Жидебай батыр қандай тұлға болған?

Жидебай батыр қандай тұлға болған?

Ұлы дала шаңды жорықтарға толы. Бабалардан қалған гүл-жазира мекенді ұрпақ үшін сақтауда «ереуіл атқа ер салып, қу толағай жастанып», «тебінгіні терге үздірген» батырлар жаумен ай­қасып баққан.  Соның бірі – Абылай хан­ның батырларының бірі Жидебай батыр. Кешегі өткен үлкендер оның шын есімі Әл-Мұхаммед еді дескен. Өткен батырлар жөнінде жазғанда дерекке сүйеніп, шынайылыққа  жақындата жазсақ,  нұр үстіне нұр болар еді. Аңызға сүйенген дұрыс, бірақ, кей жазғыштар «осындай дерек бар» дейді де,  не сол деректің түп­нұсқасын көрсетпейді, не қайда барын айтпай, ойдан құралған қиялын жаза береді. Онысының өтірік екені бадырайып көрініп тұрады. Біздің бізден кейінгі ұрпаққа мазақ болмауымызды ойлағанымыз жөн. Біздің орнымызды тарихпен сусындаған ұрпақ басып келе жатыр.

«Құба белдер» романы Жидебай батырдан басталады. Роман өткен ға­сырдың сексенінші жылдардың орта тұсында жазылды. Әрине, ол тұста бұл роман үшін тағы да «барса келмеске» кетіп қалуға болатын. Еріксіз тығып ұстауға тура келді. Романды Жи­дебайдан бастаудағы мақсат – біздің елде де ұлт болашағы үшін күрескен тұлғалардың болғандығын, езіліп, жаншылып, санасы тұманданып, орыстың айтқанына құран сөзіндей сенген елдің санасына сәуле түсіру, енді өсіп келе жатқан ұрпақтың мақтаныш сезімін ояту еді.
Батырдың мерейтойы да жақындап қалды. Осы тұста кейбір деректерді де еске алсақ, артықтығы болмас. Жидебай анасынан ерте айырылып, екінші анасы Апардың бауырында  өскен. Ша­ғын ғана денелі Апар ана кейде бала Жидебайдың үй тігіп уық шанышқанда арқасына аяғын салып, керегеге бойы жетіпті деген  де сөз қалған. Бұл – Апар­дың бой жетіп, толысып барып ерге шықпағанының, жасырақтау тұрмыс құр­ғанының көрінісі. Апар – қастерлі ана. Ол дүниеге елді қорғаған,  қол бастаған талай азаматты әкелген, ұрпағын ке­ңінен жайған кейуана. Апар қастерлі болмаса тек соның өзіне ғана арнап мазар салынбас еді. Қатпар-қатпар болып жатқан Тағылы тауының бір асуы Апар деп аталады. Сол Апар асуында Апар ананың кішірек сұпысы да тұрған. Көріп те, естіп те жүрдік. Әйтеуір, бір сөзге өзі анық білмесе де, таласа салатындар шығып жүр. Осыдан-ақ  сақтануға тура келеді. Апар ананың сол жерде сұпысы болғанын бүгінде тоқсанның жуан ортасына келген қарт ұстаз Құтжанұлы Жұматай ақсақал сонау 1934 жылы жер­ді КарЛАГ  алып,  Бәйшегір ауылын Нұра бойына қарай көшіргенде өзінің қатынасқанын, Апар ана сұпысының жанына түнегендерін жазып, бекітіп берді. Міне, бұл –  нақты дерек. Апар ананың Марат Шабақбаев бастаған ұрпақтары сұпының бұрынғы тұрған жерінің тұсына көктас қойып, кейуананы қасиеттеп отыр­ғаны да үлгілі іс.
Иә, қазақтың аңызында сол тұстың өмірі жатыр, дүниетанымы, сенімі бар. Оған біз де сеніп келдік. Ұрпақ солай тәрбиеленді. Жидебай батырдың киесі екі түлкі екен деседі жұрт. Бұл жө­нінде «Құба белдер» романында біз де жаздық.  Қос түлкіні Жидекеңе аса әруақты Бегім шайқы беріпті дейді аңыз. Бегім шайқы – Бегім мысық деп те аталып кеткен әулие. Ол Келдібекке келген екен. Сол тұста бір жиында жиналған жұрт Бегім шайқыға «әулиелігіңді көр­сет, ана өлген мысықты тірілт» деп қолқа салыпты деседі. Бегім шайқы қи­налса да «болсын» депті. «Азғантай жүріп құлайды. Одан артық құдіреттің ғана ісі»,–  десе керек. Өлген мысықтан жұрт шегінді. Бегім шайқы ұзақ дұға оқып, «Аллаһу әкбар» деген екен. Өлген мысық шайқалып орнынан тұрып, екі-үш қадам жерге жете құлапты деседі кешегі өткендер. Біз сендік. Сенбейтіндер де болар. Бірақ, қазіргі ғылым ислам ді­нінің, дұғаның, Құран  сөзінің растығын дә­лелдеп келе жатыр-ау.
Ел Қабанбай батырдың да Арқаның осы тұсына келгенін жырдай қылып еске алатын. Аттанып кеткен Қабанбай батырдан, жас Жидебай соңынан жетіп, бата алғанын да аңыздай жеткізген. Иә, қалмақ қазақ жерінің шығыс жағын басып қалғанда, сол жақтағы иісі қазақ баласы шұбыра көшіп,  Қаратау, мына жағы Ұлытаудан аса шегінгені тарихи шындық. Кейбіреулердің «Қабанбай бұл жаққа қайдан келеді» деп сенбеуі тарихи уақиғаларды білместік, тарихи сауаттылықтың жоқтығы. Қабанбайға «хан батыр» лауазымы берілген, яғни, батырлардың ханы, бас қолбасы деген дәреже. Бас қолбасының дұшпанмен арадағы шайқастарда әр тұста өзі болып, өзі жоспарлауы даусыз. Сондай бір жортуылында Арқаның осы еліне де  келгені шындық. Нұра өзенінің бойында, Шет-Ақтоғай трассасының жанында, Еңбекшіл ауылының маңындағы көпірден өте бере, оң жақта кішкене төбешік тұр. Сол төбешіктің үстінде кіші­рек мазар болған. Кеншоқы, Еңбекшіл ауылының қариялары «нағыз Қабанбай бейіті – осы» дейтін еді. Мазар бұзылып, кірпішін колхоздастыру, онан кейінгі тұста дінсізденгендер қора-қопсы салуға жұмсағанын да өкіне отырып айтатын еді. Қабанбай батыр дүниеден өтер шағында дұшпаны сүйегін қорламау үшін өзіне үш жерден қойылар орын дайындатыпты дегенді айтып та, жазып та жүр. Сол үш орынның біреуі осы көпір маңындағы мазар еместігіне кім кепіл бола алады?!
Жидебай батырға қатысты әңгіме­лердің ішінде «Жидебайдың жер үйі» туралы мәселе айтылып жүр. Оралбай тауының күнбатыс жағындағы те­рең сай­дағы «Жер үйді» алғаш рет сек­сенінші жылдардың басында Ықсанов Мұқаш ақсақал көрсеткен еді. Ауыр жорықтардан шалдығып келген батыр қалың орманның бір шетіне елеусіз етіп жер үй салдырып, тұлпарын орман ішіне  жасырып, дем алады екен. Қа­зылып салынған жер үйдің негізі сақ­талған.  Қалмақ жеңіліп, дұшпанның беті қайтқан соң Жидекең осы жерге өз ауы­лын да орналастырған. Сексенінші  жылдары аты өшіп бара жатқан Әлтеке Тәшен ақынның мұрасын іздеп,  Жәмші совхозындағы Қасен ақсақалға бардым. Қасен ақсақал сексеннің бесеуіне келіп отыр екен. Сөз арасында «Жиде­байдың мешітін көрдің бе?» деген сауал тастады. Жидекең тұстасы Жарыл­ғап батырға ұзаққа созылған мына со­ғыс­тың салдарынан елдің жазу-сызусыз, ілім-білімсіз қалғанын айтып, ендігі ұр­пақтың қамын ойлап, қожаның бір ұрпағын алдырыпты. Жидебай – сауыт киіп, жаумен айқасқан дүлей күштің ғана иесі емес, ұлы жаратушы Алланы таныған, мұсылман дінінің жоқшысы, ұрпақтың дінмен сауатын ашып, ілімді болуын көздеген парасатты тұлға. 
Абылай хан Көкшеден түстік жаққа өткен бір жолында Жерүй маңына тоқ­таған екен, Жидекең келе қоймаған соң кісі жіберіпті. Жөн сұрағанда Жидебай батыр «Хан ием, олай өтіп, бұлай өткенде ат басын бұрмадыңыз. Бұл қалай? Тәкаппарлық па?»– деп ренжігенін білдірген екен. Аса парасатты Абылай хан «біріншісі – өзі келер деген бейғамдығым болар, екіншіден,  шығыста үнсіз ысқырынған жаудан қай­тіп халқымды сақтаймын, батыста ормандай сірескен көк көз сарының төніп келе жатқан қатерінен елімді қалай құтқарамын деп күні-түні сабылған жүрі­сімнен болар, үшіншіден, елім деген ер азамат сыртта тұрып сын айтпайды, іште қан мен терін төгіп жүріп шындықты айтады»– деген екен. Жидебай батыр «Хан ием, сөзің толық, мен сендік» деп Абылай ханның қолын қайта алыпты.
 Абылай хан дүниеден өтерінде бұл жалғанда  өзімен үзеңгілес, тілектес, ақыл-кеңесші болған ел жақсылары ма­ңына жиналған екен. Хан тілсіз, ақыл-есі өзінде, екі қолы ғана дәрменсіз қи­мылдайды. Ханның жағдайын естіп Жидекең  де жеткен екен. Хан бірдеңе айтқысы келгендей жапақтап қарай беріпті де,  көзімен домбырасын нұс­қап­­ты. Жидекең хан қолына домбыраны ұстатқан екен, хан дәрменсіз сау­сақтарымен шерте бастапты да, ақыры шерлі күйді төгілтіпті. Күй адамша ер­ек­ше сөйлейді, оның үнін күй өнері әуелден бойына қонып, қанына сіңген адам ғана ажырата алады. Күй бітті. Айнала сілтідей тынған ауыр тыныштықта. Ақыры ханға кеңесші болған үлкендер:
– Хан не деді,– деп сұрасыпты Жидекеңнен. Жидекең ауыр күрсініпті:
– Хан соңғы мұңын шақты.
– Не деп?
– Қайран елім-ай, шаңырағыңды кө­терсем де, іргеңді тас қылып бекіте алмай кетіп барамын. Айналаң толған жау. Ұрпағыңның ендігі күні не болады,– деп жатыр хан ием,– деп Жидебай  батыр күрсініп теріс айналыпты.
Ұлы Абылайдың соңғы мұңын да жеткізген Жидекең. Абылай ханнан «Дү­ние ғапыл», «Қайран елім» деген күйлер де қалған. 
Сексенінші жылдары Шеруке қыз­дың мазарын іздеп,  Ілияс молланы ер­тіп, оның баласы бүгінгі ғылым докторы Мұхаммедқали Әбдуов үшеуіміз сапар шеккен едік. Бұл әңгімені сол Ілекең молла айтқан еді. Ілекең Абылай хан дүниеден өткенде Жидекең елуден ас­қан шамада екен деген де деректі берді.
 Жидебай батырдың мазары Нұра өзенінің бойында Қайрақты ауылының терістігінде, бес-алты шақырым жерде тұр. Халық қастерлейді, әулие тұтады. Сол мазардың маңында жортып жүрген түлкіге аңшылар итін де қоспайды. «Жидекеңнің киелі түлкілері ғой» деседі.
Төкеннің Жұмабайы  бір жолы Жи­декең  басына барып дұға оқып тұр­са, мініп келген тайы шешіліп кетіп, ұстатпай біраз әуреге салыпты. «Әлте­кеге жиендігім бар еді,–  дейді Жұмкең, – әй, Жидебай, мені сандалтпай тайымды ұстап бер!– деп бұлдандым. Тайымның шылбыры жалғыз түп қарағанға  оралды да қалды. Осыны көрдім»– деген әң­гімесін естідік.
 Жидекеңді ел қасиетті әулие тұтады. Бұл бабалардан қанға сіңген, мұсылман дінінен әруақты сыйлаңдар деген ұғым­нан қалыптасқан, ұрпақты ізгілікке қа­рай баулитын, қалыптастыратын кө­не­­нің жолы. Барымызды ұлағаттап, жо­ғы­мызды жоқтай білгенге не жетсін!

Кәмел қажы ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы, Құрмет орденінің иегері,

ҚР мәдениет қайраткері.

ortalyk-kaz 
(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста