Жат жұртта жерленген жампоздар

Жат жұртта жерленген жампоздар

Қазақтың отжүректі ақыны Әбдіраштың Жарасқаны бір жырының түйінін: «Құлпытас қояр-қоймас басымызға, Ол жағын Уақыттың өзі білер!..» деп бір қайыратыны бар. Осы арқылы ақын өзінің ғана емес, бұрынғы бабалардың аманатын да жеткізіп тұрғандай. Задында халық атынан да құлпытас өзі айрықша құрметтеген, елге еңбегі сіңген тұлғасына қояды емес пе. Жарасқан ақын айтқан «уақыттың» астарында ұрпақ парызы қоса өріліп жатыр. Өйткені, уақыт өткен сайын нағыз тұлғалардың ел алдындағы мәртебесі де биіктей түспекші. Сол арқылы игі жақсылардың еңбегі ұрпақ санасында қайта жаңғырады, уақыт өлшемі осылайша «кімнің кім екендігін» таразылап береді. Өткеніне құрметпен қарайтын ұрпақ қана өмірден өткен игі жақсылары мен жайсаңдарына лайықты қошемет көрсете алады. Әрине, ол үшін әуелі тектілерімізді түгендеп алу, олардың елге сіңірген еңбегін саралау мәселесі алдан шығатыны белгілі.
…Есте жоқ ескі заманда бабалары­мыздың бірі білім іздеп, ілім қуып Шам шаһарына жол тартса, енді бірі тағдырдың тауқыметімен құлдыққа сатылып, Мысыр елінен бір-ақ шыққан. Олардың туған жерден, өздері өмір бойы аңсап өткен жусанды даласынан жырақта мәңгілік қоныс тебуіне осындай жағдайлар себеп болған. Не десек те, ғұлама ғалым, «Шы­ғыс­тың Аристотелі» атанған әл-Фара­би мен атақты қолбасшы, Мысырға билік жүргізген сұлтан Бейбарыстың қазіргі Қазақ елі деп аталатын іргелі жұрт­­тың перзенті екені – тарихта түбе­гейлі таңбаланған ақиқат. Басқа жұрт олардың ұлан-ғайыр ұлы даланың ұланы екендігінен, сол даланы қазақ деген халық мекендейтінінен бейхабар болып жатса, ол – бүгінгілердің кемшілігі. Қазіргі кезде әлемде «тоғызыншы территория» саналатын Қазақ даласынан әл-Фараби, сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды даналар шыққандығын ғаламға таныта алмай жатсақ, ол да әлі орны толмай жатқан осал тұсымыз.
Жат жұртта жерленген аталарымыздың тағы бірі эмиграцияда жүріп дүниеден өтті. Туған халқының, қазақ елінің ғана емес, исі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысы­мына шыдамай, эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Алаш арысы Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те елінің тәуелсіздігі үшін күресін жалғастыра берді.
Бүгінде жат жұрт саналатын елдерде жерленгендердің келесі бір тобы – ата­мекенінің топырағы бұйырғандар. Ташкентті билеген Төле би, Самарқанға билік айтқан Жалаңтөс баһадүр осының айғағы. Арда қазақ кең жүріп, ен жайлаған Нұратада (Өзбекстанның Науаи облысы) Әйтеке бидің жерленуі де осыны дәлел­дейді. Құрманғазының сүйегі де ата-бабалары ат ойнатқан Ресейдің Астрахань облысының аумағында жатыр. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын Ресей патшасы ІІ Павелдің жарлығымен заңдастырып берген Бөкей хан да аталған облыстың шеңберінде мәңгілікке дамылдаған.
Заманалар дауылынан, төңкерістер топа­лаңынан бағзы бабаларымыз кең жайлаған қонысымыздың өрісі тарыл­ды. Ұстағанның қолында, тістеген­нің аузында кетті демесек те, сұрқай саясат­тың кесірінен басқаның қанжы­ғасы­на бөктерілгені ашық мәселе. Ресей, Қытай, Өзбекстан аумағында жатқан бабалардың сүйегі осыған куә. Әрине, аумақтық талап қойғалы отырған біз жоқ. Мүмкіндігі болса, сүйегі жат жұртта қалған ұлыларымыздың басына ескерткіш-белгі орнатып, жақсыларымыз бен жайсаңдарымызды ұлықтау – басты парызымыз. Ең болмаса, олардың қай жерде жерленгенінен хабардар болу, соны келер ұрпаққа аманаттау да тарихи танымның бастауы болмақшы. Біз көтеріп отырған мәселенің маңызы да осыған саяды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бабаларымыз осыған қатысты айтқан шығар-ау.
Тәуелсіздік тұсында арғы-бергі тари­хымызға жаңаша көзқарастың қалыптасуы кесек тұлғалардың трагедиялы һәм тағы­лымды тағдырын таразылап, еңбектерін саралауға мүмкіндік берді. Әл-Фараби, Бейбарыс сұлтан, Төле бидің кесенесі қалпына келтіріліп, Құрманғазының, Әйтеке бидің, Бөкей ханның кесенелері бой көтерді. Біз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атажұрттан жырақта жерленген тұлғаларды еске алғанды жөн көрген едік.
Сирия
Әбу Насыр әл-Фараби – Отырарда туып, әлемге даңқы жайылған шығыстың ұлы ойшылы. Философ, математик, астроном, физик, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Әл-Фараби бабамыз 970 жылы Шам шаһарында, қазіргі Сирияның Дамаск қаласындағы Баб әс-Сағир зиратына жерленген. Кесенесі 2010 жылы Қазақстан Үкіметінің ат салы­суымен қайта қалпына келтірілді.
Египет
Бейбарыс сұлтан – 1223-1277 жылдары Мысырда билік құрған. Қыпшақ даласында туған даңқты әмірші Каирде жерленген. 2010 жылы қайта қалпына келтірілген 6 тарихи нысанның тізімінде Бейбарыс бабамыздың да кесенесі бар.
Қайтпай (Толық ныспысы – әл-Әшраф Сейіт ад-Дин Қайтпай) 1416 (18) жылы Дешті Қыпшақ топырағында кіндігі кесілген. Қайтпай Мысыр мен Шамның (Сирия) мәмлүктерден шыққан он сегізін­ші сұлтаны (1468-1496) болған. Ол Мекке, Мәдина, Каир, Құдыс (Иерусалим), Дама­шық (Дамаск), Халеб (Алеппо), Алек­­сандрия секілді шаһарлардың құры­лы­сында өз қолтаңбасын қалдырды. Сұлтан 1496 жылы дүниеден өтті. Сүйегі өзі салдырған Қайтпай кешеніне жерленген.
Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) Түркі­­стан қаласының шығысында 20, Оты­­рардан солтүстікке қарай 40-50 шақы­рым­дай жердегі, орта ғасырларда Итқан (Атқан), қазіргі уақытта Иқан деп ата­латын кентте дүниеге келген. Ол отыздан асқан шағына дейін Отырарда имам болған. Сонан соң білім іздеп әуелі Самарқан мен Бұхараға, кейін Дамаскіге сапар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазилық еткен әл-Итқани сонда үйленіп, бала-шағалы болған. Өмірінің соңында Каирге қоныс аударып, сонда бақилыққа аттанған.
Үндістан
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) – әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғол­стан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Үндістанның Кашмир штатындағы «Мазари-и Салатин» қорымында жерленген.
Түркия
Хасен Оралтай (1933-2010) – шетел­дегі қазақтардың азаттық үшін күрес сим­волына айналған тұлға. Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 40 жылға жуық басқарған, азаттық идея­сын жер жүзіндегі қазақ баласына ұзақ жылдар бойы насихаттаған. Бейіті – Тү­р­кия­ның Салихлы қаласындағы мұсылман зиратында.
Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) – таэк­вон-до спортынан әлемнің алты дүркін чемпионы, 6-шы дан иегері. Мұсыл­ман әлеміндегі осындай биіктікті бағындырған жалғыз адам. Атамекеніне оралған арда азамат 1995 жылы Алматыда белгісіз жағ­дай­да көз жұмды. Сүйегі Ыстамбұлдағы зиратта.
Германия
Мұстафа Шоқай (1890-1941) – көр­нек­ті қоғам және мемлекет қайраткері, түркі дүниесінің даңқты күрескері. Қызыл империяның қысымынан елден безіп, алдымен Грузия, сонан соң Түркия ар­қылы Германияға, одан Францияға барып орнығады. Алаш жұртының қайсар перзенті 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлиндегі «Түрік шаһитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратқа жерленген.
Мәжит Айтбаев (1914, Қызылорда облысы – 1945, Дрезден) – ақын, публицист. Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, немістердің тұтқынында болған. Топырақ Дрезден қаласынан бұйырды.
Махмет Құлмағамбетов (1930-2008) – Орта Азиядан шыққан тұңғыш диссидент. Саяси көзқарасы үшін жазықсыз бас бостандығынан айырылып, жеті жыл түрменің дәмін татқан. Қазақстан тәуел­сіз­дік алғаннан кейін, Жоғарғы соттың үкімімен ақталды. Мюнхенде көз жұмды.
Қытай
Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940) – Қытай, Моңғолия қазақтары арасынан шық­қан көрнекті ақын, ағартушы, қоғам қайраткері. Құранды тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Халық көтерілісіне бел­сене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, кітаптары өртеліп, түрмеде азапталып өлтірілген.
Зұқа Сәбитұлы (1867-1928) – қоғам қайрат­кері, батыр. Жергілікті қазақтарды қытай ұлықтарының қыспағынан қор­ғау­ға күш салған. 1928 жылы Қытай әскер­лерінің қолынан Зұқа батыр мен оның серіктері қапыда қаза табады. «Өкіметке қарсы шыққандардың көретіні осы» деп жергілікті қазақтарды үрейлендіру мақ­сатымен Сарсүмбе қаласындағы көпір­ге Зұқа батырдың басын іліп қояды. Ерлігін құрметтейтін халық кейін оны Белқұдыққа жерлеп, басына үлкен қорған тұрғызған.
Оспан батыр (1899-1951) – Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған әйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжіде атылған.
Әсет Найманбайұлы (1867-1923) – әй­гілі ақын, әнші, сазгер. «Әсеттің Кем­пір­бай­­мен қоштасуы», «Мақпал», «Қара көз», «Май­да қоңыр», «Қоңыр қаз», «Қысымет», «Ар­дақ» секілді әндері халық ара­сына кеңі­нен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланған дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі ҚХР, Құлжа уәлаятының Көкқамыр жайлауында.
Жүсіпбек Шайхысламұлы (1854-1936) – қиссашы, қазақтың ауыз əдебиеті үлгі­лерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы. Араб, парсы тілдерін жетік білген. 1936 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле ауданының тау баурайында қайтыс болған.
Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) – ақын. 1940 жылдан бастап Қытай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшырайды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды. Зираты ҚХР-дың Іле аймағының Күнес ауданындағы Шапқы жайлауында.
Дәлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949) – саяси қайраткер. Қытайдағы Алтай айма­ғының уәлиі (губернатор), Алтай атты әскерлер полкының командирі. 1949 жы­лы Бейжіңге мемлекеттік дәрежедегі ар­найы жиынға ұшып бара жатып, ұшақ құлап, қаза тапты.
Жақыпберді Солтанбекұлы (1884, Алматы облысы, Райымбек ауданы – 1932, ҚХР, Жанбұлақ қорымы) – батыр, мерген. Кеңес және Қытай өкіметі тарапынан қу­­ғын­ға ұшыраған тарихи тұлға. 1916 жы­лы Қарқара көтерілісінде тұтқынға алын­ған ел ағаларын босатып алу үшін атқа қонған халық жасағына басшылық жасаған. 1933 жылы Күре қамалында Қы­тай әскері қасында 24 адамы бар Жақып­берді мер­генді оққа байлайды. Сүйегі Шың­жаңдағы Жанбұлақ қорымына жерленген.
Мергенбай Жаманкөзұлы (1882, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақ­пақ ауылы – 1931, ҚХР, Құрманжан көпірі) – батыр, мерген. Алғашқыда Қызыл әскер қатарында қызмет етіп, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Бірақ кейінгі асыра сілтеушілік саясат Мергенбайдың көзқарасын өзгертуге себепші болады. 1931 жылы көш бастап Қытай жеріне өткенде қалмақтармен шайқаста қаза таба­ды. Батырдың денесі Текес өзені бо­йын­­дағы, Құрманжан көпірінің оңтүс­тік-шығысындағы төбешікке жерленген.
Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) – жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының ав­торы. 2011 жылдың ақпан айында өмір­ден озған қаламгердің сүйегі ҚХР-дың Шәуешек қаласындағы мұсылман қоры­мында жатыр.
Мүтәліп Әміреұлы (1928-1988) – әйгілі театр және кино актері. «Тянь-Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кино­фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.
Тибет
Бөке батыр Жырғалаңұлы (1846-1904) – ұлт қайраткері. Халқының қамын ойлаған ер, артына жұртын ертіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұм­сы­ғын тіреп тоқтайды. Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Осы сапардан еліне оралған тұста Бөке ауырып, қайтыс болды. Сүйегі Тибет авто­но­миялы районы Алтынтоқ ауданына жерленген.
Ресей
Доспамбет жырау (1490 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Ростов об­лы­сында дүниеге келіп, 1523 жылы Астра­хань маңындағы Азау қаласында дүниеден өткен) – жырау, қолбасшы. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңін­де өмір сүрген. Дешті Қыпшақты көп аралаған. Бақшасарайда, Ыстамбұлда бол­ған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Тайпа аралық ұрыстардың бірінде қаза тапты.
Қадырғали Жалайри (1530-1605) – атақты ғалым, шежіреші. Тәуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Борис Годуновтың қол ас­тында аманатта болған. 1602 жылы жа­рық көрген «Жылнамалар жинағының» ав­­торы. Ресейдің Рязань облысы, Касымов қа­ла­сындағы мұсылман қорымына жер­ленген.
Бөкей хан Нұралыұлы (туған жылы белгісіз – 1815) – Бөкей ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген еді. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алып, Бөкей ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шеген­делді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 ма­мы­рында көз жұмды. Зираты қазіргі Ре­сей­­дің Астрахань облысы, Красный Яр ауданы, «Малый арал» ауылына жақын жерде.
Арынғазы хан Әбілғазизұлы (1758-1833) – көрнекті мемлекет қайраткері, дәу­лескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударды. Арынғазы хан айдауда жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болған.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Бал­­бырауын», «Қуаныш», «Көбік шаш­қан», «Кішкентай» сынды көптеген күй­дің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахань об­лы­­сының Володар ауданына қарасты «Құр­­манғазы төбе» деп аталатын жерде жатыр.
Сәлімгерей Жантөрин (1864-1926) – ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салу­ға қаржылай ықпал еткен, «Әл-Ғала­ми әл-Ислами» (мұсылман әлемі) діни-саяси га­зетінің құрылтайшысы һәм идеялық ба­ғыттаушысы болған. «Алаш» партиясының көсем­дерімен ара­ласып, оларға қолдау көр­сеткен. 1926 жылы жұмбақ жағдайда өмірден озған Сәлім­герей Жантөрин Уфада жерленді.
Әлихан Бөкейханов (1876-1937) – ұлт тарихында өшпес із қалдырған Алашорда көсе­мі, қазақ жерінің астындағы, үстіндегі, көгін­дегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құр­баны болып Мәскеуде ату жазасына кесілді.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақ халқының азаттығы үшін күрес­кен ұлт қайраткері, классик жазушы, ағартушы ғалым. 1929 жылы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар» деген жаламен тұтқындалып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Мәскеуде жерленген.
Нығмет Нұрмақов (1895-1937) – көр­некті қоғам және мемлекет қайраткері, қалам­гер публицист. Алаш арысы Әлихан Бөкейхановпен бір күнде, бір статьямен Мәскеуде атылған.
Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, пуб­­лицист. Астананы Орынбордан Қызыл­­­ордаға көшіруде, бұрмаланып кел­­ген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзе­ту­де ерен қайрат көрсеткен.
Нәзір Төреқұлов (1892-1937) – мем­лекет және қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломат. КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дәреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілді.
Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – мемле­кет және қоғам қайраткері. Халық комис­сарлары Кеңесі төрағасының орын­басары дәрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген жерінде «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды, Мәскеуде атылды.
Ахмет Бірімжанов (1871-1927) – Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сүйегі Ленинградтағы «Волков» зиратында.
Қамбар Медетов (1901-1938) – атақ­ты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік талантымен Сталинді таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болды.
Ғани Мұратбаев (1902-1925) – Орта­лық Азия мен Қазақстан жастар қоз­ға­лысын ұйымдастырушылардың бірі, коммунистік жастар интернационалының қайраткері. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді.
Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова (1903-1971) – «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы, ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың жары. Дәрігер-терапевт, медицина ғылымының докторы. Екінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған. Мәскеу қаласында қайтыс болған.
Қайырболат Майданов (1956-2000) – Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ. Ауған жерінде барлығы 1250 тапсырма орын­дап, 1100 сағат уақытын әуеде өткіз­ген. 2000 жылы Чешенстандағы соғыс­та ерлік­пен қаза тапқаннан кейін Ресей Феде­рациясының Батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жер қойнына тапсырылған.
Ерік Құрманғалиев (1959-2007) – әйгілі опе­ра әншісі, актер. 1992 жылы «Мадам Бат­терфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресей­де «Жылдың үздік актері» атанған. Аса си­рек кездесетін дауыс иесі 2007 жылы көз жұ­мып, Мәскеудегі «Ваганьков» зиратына жерленді.
Иран
Жарылғап Қырықмылтық (1908-1990) – Иран қазақтарынан шыққан әйгілі ақын. Туған елге деген жүрекжарды сезім­нен туған жырлары отандық мерзімді басылымдарда жиі жарияланған. Гүмбез-Қауыс қаласының іргесіндегі қазақ ауылында өмірден озды.
Моңғолия
Күлтегін (684-731) – Түркі жұртының даңқты қолбасшысы. Ежелгі тарихи-поэзиялық жазба деректер бойынша, 7 жасында жетім қалған, 16 жасында бес қаруын асынып ел қорғаған. Ағасы Тоныкөк дананы таққа отырғызып, өзі өмірінің соңына дейін ат арқасында ғұмыр кешкен. 47 жасында соғыста қаза болған.
Хамза Ерзінұлы Зайсанов (1912-1966) – шетелдердегі қазақтар арасынан шы­қан алғашқы қазақ генералдарының бірі, аты аңызға айналған әскери ұшқыш. 1939 жылы Жапониямен Халхин-Голда бол­ған ұрыста теңдессіз ерлік көрсеткен. 1942 жылы Моңғолия Үкіметінің қаулы­сы­­мен Әуе қарулы күштерінің Бас қолбас­шы­­сы болып тағайындалады. 1944 жылы Ұлы Құрылтай басшысының Жарлығымен оған авиа­ция генерал-майор шені беріледі. 1966 жы­лы қайтыс болған даңқты батыр Ұлан-Ба­тор­дағы «Алтын бесік» зиратына жерленген.
Өзбекстан
Ер Қосай (1507-1594) – Қазақ хандығы­ның алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түрікменнің Ер Сары көсемі­нің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қал­нияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосай мен Оғыл­меңлі ана Нүкіс қаласының Бес­төбе жерінде мәңгілікке дамыл тапқан.
Тәуекел хан – 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Бұхар хандығымен күресте Мәскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұхара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.
Шығай хан – 1580-1582 жылдары би­лік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұра­герлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сәтті пай­да­ланған. Самарқан қаласында жерленген.
Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңіріндегі Дағбид қыстағында жерленген.
Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты би. Тәукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген.
Әйтеке би (1644-1700) – қазақ халқы­ның атақты үш биінің бірі. Тәукені хан етіп сайлауға қатысқан. Әйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Науаи облысының Нұрата деген жерінде.
Сырым Датұлы (1723-1802) – қол­бас­шы батыр, би, шешен. 1783-1797 жыл­дардағы орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі. Патша әскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Сүйегі Қарақалпақстанда жерленген.
Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қар­мақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жа­ғын жырау ретінде аралай­ды. Жыраудың өз айтуы­мен хатқа түс­кен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дас­таны сақталған. Базар жыраудың өлең­дері 1925 жылы Таш­кент­те шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жа­рық көрген «Қазақтың әде­биет нұс­­қалары» атты кітапқа енді. Базар жыраудың зира­ты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде.
Шәді Жәңгіров (1855-1933) – ақын. Ол 30-ға жуық дастан және көптеген өлеңдер жазған. Көлемді шығармаларынан қазірше табылғаны – 18 дастан. Өзбекстанның Сырдария облысы Қаратөбе елді мекенінде дүние салған.
Серәлі Лапин (1868-1919) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында туған. Араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік біліп, «Шаһнама», «Туһрат ал-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын зерттеген, Фирдаусидың «Шаһнамасын» қазақша тәржімалаған. 1919 жылы Самарқан қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды.
Сабыр Рахымов (1902-1945) – Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал-майоры, даңқты қолбасшы. 1945 жылдың наурыз айында Кенигсбергте қаза тапты. Кейін сүйегі майдан даласынан әкелініп, Ташкенттегі Кафанов саябағына жерленді.
Орал Таңсықбаев (1904 — 1974) – кескін­демеші, КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі. Өзбек КСР-і Мемлекеттік сый­лығының лауреаты (1973). Ленин және басқа 4 орденмен марапатталған. Таш­кенттегі «Шағатай» қорымына жерленген.
Әбибулла Садықов (1930-1991) – балуан. 1952 жылы Ашхабадта Орта Азия және Қазақстан арасында өткен спартакиадада күрестен абсолютті чем­пион болған. Өзбекстанның бірнеше дүркін (1949,1954, 1955) чемпионы. Сүйегі Нөкіс қаласындағы зиратқа қойылған.
Өмірзақ Қожамұратов (1936-1983) – ақын. Бұхара облысы, Тамды ауданында туған. Жазушы», «Жалын» баспаларынан «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981), «Ой кешу» (1989), «Күн астында – құдірет» (1998), «Суреттегі жұмбақтар» (1998) жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанның Науаи облысында жерленген.
Украина
Ғұбайдолла Бөкеев (1840-1909) – әскери қайраткер, Ресей армиясының инфантерия генералы. Орыс-түрік соғысында айрықша қолбасшылық қабілет көрсеткені үшін генерал-майор атағын, «Ерлігі үшін» ал­тын қылышын иеленген, І дәрежелі Анна орденімен марапатталған. Отставкаға шық­қан соң, 1902 жылы император сыйға тартқан Ялтадағы иелігіне көшіп барып, сүйегі сол қалада жерленген.
Тәжікстан
Елеусіз Бұйрин (1874-1933) – ақын, қоғам қайраткері. 1911-13 жылдары «Қазақ­стан» газетінің редакторы болып, «Қазақ­стан» сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді. 1932 жылы елде саяси қу­ғын-сүргіннің алғашқы толқыны бас­тал­­ғанда Елеусіз Бұйрин Тәжікстанға қоныс аударады. Сонда Орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. 1933 жылы 16 сәуірде қыз­метінен қуылып, көп ұзамай аштықтан Душанбеде дүние салады.
Түрікменстан
Құныскерей Қожахметов (1895-1964) – қызыл чекистерге қарулы қарсылық көрсеткені үшін қуғындалған, «Банды Құныскерей» атанған халық батыры. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында туған. Кеңес өкіметі тұсында «қандықол қарақшы» деген жала жабылса да, әділдігімен, ерлігімен есімі аңызға айналған. 1933 жылы Түрік­менстанға бас сауғалауға мәжбүр болады. Сол жақта Әбілқайыр Жаманов деген ат­пен өмір сүріп, 1964 жылы өмірден озған.
P.S. Жат жұртта жерленген тұл­ға­л­ардың жоғарыдағы тізіміне қосылатын әлі қан­шама арысымыз бар екені сөзсіз. Біз бүгін тарихты зерттеушілерге, ғалым­дарға ұсы­ныс ретіндегі ойымызды ортаға салып отырмыз. Ескерте кететін бір жайт, 1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысында Ресей, Украина, Белоруссия, Молдавия мен Венгрия, Юго­­славия, Польша, Чехословакияда опат болып, сонда жерленгендер дерегі көп кітаптарда бар болған­дықтан мақалаға кір­гізілмеді. Тұлғаларымызды толық­қанды тү­ген­деу алдағы күннің еншісінде болмақшы. Оқырман тарапынан айтар ұсыныс-тілек болса, құлақ қоюға әзірміз.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан». 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста