір себеп болса керек»[3. 16 б.]. Кез келген жағдайда өмірдің болмысын бейнелейтін сурып салмалылық, ақындық, күйшілік, шешендік қазақтың бірлігін сақтап, рухын нығайтқан. Ұланғайыр даланы ұрпаққа мирас етудің басты мәні діл мен тілдің тұтастығында, дәстүр мен діннің бір әрі таза болуында.
Жан мен тән саулығы, сол арқылы адамның денсаулығын қамтамасыз ету қазақтың ұлттық тәрбиесіндегі басты орынға ие мәселе. Себебі он екі мүшесі сау, ақылды адам меклекетіне пайда әкеледі. Қөз ұшындағы жауды жазбай таныған қазақ батыры алдыменен ақыл мен күштің иесі, оның он екі мүшесінің саулығы ел мүддесі ісінің атқарылуына демеу болды. Бұдан ұғынатынымыз әр бір адамның жеке басын қорғап (тәрбиелеп), дұрыс өмір сүруінің, еңбекқорлығының нәтижесінде мемлекет күшейеді, қоғам күшті болады. Мемлекет тәуелсіздігінің негізінде ел болмысының, ұлт рухының, халық бірлігінің жатқандығын осыдан ақ байқаймыз. Бұған мысалды әріден іздеудің қажеті жоқ, қай дәуірде болмасын жастарымыз ұлттық тәрбиенің қасиетін жете түсінуі қажет.
Әдебиет:
1. Жүсіпбек Аймауытов. Жан Жүйесі / Лениншіл жас. 14 –ші Қазан, 1989 ж.
2. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеулер / Құрастырған Р. Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991 - 464 б.
3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы: Ана тілі, 1989 - 384 б.
Сәрсембин Үмбетхан Қуандықұлы, философия ғылымдарының кандидаты
Abai.kz