Ұстаз үйреткен үрдістер

Ұстаз үйреткен үрдістер

Ескендір Зұлқарнайын ұлы ұстазы Аристотель жайында: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал ұстазымнан өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен.
Иә, шынында да ұстаз деген ұлы есім: ата-анаңнан кейінгі сенің жетілуіңе, өсуіңе, рухани тұрғыдан тәлім-тәрбие беріп, терең сұңғыла білім алуыңа бар күш-жігерін жұмсаудан аянбайтын дара тұлға. Бүгінде ержетіп, өз қалаған мамандығымызбен еңбек етіп жүрсек те, білімді де білікті ұстаздарымыз туралы жиі еске аламыз.
Солардың бірі қызықты да шыжықты студенттік жылдарым: 2008 жылдың қыркүйек айында 4-курсқа қадам басқан сәт еріксіз еске түседі. Ол кезде мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №11 студенттер үйінде тұрамын. Астымда әкемнің алып берген жеңіл автокөлігі бар. Несін жасырайын, үшінші курста оқып жүргенде Астана қаласының сол жағалауындағы белгілі мейрамханалардың біріне күзетші болып орналастым. Аптасына екі күн, айына сегіз рет жұмысқа шығып, қосымша табыс табамын. Расы керек, ол жылдары студенттердің дені мен сияқты қосымша жұмыс істейтін.
Соңғы курсқа көшкен соң алдағы болашаққа көз жүгіртіп, «Оқуды тәмәмдаған соң кім боламын? Не істеймін? Қайда қызметке тұрамын?» деген сұрақтар жиі-жиі мазалайтын болды.
Елордамызда орналасқан біраз мекемелерге өз түйіндемемді тастап, табанымнан тоза жұмыс іздеп жүрген кезім. Сондай күндердің бірінде менен бір курс төмен оқитын Баяділов Мұратбек есімді жігіт қоңырау шалды: «Рүстем! Сенің көлігің бар ғой, екеуіміз жолығайық, саған бір жұмыстың реті келіп тұр» деді. Уәделі уақытта кездескен соң: «Университетімізде Дихан Қамзабекұлы деген проректор бар, сол кісіге жүргізуші әрі көмекшісі болсаң қайтеді. Сенің кандидатураңды ұсынсам келісесің бе?» - деді. Келісім бермей қайтемін, ол кезде мұндай ыңғайға келетін жұмыс табу арман болып жүрген.
Ертесіне әлгі досым хабарласып, «ертеңге сені Дихан Қамзабекұлы шақыртып жатыр» деді. Таңертеңгілік қолыма түйіндемемді алып, проректордың жұмыс кабинетіне кірдім. Жұмыс бөлмесі университеттің (бас ғимартының) екінші қабатында орналасқан екен. Кабинетіне кіре берісте отырған Лаура есімді қыз: «Сіз кімге келіп тұрсыз?» - деді. «Мені Дихан Қамзабекұлы шақыртты» дегенім сол еді «Сіз Рүстемсіз бе?» деп, проректорға бастап кірді. Дихан Қамзабекұлы бас-аяғыма бажайлай қарап, мән-жайды сұрай бастады. Сосын жұмыстың ережесімен, талабымен таныстырды. Он минуттай өткен соң әңгімені қысқа қайырды: «Болды, құжаттарыңды әзірлей бер, бір-екі күнде өзім хабарласамын».
Айтпақшы, жиналып тұра бергенім сол еді, ол кісі: «Аты-жөнің тегіңді танытып тұр. Қазаққа дін әкелген атаның баласысың ба?» - деп қосымша сұрақ қойды. Жүзіме күлкі үйіріліп: «Иә, иә»,- деп жатырмын. Ол кісі жымиып: «Менімен Қызылорданың Жаңақорғанынан екі-үш Әлқожа оқып еді. Соларға қатысың бар ма?» - деді. «Жоқ, аға, ол кісілерді танымаймын», - дегенімде, жаңа бастығым: «Жарайды, атыңа затың сай болсын! Бара бер. Айтқандайын, «ов»-ыңнан құтылуың керек!» деп ойлы тілек пен ұсыныс айтты.
Бір көргенде қарапайым, сұңғыла білімді, орынды сөйлей білетін, өте ерекше адам екенін сонда түсіндім. Іштей Алладан тілек тілеп, қызметке тұруға нәсіп етуін сұрадым. Қабыл алған болуы керек, арада бір күн өткенде Дихан Қамзабекұлының өзі қоңырау шалды: «Рүстем, 19 қыркүйектен бастап жұмысқа шығасың, құжаттарыңды әзірлей бер», - деді. Сондағы қуанғаным-ай, тілмен айтып жеткізе алмаймын.
Не керек, айтқан күні ертелетіп Дихан Қамзабекұлының үйіне беттедім. Алдын ала белгіленген уақытта шығып, көлікке отырды. Мен «Ассалаумағалейкүм, Дихан Қамзабекұлы!» - деген едім, «Уағалейкумассалам, бұдан кейін «аға» дей бер»,- деді. Содан жұмысқа келе жатып «Сабағың нешеге дейін?» - деп сұрады. «Сабағым сағат 12-де бітеді»,- деп едім, ол кісі: «Онда сен сабағыңа бара бер, керек кезде өзім хабарласамын»,- деді де бас ғимараттан түсіп қалды.
Арада біраз күндер өтті. Бір-бірімізге үйреніп қалған сыңайлымыз. Бірде Дихан аға хабарласып: «Рүстем, маған келіп кет, қазір Парламентке барасың» - деді. Кабинетіне кірген едім, «Мәжілісте Алдан Смайыл деген депутат ағаң бар, сол кісінің көмекшісі Нұрзинатқа мына қағаздарды жеткізіп бер», - деді. Бұл менің Парламенттің табалдырығын алғашқы аттау сәтім еді. Үлкен қуанышпен барып келдім. Іштей «тағы да осындай мекемелерге жиі-жиі жіберіп отырса екен» деп қоямын. Не керек, бұл қызметім 4-курсты аяқтағанға дейін жалғасты.
Әлі есімде, мемлекеттік емтихандардан өткен соң, диплом жұмысын қорғау 2009 жылы 19 маусымға қойылды. Қорғауға 1 апта қалғанда Дихан ағаның туған күні де 19 маусым екенін естідім. Емтиханға одан сайын жігерлене түсіп, ішімнен бір сәттіліктің боларына сендім. Солай болды да. Дипломды қолыма алған соң Дихан ағаның ұсынысы бойынша оқу-әдістемелік жұмыс бөліміне жұмысқа ауыстым. 2012 жылы магистратураны үздік бағаға тәмәмдап, содан бері университетімізде бірнеше бөлімдерде қызмет жасап, қазіргі уақытқа дейін Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының бастамаларымен еңбек атқарып келеміз.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, Дихан Қамзабекұлы мені өзі құрған «Алаш» мәдениет және рухани даму институтында да шыңдап алды. Ғалымдармен араластым. Екі жылдай ғылыми жоба мен мақала жазудың, материал сұрыптаудың мектебінен өттім. Сондай-ақ республикалық газет-журналдарға хабарлама жазуды да үйрендім. Айтпақшы, тегімді ұлттық үлгіде жазып, «ов»-тан да құтылдым...
Үлкен өмірге қанат қағуыма себепші болған, қамқоршы болған, бағыт берген, бар білгенін үйретумен қатар істерімен де өнегелі тәрбие берген Дихан аға Қамзабекұлына әрдайым алғысым шексіз.
Осыдан сегіз жыл бұрын кездейсоқ жолыққан Дихан ағамыз бүгінде елу жасқа толып отыр. Қасиетті Рамазан айымен қатар келген бұл мерейтой ағамыз үшін де, шәкірттері үшін де құтты, сәтті болады деген пікірдеміз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жаны жайсаң осындай кемеңгер ағаларымыздың даңғыл жолын Жаратқан бізге де нәсіп еткей...

Рүстем ӘЛҚОЖА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Студенттермен және жастар ұйымдарымен
жұмыс бөлімінің басшысы
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста